Бiз Киевтен шыққалы берi Алексей Васильевич Крячек пен Қасым Қайсенов машинаны кезек-кезек жүргiзiп келе жатқан. Переяслав қаласына жақындағаннан кейiн рульге Крячек өзi отырды.
– Алыстан келген қонақсың, бiреу-мiреу тоқтатып, кiдiңдеп жүрсе, ұят болар, – дедi Крячек моторды қайтадан от алдырып жатып.
– Ей, Қасымды тоқтататын кiм? Соны айтшы маған?
– Қасымды қайдам, ал Васяны (Қасымның бүркеншек аты ғой) ешкiм тоқтатпайды. Оны жұрттың бәрi бiледi.
– Әй, Алеша-ай, қусың-ау, әйтеуiр бiрдеменi таба қоясың! – деп, әлдебiр нәрсе есiне түскендей Қасым қарқылдап күлдi. Бұл екеуiнiң арасындағы әзiл әңгiме соғыс жайындағы ауыр ойды сейiлткендей болды. Әйткенмен Иринаның, Яковецтiң, Проценконың, Розовиктiң, тағы басқа көп адамдардың басынан кешкен оқиғалары көз алдымнан кетпейдi. Крячек өзiнiң соғыс жайындағы әңгiмесiн жалғастыра ма деген үмiтпен:
– Алексей Васильевич, Проценко мен Розовик туралы әңгiменi үзiп тастадыңыз ғой, олар тiрi ме? Беляевтар құтыла алды ма? Зоя туралы да айтпадыңыз, – дедiм.
– Олардың бәрi қаза тапты! – дедi Крячек бiраздан кейiн жауап қатып. – Содан берi, мiне жиырма жыл өтiптi. Бұл – есейген азаматтың жасы ғой. Бiрақ сол бiр қан кешкен ауыр күндер ұмытылар емес, бәрi кеше ғана болған сияқты. Бәрiнен де Проценконың өлiмi көз алдымнан кетпейдi…
Алтын күн арайланып, күлгiн-қызыл, сары ала шапағын төгiп, көтерiлiп келе жатқан. Хоцк орманындамыз. Жаумен арадағы атыс әлi басылған жоқ. Жаудың бетiн бiр қайтарып тастап, партизандар орманға қайта бекiнген. Бұл кезде Проценко 2-шi отрядтың командирi болатын. Оның отряды сол ұрыста 70-тен астам фашист солдаттары мен офицерлерiн жойды. Соңғы минутта өзi оққа ұшып, ауыр жараланды. Оң өкпесiн жұлып, қабырғасын зақымдап кеткен екен. Ол басын кеудеме қойып:
– Алеша, мына күннiң тамашасын қарашы… Өзiнiң сәулесi қалай мол. Орман iшi де бiртүрлi әдемi… Жапырақтың, шөптiң иісi шығады. Егiн бастыратын да мезгiл боп қапты. Қызыл Армия келгенше бiз егiндi жинап та үлгеремiз, солай емес пе? Неге бұлай жаман көзбен қарайсың? Өзiң қалың жаудың ортасынан алып шығып, бiр өлiмнен құтқарып едiң ғой. Ажал қыр соңымнан қалмай, мiне тағы алдыңа айдап әкелдi… Құтқар, Алеша, ең болмаса жеңiс күнiн, салют берiлген күндi көрейiн, жүрегiм соған дейiн соқсыншы… Артық ғұмыр тiлемейiн… Түу, ауа шiркiн қандай ауыр едi, кеудемдi жаншып барады, – дедi де, сылқ ете түстi. Әлден соң көзiн тағы да ашты.
– Алеша, мен өлетiн шығармын… – Ол ақырын күбiрледi. Күлген кiсi секiлдi езуi бiр жағына қисайып, үзiлiп бара жатты…
Медицина – өлiм алдында мүсәпiр ғой, ажал келсе, арашалап қала алмайды. Розовик те менiң көз алдымда өлдi. Днепр түбiндегi ұрыс кезiнде партизандар тiкенек сым құрылған тосқауылдан өте алмай, бөгелiп қалды. Тордың асты қат-қат мина. Кирилл Розовик денесiмен минаны соққанда, темiр тордың талқаны шығып, жол ашылды. Сөйтiп ол жанын құрбан етiп, жеңiске жол салды.
Зоя мен Беляев, Романовтардың тағдыры бұлардан оқшауырақ болды. Олар гестапоның iргесiнде азапты өлiммен өлдi. Бiз сүйектерiн әрең жинап алдық. Қазiр алдымыздан алаң кездеседi. Олардың сүйектерiн сондағы «Бауырластар моласына» апарып қойдық. Бұл жеңiс көп құрбандықпен келдi ғой. Соғыстағы шығынды былай қойғанда, жүздеген семьялар үрiм-бұтағымен бiржола жойылып кеттi. Соның бiрi – Розовиктiң семьясы. Төрт жасар қарындасы қалып едi. Гестапошылар тiмiскiлеп жүрiп, оны да тауып алды. Жас баланы жалаңаяқ, жалаңбас сүйрелеп алып бара жатқанда:
– Ағатай, ұрмашы, мен сендерге тақпақ айтып берейiн, өлең айтып берейiн! – деп шырылдап, жалынады ол. Естiген жұрт еңiреп, сай-сүйегi сырқырайды. Шет жақта бiр кемпiр тұр екен, байғұс ананың дәтi шыдамаса керек, топты жарып шығып:
– Ей, қара бет жауыздар, жас балада не жұмыстарың бар, ол не жасады сендерге, не жазығы бар едi!? – дейдi де, сәбидiң жылағанына мәз-мейрам боп бара жатқан жандармның қолынан қызды жұлып алады. – Тимеңдер, бермеймiн баламды, аулақ жүр! – деп, баурына қысады. Бейшара ананың бар қарекетi сол болады. Ана мен баланың оқ тескен кеудесiнен қан жоси жөнеледi…
– Осы күнгi жастар бақытты ғой, – дедi Крячек шағын қалаға бет алған түп-түзу жолдан көз алмай. – Осы бақытқа көп қан төгiспен, құрбандықпен жеткенiмiздi бiлсе екен деймiн, өз дәуренiн қастерлесе екен деймiн… Кейде бiздiң арамызда қызық адамдар бар, соларға таң қаласың. «Баяғы өткен соғысты айтасың ба, соны қозғап қайтесiңдер, ол ескi тақырып, бүгiнгi күндi сөз етiңдер!» – деп байбалам салады. Мұны тiрiлер түгiл, өлi аруақ кешiрмейдi! Бiрақ қайтесiң, солай боп жатады… Мысалы, Яковецке кешегi соғыс көне тақырып па екен?.. Өзi осы қалада тұрады, сөйлесiп көрiңiз, ол не дер екен?!
«Яковец тiрi екен ғой» – деген қуаныш бойды биледi. Крячек менiң осы ойымды сездi де, сөзiн жалғады:
– Уақыт зымырап өтiп барады, соғыстан тiрi қалғанмен, оның зардабы қоятын емес, қатарымыз сирей бастады. Баяғыда Днепрден өткен кезде Қайсеновтiң отрядының өзiнде осы өңiрден жүз қаралы кiсi бар едi. Содан аз-ақ адам қалдық-ау…
Түс ауа Переяслав-Хмельницкийге келдiк. Қала шағын, жинақы екен. Үлкен алаңның ортасына орыс халқы мен украин халқының мәңгi достығын бейнелеген ескерткiшмүсiн орнатылыпты. Аудандық партия комитетi осы достық алаңның қарсысындағы үйге орналасқан екен. Аудандық партия комитетiнен шығып келе жатқанымызда, Қасым ақ китель киген бiреудi нұсқап:
– Алеша, анау Яковец емес пе? – дедi де, – Дмитрий Никитич! – деп айқай салды. Яковец те бұларды шырамытты бiлем, екi етегi далақтап, құшағын жайып жүгiрiп келедi.
– Бауырларым-ау, қайдан жүрсiңдер? Қашан келiп жеттiңдер? – деп, құшақтап, сүйiсiп, жөн сұрап жатыр.
– Келгенiмiз қазiр, аупарткомға кiрiп шыққанымыз осы. Қалай, үй-iштерiң аман ба? – деп Қасым да күй-жайларын сұрап жатыр. – Әлгiнде Костямен сөйлестiм, ия, Константин Спижевоймен. Олар Днепрдiң жағасында, баяғыда өзiмiз жалау қадаған қайың бар ғой, сол жерде күтетiн болды. Қалаға қайтар жолда соғып, аралармыз, – дедi…
Батып бара жатқан күннiң сарғыш мұнар сәулесi төңiректi түрлендiрiп, қалың қабақ астында ағып жатқан Днепрге қиықшалай түседi. Өзен суы тұп-тұнық, бетi бұйраланып, жол-жол боп жатыр, ағысы қатты секiлдi. Қайықтарды еркiне қоймай бұлтаңдата бұрып алып жөнеледi. Бiр топ адам жағада, шоң талдың түбiнде күтiп тұр. Айқайлап қолдарын бұлғайды.
– Демек, анау тұрған бiздiң партизандар! – дедi Қасым.
Бұл жердiң адамдары да, селосы да ежелден маған таныс секiлдi, көкiрегiме жатталып қалған. Соғыс жылдарында өзiм де осы маңда болған едiм. Днепрден өтер кезде тұрақты әскерлерге партизандардың зор көмек көрсеткенi мәлiм. Соның бiрi – Чапаев атындағы партизан құрамасы. Бұл құрама жөнiнде «1939 – 1945 жылдардағы Екiншi дүниежүзiлiк соғыс» деген әскери-тарихи очеркте былай деп жазылған:
«… Бұл маңнан соғыспен өзеннен өткен кезде (Букрин маңын айтып отыр. – К.Т.) бiздiң бөлiмшелерге Чапаев атындағы партизандар құрамасы зор көмек көрсеттi. Партизандар Григоровка селосының тұсында алдыңғы бөлiмшелердi кездестiрiп, оларға бiрнеше балықшы қайықтарын бердi, Днепрдiң оң жақ бетiндегi жаудың атыс ұяларының орналасқан жерлерiн көрсеттi, алдыңғы бөлiмшелердi өткелден өтетiн жерге әкелдi, жол көрсетiп жүретiн арнаулы адамдар бөлдi…»
Маған Днепр өзенiнен бiрiншi боп өткен гвардияшы комсомолецтер Сысолятин, Иванов, Петухов және Семеновтардың есiмдерi бұрыннан белгiлi болатын. Ержүрек жауынгерлерге ССР Одағы Жоғарғы Советi Президиумының Указы бойынша Совет Одағының Батыры атағы берiлген едi. Олар бораған қалың оқтан тайсалмай, бүкiл дұшпанның назарын өздерiне аударып, әскери бөлiмшелердiң өзеннен өтуiне, оң жақ беттегi плацдармды басып алуына мүмкiндiк бердi. Бұл батыр жауынгерлердiң қатарында бiр топ партизандар болды. Әскери тiлшiлердiң очерктерiнде, командирлердiң естелiктерiнде және жоғарыда бiз атап өткен әскери-тарихи очеркте Днепр өзенiнен өткен кезде әлгi батыр жауынгерлермен қатар, партизандар да аянбай соғысты делiнедi де, бiрақ олардың кiм екенi айтылмайды. Шынында олар болды ма, болса кiмдер? Қайда тұрады? Олардан тiрi қалған адамдар бар ма? Ең болмаса солардың бiреуiн жолықтырсам деп ойлайтынмын. Менiң ендi Молдавияға бара жатқан топтан қалып, Киевтен шалғай Григоровка селосына қарай баруыма себеп болған жайлардың бiрi осы едi. Ертеңiне, Днепр өзенiне тақау бұрынғы партизан қостарының бiрiнде бiр топ партизандармен әңгiме-дүкен құрдық. Қазанда жас балықтың сорпасы қайнап жатыр. Балық сорпасын пiсiруге өзiмiзге аты таныс Сергей Минович Шпиталь шебер екен. Оған шаруақор Михаил Антонович Гром көмектесiп жүр. Тоғай iшi қоңыр салқын, өзен жақтан жанға жайлы дымқыл леп келедi.
Партизандар соғыс кезiнде бастан кешкен жайларды қозғап отыр: бiреуiне қамығады, екiншi iстерiне күледi. Бәрiнен бұрын Константин Иванович Спижевой сақалынан айрылғанға әлi күнге дейiн өкiнедi екен.
– Ең болмаса сол сақалмен ескерткiш ретiнде суретке де түсе алмай қалдым, – дейдi ол. Константин Спижевой Қайсенов сияқты отряд командирi болған. Отряд бiр жолы фашистердiң жазалаушы отрядына бетпе-бет кездесiп қалып, соғыспен кейiн шегiнедi. Фрицтер соңынан қалмайды, отряд бiрнеше күн дегенде қуғыннан әрең құтылады, Қайсеновтiң отряды көмекке келiп, солар құтқарады. Ұйқы көрмей әбден шаршап, қалжыраған адамдар еркiндiкке шыққан соң қалың ұйқыға кетедi. Спижевой да бiреудiң жотасына басын сала қылжияды. Мұны көрген Қайсенов:
– Фрицтерден тырақайлап қашып жүрiп, мұның сақал қойған несiн алған деймiн. Бүйткен сапсиған сақалыңды ұрайын! – деп, қайшыны алып, екi жақ ұртына салбыраған бiрдеменi қояды да, қалғанын мұртымен күзеп тастайды. Сол кезде шұғыл жұмыспен құрама командирi Тканко шақырады. Қаба сақал орнына екi жақ езуiнде кiсi күлерлiк салбыраған бiр шөкiм қыл қалған қарауындағы командирiнiң түс-реңiн көргенде Тканко таң тамаша болады, әрi ашу қысады.
– Сiз командирсiз, өзiңiздi бұлай ұстауға бола ма екен? – деп ренжидi. Командир немiстердiң тықсырғанына төтеп бере алмағанға ренжiп отырған шығар, – деп, Спижевой кiнәлi кiсiдей үндемейдi.
– Өзiңнiң есiң дұрыс па, неге үндемейсiң? Айнаға қарашы, мына түрiңнен кiсi түгiл, шайтан шошыр, – деп, Тканко адъютантын шақырып, айна алдырады. Спижевой өз түрiнен өзi шошып кетедi.
– Ей, мынаны жасаған кiм? Кiм жасағанын бiлем. Ол ақымақтың менi масқаралағаны несi, мен оған көресiнi көрсетейiн! – деп, наганын суырып ала жөнеледi.
– Сақал – ерлiктiң белгiсi, сен батыр болғанша ол да өсер, өкiнбе! – деп, құрама командирi Тканко екеуiн татуластырады.
– Содан кейiн сақал қоймайтын болдым! – деп, Константин Спижевой басын шайқайды. – Днепрден немiстер кеткен күнi өсiре бастайын деп қырмай, қоя берiп едiм. Бұрынғыдай қоюланып қаулап өспедi. Сосын қойдым.
Бiр шетте Алексей Васильевич Крячектi ортаға алып, өзiмiзге есiмдерi таныс Сергей Минович Шпиталь, Дмитрий Никитич Яковец, Григорий Спижевой, Михаил Антонович Гром әңгiмелесiп отырған. Сөздерiне құлақ түрсем, Днепрден өткен кездi сөз қылып отыр екен.
– Вася, – дедi Крячек Қайсеновке шөп басқан шұқырды нұсқап. – Николайды бiз осы тұста кездестiрген жоқ па едiк. Ия, Николай Петуховты айтам. Сол күнi күн жауын ба едi, әйтеуiр мына шалшық бөгеттiң суы сонда молдау көрiнген. Менiң оң жағымды ала Гриша Спижевой жатқан. Байқаймыз, алдымызда жетi-сегiз немiс жатыр. Шамасы, Днепрге шабуыл жасап, асығып, екпiндеп келе жатқан бiздiң алдыңғы әскерлерге бөгет жасауға қалдырып кеткен гитлершiлдердiң бөлiмшесi тәрiздi. Днепрге басқалардан бұрын жетемiн дедi ме екен, бiреу топтан бөлiне бiз жатқан жаққа қарай жүгiрдi. Терең шұқырға жата қалып, бiр сәттен соң қайта көтерiлгенде, дәл қарсы алдынан автомат оғы борап кеттi. Солдат Днепрге жетуге ұмтылады, әлгi фашистер оқпен төпеп, оның жолын бөгейдi. Оқшау қалған дара солдатты қоршап, қолға түсiру ойы бар сияқты. Фашистер жақындай бергенде, Петухов автомат оғын боратып жiбердi. Немiстер бұғып, шегiндi. Бiраз жатып, алға жылжиды.
– Русь капут, қолыңды көтер! – деп, еңгезердей немiс көтерiле бергенде:
– Тапқан екенсiң! – деп, Петухов автоматтың шүрiппесiн басты. Шүрiппе жұмсақ, оқ атылмады. Бiрақ фриц дәл жанына қисалаң етiп сұлап түстi.
Петуховтың ойлауға мұршасы келмей, бос дискiнi лақтырып тастап, екiншiсiн оқтады. Аңдып, көздеп жатыр. Каска киген темiр бастардың бiр-екеуi томар түбiнен қылтиып көрiнiп едi, автомат оғын боратып жiбердi. Сол сәт бұл соңғы дискi екенi, бұдан басқа оғы жоғы есiне түстi ме, сақтауыш жылжыма темiрдi кейiн шегерiп, бiртiндеп атуға кiрiстi. Автомат жеңiлдеп барады, оқ таусылуға айналды. Оң жақтан «уралаған» дауыстар естiлдi. Шептi бұзып, Днепрге жақындаған секiлдi. Петухов солай қарай жылжымақ болды. Томар түбiнен манағы темiр бастар iннен шыққан тышқандай тағы қалтиып көрiндi, жанжақтан оқты боратып жiбердi. Петухов жабысып жата қалды. Бiр ғажабы, «немiстер мұның жалғыз екенiн, оғының таусылғанын көрiп жатыр. Неге олар алға жылжымайды», – деген ой келдi Петуховқа. Сол сәтте екi-үш немiс еңбектеп келе жатты. Петухов дискi салатын дорбасын, қалтасын, кеудесiн сипалады. Әлгiнде босаған дискiнi алып қарады. Тiстенiп, қара топырақты уыстап мыжғылап жатыр. Ендi бiр-екi минуттан кейiн бәрi бiтедi… Ол үнсiз ағып жатқан Днепрдi көре алмады, ұлы өзенге жете алмады… Бәрiбiр ол қолға оңайлықпен түспейдi. Тек келiп көрсiн!..
– Солдат, неге жатырсың, тұр! – дегенде, Петухов автоматының ұңғы жағынан ұстап, ұрып жiберетiн кiсiдей ұшып тұрды. Ол ыржиып күлiп тұрған Қайсеновтi және Гриша Спижевой екеумiздi көрiп:
– Бiздiң адамдар, партизандар! – деп қуанып кеттi. – Мен жалғыз екенмiн десем, қасымда сендер бар екенсiңдер ғой. Бәсе, немiстердiң дымы шықпай қалып едi, рақмет сендерге! – дедi үшеумiздiң қолымызды кезек-кезек қысып. – Ендi қайтып көрiскенше сау болыңдар! – деп, ол қалың ағаш арасына кiрiп, «Уралаған» дауыс шыққан жаққа қарай жүгiре жөнелдi. Осы оқиғаның бәрi он-он бес минуттың iшiнде болды. Петухов кешiкпедi, өз бөлiмшесiндегi солдаттармен бiрге Днепрге жеттi. Солдаттардың қуанышында шек жоқ. Басындағы темiр каскаларын жұлып алып, өзенге малып, Днепрдiң тұнық суын сiмiрiп жатыр. Қайран Днепрдiң суы-ай десеңшi!.. «Бiздi көрдiңдер ме, бiз Днепрге жеттiк!» – дегендей бiр топ солдат каскасын бұлғап, уралап айқайлайды. Тыныс ұзаққа созылмады. Командир солдаттарды жинап алды. Ол қысқа сөйледi:
– Жауынгер жолдастар! Жау есiн жимай тұрған кезде осы қарқынмен шапшаң қимылдап қалуымыз керек. Қане, Днепрден кiм бiрiншi болып өтiп, гитлершiлдердiң бораған оғы астында батальонға жол ашқысы келедi? Қалаушылар бар ма?
– Днепрден өтуге маған рұқсат етiңiз! – деген дауыс сап түзеген солдаттардың қатарынан саңқ ете қалды. Тығыршықтай жас жiгiт бiр аттап алға шықты.
– Мынау Петухов қой! – дедiм мен. Қайсенов қостағандай басын изедi. Петуховқа қосылып «мен, мен» – деген дауыстар естiлiп, үш солдат шапшаң басып, оның қатарына келiп тұрды. Комбат олардың фамилияларын атап жатты.
– Қатардағы гвардия жауынгерi Семенов, қатардағы гвардия жауынгерi Иванов, қатардағы гвардия жауынгерi Сысолятин! – Бұл төртеуiнiң қатарына бөлiмшедегi бүкiл жауынгерлер сап түзеп тұра қалды. Бәрiнiң де Днепрден бiрiншi болып өткiсi келедi.
Комбат тапсырманың ауыр екенiн айтып, сәттi сапар тiледi. Бұлардың iшiнде жасы үлкенi Семенов болғандықтан, оны топтың басшысы етiп тағайындады… Таң қылаң берiп келедi. Жиекте сарғыш реңдi сәуле бар. Бiрақ өзен үстi дымқыл будан ба, қара-көлеңкелеу. Қайық аздан соң көрiнбей кеттi.
– Жағаға жете алар ма екен? – дедiм мен дегбiрсiзденiп.
– Басқа жол жоқ қой, – дедi Спижевой.
Батальон өзеннен өту қамына кiрiстi. Қарбалас, қызу шақ. Бөренелерден, тақтайлардан сал жасалып жатыр. Семеновтардың соңынан iле-шала автоматчиктердiң екiншi тобы аттанды. Оны комбат басқарып кеттi. Қайсеновтiң отряды осы топқа қосылды, ал Қайсеновтiң өзi Петуховтармен бiрге кеткен болатын. Оның қайығы солармен қанаттаса жүрiп барады. Ракета жарқ еткенде, бұлардың қарасын көрiп қаламын. Менiң қасымда отырған Гриша Спижевой алға үңiле қарады:
– Алексей Васильевич, құлаққа ұрған танадай мүлгiген тыныштық қой, ескек тiлген судың сыбдырынан басқа ештеңе естiлмейдi. – Сол сол-ақ екен, жан-жақтан оқ борап кеттi. Снарядтар қара суды аспанға көтерiп, гүрсгүрс жарылады. Фашистер қарудың барлық түрiмен өзендi атқылауда. Өзен үстi алау атып, от боп тұр. Соған қарамай қайықтар жапа-тармағай жүзiп барады. Суға бiр батып, бiр шығып, бөрененi құшақтап жүзiп бара жатқан автоматчиктер де бар.
Бiздiң әскерлер Днепрден өте бастады. Гитлершiлдер жанталасты. Жағаға жуытпай, ысырып тастауға тырысты. Бiрақ гвардияшылар алға ұмтылуда. Николай Петухов жағаға бiрiншi боп шықты. Қайықтан секiрген бойда өзен үстiне оқ боратып тұрған дұшпанның пулеметiн жойып, алдындағы дөңге қарай жүгiрдi. Қабақта жыпырлаған қалың үй, ұлы өзенге бүйiрiн тiреп жатқан Григоровка селосы тұр. Әрбiр сүйем жер үшiн, әрбiр үй үшiн кескiлескен шайқас басталды. «Уралаған» дауыстар естiледi. Фашистер берiлгiсi келмейдi, аракiдiк атакаға шығады. Совет жауынгерлерiн Днепрден ысырып тастамаса, үлкен апатқа ұшырайтынын сезетiн сияқты. Ал гвардияшылар шегiнетiн емес, немiстердiң батальон штабын жойып, қару-жарақ қоймаларын алып, бекiне түстi, сөйтiп негiзгi күшке жол ашты. Бiздiң әскерлер жаудың қорғаныс шебiн бұзып, Днепрден әрмен Киевке қарай тартты. Бүкiл Букрин плацдармына ие болды…
– Мiне, сол Днепрiмiз, қасиеттi өзенiмiз осы, – дедi Алексей Васильевич жамбастай жайланып жатып. – Осы жерде Николай Петухов қаза тапты, осы жерде бiздiң Вася ауыр контузияға ұшырады, Попов ауыр жараланды. Көптеген жолдастар құрбан болды. Шiркiн, Днепрге тiл бiтсе, шындық сырларын жыр ғып айтып берер едi…
Әңгiменi тыңдап отырғандар сол бiр күндердi еске түсiрдi ме, бiрталайға дейiн үндемедi. Ол кезде бұлар жиырма мен отыздың арасындағы қылшылдаған жiгiттер едi. Қазiр бәрiнiң басы бурыл тартқан, беттерiне әжiм түскен. Бi-рақ бұлардың ешқайсысы бұған өкiнбейдi. Олар бүгiнгi тамаша өмiрiмiз, болашағымыз үшiн күрестi, адамзатты фашистiк обадан аман алып қалды.
Осы қарапайым адамдар қазiр де еңбек етiп жүр. Олар өздерiнiң бейбiт еңбегiмен ұлы мақсат – коммунизм орнату iсiне өз үлестерiн қосып келедi. Кешегi партизан отрядының командирi Константин Спижевой – қазiр Григоровка орта мектебiнiң директоры, оның аттасы Гриша Спижевой – суретшi, Шпиталь – колхоз басқармасы председателiнiң орынбасары, Михаил Гром – бу диiрменiнiң директоры, Яковец болса Переяслав қаласындағы жұмысшы жастар мектебiнiң директоры. Ал Василий Горбенконың қызметi бұлардiкiндей емес, мүлде сыпайылау. Ол өзен үстiндегi қалтқы шамдарды жағады, шамға қарап кемелер қайырламайды, шамға қарап кемелер соқтықпайды. Қараңғы түнде су үстiндегi қызыл шамдар жолаушыға жол ашып, жарқырап тұрады.
Әдетте, кейбiреулер есiмi аңыз болған ердi әлдеқайдан iздейдi. Шынында олар алыста емес, бiздiң өз арамызда, өз iшiмiзде екен! Мен осыларды көрiп:
– Адамдар, сендердiң араларыңда бiздiң тамаша өмiрiмiз, болашағымыз үшiн алысқан ерлер келедi. Бас иiп, жол берiңдер! – деп бүкiл Днепрдi жаңғыртып айғай салдым. Ұлы өзен өзiнше үн қатып, сылдырап ағып жатты.
1963 – 1964 ж.
Алматы – Киев – Алматы.