Мақат Садық. Әке аманаттаған әділдік

Әдебиет – халықтың рухани өмірінің ең күрделі әрі маңызды бөлігі. Әйгілі жазушы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес едім. Суреткер болмасам, күрескер де болмас едім. Бұрын суреткер ретінде толғандырып жүрген мәселелер – мені азамат ретінде толғандырып жүрген мәселелер еді», деген.

Қоғамдағы халық қалайтын игілікті өзгерістер, көпке ұлағатты сөзі өтер зиялы жұрттың арасындағы өткір пікірта­лас арнасында қалыптасады. Біз сөзге жақын елміз. Сөз бен уәжге тоқтаған қазақ­пыз. Жазушы – сөз зергері. Ұлтының ке­ле­шегін күйттеген қаламгердің бірден-бір қаруы – қаламы. Басты мұраты – ел мен қоғам тағдырына қатысты толғақты да көкейкесті талқыда – парасатты пайы­мы қалыптасқан өз пікірін жазған­да оқырманының жүрегін селт еткізу. Өмір­­лік өзекті құбылыстарды қағазға тү­сі­ріп, қазақтың мақсат-мұратын қа­зақ қабылдап ұғынатындай ұлттың жа­нын сөзбен иландырып өрнектеу. Елінің ертеңгі ережесін қиялға салып суреттегенде ежелгі жырларда айтылатын әділдікті ту еткен, жаны таза, ары таза салт-дәстүрімізге, өнеге, тәр­биеге тұнып тұр­ған даналық пен ұла­ғатты келешек ұр­паққа ғибрат ету. Мұндай өсиет-өне­гені оқырманына айтар жазушының қа­лыптасқан өз көз­қарасы болары анық.

Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында әдебиетімізге мықты жа­зу­шылар келді. Біршамасының шы­­ғар­маларын бүгінгі буын қызығып оқи­­­­ды. Көпшілігі елеусіз, ескерусіз қалу­да. Со­дан бері де ғасыр ауысты. Мың­жыл­­дық тоғысы қарсаңында тәуелсіздік алдық. Қо­ғам өзгерді, заманға сай оқырман да өзгерді. Егеменді еліміздің мерейлі отыз жылын жақын күндері мерекемен атап өтеміз. Елу жылда – ел жаңа. Жас мем­лекетіміздің жаңа ұғымдағы жастарына атадан қалған асыл сөзді жеткізер әдебиетімізді сараптайтын уақыт та жет­кен тәрізді. Кешегі классик аталып, қазірде кітаптары кітапхана сөрелерін­де ашылмай тұрған жазушыларымыз­дың творчествосына тереңірек үңіліп, жауапкершілікпен сараптасақ, әлі де ғибрат алар асыл ой-толғауларды табарымыз сөзсіз.

Әуелден келісіп алар бір ақиқат бар. Тәрбиелік мәні зор, басымызды бірік­тіруге септігі тиер сол жазушылардың шығармаларын айтқанда, пікірімізге құлақ аспай – ол жағымпаздық деп дүрдараздыққа кетіспейік. Тоғыз тарам жолдан келешекке керегін таңдайық. Жасыратын құпия емес, соның бәрі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жарияланған кітаптарды бүгінгі күн талабы тұрғысынан талқыламағанымыз, тіптен сол кітаптарды қолымызға алып қайталап оқымағанымыз!

Мақаламда жазушы Кемел Тоқаев­тың творчествосын сөз етпекпін. Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі.

2019 жылдың 9 маусымында еліміз­де кезектен тыс президент сайлауы өт­кені баршамызға аян. Сол кезде Пре­зи­денттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауда жеңіске жетіп, Мемле­кет басшысы болған жағдайда «Са­бақ­тасқтық. Әділдік. Өрлеу» атты үш ба­ғыт­­тан тұратын бағдарлама ұсынға­нын білеміз.

Бүгінгі әңгімеміз айтулы үш бағыттың бірі – Әділдік хақында. Әке жазушы – әр шығармасында оқырмандарына ту еткен Әділдік формуласының, сол оқырмандары таңдап сайлаған ел Прези­денті ұлының – халқына ұсынған басты бағдарламасына айналуының сарабдал саясатына арналмақ.

Кейінгі он жылда майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларын екі рет оқып шыққан екі адам болса, со­ның бірі мен шығармын. 2007-2008 жж.

Сенат Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев­тың бас­пасөз-хатшысы болғандықтан ол ме­нің қызметтік міндетім еді. Он жылдан соң қайталап оқуым Кемел Тоқаев туралы түсірген «Кемел келешек» теле­­филь­м­і­нің сценарист-режиссерлік жұ­мы­сындағы жауапкершілігім саналады.

Сонда нақты байқағаным Кемел Тоқаевтың шығармалары, детектив жан­­рындағы жылдам өзгерістерге толы шым-шытырық оқиғаларға мол көрі­ністерде бас кейіпкерлер әділдік іздеп сарсаңға түседі. Көрініс деуімнің се­бебі алпысыншы-жетпісінші жылдары оқырмандары танысқан «Тасқын», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Кө­мескі із», «Таңбалы алтын», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқи­ға», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» кітаптарындағы сюжеттер­ді қазіргі жағдайға бейімдеп көркем фильм, телевизиялық сериалдар түсірсе бо­латындай. Әр сюжет кино көріп отырғандай, көз алдыңда тізбектеліп өтіп жатады. Сценарийге айналдыру жеңіл. Заман дағдысы кітапты фильм нұсқасында тамашалайтын уақыт талабында – туған ел, туған жерге қатысты ұлттық идеяның кәусар бұлағын, кемел келешекке ұмтылған бүгінгі ұрпақ табары мені иландырды. Енді соған тоқталайын.

Жазушылық өнердегі азапты машақат – кейіпкердің ұлттық мақсат жолындағы жан толқыныстарын бейнелеу. Ұлттық характерді, ұлттық образды дәл тауып, сәтімен суреттеу әдебиеттегі ең қиын да күрделі процесс делінеді.

Кемел ағамыз әрбір шығармасында оқиғалар, ойлар мен сезімдер толға­ны­сын қазақтың әділдік дейтін адам­гершілік идеясына бағындырады. Бұл қаламгердің өмірлік позициясы екенін барлық туындыларын оқығанда толық сезіндім.

Әрбір шығармасындағы оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысын өрбіте отырып – қазақ діліне тән идеяны көп­ұлтты қазақстандық идеологияға сабақ­тастырған қаламгердің өмірлік таны­мы мен талғамы, сараптауы мен сара­лауының темірқазығы – оның ғұмырлық құбылыстарға өз көзқарасы.

Кемел Тоқаевтың «Ұясынан безген құс» романында ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» тағылымын дамытады. «Қазақы ұямыз – таза, пәк ұя. Содан безсең – аз­ғындайсың» деген идеяны мұрат еткен құқық қызметкерлері – қазақ ұлты­ның ар-ұятты, мал-жаннан биік қоятын мораліне сүйеніп өз міндеттерін абыроймен орындайды. Жазушы сол кездегі әдебиетте айтылмайтын ұлт тақырыбы­на тоқталып, ағайынның ала болмауын кейіпкерлерінің әрекетімен баяндай­ды. Қазақтың бір-біріне әділетті қарым-қатынасы ел бірлігін, ынтымағын, ұлт ұясын қадірлеп-қастерлеуге бастайды деген көкейкесті ойын романдағы сюжеттермен жеріне жеткізе пісіре­ді. Жағымды кейіпкерлерінің барлығы дер­лік қазақ ұлтынан болуы да соның дәлелі.

Социалистік реализм негізіне құрыл­ған советтік әдебиет теориясы – ол кезде ұлт мәселесін тек ұлы орыс халқымен достық, интернационализм төңірегінде сипаттаумен ұйытылатын. Бұл проблеманы сол кезеңде жазушылар қауымы айтты да, жазды да. Негізінен Қазақстан Жазушылар одағы басшылығы мен Қа­зақстан Компартиясы Орталық Коми­тетіндегі идеологтер арасындағы белгілі дүр­дараздық осы түйткілдерден бас­тау алатын. Коммунизм мүддесіне орай­ластырған «барлық елдердің пролетар­лары бірігіңдер!» девизі, Москва бекіт­кен социалистік реализм шеңбері бел­гілі еді. КСРО цензурасының таптық принцип талабы ұлттың бүгінгісін айту былай тұрсын, өткен тарихын да жазуға рұқсат бермейтін. Ілияс Есенберлин мен Мұхтар Мағауиннің тарихи романдары цензорлардың тізгініне түсіп, сан мәрте қайта жазылып жатқан уақыт. Міне, осы шырғалаң кезде Кемел Тоқаев шытырман оқиғалы детектив шығармаларында қылмысты қасақана жасайтын баукеспелер мен социалистік мүлікті ар-ожданнан аттап ұрлайтын жемқорлардың атын атап, түрін түстейді. Көбінесе оларды мансап жолында қазақ топырағын пайдаланып, асын ішіп, ыдысын итеріп, әдет-ғұрпын, дәстүрін аяқпен теуіп, кейін байласаң тұрмайтын, жақсылықты білмейтін алғысы жоқ өзге ұлыстың пасық пенделер сыпатында айшықтап береді.

Онысын жазушылық шеберлікпен жымдастырып жібереді. Цензордың темір тырнағына ілікпес үшін, қылмыс­тық деректерді мемлекеттік ресми ор­ган­дардың архивінен алғанын, хроника­мен сабақтастырады. Елді мекен атау­ларын өзгертпей пайдаланады. Со­­­дан да шығар дайын кітаптары жүз­де­ген мың тиражбен қазақ және орыс тіл­дерінде оқырмандарына жетіп жатты. Шет тілдеріне аударылды. Осылайша, оқырманы ең көп жазушыға айналып, есімі елге танылған қаламгердің әріптес інісі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқаи: «Қызметтес болғанда орыс тіліндегі бір кітабы «Қазақстан» баспасынан бес жүз мың данамен шық­ты. Жақсы ағаның қамқорлығын көп көрдік», деп жазады.

Өкінішке қарай, табиғат бойына қабілетті мол берген адамды күншіл­дік ешқашан кешірмейді. Әділдігі адал бә­секелестікке айналмаған сан тарап қоғамдық құрылыстардағы заманалар сыры осындай. Ендеше, сегіз қырлы, бір сырлы ондай талантпен қалай күре­сіп, қалай жеңеді. Оның пендешілік кәнігі жолы, бір-ақ тәсілі бар – орынды-орынсыз қудалау. Соңынан өсек тарату, астыртын әрекет жасау, айна­ла беріп, арқасынан қамшы сілтеу. 1978 жылы «Жалында» жарияланған Кемел Тоқаевтың жаңа романының үзіндісіндегі бір сөйлем жазушыға қар­сы науқанға желеу болды. Орталық Ко­митеттен түскен шұғыл нұсқаумен жур­налдың сол нөмірі өртелді. Барлық шы­ғын қаламгердің қалтасынан төленді. Министрлік деңгейіндегі қызмет есеп­телетін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының «Жаршы – Ведомости» Бас редакциясының Бас редакторы лауазымынан босатылды. Бұл аз дегендей, ЦК бөлімдерінің дөкейлері майдангер жазушыны партиядан шығаруды ұсынды. Ешкім сол фактінің Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында жазылғанын елемеген. Дауылпаз ақын – жазушының сол шығармасы еш өз­герту енгізілмей дү­кен­дерде сатылып, кітапхана сөре­лерінде тұрғанын елемеген. Бұл дерек­тердің мұрағатта ашық тізімде тұрғанын да ескергісі келмеген…

Жазушының әр кітабын зерделей оқып, сын тезіне салғанда оның сол кезеңде қалыптасқан таптық таптаурын сюжеттерден бойын аулақ салып, қазақ халқының ар-ұятты мал-жанынан биік қоятын адамгершілік мораліне сүйеніп сипаттайды. Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену, әдептен озбау, біреудің ала жібін аттамау, ата салтын бойына сіңіру – Кемел Тоқаев туындыларындағы жөн-жосық қағидасының қазығы осы! Сол советтік заманда ұлттық руханиятты із­деп жүріп, бір-біріне айта жүріп табатын оқыр­мандар қаламгердің кітапта­рын дүкенде көп тұрғызбайтын.

Қазақстанның халық жазушысы Әзіл­хан Нұршайықов майдандас замандасы творчествосына берген бағасында: «Қазақ әдебиетіндегі детектив жанры­ның көшбасшысы Кемел Тоқаев болды. Ол қазақ жазушыларының ішіндегі оқыр­­маны ең көп қаламгерлердің бірі са­налды. Оқырмандарының өтініші бо­йынша Кемелдің кітаптары үш-төрт реттен қайта басылып отырды», деп жазған.

Қилы-қилы тосын уақиғалар, ізі кө­рінсе де шешімі тұспалдауға да қиын сан тарау қылмыстың жасалуы мен әш­кереленуін, шиеленіскен жұмбақ жағ­дайларды бір-бірлеп суыртпақтап тізбелеп баяндайды. Сюжет штрихтері қазақ жеріндегі әділетті қоғамдық ахуал­ға разы күштердің күн-түн тынбай ізде­нуінің нәтижесінде наразы кертартпа күштерді түптің-түбінде жеңуімен аяқталып отырады. Ал қылмыскерлер болса Қазақстанға күн көрістерін оңай жолмен жақсартып, тек нәпақа табу­ға келген келімсектер образында есте қала­ды. Негізінен осы детективті кі­тап­­тарын жазу үшін болған жайттарды Ішкі істер министрлігінің ресми хроникасынан іріктеп алған жазушының бұл шығармалары жыл аралатып осы ор­ганның үздік детективті туын­ды­ларға арналған конкурстарында бас бәй­гені иеленіп отырған. Бұл туралы жазу­шының әріптесі, отставкадағы пол­ков­ник Қалмұқан Исабаевтың 1998 жыл­дың 23 қазаны күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Тоқаевтың үш сыйлығы» деген естелік мақаласында жан-жақты жазылған.

Қазақ халқы жиырмасыншы ғасыр­да талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Сол сынақтарда рухы жеңілмеген халықтың тағдыры – әрбір көшелі қазақтың тағ­дыры. Қилы кезеңнің суығына шыдап, ыстығынан өткен кейіпкеріміздің ғұмыры да ел тағдырымен еншілес. Өмірде ешнәрсе із-түзсіз кетпейді. Өт­кен жолын жетік білетін халық қана ал­дағы алар асуларын да айқын елестете алмақ. Бағзы заманда бабаларымыз бітік тастарға ойып, қашап жазып кеткендей, өз Отаның, бұл дүниедегі қорғаның мен тірегің болмаса – тағдырың тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты.

Кемел Тоқаевтың «Солдат соғыс­қа кетті» автобиографиялық рома­ны­ның эпиграммасында «Ұлы Отан со­ғысында 22 жасында ерлік өлім­мен қаза тапқан политрук Қасым Бол­таевқа ар­наймын» делінген. Соғыс дерек­те­рі жинақталған кейінгі жылдарда жа­рия­ланған мәліметтерде: «186-шы ат­­қыштар дивизиясының 290-шы ат­қыш­­­тар полкі көлік ротасының саяси же­текшісі Қасым Болтаев 1942 жылы 22 ақ­пан күнгі ұрыста ерлікпен қаза тапты», деп жазылған Қасым жазушының жалғыз ағасы еді…

Өлім мен өмір айқасын көзбен көр­ген Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романының стилі соғыстың суық та сұрқай шындығын боямасыз қаз-қалпында сипаттайды. Ал стиль деген – адам. Әдебиеттің киелі қасиетін қадір­лейтін жазушының жаны.

Ұлы Отан соғысы, бүгінде Екін­ші дүниежүзілік соғыс аталатын сол сұрапыл майданға қатысқан жауын­герлердің естелігін мектепте жүргенде көз көргендерден естіп өстік. Талай кітап­тарды оқыдық, киноларды тама­шаладық. Бәрінде де фашистерді тым-ты­рақай қуып, қырып тастайтын сол­даттардың ғажап ерліктеріне кәміл сен­дік. Иландық. Соғыс тек адам өлтіру май­даны деп қабылдадық.

Ал Кемел Тоқаевтың «Солдат со­ғысқа кетті» романын оқығанда мән-жайдың жер мен көктей айырмашылығы барын байқадым. Жазушы әдеттегідей соғыс романтикасына кіріп кетпейді. Қан майданда да жұмыр басты жандардың пендешілігін, адамгершілікті ұмытып, адалдықтан аттап өте беретінін көрсете­ді. Соғыс та қарабайыр қарапайым тір­шіліктің бір беті. Жақсылық пен жа­мандық, әділдік пен әділетсіздік ара­ласып қатар жүреді. Романның алғаш­қы тарауларында-ақ біреудің атып түсірген жау ұшағын, награда дәметкен абыройсыз иеленіп кеткісі келеді. Соғыс сәтіндегі күңгей мен көлеңкеде бас кейіпкер бірде өзі, бірде ағасы Қасым болып әділдікті орнатуға күш салып жүреді. Сонысымен де роман адам­заттық құндылықтарды паш еткен, «ура, алға» сипаттағы даңғазалықтан ада, адами биік сананы дәріптейтін психо­логиялық күрделі шығарма. Туындының өн бойы әділдіктің ақ туы қара қылды қақ жарғанда жеңіс күні жарқырап келе­ріне күмәнсіз сендіреді.

Мақат Кәбірұлы Садық

журналист, қоғам қайраткері

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...