Алмагүл МАЛДЫБЕКОВА. ШЫТЫРМАН ОҚИҒАНЫҢ ШЫНАЙЫ БЕЛГІСІ

   Қазақта «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген жақсы мәтел бар. Ол ақын болсын, мейлі жазушы болсын, оның жүрегінен жарып шыққан жарқын туындылары, бай мұрасы, қазақ халқының сарқылмас бір қазынасы  болып табылады. Оның қаламынан шыққан қарқынды сөздері, өмірден алған өзекті мәселелері, шыңынан көрінген шынайы ойлары, шытырман оқиғалары, әсерлі әңгімелері оқырманды ойландырып, жазушының атын  әлемге шығаратыны сөзсіз. Туындысымен талайды таң қалдырған белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларын терең түсінуге мән қойсақ, бұл бір дүниетаным болмақ. Еңбегімен ел тыныштығын қорғап, өмірін қауіп-қатерден  сақтаған, қиындыққа толы  милиция өмірін шеберлікпен суреттеген Кемел Тоқаев үлкен ой тудыратын детектив жанрда «Дикарьдың өлімі», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға» атты әңгімелер жинағын өмірге әкелді. Жалпы детективтік шығарма адамға қоғамдық өмірдегі сан-алуан құбылыс- уақиғалардан нақтылы мағлұмат беріп, оның ой-өрісінің кеңеюіне мүмкіндік береді. Оқырман неше түрлі кейіпкерлердің іс-әрекетін, мінез-құлқын, бір-бірімен қарым-қатынастарын өз көзімен көргендей болып, қоғамдық өмірдегі шиеленіс, тартыстардың сырын ұғуға ұмтылады. Ал оның тәрбиелік маңыздылығы оқушы тәрбиесінде зор екені сөзсіз. Осындай негізде жазылған Кемел Тоқаев детектив жанрлы шығармасына тоқталып өтсек.

Қолына қару алып, Отанын қорғаған ардагер жазушы Кемел Тоқаев қолына қалам алып бейбіт заманның тыныштығы мен тәртіп сақшысының өміріне арнап жазған жүрек жарды шығармаларындағы жауынгер бейнесі мен оның бейбіт замандағы еңбек жолын таңдап төселуде  қаншама қиындықтар болғанын жазушы «Дикарьдың өлімі» әңгімесінің алғашқы жолдарынан көрсеткендей.        

 – Армияда барлаушы болған көрінесіз. Сіздің көмегіңіз мұнда керек емес. Облыстық милиция басқармасы бізден адам сұрап жатыр. Лайықты кандидатура  таба алмай отыр едік. Қаласаңыз, соған жолдама берейік, – дегенде  Талғат:

 – Мазағыңыз ба бұл. Немене милицияны көрмеп пе едім! Ұнаса өзіңіз барыңыз. Онда да юбкалы кең етекті жандар керек шығар, – деп есікті тарс жауып, ашуланып шығып кетті.

 – Көрмегенім көк киімділердің есігі болсын, жұртпен жағаласып жек көрінішті болып жүргенше, қара суымды ішіп үйде отырғаным жақсы емес пе? –  деп жазушы ел арасында қалыптасқан ойды ортаға сала келе,

   – Бала, дұрыс жасағансын. Ол бәледен аулақ болғаның жөн. Осы үш доңғалақты темір арбамен жолаушыны тасысаң, бір милиционердің айлық жалақысын бес-алты күнде таппайсың ба? Осы күні Отан соғысының мүгедектеріне ерекше құрмет көрсетіп отырғаны, – деп осындайда  ақыл айтушылар болатынын да жасырмайды.

Отан соғысынан аман оралып, жұмыс іздеген жауынгерге ақыл айтып,  милицияға жолдама берген қызға «юбкалы кең етекті жандар керек шығар» деген ашулы ішкі толғанысы мен  «көк киімділер» милиция жайлы қалыптасқан астарлы ойлар, «қара суымды ішіп», «темір арба» сияқты замана тіркестерді де орнымен пайдаланылып, сабырлық пен  қызығушылық танытады. Шығармада оқырманына ой тастайтын сәттер де аз емес. «Талғат көшеде кетіп бара жатқан бір арбакештен темекі сұрап тартты. Осы бір сапардағы екі адамның сөзін ой елегінен өткізгендей. Бірі еңбексіз, игіліксіз жалған жолға итермелейді… Екіншісі ше? Жоқ, бөлек ортадан шыққан.

 «Күннің мына қапырық ыстығында шаң жұтып, жауынгерлерге сыйлық әзірлеп, әбігер боп жүр. Оған жұмыс істеу қиын. Бірақ ол өзі туралы ойламайды».  Жазушы тілімен айтқанда оқырманын ел игілігіне еңбегіңді аямауға тәрбиелейді.

Жастығында оқу оқып, білім ал, уақытыңды босқа өткізіп алма, отбасын құруға асықпа, кейін тәжірибемен бірге білім жетпей қалып, жолда қалма, заман білімде деп жазушы жас оқырмандарын білімділікке шақырып, шынайы өмір көріністерін ұсынады.

– Сіз сырттан оқып жүрген жоқсыз ба? – деде Талғат.

– Сырттан оқып кісі марди ма? Кейде қатынның көңіліне қарайсың. Зауқым түсіп кітап бетін аша қаласың, қабағын түйіп, тулап жақтырмай жүреді, онысын елемесең қасыңа келіп: «Бишара, сонша қадала қапсың. Немене, көп оқысаң министр етіп қоя ма сені? Оданда адамға ұқсап бірдеңе айтсаншы!» – деп ойынды еріксіз бөледі. Ырқына амалсыз көнесің. Жанжалдасайын десең бұ жақтан қорқасың. Әйеліңмен ұрысқанынды ұйым естісе, «Бір әйеліне сөзін өтпеген қандай милиционерсің. Үйінде әдеп орната алмасаң, көшеде қалай тәртіп орнатасың!» – деп секретарь дікіндейді. Өстіп жүргенде уақыт өтіп барады. Міне, бауырым, үйленген адам қуанышқа кенеледі деп ойлама оның да қырсығы бар. Әйткенмен маған қалай да оқу керек. Сен алдымен оқып ал, үйленуге асықпа. Әйтпесе маған ұқсап қаласың. Менде тәжірибемен бірге білім де жетіспей жатқан сияқты, – деді.

Шығарма барысында өзге алықта жоқ мінез танытатын, қуаныштың хабарын жеткізетін «сүйінші» сөзі арқылы елдігімізді танытып, дүниеге келген нәресте бізді де қуантып жатқандй көрінеді.

    Енді қазір ол: «Қызды тәуір көресіз бе, әлде ұл болғанын қалайсыз ба?» – деп сүйінші сұрап орыста жоқ мінез көрсетті.

– Ұл болса да, қыз болса да айтыңызшы! – деп асығыстығын білдіргенде:

– Жарайды қинамайын сізді. Дүниеге екі жұдырығын түйіп, айқайлап келген нәрестеге біз қуаныштымыз. Ұлыңызбен құттықтаймын! – деді.

«Екі жұдырығын түйіп» өмірге асыққан ұлының  дүниеге келуін суреттеген жазушы еңбегінде қандай сыр жатыр десеңізші! Детектив жанрында жазылған шығармаға қазақ халқының дәстүрін сыйғыза білген жазушы шеберлігіне таң қаларсыз.

Кемел Тоқаевтың келесі «Қастандық» атты әңгімесі де шытырман оқиғаға толы. Оқырманды терең мазмұны, көркемдік қуаттылығы, бейнелі тартымдылығымен де баурап алатын шығарма. Жазушы милиция өмірін шеберлікпен суреттей келе, қиындықтарын да назардан тыс қалдырмаған.

– Милиция өмірінің қиындығын енді аңғарғандаймын Петр Петрович.

– Бұрын қызықты оқиғалар қуып, оның шытырман жәймен шешілуіне әуестенуші едім. Бетім қайтқан секілді. Айталық, күні – түні сабылып іздеген, қаһарынды төккен жерге барасың. Табанда байлап – матап ұстағың келеді. Жұрттың бәріне шүбәлана қарайсың. Ал бара қалғанда уыздай жарасты, кішіпейіл, ындыны жуас адамдар кездессе қайтесің? Кейде осыған қарамастан дөрекілік көрсетеміз, – дей келе оқырманды ойға салады.

– Милиционер уақыт талғамайды, күн бе, түн бе, әрдайым поста болуға тиіс. Жұрт бізді қорғаным деп біледі. Жұрттың тыныштығы – біздің тыныштығымыз. Жазушы милиция өмірін тартымды суреттегенімен, адам тағдырына да жауапкершілікпен қараған жан. Кейіпкер бейнесі арқылы ішкі дүниесін жеткізіп, адам тағдырына деген жауапкершілік пен жанашырлықты да тілге тиек етеді.

– Сен өзің қызықсың, Талғат! – деп майор Кузьменко реніш білдірді. – Әңгіме кісінің хақы, правосы жайында емес, қылмыстыларды әшкерелеу жайында болып отыр емес пе?

– Бізде, Петр Петрович, правомен бірге үлкен лауазым, шен бар. Соңғылар тұрған жерде кісінің правосы әрдайым сақтала бермейді. Оған зорлық жасалады. Кейде адам тағдырының ойыншыққа айналып кететін кезі де бар. Мен сондай озбырлықтан  аулақ болайық дегенім ғой. Өмірде болатын кедергілерді айта келе, оқырмандарына «озбырлықтан  аулақ болайық» деп үндеу де салады.

Жазушы әр тарау басында табиғатты немесе қала өмірін суреттеуге аса көңіл бөлмейді. Оларды сұлулық өрнектерімен өрнектемей, қысқа ғана баяндап өтеді. «Ымырт жабылған мезгіл. Қала оттары жағылған. Алматы түні қараңғы, әрі жылы.  Жұлдыздар жымындап , тым қалың көрінеді. Жиегі болымсыз сәуле шашады, кәдуілгі гауһар секілді»

Кемел Тоқаев қазақ тілін жанындай сүйді. Шығармасына қазақ тілін тартымды енгізе отырып, «Қалың елдің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білем десең алдымен тілін үйрен» деп оқырманына кеңес те береді.

– Сіз қазақ тілін білесіз бе?

– Қазақ ішінде отырып, неге білмеймін?  Көршіміздің бәрі қазақ.

– Оныңыз жақсы екен, – деді де капитан Карпов алдында тұрған қағаздарын шетке ысырып қойды. – Өзің араласып, тіршілік кешкен қалың елдің әдет-ғұрпы, дәстүрін білем деген адам алдымен тілін үйренген жөн. Мен енді ғана сабақ алып жүрмін. Қазақта «от алуға келген қатынның отыз ауыз сөзі бар», – дейді. Сөйлемнің сыртқы түрі одағайлау көрінгенмен бар халықтағы әйелге тән әуесқойлықты аз сөзбен тұжырымдаған. Жазушы әңгімесінің тағы бір ерекшелігі қылмыскерді табуында емес, «Тісіміз етке тимесе, тамақ ішкен ғұрлы болмайтын» ел екенімізді білдіретін, ұлттық ерекшелігімізді танытатын үзіндімен толықтыруында.

– Кісі бірдемеге әдеттенсе, оны тастауы қиын екен. Менің кемпірім, байқұс, сүйексіз тамақ  жасамайтын. Куырдақ қуырса да омыртқа, қабырға секілді бірдемелерді майдалап шауып, етке қоса салатын. Тісіміз сүйекке тимесе, тамақ ішкен құрлы болмайтынбыз. Әсіресе ұлттық тағамымыз бесбармақты айтсаңызшы.

Сұлулық пен махаббат тақырыбына тоқталмаған жан жоқ шығар. Шытырманды оқиғаға негізделген әңгіме  соңында жазушы сұлу сезім мен шынай махаббатты да әсем суреттеген. От боп жанған ғашықтық пен жүрек дүрсілін жазушы қаламы, сезімнің алауын сездіргендей болған.

«Сәуле тұла бойы дірілдеп, от боп жанды. «Құдай-ау, еркек не деген аңқау, өзінің бұл жігітке іштей ғашық екенін ол неге ұқпайды? Әрі-бері өткендегі қасқабағы, жүректің дүрсілі осыны айтып тұрған жоқ па? Талғатты бір күн көрмесе қатты зарығатынын неге білмейді?».  Шытырман оқиға соңы сұлу сезіммен, жүрек дүрсілімен аяқталады. Детектив жанрында тұнғыш қалам төсеген Кемел Тоқаев соғыс ардагері, жазушы, азамат. Оның бір бойына біткен дарыны мен даналығы, соңына қалдырған сара жолы мен сарқылмас сөз байлығы биіктен көріне берері анық. Ол Отаны үшін от кешіп, ертеңгі нұрлы болашақ үшін адал еңбек етті. Ел мүддесін, Отан мүддесін майданда қарумен қорғап, бейбіт күнде тың шығармаларымен таң қалдырды. Отанының шын патриоты болды Үміт күткен ұрпағы жазушы сөзінің маңыздылығына мән беріп, ата жолын қуып, шытырман тақырыпқа шығарма жазатынына сенімдімін.

Алмагүл МАЛДЫБЕКОВА

Соңғы жазбалар

«ЖАЛҒЫЗҚАРА» ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ-ТАНЫМДЫҚ РОМАНЫ

      Кемел Тоқаев мұражайында...

Нұрай НҰРСАПА. КЕМЕЛДЕНГЕН ШЫҒАРМАЛАРЫ

    Көркем әдебиет жанрының...

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...