Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп отырған «Кемелтану» бағдарламасы негізінде мектеп оқушылары жазушылық өнерге қадам басуда. Жазушылық өнер – жас қаламгерлер үшін шығармашылық ізденіс, өзін-өзі тану, және қоғамға өз үлесін қосу алаңы болып табылмақ. Олардың әрбір шығармасы – бұл жаңа идея, жаңа көзқарас, және болашаққа деген сенім. Жас қаламгерлер әдебиет әлемінде жаңа дауыстарды, жаңа тыныстарды енгізе отырып, шығармашылық жолдарын жалғастырады. 10-сынып оқушысы Иманәлі Шырынның қаламынан туған, адамның рухани ізденісі, өз-өзін табу, қоғамдағы әділеттілік пен адамгершілік туралы терең ойларға толы «Қылмыстың кілті» әңгімесі өз оқырманына жол табуда.

(әңгіме)

– Фирма бастығы әлі келмеді. Алдын ала кездесуге жазылып па едіңіз? Мүмкін, орынбасарымен сөйлесерсіз, – деді аққұба хатшы қыз маған.

– Жоқ! Біз кездесеміз деп келіскенбіз. Мен жеке шаруамен. Күте тұрамын, – дедім де бөлме бұрышында тұрған орындыққа отыра кеттім. Журнал үстелінде тұрған газет бумаларын қолыма алып, көз жүгірттім. Өзіме қажетті ақпарат табылмаған соң, ысырып қайта орнына қойдым. Хатшы қыз компьютер мониторына үңіліп (бәлкім электронды поштасына келіп түскен хабарамаларды сұрыптап отырған болар), әйтеуір тінтуірмен сартылдатып, бірдемелер жасап отыр. Жан-жағыма қарап, уақыт қысқартарлық іс таппаған соң, хатшы қызды сөзге тарттым.

– Қарындас, есіміңіз кім болады?

Сәл жымиып:

– Кәусар, – деді.

– Көптен осы мекемеде жұмыс істейсіз бе?

– Көп уақыт болмады. 3 ай болып қалды.

Тағы да бөлмеде тыныштық орнады. Кенет сыртқы дәлізден тақ-тақ етіп әйел жүрісіне ұқсаған дыбыс естілді. Дауыс бірте-бірте жақындап, біз отырған бөлме есігі ашылды. Ішке әдеміше келген, ұзын бойлы, көзіне көзілдірік таққан келіншек кіріп келді. Үстіне киген киіміне қарап, ауқатты отбасының мүшесі екені байқалып тұр. Әлгінде электронды жәшікке тесірейе үңіліп отырған хатшы орнынан атып тұрып, рұқсатсыз басшы кабинетіне баса-көктеп кіруге ұмтылған келіншекке:

– Сәлеметсіз бе, Асыл Ақатайқызы! Рүстем Мансұрұлы әлі келмеді, – деді көзі жәудіреп.

– Мүмкін емес! Ол үйден шығып кеткелі екі сағаттың көлемі болды, – деген сөздерін жалғастыра қол сөмкесінен ұялы телефонын алып, номер тере бастады. Мен де сағатыма қарасам, осында отырғаныма бір сағаттан асқанын байқадым. Қоңырау шалған номерден ешкім жауап қатпады. Қайта номер теруге ыңғайланғанда, келіншектің телефонына қарсы қоңырау шалынды. Жалма-жан жауап беру тетігін басып қалып:

– Алло! – деді. Әдеміше келген өңі бозарып:

– Не деп тұрсыз? Өлгені қалай?

Асылдың қол-аяғы дірілдеп, қолынан телефоны мен көзілдірігі жерге құлап түсті де, өзі хатшы үстеліне сүйене кемсеңдеп жылай кетті. Ештеңе түсінбеген жап-жас хатшы қыз не істерін білмей күйбелекке түсіп жүр.

– Асыл Ақатайқызы, не болды? Кім өлді? – деп қолына түскен бума қағазбен есінен танып тұрған келіншектің бетін біресе желпіп, біресе стаканда тұрған суды бүркіп әлекке түсіп жатыр.

Осындай көрініске куә болып тұрған мен «Бұл жерде бос қарап тұрғаным жарамас» деп мән-жайды анықтауға кірістім.

– Ханым, Сізге кім хабарласты? Нендей хабар айтты? – деп (жайсыз хабар алғанын сезе тұра) сұрай бастадым. Ол ерні дірілдеп:

– Рүстемді, Рррүстемді пышақтап кетіпті, – деп бетін басып өкіріп жылап жіберді.

– Сіз Рүстем Мансұрұлына кім болып келесіз? – деген сұрағыма хатшы қыз жедел жауап берді:

– Асыл Ақатайқызы, жүріңіз кабинеттегі диванға отырыңызшы. Мүмкін, шатасып хабарласқан болар? Қазір анық-қанығын нақтылайық, – деп Асылдың қолтығынан демеп кабинетке қарай беттеді. Хатшы қыз мен жаққа қарап:

– Бұл кісі біздің басшымыздың жұбайы болады, – деді. Есін жиыңқыраған келіншек көз жасын бет орамалымен сүртті де:

– Маған полиция бөлімшесіне баруым керек, – деп орынан тұруға ыңғайлана бергенде, мен де қозғалдым.

– Ханым, сіздің жолдасыңыз маған бір күн бұрын хабарласқан еді. Мен жеке детектив Қожамұратов Ердос боламын. Ол маған өзінің өміріне біреулердің қастандық ойластырып жүргендігінен күмәнданғандығын айтып, менің көмегіме жүгініп еді. Бүгін біз сол мәселеге қатысты кездесуіміз керек болатын. Алайда, кездесу жүзеге аспады. Қазір мен сізбен барсам бола ма?

– Әрине, мен бұл істің кімнің қолы екендігін анықтауым керек. Сондықтан мен сізге бұл қылмысты кім жасағандығын ашып беруді табыстаймын.

Полиция бөлімшесіне дейін машина іші үнсіз. Бөлімшеге келгенде қылмыстық іс тергеушісі марқұмның денесін тану үшін Асылды мәйітханаға алп кетті. Рүстемнің мүрдесі анықталғаннан соң, бозарған күйі Асыл тергеушінің бөлмесіне бет алды. Ол жерде қылмыстық іске қатысты бірнеше сұрақтар қойлып, хаттамаларға қол қойылды. Тергеуші орын алған қылмысқа қатысты іс жүргізіліп, қылмыскер анықталатынын айтып, Асыл Ақатайқызын үйіне қайтарды. Жерлеу рәсімдері орындалып, күнделікті күйбең тіршілік өз жалғасын таптсы. Қаланың бір бөлігінде тергеуші, келесі бір жақта мен жұмбақ өлімнің шешімін табуға кірісіп кеттік. Қайғыдан қан жұтып отырған марқұмның келіншегін іске қатысты сұрақтар сұрау ертерек болған соң, жақын көршілерімен сөйлесуді жөн көрдім. Кейбірі ерлі-зайыптылардың өте мәдениетті екендіктерін алға тартса, бірен-сараны соңғы кездері ері жұмыстан кештетіп келетінін байқаған. Жұмыстан неліктен кеш қайтуын анықтау үшін мен қайтадан фирмаға келдім. Әлгі аққұба хатшы қыз көптен таныс адамдай жылы шыраймен қарсы алды. Менің сауалдарыма сабырмен жауап берді.

– Рүстем Мансұрұлы өте тыңғылықты, жауапкершілігі жоғары адам. Жұмыстан кешіккендерді жақтырмайды. Өзі де кешікпейді. Өз жұмысшыларының уақытымен келіп, уақытымен қайтқандарын қатаң қадағалайтын. «Шаршаған, уақытылы демалмаған адамның жұмысы еш өнімсіз болады», – дейтін. Сол себепті өзі де соны ұстанған, – деп сөзін аяқтады. 

Енді алдыға жылжу алған ісім осы жерден тоқтағаны ма дегенге тірелдім. Асыл ханымға бармасам болмас деген ойыға тірелдім. Қақпа қоңырауын шалдым. Қақпа ашылып, есіктен сыртқа 30-дар шамасындағы ер азамат шықты да, маған басын изеп амандасқан сыңай танытып, есік алдында тұрған соңғы шетелдік маркадағы жеңіл автокөлікке отырып, жүріп кетті. Мен ішке кірдім. Асыл ханым үлкен зәулім үйдің дәлізінен мені күтіп алды. Сыртқа шыққан ер азаматтың кім екендігін сұрадым.

– Менің ағам. Фирма мәселесі жөнінде шешімдер қабылдау керек еді. Рүстемнің туыстары жоқ. Балалар үйінде тәрбиеленген. Ал мен жолдасымның бизнесінен еш хабарым жоқ. Сондықтан бауырымның көмегіне жүгіндім. Отасқанымызға 5 жылдың көлемі болды. Не артында қалған мұрагері де жоқ. «Біраз бизнесімізді кеңейтіп алайық. Әлі жаспыз, үлгереміз», – деген соң мен де қыспақтамадым, – деп көзіне жас алды.

– Маған жолдасыңыздың ұялы телефоны керек еді. Егер мүмкін болса…

– Телефоны, әмияны табылмады. Соған байланысты тонау барысында болған қылмыс деген шешімге келіп отыр тергеуші, – деді күрсініп. – Мен кеңседе қоңырау шалғанда, өшірулі болды. Сол кезде… , – деп өксігін баса алмай жылап жіберді.

Қолға алған ісім бір нүктеге тірелді де қалды. Енді телефон мен әмиянды табу керек. Алайда менің басымнан «Неге фирманы Асыл ханымның өзі басқармасқа?» «Рүстем жетімдер үйінде өссе, неге нәрестелі болудан қашты?» деген сауалдар мен әлгі қымбат көлікке отырған ер азамат айналшықтап шықпай қойды. Не болса да осы тұсты бақылап көрейін деп, Асыл ханымның ағасын аңдуға алдым. Күдігім бекер болмады. Сол түні қала шетіндегі тоғанға келіп, қара пакетке оралған буманы ағыны қатты суға лақтырып жіберді. Келесі күні қылмыстық іс жөніндегі тергеушіге түнгі бақылаудың бейнежазбасын дәлел ретіне ұсынып, қала шетіндегі тоғанға су тінтуірлерінің көмегімен іздесітру жұмыстары жүргізілді. Ойлағанымыздай, қара пакетке оралған Рүстемнің ұялы телефоны мен әмияны. Дереу қылмыскерді тұтқындау шараларының арқасында Асыл ханымның ағасы қамауға алынды. Тергеу барысында, қылмыскер қарындасымен бірге ұйымдастырған қастандық екенін жайып салды. Қылмыскерлер жазаларын өтеуге темір торға тоғытылды.

Рүстемнің тірнектеп жиған байлығы өзі өскен балалар үйінің есепшотына қайырымдылық ретінде аударылды.

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...

Кемел Тоқаев. АСУДАН АСҚАНДА

І Машина Үлкен Меркенiң биiк шоқысын бетке ұстап, өрлеп келедi....