І
Машина Үлкен Меркенiң биiк шоқысын бетке ұстап, өрлеп келедi. Тау жолы тым жайсыз, сол жағы – ойлы-қырлы тас, оң жағы – жарқабақ. Жарқабақтың асты етектегi өзенге дейiн құлама еңiс. Жердiң кедiр-бұдырынан доңғалақтар ытқыған сайын машинадағылар сеңдей соғысады.
– Ау, Федор, бұл жұртты қырасың ба? Ақырынырақ айдасаңшы, – деп, шалқалай құлаған толық қара жiгiт Көпбай басын сипалап, оңтайланып отырды.
Әдетте аудан орталығына баратындар Кегеннiң кең асфальт жолына түсiп, тоқсаныншы километрде Жалаңашқа қарай бұрылады. Бұрылыс болғанымен, жолы жақсы. Мана ауылдан шыққанда Головко:
– Кегенмен кетемiз бе? – деп сұрап едi, Iңкәрбек:
– Меркенi асып, төте кетемiз, онсыз да кешiгiп қалдық, – деп асығыстық бiлдiрген.
Машина сол Үлкен Меркенiң асуымен бұралаңдап келе жатыр. Үлкен Мерке – Таянь-Шаньның көп сiлемдерiнiң бiрi. Биiк шыңы, қуыс шаталы жоқ көлденең жатқан көк жота. Мұның аржағында қапталдаса жатқан көкжал таулар бар. Оларды да Орта Мерке, Кiшi Мерке деп атайды. Осы жоталы таулардан асатын жолды Меркенiң асуы дейдi. Бұл даңғыл жол емес, малды ауылдың жайлауға көшкенде төте тартар тар соқпағы.
Головко отыра алмай қопаңдап, мазасы кеткен Көпбайға:
– Жиырма километрден артық алып келе жатқанымыз жоқ, қайтесiз, жол солай, – деп, ақырын жымиып күлiп, қасындағы Iңкәрбекке көз қиығын тастады. Ол алдындағы имек тұтқалы темiрдi мықтап ұстап алған. Белi бүгiлiп, басы салбырап кетiптi. Екi көзi жұмулы. Үлкен ой үстiнде отырған тәрiздi. Кедiр-бұдырдан машина жөңкiп кеткенде, ойын бұзғысы келмегендей отырған қалпын өзгертпейдi.
Бұдан бiрер жыл бұрын қырдағы отарды аралап жүрген кезiнде Iңкәрбек боранға ұрынып, науқасқа шалдығып, содан берi оңала алмай жүрген. Жылда: «емделiп адакүде жазылып шықсам» деп талап қылады. бiрақ шаруа ырық беретiн емес, әр маусымның науқаны бiр-бiрiмен ұштасып, қол тигiзбейдi. Науқастың аяғы «үйреншiктi кеселге» айналған. Кейiн оны елемейтiн де болды. Биыл дәрiгерлер: «Жүдеу жанның дертiне ем қонбайды, дәрiнiң де шапағаты тимейдi, тыныққан жөн» деп нығыздап қоймаған соң, Алматы төңiрегiндегi санаторийлердiң бiрiне барып қайтқан. Онда да ұзақ жатуға дәтi шыдамай, бiрер күндi алға салып түнде оралып едi. Жазғы демалыстың бiраз күнiн Алматы маңында өткiзудi ұйғарып, ауданнан жолдама табам ба деп дәмеленiп келе жатқан Көпбай қала жайын сұрай бастап едi, Iңкәрбек:
– Қала ма? Қала жақсы ғой! – деп, төмен қараған бойы басын изей салды. Iңкәрбектiң әңгiмеден аулақ, бiр сәт өз ойымен болғысы келгенiн сезген Көпбай ендi мыжып сұрамады.
Көпбай Рысбаев – осы ауылдың мұғалiмi, әрi жергiлiктi тiлшi. Жазған мақалалары аудандық, республикалық газеттерге басылып тұрады. Ептеп өлең шығаратыны бар. Құрбылары оны «Бiздiң ауылдың ақыны» деп, қолпаштап қояды. Кiсiнiң ой-пiкiрiн аңдап, тiл тауып сөйлесе бiлуге машығып қалған Көпбай совхоз директорының түнде қаладан келе салып, тағат таппай ауданға аттануында бiр сыр барын байқап отыр.
Газ-69 машинасы Үлкен Меркенiң шоқысына жеткенде Iңкәрбек басын шапшаң көтердi, жан-жағына жыпылықтай қарады:
– Аз ғана аялдайық. – Кабинаны ашып, секiрiп түстi. Таудың қоңыр салқын самал желi ызыңсыз баяу соғады. Сұр пенжегiн желбегей жамылып, желге қарап қасқайып, бүйiрiн таянып тұрған Iңкәрбек:
– Ау, Көпбай, берi кел, мына жаққа көзiңдi салшы, – деп, алысты нұсқады.
– Көп ойланып едiңiз, кәне, не тапқаныңызды көрелiк, – деп Көпбай тiл тартпақ болды.
– Әй, Көпбай-ай, бiзде не ой бар дейсiң, ойлайтының баяғы бiр шаруа қамы ғой. Жер жаннаты деп осыны айтсаңшы, бiр аламыш дағы жоқ көкпеңбек. Тiптi таудың тасы да көрiнбейдi.
Iңкәрбектiң не көрiп тұрғанын Көкбай да байқап тұр. Көкке найзадай шаншылған жалаңаш тас шоқының алқымын айнала қар басып жатқан сонау биiк тау – Мыңжылқы. Оның батысындаға көкжал жота – Шырғанақ. Шырғанақтың етегiн құшып Талды тауы жатыр. Осы екi таудың атымен аталатын екi өзен Қарқараға құяды. Қарқара өзенiнiң бойын қуалай Қулық тауына дейiнгi кең ойпат – Iңкәрбек Жұмағұлов басқаратын «Кеген» ет-сүт совхозының жерi. Алыста, совхоз орталығының шоғырланған ақ шағала үйлерi болмаса, осы сәтте бұл маң мүлде бос, қыбырлаған тiршiлiк белгiсi жоқ тәрiздi.
– Қарашы, осы өңiрге қаншама мың мал өргiзуге болар едi. Көк шөптiң мал жемей, көпiр болып қурағанына iшiң ашиды, – дедi Iңкәрбек қабағы түйiлiп. – Қыс түскенде шөп жоқ деймiз. Осымыз қалай, Көпбай?
– Совхоз шөптiң екi жылға жететiн қорын жинап алған жоқ па?
– Әңгiме бiздiң совхоз жайында емес қой, Көпбай, – дедi де Iңкәрбек шоферіне қарап: – Федя, кеттiк, ақыл салып көрелiк, бәлкiм, ауданның өзi де бұл мәселенi шешiп қалар. Солай емес пе?
Головко ешнәрсе ұқпаса да, түсiнiп тұрған кiсiдей Iңәрбектiң сөзiн қостап, басын изедi.
II
«Кеген» ет-сүт совхозы – Алматы облысындағы iрi шаруашылықтардың бiрi. Мұнда 6 мың сиыр, 21 мыңнан астам қой, 850 жылқы бар. Совхоз жыл сайын мелекетке мыңдаған центнер ет-сүт өткiзедi. Биылғы нысана – 24 мың центнер сүт, 5400 центнер ет едi. Совхоз жартыжылдықтың жоспарын асыра орындап шықты: мемлекетке 13 мың центнер сүт, 3200 центнер ет өткiзiлдi.
Совхоздың өсу жолы Iңкәрбек Жұмағұловқа аян. Оның тарихы сонау отызыншы жылдардан басталады. Алғаш бытыраңқы шаруашылықтың орнына құрылған совхоз кейiн де мандымады. Өнiм өндiрудiң бiр түрiнiң жоспары орындалғанымен, шаруашылықтың екiншi жағы ақсап жатты. Мемлекеттен алған ақша жылма-жыл көбейе бердi. Совхоз басшылары тұрақтамады. Бiреу келiп, бiреу кетiп жатты. Жұмағұловты осы совхозға тағайныдаған кезде оған айтылған әңгiме қысқа болды:
– Сiздi «Кеген» совхозына директоры етiп тағайындағалы отырмыз. Сiз, ең алдымен, коммуниссiз. Ауыл шаруашылығын шұғыл өрге бастыру жөнiнде партия мен үкiметтiң алға қойып отырған мiндеттерi сiзге түсiнiктi болар, жолыңыз болсын, табысқа жетуiңiздi тiлеймiз!
Iңкәрбек бұдан екi жыл бұрын совхозға алғаш келгенде:
– Шаруасы қиыспай тұрған бұл бiр қырсық жер, жөнге салуың, сiрә, қиын болар, – деп ауылдың пысықтары Iңкәрбектiң сонау Бақанастан жылы орнын тастап келгенiне өздерiнше өкiнiш бiлдiрдi, мұның себебiн сұрағанда: – Мұнда жыл он екi айдын, жетi айы – қыс. Басқа ел жайлауға майда көшкенде бiз июньдi аяқтай шығамыз. Осыншама уақыт қолда ұстаған малға жем қалай шақ келсiн. Әрi сиыр малы жемқор, өз шығынын өтемейдi, – деген жауап берiлгендi.
Совхоз мамандары осындай «дәлелге» ден қоятын сияқты. «Жер жағдайы белгiлi ғой, облыс бiзге салмақ сала қоймас» деп өздерiн жұбатады. Бұл қалай? Бұған басқа жұрт қалай қарайды? Iңкәрбек шаруашылықпен таныса жүрiп, партия ұйымының секретарымен ақылдасты. Екеуi де: коммунистердiң пiкiрiн тыңдалық, олар не айтар екен деген тоқтамға келдi. Алғашқы ашық әңгiме партия жиналысынан басталды. Күн тәртiбiне бiр-ақ мәселе қойылды:
– Совхоз мемлекетке ет-сүт тапсырудың жоспарын жылма-жыл орындап отыруға тиiс!
Дабырласып сөйлесiп отырған жұрт күн тәртiбiн айтқанда жым бола қалды. «Кәне кiм сөйлейдi?» дегенде, бәрi үнсiз отырысты. Әлден уақытта: «Айтуға жеңiл-ау, бiрақ онымен жоспар орындала қойса жақсы!», «Бәлкiм, шөп жемей сүт беретiн сиырдың бiз бiлмейтiн жаңа тұқымы бар шығар» деген күбiр-күбiр сөздер естiле бастады. Iңкәрбек естiмегенсiп отыр, қызыл қарындашын тықылдатып:
– Кәне, кiм сөйлейдi? – деп қайталап сұрайды. Есiк жақта, бұрышқа тығыла отырған бiреу иегiн көтере, сақалын қайта-қайта шошаңдатып, қопаңдай бердi. Ахмет Малтабаров деген қартың мiне осы. Совхоз iргесiн қаласқан адамдардың бiрi, өзi коммунист.
– Ақсақал, сөйлейсiз бе?
– Жоқ, шырақ, – деп Малтабаров кiбiртiктеп қалды. Сәл отырып:
– Мен әуелi сiзге бiр сауал қояйын деп едiм. Рұқсат па? – деп тұмағын қолтығына қысып, орнынан тұрды.
– Ия, аха, сөйтiп өзiңiз бастаңызшы! – деп, қасында отырғандар қоштап жатыр.
– Бөгелмеңiз, сұраңыз, – дедi Iңкәрбек.
– Менiң бiлейiн дегенiм мынау: жер десеңiз – мұндай шұрайлы жердi бұл өңiрден iздесең де таппайсың. Талды етегiндегi көк сазды, Шырғанақтың екi ашасын, мына Оразалы жайлап отырған Шыбышы қойнауын былай қойғанда, тұмсығы көрiнген мына Көктөбенiң көк шалғынына ат бойламайды. Су десең, айналаның бәрi өзен, жұмысқа деген адамдардың ынтасы да жетедi. Ау, сонда бiздiң жоспарды орындамайтынымыз қалай?
– Бәсе десеңшi, жазған қартың дұрыс айтады-ау!
– Совхозбен жасасып келе жатқан кәрiң қой!
– Бiз де солай ойлаймыз, Аха, – дедi Iңкәрбек. – Әйтсе де жоспар орындалмайды. Осының себебiн бiлу үшiн сiздермен ақылдасқалы отырмыз.
– Олай болса, менiң бiр-екi ауыз сөзiм бар, – деп, Ахаң адымдай басып, топтың алдына шықты. – Сiз жаңа адамсыз ғой, бiлмессiз, мен совхоз құрылғалы жұмыс iстеп келемiн. Қой да бақтым, арбакеш те болдым, әйтеуiр совхоз жұмысынан бас тартқан жерiм жоқ. Әркiм өзiнiң шыққан төбесiнiң биiк болуын тәуiр көредi ғой. Совхоз дәулетiн көтеруге септiгiмiз тие ме деп тырмысып жүрмiз. Не бәлесiнiң барын қайдам, жылдың қорытындысын шығарғанда кемтiгiмiз ашылып қалады. Бұл қалай дейсiздер ғой? Ел айналайын қолынан келгенiн аямайды. Бар берекесiздiк осы ферма бастықтарынан шыға ма деп ойлаймын. Жаздағы ақпары дұрыс болса, қыста күйзелетiнiмiз қалай?
– Ферма бастықтары десе осы шалдың жыны бар. Бiреуге сұқтанбай, өз жөнiмен сөйлесе қайтедi, – деп, №4 ферманың есепшiсi қоңқаң мұрын қара жiгiт күңк ете қалды.
– Әй, сен былжырамай жайыңа отыр, – деп Ахаң оны тыйп тастады да, сөзiн жалғастырды: – Мына өздерiнiң көзi отыр, өтiрiк десе, коммунист қой, өздерi айтсын…
Жиналыс түн жарымына дейiн созылды. Коммунистер орын алған кемшiлiктердiң себептерiн бүкпей, ашық айтты. Iңкәрбек үлкен бiр мектептен өткендей болды. Партия жиналысы фермалардың жұмысын қайта құру, оларды маман кадрлармен толықтыру, етке өткiзiлетiн малдың күтiмiн бақылау, сүттi мол беретiн сауын сиырларды бiрте-бiрте iрiктеп алу, жемшөп қорын жасау, дәрiгерлiк пункттердiң жұмысын жақсарту сияқты көптеген ұсыныстар енгiздi. Қисыны кеткен шаруашылықта мұның бәрiн бiрдей жүзеге асыру Iңкәрбекке оңайға түспедi. Уақыт керек болды. Осылай жыл өттi. Бұрын: «Сиырлары сүтсiз» атанған совхоз мемлекетке сүт тапсырудың жоспарын артығымен орындай бастады. Әйткенмен ет өндiру жағы мардымады. Бұл мәселенi шешуде коммунистер тағы көмекке келдi. Совхоз шаруашылығының есебiн дәл жүргiзу үшiн Тәукен Әбдiғұлов бастаған комиссия құрылды. Оның құрамында агроном, зоотехник және басқа мамандар бар. Мәселен, совхоздың жер көлемi 49 153 гектар, оның iшiнде егiстiк жерi – 4891 гектар. Биыл мемлекетке 5400 центнер ет өткiзу үшiн қанша гектар жүгерi, бұршақ, қызылша егiлуге тиiс? Бұл дақылдардан алынатын өнiм қандай болмақ? Мiне комиссия осы мәселелермен шұғылданды. Әрбiр ферманың алдына нақты мiндеттер қойылды. Сөйтiп совхоз мемлекетке ет тапсырудың жартыжылдық жоспарын да орындап шықты.
Совхоздың бұл алғашқы көрсеткiшi тұрақты ма? Егер баянды десе, оған қанағаттануға бола ма? Шаруашылық көрсеткiшiн жақсартудың тағы қандай жолы бар? Мына өңiрдiң бос жатуы қалай? – мана Iңкәрбектiң тынышын алып, жол бойы мазалаған ойлар осы болатын.
«Кеген» совхозында жер де, шөп те жеткiлiктi. Қыстың қыраулы күнiнде малға азық iздеп, сонау Көкшетау облысынан осы совхозға келетiндер бар. Былтыр олар осы совхоздан шөп тасып шықты. Мыңғырған малды машинамен, тiптi самолетпен тасыған шөппен азықтандыру қиын. Бiрiншiден, бұдан мемлекет үлкен зиян шегiп, мал өнiмi қымбатқа түсетiн болса, екiншiден, қыстан көтерем шыққан малдың өсiмi де мәз болмайды, көбi көктемде iш тастап кетедi. Малдың өсiмi болмаған соң оған жұмсалған шығын өтелмейдi, шаруашылық күйзеледi. Сондықтан, деп ойлады бiр сәтте Iңкәрбек, сол малдың бiр бөлiгiн осы бiздiң совхозға неге бермеске? – Бүгiн Iңкәрбектiң ауданға аттанған себебi де осы мәселенi шешу болатын.
III
Iңкәрбектiң аудандық партия комитетiнде бiрiншi кездестiрген адамы Ерекен Жақсылықов болды. Ол – аудандық партия комитетiнiң екiншi секретары. Жақсылықов Iңкәрбектi қолтықтап, шетке алып шығып:
– Демалысқа барған адам оңалып, ажарланып қайтпаушы ма едi, мұның қалай? – деп, оның жүдеу жүзiне үңiле қарады. Iңкәрбектiң жақ сүйегi сопайып, көзi шүңiрейiп кеткен. Бетiнiң қорасан дағы шұңқырланып тұр. Самай шашының ағы деңдеп, желкеге қарай қоюлана бастаған. Қырықтағы жасынан әлдеқайда егде көрiнедi. Өзi туралы сөз қозғағанда Iңкәрбектiң сөйлей қоймайтынын сезетiн Жақсылықов әңгiменi өзгерттi:
– Биыл сiздерде астықтың түсiмi қалай? Қанша өткiзбек едiңдер?
– Мiндеттеме 21 мың центнер.
– Биыл ет-сүтпен бiрге астықтан да салмақ салатын шығармыз. Осы жағына көңiл аударған жөн.
– Борыштар болмаймыз, – деп, Iңкәрбек келген шаруасын айта бастады. – Осыншама шұрайлы жердiң қаңырап бос жатқанына таң қаласың.
– Бос жатуы қалай? Совхоздың малы бар емес пе? – деп Жақсылықов Iңкәрбекке бажырая қарады. Оның ойын ендi ғана аңғарып:
– Бауырым, мынау бiр жақсы леп екен. Сәл қоя тұршы, – деп бiрiншi секретарьдың кабинетiнен топтасып шығып келе жатқан адамдардың бiреуiн «Тоқтарбек, берi келшi» деп шақырды. Iңкәрбек Кеген аудандық атқару комитетiнiң председателi Тоқтарбек Кәрiпжановтың бұл әңгiмеге араласуын iштей тәуiр көрiп тұр. Тоқтарбек – жаңа келген жас жiгiт. Шаруашылық мәселесiн тiкелей шешетiн осылар ғой… Кәрiпжанов қасына келгенде, Жақсылықов:
– Мына Iңкәрбек бiздiң ойымызға келмеген соны пiкiр айтып тұр. Көңiлге қонымды, тыңдашы өзiң, – дедi.
Iңкәрбек өз ойының тұжырымдылығын көздеп, совхоз мүмкiндiктерiнiң барына көп дәлелдер келтiрiп, айтып шықты:
– Мамандардың есебi бойынша жайлаудағы шөптiң 20- 30 процентi жыл сайын пайдаланылмай қалатын көрiнедi. Өзiңiз бiлесiз, бiзде жайлау дейтiн ұзақ өрiс жоқ, өзiмiз жайлаудың ортасында отырмыз. Совхоз жерiне тағы да 30 мыңдай қой өргiзуге болар едi.
– Есеп дұрыс екен, – дедi зейiн қойып тыңдаған Кәрiпжанов. – Бiрақ совхоз жылма-жыл шығынмен келедi. Өз малыңның өнiмiн арттыра алмай отырғаныңда оған қосымша мал сұрауың қазiр ыңғайсыз, облыста қолдамауы мүмкiн.
– Совхоз биыл жоспарын өнiмнiң барлық түрiнен орындайды.
– Сенемiн, Iңкәрбек, – дедi Кәрiпжанов оны қостап. – Бiрақ басқа жұрт уәде деп қарайды. Оған қарсы айтар дәлелiмiз жоқ. Алдымызда жылдың алты айы бар. Жоспар орындалып жатса, сөзiмiз ұтымды болар едi. Әйткенмен бiрiншi секретарьмен ақылдасып көрелiк. Ол кiсi не дер екен?
Аудандық партия комитетiнiң бiрiншi секретары Әбдiғали Ақбаев Iңкәрбектiң сөзiн аса ықыласпен тыңдады. Ол Кәрiпжановқа бұрылып:
– Тоқа, мұндай игi бастаманы қолдамасқа шарам жоқ, ия, солай. Ал жоспардың орындалуына келетiн болсақ, менiң өз басым Жұмағұлов жолдасқа сенемiн. Қайта, Орталық партия Комитетi мен Министрлер Советiнiң қаулысына сәйкес, Iңкәрбектiң совхозы сияқты малды жемшөппен қамтамасыз ете алатын шаруашылықтардың тiзiмiн алып, облыс алдына ұсыныс жасау керек. Жобаны кейiн талқылайық.
Секретарьдың кабинетiнен шыққанда Жақсылықов:
– Бiр де ноль, сенiң пайдаңа шешiлдi, – деп күлдi. – Байқа, ендiгi iстiң бәрi өзiңе байланысты.
Таулы жердiң күнi қызық қой. Мана Жалаңашқа келгенде аспанды бұлт басып, суық жауын құйып тұрған. Қазiр басылыпты. Тек салқын жел бар. Iңкәрбек машинасының жанына келдi. Iшiнде төрт-бес адам отыр. Үңiлiп қарап едi:
– Бұл – мен ғой, – дедi шетте отырған Күлайша қысылып. Күлайша Нұрғалимова – осы өңiрге белгiлi болған, қазiргi пенсионер Жездiнай Байқоңырованың орнын басқан жас талап. Комсомол-жастар фермасында сауыншы болып iстейдi, облыстық Советтiң депутаты. Ол ауданға партияға кандидаттық карточкасын алуға келген екен.
– Құттықтаймын, қалқам, партия қатарында болу – үлкен бақыт, оның сенiмiн ақтайтын бол, – деп Iңкәрбек Күлайшаға шын тiлеу тiлей отырып, осы сөздi өзiне де айтқандай болды. Iңкәрбек машинаға отырғанда, Көпбай:
– Қалай, шаруаңызды бiтiрдiңiз бе? – дедi.
– Бәрi өзiмiзге байланысты, – дедi Iңкәрбек есiктi жауып жатып.
Бұлар совхозға түнде оралды. Таңертеңмен кеңсеге келiп, келiм-кетiм кiсiлердiң шаруасын бiтiргеннен кейiн Iңкәрбек жайлаудағы малды аралауға жүрiп кеттi.
Үйiнiң жанында шаруасын жайлап жүрген Жездiнай Байқоңырова:
– Осы баланың бiр тыным алғанын көрмейсiң, – деп басын шайқады.
IV
Октябрьдiң басында жауған қар айдың екiншi жартысында қалыңдай түстi. Тау-тастың бәрi мүлгiп тұр. Алғашқы аяз беттi қариды. Iңкәрбек совхоз партия ұйымының секретары Әдiлхан Әбдiбаевпен бiрге қоражайларды аралап көрiп жүр. Албардың iшi сықырлаған мал. Бiреулер малға шөп салып, бiреулер суғарып, әрқилы жұмыс атқаруда. Адамдар көңiлдi. Табыс мол. Совхоз биыл мемлекетке ет-сүт тапсырудың жоспарын артығымен орындап шықты. 25 мың 300 центнер сүт, 5400 центнер ет өткiзiлдi. 20 мың центнер астық өткiзуi керек едi, совхоз коллективi Ұлы Октябрь мерекесi құрметiндегi жарысқа қосыла отырып, оны 25 600 центнер етiп өткiздi…
Iңкәрбек кабинетiне кiргенде телефон шылдырап жатыр екен, трубканы көтерiп едi, Жақсылықовтың дауысын естiдi:
– Ертең облысқа жүремiз, онда түнеугүнгi ұсынған жобаны талқылайтын көрiнедi, дайындал, – дедi секретарь.
Алматыға сапар сәттi болды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi секретары Д.А. Қонаев жолдас Iңкәрбектi бiр топ директорлармен бiрге қабылдап, малды қыстан аман алып шығу жөнiнде инициатива көрсеткен озат шаруашылықтар басшыларына ризашылық бiлдiрдi. Мәжiлiстен шыққан кезде Жақсылықов:
– Iңкәрбек, албарыңды аша бер, ойлаған ойың жүзеге асты – дедi. Iңкәрбек күлiмдеп, басын изедi.