Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I

Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра уақыт өткенiмен, машина әлi жол үстiнде. Сарыөзекке тоқтамай-ақ, асу астындағы Басшиде бiр-ақ аялдаймыз деп келiскен едi. Сарыөзек станциясының үйлерi бiрте-бiрте шоғырлана түсiп, үстi түтiнденiп артта қалып барады. Сонда да Алтынемел асуына жеткен жоқ. Машина ендi ғана етектi өрлеп, заңғар тау қуысына кiрдi.

Алдыңғы жақ түнерiп тұр. Ауа дымқыл, жауын бар секiлдi. Шофердiң қасында көсiле түсiп, желкесiн жұмсақ арқалыққа салып, шалқалай отырған Емир Бiләлов басын көтердi, еңсесiн алға берiп, кабинаның ашық терезесiнен сыртқа қолын тосты. Сызды жел гулеп, алақанды соғады. Тамшы табы бiлiнедi.

– Жер жарықтықтың қар суын мiсе тұтпайтыны несi екен? Жауын суы тимесе, мына жердiң жарғақтанып, қара тақыр боп жатқаны. Жауын жауса ғой, бiр түнде құлпырып сала бередi. Емир аяғын жинап, шынтағын арқалыққа сала отырды. Мына жауын бiздiң Пәнжiмнiң үстiне бiр құйып өтсе қандай жақсы болар едi, Тоқты-ака! Жер де ширар едi, мал аузы да көкке тиер едi. Бөлек-салақ көп дорбатүйiншектердiң ортасында, бiрiн шынтағының астына басып, бiрiн машинаның тұтқасына байлап қойып, бiрiн басына жастап жатқан Сейдуллаев өзiнiң атын естiген соң, көзiн жыпылықтатып ашып:

– Немә дедiңiз-ә? – деп, басын көтердi.

Ұзақ жол үстiнде айнала төңiрекке қарап, зерiккен шақта адамның кейде талықсып тәттi ұйқыға кететiнi болады. Тоқты-аканы сондай халде деп түсiнген Емир, қарттың ұйқысын бекер бөлдiм-ау деген оймен:

– Жол қажытқан шығар, тынығыңыз. Мен жай әшейiн, – дейсалды. Үлкенге де, кiшiге де өре тiл қатып дағдыланбаған Тоқты Сейдуллаев Емирдiң сөзiне де жауап қата қоймады. Бiрақ ол ұйкыға емес, таусылмас қиял құшағына енген едi. Бүкiл ғалымдар қатысқан, республика озаттары бас қосқан үлкен кеңеске қатыса қоям деп Тоқты-ака ойлады ма екен? Целиноградта Тың өлкесi озаттарының кеңесi өтiп жатқан кезде үлкен қызы Тамара :

– Папа, Алматыда республика озаттарының жиналысы тағы да өтетiн көрiнедi. Москвадан ғалымдар келедi дейдi. Оған сiздi шақырса қайтер едiңiз? – деп, атаға деген абзал тiлегiн сауалмен бiлдiргенде, Тоқты-ака:

– Әй, қарағым-ай, еңбек етiп жүрген жалғыз бiз бе? Ел көп, еңбекшiлер де көп емес пе? Мен түгiл, бұл жұрт осы қиыр шеттегi Пәнжiмiңдi бiле ме екен? – деп, қызының сөзiн iштей ұнатса да, кеңеске қатысу оған қол жетпестей арман көрiнген. «Кеңеске қатысыпты» деген дақпырт атағы үшiн емес, диқанға көп кеңес, ақыл беретiн жиынға қатысу Тоқты-аканың тәттi тiлегi едi. «Тоқты-ака, жарайсың, әулетiңмен адал еңбек етiпсiң» – десе, еңбек адамына бұдан артық бақыт бар ма, сiрә!..

Мiне, сол Тоқты-ака кеңеске қатысып келе жатыр. Алдыңғы жағында отырған – колхоз председателi Емир Бiләлов. Колхоздан кеңеске екеуi ғана қатысты. Адамның көңiлi толып, қуаныш толқыны әлi басылмаған шақта кейде өзiмен өзi болып, оңаша қалуды тiлейдi. Емир Бiләлов тiл қатқанда Тоқты-ака осындай күйде едi. Ол басын көтерiп, қалтасынан сары ала жiбек бет орамалын шұбалта суырып алып, ернiн, суланған көзiн сүрттi, мұртын саусақтарымен тарай ширатып, тiк отырды. Бiләловтiң күлкi ойнаған жүзiне қарап:

– Маған бiрдеңе дедiңiз бе? – деп, омырау түймесiн сала отырып, құлақ тосты.

– Айдалаға құйып жатқан жаңағы ақ жауынды айтам да, баяғы бiздiң Пәнжiмге жауса деймiн ғой.

– Ә-ә, – деп, Сейдуллаев бас изеп, айнала төңiрекке ендi ғана көз жүгiрттi. Машина етектегi шөккен бұлт арасынан шығып, өрлеп барады екен. Жақпар-жақпар жартастар шақшиған күнмен шағылысады. Асуға Алтынемел деп ат қойғанда көшпелi жұрт алдағы күннен алтын үмiт күттi ме, кiм бiлсiн? Әйтеуiр «емел» деген – үмiт, мақсат деген сөз. Сөйтiп «алтын емел» – «алтын мақсат» екен. Ал Сейдуллаев осы асудан асып келедi…

Бiләлов Тоқты-аканың ыңғайын байқап, оны сөзге тартты:

– Кеңес кезiнде Осман Мәметовтi жарысқа шақырып, звеноның жүгерi егiсiн биыл 100 гектарға жеткiземiн дедiңiз. Жердi қайдан аласыз сонда?

Кеңеске қатысар алдында «Көрсеткiш жаман емес, қызармаспыз» деп ойлаған Сейдуллаевта тоқмейiлдiк бар едi.

Кеңесте Ташкент облысындағы «Политотдел» колхозы жүгерiшiлерiнiң табысы туралы айтылғанда, Сейдуллаев ойға қалды. Любовь Лидiң бригадасы әр гектардан 1850 центнерден сүрлемдiк көк шөп алған. Сонда бригаданың 100 гектардан алған өнiмi 185 000 центнерге жетедi екен. Сөй тiп, Любовь Лидiң алты-ақ адамы «Политотдел» колхозының малын, құсын жыл бойына азықпен қамтамасыз ете алады екен. Ал Сейдуллаевтың өнiм алып жүрген жерiнiң көлемi мүлде шағын. Өткен жылы звеноның баптаған жерi 22 гектар болса, биыл 25 гектардан аспады. Рас, Сейдуллаев дәндi Лидiң бригадасына қарағанда екi есеге жуық артық алды. Бiрақ колхоз үшiн шағын жерден рекорд жасағаннан гөрi жаппай мол өнiм алған пайдалы ғой. Сейдуллаев үзiлiс кезiнде жерлесi, әрi көршiсi Осман Мәметовпен пiкiрлесiп, Бiләловке: «Звено тағы да 75 гектар жер бекiтiп беруiн сұрайды» дедi. Османды жарысқа шақырғанын айтты. Бұл жаңалықты естiген таныстардың бәрi оны қостады.

Әйтсе де 100 гектарды баптап-күту оңай емес, өйткенi жүгерi жылма-жыл Мойынқұмның аяғындағы бiр орынға егiледi. Жер – суырма сұр топырақ, оның үстiне құнары да азайып бара жатқан секiлдi. Былтыр әр гектарға 18 тоннадан тыңайтқыш төгiлген болса, биыл 20 тонна төгiлдi. Сонда да жер бетi жұқа, тозаңдау. Ал жаңадан алатын жердiң қандай екенiн кiм бiлсiн? Құмдақ жердi суару да оңай емес. Емирдiң ненi мезгеп отырғанын ендi аңғарған Сейдуллаев:

– Жерiмiз суармалы болғанымен, су тапшылығы барын сезем. Әйтсе де өз күшiмiзге сенген жөн ғой, – деп, тер сiңген ала тақиясын айналдырып сипалап отырды да, – беретiн жердiң қазiргi участокқа жақын болғаны дұрыс болар едi, – дедi. – Барған соң балалармен ақылдасам ғой. Сiрә, ол жерге сүрлемдiк көк шөп егетiн шығармыз.

– Ол да дұрыс екен, – дедi Бiләлов.

Бұлар Басшиде көп аялдамай, тағы жолға шықты.

II

Калинин атындағы колхоздың орталығы – Пәнжiм селосы. Сейдуллаев, осы жерде туып-өскен адам. Гитлерлiк Германия Отанымызға шабуыл жасаған кезде, Тоқты қазiргi ауыл жiгiттерiндей қылшылдаған жас едi. Отанды қорғау үшiн ел азаматтарымен бiрге майданға аттанды, алдыңғы сапта болды. 1943 жылы Смоленск бағытында ауыр жараланды, госпитальда ұзақ жатты. Сұранып едi, майданға қайта жiбермедi, мүгедек болып елге қайтты.

Бiрақ ол ауылда қарап отырғысы келмедi. Майдан жеңiсiне еңбекпен үлес қосты. Арба айдады, астық тартты, қысылтаяң кездерде машина да жүргiздi, әйтеуiр, жұмысты талғамады, бар жiгермен iстедi. Партия ұйымы оны сол 1944 жылдың өзiнде партия қатарына алды. Ол кезде колхозда техника да, адам күшi де жетiспейтiн. Сонда бұл үйден екi адам – Тоқтының өзi мен әйелi Паша жұмысқа шығатын. Ал қазiр ше? Басы бурыл тартып, көз еттерi босап, әжiмденiп, қимылы да ауырлап, Сейдуллаев Тоқтыака атанды. Тоқты-аканың семьясы қазiр колхозда атақты жүгерiшiлер звеносын құрап отыр. Бiр үйден бес адам жұмысқа шығады. Еңбекке жасынан дағдыланған үлкен қызы Тамара 10-шы класты бiтiргеннен кейiн колхозда жұмыс iстеуге қалды. Одан кейiнгi екi қызы – Сания мен Нұрқыз да звено мүшелерi. Екеуi де кешкi мектепте оқиды. Звеноның бесiншi мүшесi Шарам Абдуллаева да алыс емес, осы үймен астасып кеткен адам.

Егер звеноның табысын есепшотқа қақсаңыз, қажырлы еңбектiң айғағындай кесек цифрлар тiзбектеле қалады. Былтырдың өзiнде Тоқты-аканың семьясы еңбеккүнге 22 центнер астық, екi мың сом ақша алды. Колхоздан алып жатқан жемiс-жидектерi бұдан бөлек. Мұндай мол табыс жеке бiр адамның, звеноның еңбегiмен ғана емес, бүкiл колхоз дәулетiнiң өсуiнен болып отырғанын Тоқты-ака жақсы түсiнедi. Былтырғы пайда 900 мың сомға жақындады. Соның тең жарымы жүгерiден түстi. Ет пен жүн дайындау жұмысында ақаулық болмағанда колхоз байлығы бұдан да арта түсер едi. Сондықтан Тоқты Сейдуллаев табыс көзiн бiлетiн адам ғана емес, коммунист, колхоз басқармасының мүшесi ретiнде колхоз шаруашылығындағы жаңсақ есептi көрiп, үндемей отыра алмады. Оның жол үстiндегi асығуының мәнiсi осы. Әрине, ол кеңестiң қалай өткенi, алған әсерi жөнiнде ең алдымен звено мүшелерiне, өзiнiң семьясына есеп беремiн деп ойлаған едi. Барлық ауыл адамдары оны машинаның үстiнде-ақ қоршап алды. Сұрақты жаудырып жатыр:

– Е, Тоқты-ака, аман-есен келдiңiз бе?

– Ондағы жұрт аман ба? Халдары қалай екен?

– Пәнжiмнiң күнiндей Алматы жылы ма екен? Сейдуллаев «шүкiр», «жылы», «жақсы екен» деп жауап берiп жатыр. Жұртты кимелей, әкесiнiң қолынан ұстай алған Нұрқыз:

– Папа, сенiң сөзiңдi радиомен тыңдадық, – дедi. Тұрған адамдар Нұрқыздың сөзiн естiртпей жатыр:

– Ой, бәрекелдi, қуанышыңды қойныңа тықпай жайсайшы, бiз де естiлiк!

– Астанаға барып, бiлiктiлердiң ортасында болған сенде арман жоқ Тоқты-ака!

– Мәртебең биiк болсын!

– Абыройың тассын!

Келген адамдар екi үйге әрең сыйысты. Жастау, бала жiгiттер босағаға сүйенiп тұр.

Семья қуанышында шек жоқ. Осы үйдiң иесi Тоқтыаканың өзi Алматыға барып, кеңеске қатысып қайтты. Осы қуанышқа бүкiл ауыл ортақтасып жатыр.

– Әуреленбе, бiз қуанышқа келдiк!

– Тоқты-акамның әңгiмесiн тыңдағалы келдiк! – деген адамдардың сөзiне қарамастан, үй иесi шақпақ түстi ала дастарқанды жайып, гүлi ашық қызыл кеселерге қаймақ қатқан қою шайды құя бастады.

– Сөйтiп, президиум столына бойы алты метр жүгерiнi әкеп қойғанда, – дедi Сейдуллаев сөзiн жалғастырып, – бүкiл зал гулеп кеттi, бәрiмiз де таңқалдық. Орнымыздан тұрып, қол соғып жатырмыз.

– Ойпырай-ә, өзi шынымен жүгерi ме екен? Қалай өсiрiптi?

– Жүгерiнiң өзгеше сорты болар?

– Жә, сөздi бөлмеңдер, тыңдайық.

– Өзгеше сорт емес, – дедi Сейдуллаев. – Өзiмiздiң егiп жүрген «Вир-156» жүгерiсi. Сол жүгерiнi өсiрген – Ташкент облысындағы «Политотдел» колхозы.

– Азамат екен!

– Бақытты екен! – деп отырғандар дүркiреп қалды.

– Бiзден сенен басқа тағы кiм сөйледi? – дедi Шарам.

– Октябрьдiң 40 жылдығы колхозының председателi Головацкий сөйледi.

– Ауданымыз үшiн абырой болған екен, – дедi төбесi шошақтау келген қара жiгiт Ахмет.

– Головацкий жүгерiнiң бума собығын ұсынғанда, Дiнмұхамед Қонаев «Жолдастар, бәрекелдi!» деп қабыл алды.

– Бұл бiздiң Панфилов жүгерiшiлерiне берiлген баға ғой, – деп Ахмет көтерiлiп қалды. Отырған жұрт республика басшысына алғысын жаудырып жатыр. Осылай әңгiмеден сұрақ, сұрақтан әңгiме туып, Пәнжiмнiң халқы кеш жатты. Сейдуллаев әдетiнше ерте тұрды. Үй-iшi ұйқыда ма деп едi, Тамара әкелген түйiншектердi ақтарып отыр, Саниям тыста жүр, Нұрқыз жоқ. Тоқты-ака сәл кiдiрiп тысқа шықты. Саниямнан: «Нұрқыз қайда?» – деп сұрап едi, ол:

– Шараммен бiрге егiс басына кеттi. Мен Тамараны күтiп тұрмын, – дедi.

Тоқты-ака звеносындағы қыздарымен бiрге күнi бойы жаңадан бекiтiлiп берiлетiн жердi аралады. Кешкiсiн Тамара, Шарам үшеуi су бөлiнетiн құлаққа барып қайтты. Көрмеген әлi бiраз жер қалды.

– Жерi сұйықтау, боз топырақ па деп едiм, жақсы екен. Көң де аз төгiлмептi, – дедi Тоқты-ака риза болып.

– Жұмыс iстеп жүрген жалғыз бiз дейсiз бе? Жұрттың бәрi шамасынша еңбек етiп жатыр ғой, – дедi Тамара.

– Күн жақсы болып тұр. Жер де қызу тартқан секiлдi. Қырық құдықтың басындағы ойыққа да себудi бастай берсек деймiн. Биыл жер көп. Ерте қимылдамасақ, үлгiрмеспiз, – дедi Шарам.

– Оның дұрыс, – дедi Сейдуллаев.

– Бұл жердiң адыр-бұдыры бар екен. Тегiстемесе, кейiн су жүрмей қалар. Сонан соң бастармыз.

– Үлгерсек болғаны ғой, – дедi Тамара.

– Иә, биыл жұмыс аз емес, – дедi Сейдуллаев басын сипап. – Жүгерi құлақтанбай-ақ жердi өңдеуге кiрiсетiн шығармыз. Сонда жер бетi қабыршықтанбай, ауа да, қы-зу да жетiп, жүгерi тез өнедi. Он күн iшiнде алты-жетi құлақ тастап қалар.

Бұрын звено жүгерi төрт-бес құлақ тастағаннан кейiн барып жердi өңдеуге кiрiсетiн. Әлгi айтқаны – Тоқты-аканың кеңестен алып келген жаңалығы. Шарам мен Тамара бiр-бiрiне қарап, бас изеп мақұлдап қойды.

Тоқты-ака Османды жарысқа шақырып, бүкiл звено атынан жоғары өнiм алуға уәде бергенiн айтқанда, қыздары үндемей қалысты. Әншейiнде сөзге де, iске де шапшаң Нұрқыз да ойланып қалды. 100 гектардың 25 гектарынан 125 центнерден дән, 75 гектарынан 1200 центнерден көк шөп алу бұл өңiрде бiр звено үшiн оңай жұмыс емес. Кеңес залынан Осман Мәметов пен Тұрсын Ұшыровтың есiмдерi естiлгенде, алғашқысы дән алумен шұғылданса, соңғысы егiстiк жерiн сүрлемдiк көк шөп алуға арнаған. Екеуiнiң де көрсеткiшi бұларға мәлiм: Осман 30 гектар жердiң әр гектарынан 123 центнерден дән, Тұрсын 70 гектар егiстiктiң әр гектарынан 1 200 центнерден көк шөп алған. Ал Тоқтыака дәннен де, көк шөптен де осы екеуiнiң көрсеткiшiне биыл бiр-ақ жетемiн деп уәде берiп келген. Бұрын звеноның ақылдасып, жұрт алдында алған мiндеттемесiнде көк шөп көрсетiлмеген едi. Осыған орай ендi Сейдуллаев өз жаңалықтарын сыздықтап айтып отыр:

– Алғашқы қоректендiруден кейiн, сiрә, бораздамен су тартамыз. Жер ылғалданбаса, себiлген тыңайтқыштың дәнге септiгi тимей қалар.

Тоқты-ака культивация жүргiзу, коректендiру, суарудың мөлшер-мерзiмдерi жайында бiрсыпыра әңгiме айтты. Мұның бәрi Тамара мен Шарамға таныс болғанмен, Сейдуллаевтың сөзiнде жаңалық та бар едi. Мәселен, жүгерi жетiлер кезде оны төрт-бес рет суармайтын, екi-үш суарумен тынатын. Бұлар егiс басынан ымырт жабыла қайтты. Қарсы жолыққан Нұрқыз:

– Папа, кеңсеге шақырып жатыр. Басқарманың жиналысы болады дедi ме, анық ести алмадым, – дедi.

– Ә, ендеше, мен барып қайтайын, – деп Тоқты көп қыздың ортасында ерке өскен кенжесi Бiлләхұнды маңдайынан иiскеп, әрi кеттi.

III

Әке баланы алаламайды. Оған бәрi жақсы. Ала-құла, оғаш мiнездерiмен-ақ олар әкеге ұнап тұрады. Мәселен, Нұрқыз тапқыр, шапшаңдау, бiрақ шалалығы да бар. Ал Саниямның қимылы баяу, бiрақ iсi тынымды. Шешесiнiң қас-қабағын бағып, үйге көмектесiп жүретiн де осы. Ақыл тоқтатқан Тамараның жөнi бөлектеу, iстеген iсi кесек жатады. Тоқтыдан қыздарының қайсысы жұмысты жақсы iстейдi деп сұрай қалсаңыз, ол:

– Қалай деп айтайын, балаларымның бәрi еңбеккер ғой, – деп, тақыр басын сипап, күлiп қояды. – Осылар болмаса, бiр өзiм не бiтiрем. Былтыр әр гектардан 118 центнерден дән алғанымыз да осылардың жiгерi ғой. Анау Шарам бар, – бәрi жұмыс дегенде аянбайды. Әйтсе де осы жұрт Тамараны мақтап жүр. Былтыр еңбегiне қосымша 1000 сом сыйлық алды. Сiрә, ана екеуi әкпесiне жол берген секiлдi. Әйтпесе олар да ноян-ау.

Мiне, Тоқты қыздарымен егiс басында әңгiмелесiп отыр. Жүгерi құлақтанып қаулап, жер бетiне шығып келедi. Дәннен де, көк шөптен де мол өнiм алу үшiн әр түп қаулап өсуi шарт. Тоқты-ака осы жайында қыздарымен кеңесуде:

– Әр түптен екi собықтан алып, әрқайсысында шамамен 150 грамнан дән болады десек, онда өнiм гектарына небәрi 120 центнерден айналады екен. Бұлай болса, уәдеде тұра алмаймыз, қыздарым.

– Сонда не iстеуiмiз керек?

Тоқты-ака жалпақ мұрнының үстiндегi тердi асықпай сүртiп, бұйраланып жатқан егiстiк жерге көз салды.

– Әрбiр түптiң өсiп-жетiлуiн қадағалауымыз керек, былтырғыдай себеп iздемелiк. Мақсат әрбiр түптен 350 грамнан дән алу керек. Көңiл күптi болмау үшiн күтiммен бiрге есептi де жүргiзсек деймiн. Тамара оқуым бар, әзiрленем деп жүр ғой, осыны өз қолыңа алсаң қайтедi, Нұрқыз.

Нұрқыз екi иығын көтерiп, апаларына жымия қарап едi, олар қостағандай ишарат бiлдiрдi. Бұл да Тоқты-аканың кеңестен алып қайтқан жаңалығы. Ал бұрын: «Жердi жақсы өңделiк, бiрақ кiм бiлсiн, бұйырғанын алармыз» – дейтiн. Ендi звеноға есеп кiрдi. Алматыдағы кеңес Тоқты-аканың звеносына ғана емес, бүкiл колхоз өмiрiне жаңалық алып келген едi. Бұрын жыл аяғына дейiн колхоз шаруашылығының олқы-кемi мәлiм болмай, сапырылысып жататын. Бастықтан басқа да басқарушылар көбейiп, жауапқа келгенде жалтарып кете беретiн. Кеңестен кейiн колхоз комплекстi екi үлкен участокқа бөлiндi.

Тоқты-ака колхоз өмiрiндегi жаңалықты өз көзiмен көрiп, оны бiрге жасасып келедi. Колхозды комплекстi участокқа бөлу жөнiнде қанша айтыс-талас болды десеңiзшi! 24 мыңға жуық қой, 2200-ден астам iрi қара, 32 трактор, 37 комбайн мен машина бар. Осынша қыруар мал мен техниканы көрiнгеннiң қолына берiп, бытыратып жiберу дұрыс болар ма екен? Бiр адамның басқарғаны жөн емес пе? Осы күнге дейiн бұдан зиян шеккенiмiз жоқ, қайта, колхоз өрлеп келедi ғой!

Бұл жерде Тоқтының коммунист, басқарма мүшесi ретiнде жұртты үгiттеуiне тура келдi, жаңаны жақтады. Ақырында, мәселе колхозшылардың жалпы жиналысында қаралды. Колхозшылар бұл жаңалық өзгерiстi қолдап шықты. Сол жиналыста аудандық партия комитетiнiң бiрiн-шi секретары Сәкен Танекеев:

– «Октябрьдiң қырық жылдығы» колхозы өзiнiң Ұшыровын айтса, Ленин атындағы колхоз Мәметовын мақтан етсе, ау, сiздерде жаңалықтың жаршысы Тоқты-акаң бар емес пе?! – деп, бүкiл зал iшiнен Сейдуллаевты көрсетiп едi. Ауданға әйгiлi сол Тоқты-акаң өз звеносымен сонау бiр қиыр шетте – Пәнжiмде еңбек етiп жатыр. Бiрақ еңбек сүйгiш ердiң есiмi – көптiң аузында. Сондықтан да ол барша жұртқа жақын. Сiрә, адамға бұдан артық бақыт болар ма!

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...

Кемел Тоқаев. АСУДАН АСҚАНДА

І Машина Үлкен Меркенiң биiк шоқысын бетке ұстап, өрлеп келедi....