Партбюроның мәжiлiсi сәрсенбi күнге тағайындалған едi. Мәжiлiсте қаралатын мәселелердi пысықтап алмақ болып, Қасым совхоздың директоры Алыбаевтың кабинетiне кiрген-дi. Онда Әлайдар Төрениязов отыр екен. Әлайдар – тiк көз, салпы мұрын жас жiгiт, осы совхоздың бас агрономы. Ташкенттегi ауылшаруашылық институтын бiтiрген. Cipә, бұлар егiн жайын сөз етiп отырған көрiнедi. Алыбаев қасынан Қасымға орын ұсынып:
– Отыр, Қасым, – деп, агрономмен сөз тәмам болды дегендей, Қасымның қолындағы бip жапырақ қағазға үңiлдi. – Күн тәртiбiн бұлай нақты алғаның дұрыс болған. Қалай ойлайсың, дегенмен бiздiң бipeyмiз сөйлегенiмiз дұрыс болар?
– Өзiңiздi жазып қояйын! – дедi Қасым.
– Бұл жұрттың директордың байбаламына құлағы үйiр болған шығар. Әйткенмен үндемей қалмаспын. Бiрақ секретардың сөйлегенi ұтымды бола ма деймiн. Қосымша баяндаманы өзiң жасасаң қайтедi?.. – Алыбаев ақыл салды.
Әрине, шаруашылықтың жайын бiлмей тұрып құр ақпармен сөйлеу әрдайым сәттi бола бермейдi. Ферма меңгерушiлерiнiң өздерi терiп берген фактiмен олардың өздерiн сынасаң, әдеп сақтап, үндемей отырғанымен, iштей күлiп отырады. «Сiз бiздiң байқамаған кемшiлiктерiмiздi әдiл көрсетiп бердiңiз. Бiз одан тиiстi қорытынды шығарамыз» деп, дым сезбегендей, қайта қостап қояды. Мұндай сынның, әрине, пайдасы аз, әрi партбюроның беделiн түсiредi. Мiне сондықтан да Қасым жайлауға шыққалы жатқан отарларды тағы бiр рет аралап шығып, ондағы адамдармен жүзбе-жүз сөйлесудi мақұл көрген.
Сыр бойының елi малын жазда Сарысу мен Қызылға шығарады. Жазғы жайлауы сол. Жайлауға шығар алдында есепшiлер мен мамандар малды түгендеп, арық-тұрағын анықтап, буаз малдың санын алып, әбiгерге түседi. Мамандармен бiрге отарды аралап келе жатқан Қасым Сейдахметов жолда Отарбай ақсақалдың қосын көрiп, солай қарай беттедi. Осында осы совхоздың бухгалтерi Абзалбек Ысмайылов бар. Жайлауға жапа-тармағай көшiп бара жатқан ауыл Сырдың суы мол шалғынды жерiне ығыжығы қонған екен. Алдына өрiстi кеңiрек тастап, ашық та оңаша отырған үйлер де бар. Отарбай қосын осылай оқшау тiгiптi. Әйткенмен ауылдың қотаны ызы-шу: жамыраған қозы, жайдақ атқа мiнiп алып қиқулап шапқан балалар – осының бәрi қосылып, кең даланы басына көтередi. Күн батып барады. Қызыл арай өз сәулесiн асыл далаға төгiп, ауыл өңiрiн құлпыртып тұр. Осы кезде екi жолаушы даланың кешкi көрiнiсiн тамашалай отырып, ауылға жақындап та қалды.
Төбенiң басында шапанын желбегей жамылып, жалаңаш кеудесiн жаздың кешкi самалына тосып тұрған Отарбай қарт екi жолаушының келе жатқанын көрiп, қарсы жүрдi. Жақындағанда таныды.
– Ат үстiнен алпамсадай көрiнген алыстан келген бiреу кiм десем, өзiмiздiң балалар екенсiңдер ғой, бұрын қалай байқамағанмын, – деп Отекең Қасымға әзiлдеп жатты. Сөйтсе де, өзiнiң сыйламақ болған ықыласын бiлдiрiп, Қасымның шаужайынан ұстап, үй-iштiң амандығын сұрап, аттан түсiрiп алды. Босаға жақта қалың шалғын үстiне үлкен қара ала киiз төселген екен. Отекең соның үстiнен көрпе жайдырып, жастық әкелдiрдi. Өзi киiздiң шетiне малдасын құрып отырып, әлгi сөздi жас жiгiт көңiлiне ауыр алып қалды деп ойлады ма:
– Ей, шырақ, – деп, екi иығын көтере кең тыныс алды, – жас ұлғайған сайын алдың азайып, артың көбейе бередi екен. Жастардың алдында жасқаншақ бола бастайсың. Қатар-құрбың сирейдi. Мiне, сексеннiң төртеуiне келiппiн. Осы ауылда менiмен тұстас адам, сiрә, жоқ болар. Ендiгi қалған ескiнiң сарқыты мен сияқтымын. Кейде жалғыз отырып елегiзедi екенсiң. Тiлдесуге адам iздейсiң. Сiңiрi шыққан қу кемпiрдi қашанғы қажай берейiн. Iш пысқанда шалдың осылай жасқа да тiлi тиiп кететiнi бар.
– Отеке-ау, о не дегенiңiз. Жасыңызды өзiңiз санап жүрмесеңiз, сiз бiзге әлi жас, қатарлас адамның бiрi секiлдi көрiнесiз. Сiрә, еңбектiң адам жасын салғастырмай, тең сөйлестiретiн қасиетi бар-ау деймiн, – деп, Қасым ақсақалды әңгiмеге икемдей бастады. Оның Отекеңнiң отарына әдейiлеп бұрылғанында бiр мәнiс бар едi.
… Бұдан бiр жыл бұрын екi колхоз қосылып, жаңадан осы «Аманкелдi» совхозы құрылған кезде совхоз басшылығына директоры Алыбаевтан бастап бас зоотехнигi, экономисi, бас агрономы, ең ақыры бухгалтерiне дейiн өңшең жас жiгiттер iрiктеле қалған едi. Қызмет лауазымына қарамай, жасы кiшiнiң үлкеннiң алдынан кесе өтпей сыйлап тұруы, үлкеннiң сөзiн жықпай, бар ықыласымен орындауы әбден қасиеттi дәстүрге айналған бұл елде кiлең жастардың топтала қалғаны алғаш оғаштау көрiнген. Жұртқа ақыл беретiн, ұйытқы болатын партия ұйымының секретары да жас жiгiт болып шықты. «Хатшы етiп кiмдi сайладыңдар, бәрiнен бұрын соны айтшы. Бiздiң сөйлесетiн кiсiмiз сол ғой», – деп ынтыға сұраған қарттар жағы: «Қасым Сейдахметовты сайлапты, ия, Тереңөзен жақтан келген анау қара жiгiт», – деп естiгенде, әжептеуiр дағдарысып қалды. «Бұларда бiлiм болғанымен, тәжiрибе жетiспейдi. Мына қыруар малдың өрiсi, қонысы деген болады. Шаруаның жай-жапсарын бiлмегенге қиын-ау», – деп күңкiлдесiп жүрдi. Шынында, совхозда 40 мыңнан астам қой, 3600 сиыр, 1080 жылқы, 400-ге жуық түйе бар едi.
Алғашында кәдiмгi қаладағы секiлдi ай сайын еңбегiне тиiстi жалақы алып отырса, жұрттың өзi үйiрiлiп еңбекке ұмтылар деп ойлады басшылар. Үй басына есептегенде тоғыз жүздей жұмысшы бар болып шықты. Бұл үлкен күш едi. Қаладан қосымша жұмысшы күшiн тiлемей-ақ, осындағы бар жұмысты өз күштерiмен атқаруға болады деп санаған. Бiрақ төл алу, көктемгi егiс, шөп шабу, егiн жинау науқандары қарбалас келгенде бiрден қиындық туды. Бұл жұмысшы күшi жетiспегендiктен емес, еңбек өнiмдiлiгiнiң аздығынан едi. Белгiленген тапсырма мезгiлiнде орындалмады, адамдардың бiреуi жұмысқа шықса, екiншiсi шықпай қалады. Бытырап жатқан елдi мекендердегi адамдардың басын құраудың өзi қиынға соқты. Әрқилы әкiмшiлiк шаралардың ықпалы жанды бола қоймады. Сонда Алыбаев Қасымға жолығып, сөз бастады:
– Жалаң әкiмшiлiктен алысқа бармайтын көрiнемiз. Бүйтсек, өзiмiзге сенiп тапсырылған шаруашылықты күйретiп алатын түрiмiз бар. Сыр бойындағы шөптiң шабылу қарқыны баяу. Бидайбелде көк құрақ қатайып барады. Қазiр ормасақ – қуаты болмайды. Оның үстiне биылғы төлден тағы бiр отар қосылғалы отыр. Демек, қой саны едәуiр көбейедi. Ал бiздiң шопандардың көбi қарт екен. Жастар жағы аз. Парторгсың ғой, жұрттың тiлiн тауып, осы iстерге жұмылдырып көрсең. Жайлы жағдай жасау, ақысын адал төлеп тұру мiндетiн өзiме алайын.
Сонда Қасымның ең алғаш «жеке сөйлескен» адамының бiрi осы Отекең ақсақал едi. Киiз үйдiң көлеңкесiнде тақыр басын орамалмен таңып алып, қаймақ қатқан күрең шайды жантая жатып сораптап iшiп отыр екен.
– Келгенiң жақсы болған, балам, кеңесiп пiшкен тон келте болмайды деген, – дедi Отекең. – Осы ауылдың қыз-келiншектерiне Сәрсенкүлдiң сөзi өтедi. Ия, Әбдiхалықтың қызы. Бұрын ауылсоветтiң председателi болған адам. Қызмет iстеп қалған кiсi жұмысты көксемейдi дейсiң бе, тапсырсаң неге iстемесiн? Тындырып iстер. Ал оқу бiтiргелi отырған балаларды қойға бар деуге ауыз бармайды. Жұрттың баласы талпынып Алматыға, Мәскеуге барып жатқанда, бұларға қалай қой бақ дерсiң. Әйткенмен, келiп қалған екенсiң, бұйымтайың сол болса, жұртқа айту мiндетiн мойныма алайын, сөзiмдi жерге тастамас.
Осыдан соң ұзамай партияның ашық жиналысы шақырылған. Бұған ұйымдағы коммунистермен бiрге ауылдың үлкен-кiшiсi түгел қатысты. Отекең күнге күйген қоңыр қалпағын қолтығына қысып алып сөйлегенi бар:
– Ау, халайық, хатшы бала дұрыс айтады, еңбек жас талғамайды. Үлкен-кiшi болып жиналып қалған екенбiз, iштегiнi бүкпей, ағынан жарылып сөйлейiк. Мен бүгiн Сәрсенкүлдiң iсiне, жүдә, тәнтi болып отырмын. 24 әйелдi бастап Бидайкөлде құрақ орып жатыр екен. Қадамы құтты болсын. Шаруаға жаны ашыған адам солай iстейдi. Ал бiзде мал жылдан-жылға көбейiп келедi. Шөппен бiрге қора-қопсы керек. Алдымызда қыс бар. Қатал сыншымыз сол. Бiзге Үсеннiң баласы Әлiше еңбек ететiн жас талаптар керек. Бiзде, құдайға шүкiр, адамдар жетедi. Биыл оныншы класты бiтiргелi отырған жұмыр бiлек балалар бар. Он жыл оқыды ғой, совхоз болып жаңа құралып, қол-аяғымызды жинай алмай әбiгер боп жатқанда шаруаға көмек етсiн. Ұлым – Мәжитке де соны айтамын. Шырақтарым, оқу қашпайды, талаптансаңдар кейiн совхоз өз атынан оқуға жiберер.
Отарбай ақсақалдың сөзiн совхоздың озат шопандары мен жұмысшылары – Таңғақ Баймақанов, Ералы Сарыбасов, Ишат Кенбаев, Қалдыбай Мырзанов бәрi бiр кiсідей қостаған. Қарт шопандар мал бағудағы өз тәжiрибелерiн жастарға үйретiп отыруға уәде еткен.
Ал, өткен қыс Қызылорданың көптеген шаруашылықтарын қатты күйзелтiп кеттi. Бiрсыпыра мал шығын болды. Қыстан шығынсыз шыққан совхоздар некен-саяқ. Соның бiрi – осы «Аманкелдi» совозы. Мұның мәнiсiн сұрағанда, Қасым сол жиналысты еске алады:
– Алғашқы ашық партия жиналысы бәрiмiзге үлкен сабақ болды, жұртпен сөйлесудiң кiлтiн тауып бердi. Өткен қыстан шығынсыз шығуымызға сол көптiң бiрлiктi талабы, ынтасы себеп шығар.
Сол жиналыста жұртты үйiрген Отекең – осы кiсi. Құтты таяғын әлi тастаған жоқ. «Жасыңыз келдi, мал соңындағы жүрiс-тұрыс, көшiп-қону ауыр тиер, демалыңыз, деп iлтипат көрсеткендерге, Мәжитiмдi баулиын, жас қой, даланың бәрi малға өрiс емес, тәсiлiн бiлмей қиналып қалар» деген. Қасындағы қос – сол Мәжиттiң үйi. Оның әкеден бөлек өз алдына отары бар. Қарт қазiрде де көңiлдi отыр екен. Кеш мезгiлiнде өрiстеген малдарға көз сүзе отырып Қасымның әлгi сөзiне жауап қатты:
– Оның рас, шырақ, еңбек жас талғамайды. Бәлкiм, бағзы бiреулерге өрiс қуып, жапан далада жалғыз қой бағып жүру аса ауыр бейнет көрiнер. Бiрақ бейнет түбi – зейнет деген емес пе? Алғаш Мәжитiм де көнiге алмай, қыңқылдап жүрдi. Он жетi жас деген ұзақ өмiр емес қой, балалық та жасады. Өз iсiне сенiмсiз қарады. Тек еңбегiнiң жемiсiн көргенде ғана толас тапты. Қазiр, мiне, отарынан шықпайды, дағдыланып кеттi.
– Мәжит өзiңiзден қалыспады. Биыл ол да әр жүз саулықтан жүз алпыс екi қозыдан алды ғой, – дедi Абзалбек. – Үлкеннiң көргенi оқу емес, тоқу ғой. Әйткенмен оқуға не жетсiн. Бұлар айтқаныңды тез ұғып, өздерiнше бiр ұсыныс, жаңалық енгiзiп жүредi. Анау Әлiнi көрмейсiң бе? Уыздай ғана жасөспiрiм бала. Ал iсi бүкiл жұртты таңдандырады. Өзiм көз ашқалы малмен кәсiп етiп келемiн, ал мына өңiрде отырып осынша қозы алды дегендi естiген емеспiн.
Отекеңнiң сөз етiп отырғаны – Қазақ ССР Құрмет алтын кiтабына жазылған әйгiлi шопан Әлi Үсенов. Жиырмадан жаңа асқан жас жiгiт. Өзiн Таңғақ Баймақановтың шәкiртi санайды. Былтыр отарындағы әрбiр жүз саулықтан 176 қозы алса, биыл оның санын 180-ге жеткiздi. Әр қойдан 3 килограмнан астам жүн қырықты.
Отекең кәрi көзiн алысқа қадап отырып:
– Таңғақ мал бабын бiлетiн кәрi құлақ қой, шәкiртiн жақсы баулыды, – дедi.
– Үлкеннен өнеге алғанға не жетсiн, – дедi Қасым.
– Дұрыс айтасың, шырақ, – дедi бiр кезде қария басын изеп, – қай мезгiлде болса да малға күтiм керек. Өзiмiз тәсiлiн алған түлiк қой, бiр тұяқты да шетiнетпеппiз. Бiрақ сендер ауылға келсеңдер, алдымен мал жайын сұрайсыңдар. Мұқтаждарың, тiлектерiң бар ма деген сөз ауыздарыңнан шықпайды. Бұл қалай, осы малды бағатын адам бар емес пе?
– Отеке, мен де осы жайында әңгiмелесейiн деп әдейi бұрылдым.
– Ферманың тiршiлiгi биыл да жаман емес қой, мiнi болса айта жатарсыңдар, түзер. Ал менiң өтiнiшiм сәл бөлектеу: келген жұрт мәдениетi төмен деп санап кетедi, сән-салтанатты кiм жек көредi дейсiң. Қатарымызға онын-шы класты бiтiрген жастар қосылды. Оларға кiлем, тұскиiз, көшiп-қонуға ыңғайлы орындық-стол деген керек. Сельпоның бастығы Қонысов келгенде бәрiмiз жиналып тiлек етiп едiк. Антұрған ет жегенше уәдесiн берiп едi, ұмытып кеттi бiлем, жоламай қойды. Алысқа көшiп барамыз, көрсең ,бiздiң осы тiлегiмiздi жеткiзе бар.
Қасым қарияның сөздерiн қойын дәптерiне жазып отырды. Ертеңiне ол бұл үйден ерте аттанды. Иегiн көтерiп, селдiр сақалы шошайып тұрған Отекең қасындағы Мәжитке:
– Хатшымыз жас болғанымен, өз iсiне мығым бала-ау, – деп қалды.
Бұл өңiрдiң жерi тырбиған сексеуiл басқан құмды келедi. Сол құмның ортасында бiр-бiрiнен алшақ жатқан, аумағы 15-20 гектар, кейде 70-80 гектар жазық ұшырасады. Егiндi осы жерлерге тырнақтап салады. Бидайдың бiр бөлiгi «Аманкелдi» участогында болса, қалғаны Қырықпайдақ пен Бидайкөлдiң осындай жарамды жерiне ғана егiлген. Жүгерi мен күрiштi де құм ортасындағы осындай ойдымойдым жерлерге салған. Белес-белес құмның ортасынан қаулап шығып келе жатқан егiндi көргенде, қаншама еңбек жұмсалғанын айтпай-ақ ұғасың. Егiстiк жерге су жеткiзудiң өзi тауқыметi көп жұмыс. Шалбарының балағын түрiп тастап, көйлекшең, тоғанды кесiп, шлюз жасап жатқан еңгезердей шомбал қара жiгiт маңдайынан сорғалап аққан терiн алақанымен сыпырып тастап:
– Жол болсын, – деп қасына келген Қасымдардың қолын алды. Биыл жазда жалғыз өзi екi шлюздi қатарынан салған Ишат Кенбаев деген жiгiтiң осы. Өзi коммунист. Жұмыстың барысын сұраған Қасымға:
– Кiсiнiң кемiстiгiн сөзбен түзеуге болатын шығар, ал мына шлюздiң кемiстiгiн сөзбен емес, iспен түземесең болмайды, – деп ақсия күледi. Замандас болған соң ба, Қасымды сөзбен қағытып жатыр:
– Мiн айтсақ, iстегi олқылықты түзеу емес пе? Әркiм өз мұңын шағар дегендей, бiзде кейде құрылыс материалдары болмай, қарап қаламыз. Өздерiн қысып қойшы бәлемнiң. Бiз айтсақ жүре тыңдайды, сенiң сөзiң әсер етер.
Қасым бұдан соң егiн басын аралап, жолда «Аманкелдi» участогына да соқты. Көп адамдармен әңгiмелестi. Олардың сын-ескерпелерi мен тiрлiктерiн жазып отырды. Совхоз орталығына күн бата оралды. Күндiзгi қапырық ыстықтың табы кетпеген. Ауыл үстi шаңдатып тұр. Әйткенмен селоның көрiнiсi бөлек: былтыр салынған жаңа үйлер селоның сәнiн келтiруде. Бiр топ адам жаңадан салынып жатқан үйлердiң маңында жүр. Қасымға қарсы жолыққан Алыбаев:
– Қалай, аралап қайттың ба? Менi Москваға барасың деп, облыс шақыртып жатыр. Өзiң дайын болсаң, мәжiлiстi өткiзiп жiберелiк. Ферма бастықтары да келiп болды. Жұрттың пiкiрiн тыңдап кеткенiм жөн болар, – дедi.
– Жақсы, – дедi Қасым. – Мен үйге кiрiп, жуынып-шайынып шығайын. Адамдар жинала берсiн. Мен қазiр келем.
Қасым үйiне келiп асыға киiнiп жатқанда, күйеуiн екiүш күн көрмеген жас келiншек Тәжiгүл:
– Бiр-екi шыны шай iшсең қайтедi, оларың бүгiн бiтпес, – деп күңкiлдеп қалды.
– Кейiнiрек iшермiз. – Қасым аяғына оралған сары қызын құшақтап бiр сүйдi де, тысқа асыға шықты.
Ел қалың ұйқыға кеткенде де кеңсенiң шамы жанып тұрды. Iштен қол сермеген, кейде ұшып тұрып, қайта отырған адамдардың көлеңкесi көрiнедi.
Мәжiлiс жүрiп жатты.