ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫН ЖАҢҒЫРТУ – ИГІ ІС

Баршамызға белгілі, өткен 2023 жылы еліміздің әйгілі жазушысы, қазақ детективінің негізін салушы Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуын атап өт­ті. Кемел Тоқаев атындағы Қор детектив жанрында жазылған ең үздік көркем шығарма конкурсын өткізіп, бірінші орынға 10 миллион теңге жүлде тағайындады. Сол кез­де көптеген жазушылар, соның ішінде, Жазушылар Одағының басшылығы аталмыш жанрдың жай-күйіне назар аударып, қызығушылық таныт­ты. Сөйтіп, Қазақ­станда детектив сияқты көркем әдебиет жанры әлсіз дамығаны анықталды. 

Сонымен бір мезгілде, әлеумет­тану, құқықтану, криминалистика салаларындағы соңғы зерт­теулер детективті жанрдың қоғамдық өмірдің осы салаларына оң ықпалын тигізетінін, азамат­тардың құқықтық тәрбиесін қалыптастырып, құқықтық білімдерінің аясын кеңейтетінін көрсетеді.
РФ ІІМ аналитикалық бөлімшелері жасаған тұжырымға сай, орталық телевизия арналарынан «Бандитский Петербург», «Бригада», «Ликвидация» сияқты криминалдық тақырыптағы кеңінен белгілі фильмдер көрсетілген кезеңдерде қылмыстық жағдай көріністері жалпы азая түскен. Әрине, дәл сол фильмдер психологиялық тұрғыдан толық қалыптаспаған жасөспірімдерді әлдебір заңға қайшы, құқық бұзу әрекет­терін жасауға итермелеу факторына айналған жағдайлар да орын алған. Дегенмен, ондай жағдайлар некен-саяқ, әрі оларды қоғамға ықпал ететін негізгі факторлармен еш салыстыруға келмейді. Психологтардың айтуынша, ұрыс-төбелес, қанды оқиғалар, дау-жанжал, әр түрлі қылмыс көріністері бар, бірақ ақыр соңында заңдылық, әділдік, адамгершілік үстемдік алып, жақсылық жеңетін бұндай фильмдердің игі әсері сол – олар жеке басындағы, сондай-ақ, жалпы қоғамдағы қандай да бір келеңсіздіктерден шаршаған қатардағы, әдепкі азамат­тың бойын буған жағымсыз сезімдерін сейілтіп, психикасындағы ширығысты тарқатуға септеседі.
Осы айтылғанға қарай, үстіміздегі жылдың басында Қазақ­стан Республикасы Жазушылар одағының жанынан Детективті жанр бойынша кеңес құрылып, оған 10 адам мүше болды. Кеңес Төрағасы болып ЖО мүшесі Темірболат Ахметов, Орынбасары ЖО мүшесі Садықова Айнагүл сайланды.
Аталмыш Кеңес алдына мынандай міндет­тер қойылды:
— детектив жанрын дамыту және насихат­тау;
— осы жанрда жазатын жас және жаңа жаза бастаған авторларға ақыл-кеңес түрінде көмек беру;
— қолжазбаларды, жарияланған шығармаларды, киносценарийлерді рецензиялау;
— кітаптар басып шығаруға, туындыларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға, шығармашылық ой, идеяларды іске асыруға септесу;
— осы жанрда жазылған шығармалар авторын іріктеп, түрлі сыйлықтарға, марапат­тарға, атақтарға, сондай-ақ, ҚЖО-на мүшелікке ұсыну;
— құқық қорғау органдарымен, әлеует­ті құрылымдармен, Кемел Тоқаев атындағы қормен шығармашылық ынтымақтастық құру.
Детектив жанрының бастауында тұрған Кемел Тоқаев, Дмитрий Снегин, Қалмұқан Исабаев, Амантай Байтанаев сынды қарымды қаламгерлер десек, одан ке­йін де бұл саланың дамуына атсалысқандар қатары көбейе түсті. Мысалы, 2023 жылғы қазан айында «Егемен Қазақ­стан» газетінде Жүсіпбек Қорғасбектің жазушылар Заманбек Әбдешов пен Асқар Алтаймен жүргізген сұхбатында аталмыш жанрда қалам тартқан жазушылар ретінде тағы Ғабиден Құлахмет, Қабден Сауыркенов, Талаптан Ахметжан, Әлібек Файзуллаев, Зияш Телеуова, Александра Марининаның есімдері аталған еді.
Сол көшті тоқтатпай, жалғастырған һәм жалғастырып келе жатқан қаламгерлер әлі де баршылық.
Солардың қатарында Болат Бодаубай, Шәкен Күмісбайұлы, Темірболат Ахметов, Қалаубай Бағдат Ерболғанұлы, Асхат Өмірбаев, Өріс Яшкүрқызы, Абай Аймағамбетов, Самал Зікірия, Алдажар Әбілов, Әмірбек Шаймағамбетов, Тұрақ Адисұлы, Шойбек Орынбай, Момбек Әбдіәкімұлы, Қойшығара Салғараұлы, Есбол Нұрахмет, Жадыра Шамұратова, Нұрлыбек Саматұлы, Лазарева Людмила, Әнуар Қошқарбаев, Варвара Головкина, Ирина Уральская (Димитренко), Сая Исса (Исабай), Дихан Баймұхамбетов, Мұхтар Анарбекұлы, Алпысбай Хонж, Бекболат Сарбасов, Екатерина Паевская, Ернұр Әзімбаев, Айдарбек Байділдә, Марина Нұрымжанова, Дастан Жұмағалиев, Әзиза Асқарова, Айнұр Сембаева, Хадиша Абдрахманова, Қаныбек Әбдуов, Нұрбол Әлдібаев, Дидар Қосылбеков, Айгүл Кемелбаева, Тұрақ Ахетов, Бақыт Жалиева, Нұрлан Шынтаев, Алдажар Әбілов, Асхат Өмірбаев, Мұхадас Балажанов, Алдажар Әбілов, Орынбек Асылбаев, тағы басқалар бар. Әрине, бұл аталғандардың арасында айтылған жанрға шын беріліп, елеулі еңбек сіңіргендер де, бірлі-жарым шығармаларымен көрінгендер де бар.
2023-2024 жылдары кітап, жинақ болып басылған, газет-журнал бет­терінде жарық көрген я өндірісте жатқан шығармалар турасында жиналған азды-көпті мәлімет төмендегідей.
ЖО мүшесі, жазушы Қалаубай Бағдат Ерболғанұлының Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан шыққан 208 бет­тік жинағына «Қиямет-қайым тағдырлар» ат­ты детектив-триптихі мен «Куәсі жоқ қылмыс» ат­ты әңгімесі енген.
Петропавл қаласында тұратын әріптесіміз әдебиет зерт­теуші, публицист, жазушы, журналист Жарасбай Қабдоллаұлы басқа жанрлармен қатар, детектив жанрында да жемісті шығармашылықпен айналысқан. Мысалы, ол кісінің «Көмескі із» деп аталатын кітабы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шытырман оқиғалары туралы баяндайды. Бұл орайда, жазушының «Көмескі із», «Кәсіпкердің өлімі», «Көгілдір мазда», «Мезгілсіз атылған мылтық», «Ала биенің әлегі», «Қақпан», «Бір қап ақша», «Ережесіз шайқас» сияқты қалың жұртшылық сүйіп оқитын шығармалар авторы биыл жетпіске толады. Соған орай баспаға дайындалып жатқан шығармалардың бес томдығының бір томы толық детектив жанрында жазылған шығармаларына арналған.
Детектив жанрында жазылған «Банкирдің өлімі», «Махаббат­тың ажалы», балалар мен жасөспірімдерге арналған «АБКА тобы ашқан қылмыс», «Құлаған үйдің құпиясы» ат­ты шығармаларымен бұрыннан танылған ақтөбелік жазушы Зияш Телеуованың «Көл жағалауындағы көмбе» ат­ты балаларға арналған 192 бет­тік хикаяты «Балалар әдебиеті» баспасынан шықты.
Журналист, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Тоғысқан тағдырлар» ат­ты повестер мен әңгімелер жинағы «Мазмұндама» баспасынан шықты.
Жазушы Темірболат Ахметовтың «Барыс детективті агент­тігі» циклынан «Шахиняның жұмбағы» «Жұлдыз» әдеби журналында, «Старушки-веселушки» әңгімесі «Простор» әдеби-көркем журналында, «Смертельная опека» әңгімесі «Литературная Алма-Ата» әдеби-көркем альманахында, «Месть цыганки» әңгімесі «Fant_O’Clock» қазақ­стандық ғылыми фантастика мен шытырман оқиғалар альманахында жарық көрді.
Жас жазушы Абай Аймағамбетовтың «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» ат­ты романы «Мазмұндама» баспасынан шықты.
Жазушы Есбол Нұрахмет­тің «Аңғардан табылған мүрде» ат­ты кітабы «Фолиант» баспасынан жарық көрді (2024).
Жазушы Жадыра Шамұратованың «Фолиант» баспасынан шыққан «Сандық» ат­ты жинағына әңгімелері мен новеллалары, хикаяты енген.
Жазушы Варвара Головкинаның «Случай в деревне» ат­ты повесі 2023 жылы «Метаморфозы» журналында жарияланып, арнайы дипломға ие болды. Баса айта кетері, бұл повесть жалғасын тауып, қазір соның желісімен түсірілетін фильм сценарийі жазылып жатыр.
«Юридическая газетаның» биылғы наурыз айында жазушы Жалмұхамбет Әсетұлының «Моя ласковая и нежная сестра» және «Кошмары ночной улицы» ат­ты екі әңгімесі жарияланды.
Сонымен бірге, қоғамдық маңызы зор детектив жанрын дамыту мақсатында түрлі байқаулар да ұйымдастырылады. Солардың бірі ҚР ІІМ «СЕРТ» ат­ты республикалық детективті туындылар байқауы 2018 жылы басталғаны белгілі. Осы байқауда қаламгерлер Сая Исса (Исабай), Дихан Баймұхамбетов «Строгий режим», Анарбек Мұхтар «Шымкент­тегі шырғалаң», Алпысбай Хонж «Екеудің көлеңкесі», Бекболат Сарбасов «Мажоры», Екатерина Паевская «Адьюторы», Жадыра Шамұратова «Болмаған той», Ернұр Әзімбаев «Чикаго» шығармаларымен жүлдегер атанды.
«Кемел Тоқаев» қайырымдылық қорының бастамасымен жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған «Кемел қаламгер» ат­ты республикалық шығармашылық байқауының өткенінен де хабардармыз. Байқаудың «Проза» аталымы бойынша «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» романымен Абай Аймағамбет бас жүлде, «Шекер мен Заһар» хикаятымен Самал Шаймерденова I-орын, «Кешігіп ашылған қылмыстар» деректі повесімен Нұрлыбек Саматұлы II-орын, «Жұмадағы жұмбақ өлім» әңгімесімен Заря Жұманова «Проза» аталымының ІІІ-орын иегері атанды. Сондай-ақ, осы байқаудың «детектив эссе» аталымында Бақытжан Қанапиянов «Где-то там, за Иртышом» эссе-повесі І-орынды иеленді.
Сол сияқты, бұл істі алға жылжытуға бұқаралық ақпарат құралдарының да қосқан үлесі айтарлықтай.
Мәселен, 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы-журналист Рахметәлі Асылбектің «Қазақ детективі қай деңгейде?» деген мақаласы, 2012 жылы «Абай» порталында әдебиет сыншысы Әмірхан Балқыбектің «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?» мақаласы, 2016 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде Әйгерім Абдырайымның «Қазақ детективінің дегбірі қашып тұр ма?» мақаласы, 2018 жылы «Массагет» сайтында Ж.Жұмағұловтың «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?» мақаласы, 2018 жылы «Әдебиет порталында» Бауыржан Берікұлының «Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?» ат­ты мақаласында детектив жанрының дамуы, насихат­талуы, т.б. мәселелері көтерілді.
Одан бөлек, жекелеген тұлғалардың да еселі еңбегін атап өткен ләзім. Олар – полиция саласына қарасты ұйымдарда, мекемелерде, құқық қорғау органдарында, әлеует­ті құрылымдарда, ҰҚК-де, басқа да орындарда түрлі дәрежелі қызмет­терді атқарған және атқарып жатқан абыройлы азамат­тар. Олардың есімдерін тізіп айтуға мүмкіндік жоқ. Дегенмен үлгі болсын деген ниетпен солардың бірі жөнінде қысқаша айтып өткіміз келеді.
Қызылорда қаласындағы полиция саласында көптеген жылдар жауапты қызмет­терді атқарған, полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов – қазақ әдебиетіндегі (жиырма бірінші жылғы жүлдегері) детектив жанрының өркендеуіне үлес қосып жүрген азамат­тардың бірі. «Заң» газеті жылма-жыл ұйымдастыратын детектив жанрындағы шығармалар байқауының 2021-жылғы жүлдегері болған Әмірбек Бердібекұлы 2022-жылы осы байқауға Қызылорда облысының әкімдігі демеушілік қылып, марапат­тау шарасын жасауына ықпал ет­ті. 2023 жылы Талдықорған қаласында өткен байқаудың марапат­тау шарасында «Детектив жанрындағы полицияның ролі» деген тақырыпта баяндама жасады.
Осындай азамат­тардың арасында көрген-білгенін өздері де детектив жанрындағы қызықты туындыларға айналдырып, я болмаса, жазушы, журналист қаламгерлерге материал ретінде ұсынып жүргені және алдағы уақыт­та ұсына алатыны қаншама?! Сондай игі іске септігін тигізер аға-апаларымызды жазушылармен, жоғарыда айтылған жаңа құрылған Детектив жанры бойынша кеңеспен ынтымақтастыққа шақырамыз.
Құрмет­ті қаламгерлер, қоғам жанашырларын қазақ әдебиетінің мәртебелі жанрларының қатарындағы детектив жанрының өркендеп, өріс алуына, сан жағынан да, сапа жағынан да өсуіне атсалысуға баршаңызды шақырамыз!

Айнагүл ІЛИЯСҚЫЗЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...