Біздің халқымызда «Елдің атын ер шығарады» деген мақал бар. Қай мемлекеттің тарихын алсаңыз да алдымен өздерінің данышпан азаматтарының жетістіктерінмақтаныш тұтып, көлденең тартады. Құдайға шүкір, біздің еліміз де мұндай марқасқаларға кенде емес.
Халқымыздың тарихындағы осындай ұлы тұлғалардың бірі, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған, дамытқан, сондықтан Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлынан бастап зиялы қауым ол кісінің жазушылық ерекшелігін жоғары бағалап, «қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы» атанған Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында дүниеге келді. Бұл кезде кең байтақ даламызда ірі өзгерістер, түрлі дүрбелең болып, ел басында күн туған ауыр кезең еді. Бай-кулактарды кәмпескелеу, жер аудару, ұжымдастыру, бұрын тарихта болмаған басқа да саяси жағдайлар елді есеңгіретіп тастады. Салдарынан түрлі қиыншылықтар туындап, аштыққа ұрынған ел күн көріс қамымен беті ауған жаққа кете бастаған. Кемел Тоқаевтың отбасы да Қырғызстанға уақытша қоныс аударады. 1933 жылы бұл шаңырақ шайқалып, болашақ қаламгердің ата-анасы, қарындасы ауыр жағдайда қайтыс болады. Оның алдында ғана көшеде жүрген Қасым мен Кемелді патрульдер ұстап, «әке-шешеміз бар, жіберіңіздерші» деп шырылдағандарына қарамастан балалар үйіне өткізіп жібереді. Кейін жасырынып үйін келген Қасым ата-анасының, қарындасының көз жұмғандарын естиді.
Одан әрі Кемелге өзінен сәл-ақ үлкен, не бәрі тоғыз жастағы ағасы қамқор болады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен майданға аттанған Қасым 1942 жылы ерлікпен қаза табады. Сол жылы Кемел де Отан алдындағы жауынгерлік парызын өтеу үшін соғысқа кетіп, 1945 жылы Польшада ауыр жараланып , елге қайтады. Ол бөлімше командирі болып, үлкен ерліктер көрсетіп, бірнеше мәрте ордендермен, медальдармен марапатталады. Майданнан оралған соң Қазақ Мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, енді оның журналистік, жазушылық өмірі басталады. Қазақстаннның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, белгілі жазушы және көрнекті қоғам қайраткері Владислав Владимиров «Святое право на память» мақаласында айтқандай ол кісі туралы қазақ жазушыларынан тысқары Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, журналист Г. Анесов, әйгілі жазушы Дмитрий Снегин, қалалық, облыстық, республикалық газеттерді басқарған, 1975-1985 жылдары «Простор» журналының бас редакторы болған, Қазақстанның мәдениет қайраткері В. Ларин, сондай-ақ белгілі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері Ю. Плашевский, В. Ерманченков, Б. Самсонов сияқты орыс тілді зиялылардың өте жақсы пікірлер жазғанын атып, өзі «Кемел Тоқаев – қазақ әрі көпұлтты қазақстандық әдебиет үшін орыс және әлемдік (әдебиеттегі) Артур Конан-Дойл, Жорж Сименон немесе Юлиан Семенов екендігін әлдекімге дәлелдеудің мән-мағынасы бар деп ойламаймын» дейді. Сөйтіп, Кемел Тоқаевты жоғарыда айтылған әлемдік деңгейдегі қаламгерлермен қатар қояды. Бұл сол кездегі қазақ және орыс тілді зиялы қауымда қалыптасқан ой-пікірлер екені шындық. Кемел Тоқаев тек совет үкіметі ғана емесе шет елде жақсы танымал, адамзатқа ортақ құдылықтарды көтере білген ойы ұшқыр, қаламы жүйрік үлкен дарын иесі еді. Ол кісі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде бас редактор, «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтерді атқарды, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Жаршы Ведомствода» бас редактор, өмірінің соңғы жылдары Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болды. Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі 1956, 1972, 1977, 1980 жариялаған әдеби бәйгелерде бас жүлдені жеңіп алып, төрт рет лауреат атанды.
Осылайша ол кісінің өмірі қайнаған қызу тірлікке толы болды. Бір сәт қолынан қаламы түскен емес, романдар, повестер, пьесалар, әңгімелерден басқа журналистика саласында да белсенділік танытты. Айналасына мейірім шуағын шашқан, табиғи зиялы, өте мәдениетті, аса ұлтжанды қаламгер сырт тұлғасы да тартымды, ажарлы, байсалды, тым қарапайым, кішіпейіл, ерекшепарасатты адам еді. Ол кісі өз шығармалары арқылы оқырмандарын мемлекетіміздің, еліміздің қауіпсіздігін, территориялық тұтастығын көздің қарашығындай қорғауға, Отанды сүюге, халық мүддесін, ар-ұят, намыс, адамгершілік қасиеттерін бәрінен биік қоюға, білімдарлыққа, еңбекқорлыққа, адалдыққа, әділдікке, ынтымақ-бірлікке, саналы тірлікке шақырды. Өзі өле-өлгенінше осындай мықты азаматтық ұстанымынан ауытқыған жоқ. Артына мол мұра қалдырды және кітаптары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, жас буынның, жалпы қоғамның үлкен тәрбие құралына, рұхани азығына айналуын тоқтатпайды деп ойлаймыз.
Өкінішке орай, халқымыздың сүйікті жазушысы 1986 жылы қараша айында дүниеден өтті. Әрине, қазақ әдеббиеті әлі де берері көп бір бәйтерегінен айрылды. Алайда, кітап сүйер қауым оны ұмытқан жоқ. Әсіресе орталарынан шыққан ұлы тұлғаны мақтаныш тұтып, айрықша ардақтайтын жерлестері үкіметке хат жолдай берген соң қалың көпшіліктің тілегі қабыл болып, республика үкіметінің шешімімен 1995 жылы Үштөбе қаласындағы № 1 орта мектепке ол кісінің есімі берілді. Мектеп директоры Валентина Григорьевна Спиридонованың бастамасымен осы білім ұясында мұражай ашылды. 2003 жылы 31 тамызды Кемел Тоқаевқа қоладан жасалған ескерткіш (бюст) қою салтанатына мен де қатысып, халықтың ыстық ықыласын өз көзіммен көрдім.
Өзім де бала кезімнен қарымды қаламгердің шытырман оқиғаларға толы кітаптарын сүйіп оқыдым. Менің ішкі істер бөлімінде еңбек етіп, кейіннен заңгер мамандығын таңдауыма Кемел Тоқаевтың кітаптары өз әсерін тигізгені де жасырын емес. Сол заманда ол кісінің туындыларын оқымаған адам кемдекем шығар. Милиция, қауіпсіздік, заң саласындағы тұтас бір буынның осы кітаптардан тәрбие-тағлым алып, дұрыс азаматтық ұстанымдары қалыптасып, өз мамандықтарына деген құрметі, ел алдындағы жауапкершілігі арта түскені де шындық. Дарынды жазушының көптеген мақалаларының тыс «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы» романдары, «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Сарғабанда болған оқиға», «Қастандық», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық» повестері, «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында» және т.б. әңгімелері, «Замандастар сыры» атты деректі жазбалары бірден қалың оқырман сүйіп оқитын туындыларға айналатын. Кітап дүкендерінен табылмай, қайта-қайта басылып шығатын. Осындай-ақ ел-жұртының ол кісіг деген зор сенімін, терең сүйіспеншілігін, үлкен құрметін байқауға болады.
1986 жылы 10 қарашада белгілі қаламгер дүниеден өтті. «Ат тұяғын тай басар» дегендей артында әке өсиетіне берік, ақ жолын мықтап ұстанған зиялы ұл-қыздары қалды.
Қонаев университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстандық криминологиялық қауымдастық президенті