Қамқор көңіл Кемел аға

«Араласқан адамдарыңның сенің өміріңе ықпал ететіні заңдылық. Сөйтсе де, бір таңғаларлық жай: кейбір етене жақын араласпаған адамның да сенің өміріңе айтарлықтай ықпал ететіні. Мен үшін жазушы Кемел Тоқаев сондай адам болды. Біз аз араластық, бірақ соның өзі маған үлкен серпін бергені рас», – деп бастады әңгімесін жасы тоқсанға келіп қалған, ардагер-журналист Мамадияр Жақып.

– Алғашқы кездесуіңіз есіңізде шығар?

– Әрине! Алғашқы кездесуіміз менің ҚазҰУ-де оқып жүрген студент кезімде болды. Бұл – 1958 жыл. Мен «Социалистік Қазақстан» газетіне тәжірибеден өтуге келгем. Алдымен Кемел ағаға кірдім. Ол кісі жауапты хатшы. Қаталдау көрінді. Қай өңірдің баласы екенімді, отбасымның жағдайын сұрады. «Артында тіреп тұрған ешнәрсең жоқ сияқты. Ал әке-шешең сенен үлкен үміт күтеді, үмітін ақта», – деді.

Бұл сөзді үлкендердің айта беретін ақылындай қабылдағам.

Тәжірибені мен партия тұрмысы бөлімінде, аяулы азамат Құрманғали Ұябаев ағамыздың басшылығымен өткіздім. Бұл кезде біздің жауапты хатшыға қатысымыз онша бола қойған жоқ. Кемел ағамызды күн сайын көріп жүрсек те, сәлемнен ары аспай, әңгімелесе қоймаймыз. Кейде, «жағдай қалай?» десе, «жақсы» деумен шектелеміз. Жазған азын-аулақ хабар-ошарларымыз, материалдарымыз газетке шығып жатады, соған ризамыз.

Байқаймыз, сол азын-аулақ нәрселерімізге әжептәуір қаламақы қойылады. Мұны бізге жастарға етенелеу жақын жүретін Баймырза Дәуренбеков ағамыз аңғартады. Бәкең жауапты хатшының орынбасары. Қаламақыны сол кісі қояды. Ведомості жауапты хатшыға бекітуге апарғанда Кемел ағамыз бізді студент деген шығар, өз қолымен түзетіп, менің материалдарымның қаламақысын көтеріпті. Әсіресе бір көлемділеу материалымды мақтап та жіберіпті. Бәкең бұл әңгімені менің өзіме ғана емес, басқаларға да айтқан. Бастық мақтады деп, менің мерейімді көтергісі келген шығар. Осындағы екі айдай ішінде танысқан ағаларымыз оны іліп әкетіп, «мұндай нәрсені атап өту керек қой» деген сөзді де айтып жіберді. Мұның өзін дәстүр ретінде қабылдаған мен: «Әрине, жуамыз» дедім.

Иә, қаламақыны алатын күн келді. Қолға әжептәуір ақша тиді. Тіпті мол десе болғандай. Өзіміз ішпегенмен, ішетіндерге қызмет етіп, біраз нәрсені көріп қалған соңғы курс студенттеріміз ғой, осы қолға тигеннің жартысын, үштен бірін емес, тіпті төрттен бірін жұмсағанның өзінде біраз нәрсенің басын қайыруға болғандай. Соны ескеріп, «жууға» қатысатындарды осындағы реті келгенде «жүз грамдатып» жіберетіндермен шектемей, сырадан ауыз тиетіндерді де қатыстырған жөн-ау дедік. Осы екі ай ішінде туыстай бауыр басып, еркелеп кеткен аға машиниска Бибіш апайымыз бен оның қыздарын сырт қалдырмасақ деген де ой келді. Сөйтіп, жұмыс аптасының соңғы күні жұмыс аяғында машбюрода шәй ішетін болдық.

Бәрін Бибіш апаймен келістім. «Сен тым шашылма», – деді апайымыз. «Жарайды, апай», – дедім. «Қыздарға лимонад, барлығына бір шампан. Он жігітке екі бөтелке жетеді. Шоколад, кәмпит, күлшемен шәй ішеміз…» деді Бибіш апай. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырғанымыз – біздің бұл «ұрлығымыз» ашылып қалды. Сірә, «жууға» қатыспағандардың біреуі жеткізген-ау, бір белсенді ағамыз: «Бұл не сұмдық! Бір практикант редакцияда гонорарын жуыпты!» – деп айқайлапты. Бибіш апай араға түсіпті: «Бүлінген дүние жоқ. Мамадияр айналайын осы коллективтің бір баласы болдым деп шәй берді. Шәйін іштік. Енді ол келсе, «баламыз келді» деп құшағымызды жайып қарсы аламыз. Ал анау бүлдіріп алғандардың бізге қатысы жоқ, оларды өздерің тыйып алыңдар», – депті.

Сонымен сөз тыйылған. Бірақ Кемел ағамыз басқаша әңгімелесті. Мені өзі шақырды.

– Сені Бибіш апайың құтқарды, – деді Кемел ағамыз. – Әйтпесе бұл әңгіме ертең университетіңе де жетер еді… Ал ішуді ұйымдастыру да жақсы емес. Немене, ақшаң қалтаңа сыймай бара ма?

Мен үндемей құтылу жолын таңдадым. Қазбалаған жоқ.

– Сен, Мамадияр, мұндай нәрсеге жақын жүрмесейші. Бұл – талайларды құртқан пәле. Мына «жууыңа» қарағанда, қолың ашық сияқты. Менің аңғаруымша, алып қойғыштардың көпшілігінің қолы ашық, – деп ол маған қарап күлімсіреді. Олар сендейлерді іздейді…

– Мен ішпеймін, Кемел аға, – дедім.

– Бұл пәленің маңына жолама, айналайын, – деп ол маған қолын ұсынды.

– Келістік пе?

– Келістік!

– Бұдан кейін де ағамен жолыңыз түйісіп, кездесе алдыңыз ба?

– Кемел ағамен содан кейін шамамен алты-жеті жыл өткенде кезіктім. Университетті бітірген соң мен жолдамамен Семейге барғам. Облыстық газетте, комсомолда жұмыс істеп, ақыры «Социалистік Қазақстанның» сол облыстағы тілшісіне қабылдандым. Содан Алматыға келгенде алдымен Баймырза ағаға хабарласып, реті келсе Кемел ағаға жолыққым келетінін айттым. Онда Кемел аға Жоғарғы Кеңестің «Ведомосын» басқарады, ал Байекең – орынбасары.

Ұмытпапты. Менің қаламақымды қалай «жуғанымды» еске алып, біраз күлдік. «Әлі ішпейсің бе?» – деді. «Ішпеймін», – дедім. «Жарайсың!» – деді. «Ал сен ішетің болсаң, қатты ішіп кететіндей көрінгенсің…»

Содан кейін Кемел ағамен араға тағы да сонша жыл салып барып кездестік қой. Онда мен Семейден Мәскеуге оқуға кетіп (Жоғарғы партия мектебі), оны бітірген соң біржола Алматыға келгем. Өте жылы қарсы алды. Біздің мақсат – жақсы ағаға сәлем беру ғана. Өткенді еске алдық. Күлдік.

– Бізге келмейсің бе? Мына қызметті өзіңе тапсырып кетер едім ғой, – деді сөз арасында.

– Жоқ, аға, мен журналистикадан кетпеймін, – дедім.

– Жөн. Өз ісіңді жақсы көріп істеген жақсы, – деді ағамыз.

Келесі кездесуімізге де сол қызметіміз себепші болды-ау. Сексенінші жылдардың ортасына таман мен «Социалистік Қазақстан» газетінде жауапты хатшы қызметіне тағайындалдым. Бір кезде Кемел ағам атқарған жұмыс. Сонда маған қамқор болып еді ғой деп алдынан өттім. «Дұрыс, Мамадияр, құттықтаймын!» – деп қолымды алып, арқамнан қақты.

Кемел аға жиі жолығатындай, қамқор көңілмен қарайтындай көрінетін де тұратын. Сағынасың қазір.

Әңгімелескен –
Алмасбек МӘУЛЕНОВ,
Жамбыл атындағы қазақ фольклоры
мен әдебиетін ғылыми-зерттеу
орталығының директоры, профессор

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...