Кемел Тоқаев. ЖАҒАДАҒЫ ЖАЛАУ

Қанды шайқас екiншi тәулiкке ауысты. Партизандар орман төрiне шегiне бастады. Немiстер ұрысқа жақсы қаруланған батальонға жуық әскерлерiн шығарған. Оларды пулемет орнатылған екi броновик және жақыннан ататын бiрнеше минометтер қолдады. Әлгiнде «Кукурузник» тектес екi қанатты бомбардировщиктерi орман үстiн шарлап, алыс түкпiрдегi лагерьдi қатты бомбалап кеткен едi. Ендi алты ұңғылы минометпен атқылап жатыр. Алғаш ұлығанға ұқсас жағымсыз үн естiледi де, iлезде ысқырған снарядтар қатарласа түсiп, жарыла бастайды. Қара жердiң кесегi аспанға көтерiледi. Жасыл желек жамылған ағаштар әп-сәтте бұтақтарынан айрылып, жалаңаштанып қалады, ортасынан опырылған қарағай, қайыңдар сидиып-сидиып әр тұста құлап жатыр. Орман көк ала түтiн. Жаралылардың ыңырсыған үнi естiледi. Бiреулер: «Үнiңдi өшiр, ит, бұдан өлмейсiң!» – деп, зекiп ұрысып жатқан секiлдi. Әйтеуiр орман iшi ың-жың. Адамдарда iрең-түс жоқ, көнетоз шинельдерiнiң етектерiн снаряд жарықшақтары жырымжырым тiлiп кеткен екi-үш адам автоматын кезеп, далақтап алға қарай жүгiрiп барады.

Алдыңғы жақтан мылтық, автомат оғының зуылы жиiжиi естiледi. Немiстер қоян-қолтық жақын келiп қалған сияқты. Немiстердiң басқа колоннасын тойтару үшiн екi отряд алып, штаб бастығы Ногайцев кеткен. Оны оң жақ қанаттан Константин Спижевойдың отряды қолдауға тиiс. Бұл кезде Қайсеновтiң отряды немiстердi едәуiр шығынға ұшыратқан өткен таңдағы шабуылдан кейiн резервте тұрған. Құрама командирі Иван Кузьмич Примак Қайсеновтiң қасына келiп:

– Вася, сен қалай ойлайсың, Ногайцев немiстердi ең болмаса бiр-екi сағатқа бөгей ала ма? – дедi. Құрама командирiнiң не айтқысы келiп тұрғанын Қайсенов аңғарған секiлдi. Жаралылар көп, оларды соғыс алаңынан жинап алып, орман төрiне жiберу үшiн уақыт керек. Екi аяғын екi жаққа жiберiп, талтайып, асықпай наганын оқтап отырған Қайсенов:

– Броновиктер ендi орманға кiре алмайды. Құрғыр неме дөңкиiп кiсiнiң зәресiн алып едi. Өзiне жеушендi оқ та өтпейдi. Броновиктерi өтпеген соң, жаяу әскерлерi қайда барады дейсiң, бөгей тұратын шығар, – дедi. Осы кезде тасырлап байланысшы жүгiрiп келдi. Жыларман халде сөйлеп тұр.

– Жолдас командир, немiстер тыл жағымыздан шықты. Ногайцев көмек сұрайды!

– Поповтың отряды қайда? Тылды сол қорғамайтын ба едi, – дедi де, командир байланысшымен бiрге қалың ағаштың арасына қарай жүгiре жөнелдi. Бiраз уақыттан кейiн қайта оралды. Үстi-басы күйе ме, батпақ па – былғаныш. Қайсеновтiң отрядын дереу сапқа тұрғызды. Ол сөзiн Қайсеновке арнады.

– Жолдас Қайсенов, бұлай қимыл жасасақ, немiстер тiрiдей жерлейтiн түрi бар, мына түрiмiзбен бұл жерден шыға алатын емеспiз. Ендiгi үмiттi өзiңе артам, мына самсаған жаралылардың тағдыры сенiң жiгiттерiңнiң қолында, бұларды құтқару солардың қимыл-әрекеттерiне байланысты. Егер сендер немiстердi күн батқанға дейiн бөгемесеңдер, онда бiздiң отряд одан әрi өмiр сүрмейдi. – Примак сәл кiдiрiп, иiн тiресiп, сап түзеп тұрған адамдарды шолып өттi. Бәрiнiң қабақтары қатулы, үнсiз сазара түскен. Арбаның үстiнде ыңырсып жатқан жаралылардың әлсiз үнi талып естiледi.

– Жiгiттер, жауынгерлер! – деген Қайсеновтiң дауысы саңқ ете қалды. – Мен ұзақ сөйлемеймiн. Жағдай өздерiңе белгiлi. Бiздiң отрядқа аса маңызды мiндет жүктелiп отыр. Бiз бұл мiндеттi де орындап шығамыз деп ойлаймын. Кiмдекiм менiмен жүргiсi келсе – екi қадам алға бассын! Бiр, екi…

Бүкiл отряд алға шығып, сап түзеп қайта тұрды. Примак планшетiнен жалма-жан картасын суырып алып, Қайсеновпен кеңесiп жатты. Орманның сол жағы бiр шақырымдай ашық алаң да, аржағы ағашқа ұласып, қалың тоғай боп кетедi. Қайсеновтiң отряды жарлауыт қабақ арқылы сол тоғайға өтуi керек. Отряд партизандарға тыңнан қосылған күш тәрiздi көрiнуге тиiс. Сөйтiп жаппай шабуыл жасап жатқан фашист әскерлерiнiң назарын өзiне аударып, атыспен бiртiндеп Хоцк орманына қарай шегiнуi қажет. Бұл мезгiлде құраманың негiзгi күштерi жаралыларды алып, орманға кетедi. Примактың жоспары осы. Бүкiл партизандар құрамасына жабылған немiстердiң жойқын күшi ендi Қайсеновтiң отрядына шүйiлетiн болады. Қайсеновтiң отряды осынша мол күшке тойтарыс бере ала ма?..

– Жолдас командир, тапсырма орындалады, күмәнданбаңыз! – дедi Қайсенов. Примак Қайсеновтiң қолын қысып тұрып:

– Вася, фрицтер екеумiздi ағаш үйге оңаша қамап, қоршаған жерiнен де құтылып шығып едiк, со жолы өлiмнен бiр құтқарып едiң. Бұл жолы да ажалдан арашалаушы тағы өзiң болғалы тұрсың. Менiң өз басым болса уайымдамас едiм, бүкiл жаралы жандар саған қарайды, операция сәтсiз болса, бiз бұларды орман түкпiрiне алып кете алмаймыз. Өзiңе сенем! – деп, құшақтасып қоштасты. Қайсенов ұзап кеткенде, Примак:

– Вася, сенi қысқы лагерьде күтемiз, – деп айқайлады.

Примактың жорамалы дәл келдi. Қайсеновтiң отряды тоғай шетiнде шабуылдан соң көп шығынға ұшырап, басаяғын құрай алмай жатқан немiс ротасының дәл үстiнен шықты. Ротадан жиырма шақты солдат қалған екен. Өздерiн қоршап алған партизандарды көргеннен кейiн олар қарсылық көрсетпедi, түгел қолға түстi. Тек обер-лейтенант атыса қашып, ақыры құтыла алмайтын болған соң, өзiн-өзi атып өлтiрдi.

– Обер-лейтенантсыз-ақ күн кешермiз, солай ма? – Қайсенов үрейi кеткен немiс солдаттарына қарады. Тақау келгенде «Гитлер капут!» – деп екi қолын ербеңдете көтерiп, «жанымды қи» дегендей, жалынышпен жалтақтай қарайды.

– Сендермен мына ұрыстан соң сөйлесемiз! – деп Қайсенов тұтқындарды орман төрiне алып кетуге бұйырды.

Екiндi әлетiнде отряд шабуылға шықты. «Уралап» орманды басына көтердi. Ту желкеден партизандардың қаптап келе жатқанын көргенде, немiстер қоршауда қалдық дедi ме, жапатармағай қаша бастады. Бiрталайдан кейiн есiн жиып, барлық күшiн Қайсеновтiң отрядына қарай бұрды. Шағын топтарға бөлiнген отряд бiрде о жерден, бiрде бұ жерден тұтқиылдан атакаға көтерiлiп, кейiнгi күштiң қайда екенiн аңғартпады. Бұл көрiнiстi алыста дүрбiмен бақылап тұрған Примак:

– Жарайсың, Вася! – деп ризашылық бiлдiрдi.

Қайсеновтiң отряды екi күннен кейiн қысқы лагерьге оралды, араларында жаралы адамдар көп. Бұларды көргенде құрамадағы адамдардың қуанышы қойнына сыймады. Бұдан бiраз күн бұрын немiс әскерлерiнiң Орел – Курск түбiнде үлкен жеңiлiске ұшырағанын, бүкiл майданда Қызыл Армияның тегеурiнiне шыдамай, шегiнiп келе жатқанын радиоқабылдағыш арқылы естiген едiк. Күнiге таңертемен Совинформбюроның хабарын тыңдауға асығамыз. Бiздiң Армия қалалар мен селоларды бiрiнен соң бiрiн азат етiп келедi. Майдан дүбiрi жақындай түсуде. Жеңiс күнiнiң алыс емес екенiн сеземiз. Сол қуанышты күндi көруге бәрiмiз де зар едiк. Жұрттың осы аңсаған үмiтiн Қайсеновтiң отряды жалғай түскен секiлдi.

Жiлiншiгiн оқ күйретiп кеткен уыздай жас жiгiт Қайсеновтi көргенде, арбадан секiрiп түсiп, жалғыз аяғымен секеңдеп барып, оның мойнынан құшақтай алды.

– Немiстер тақаған кезде қазам жеткен екен ғой, ең болмаса қызыл әскерлердi көре алмадым-ау деп, соңғы оғымды өзiме сақтап, өмiрмен қоштасып жатқан едiм. Тұзым таусылмапты, әлi тататын дәмiм бар екен, ол тiрлiктi өзiң әкеп бердiң, Вася, – деп кемсеңдеп, көзiнiң жасын сүрттi. – Сiзге көп рақмет! – Ол бүкшеңдеп қалтасына қолын жүгiрттi де, темекi салған әдемi кестелi дорбасын алды.

– Вася, бойымдағы ең асыл, ең қымбатты затым осы, майданға жөнелтер алдында байғұс анам таң атқанша көз iлiндiрмей, құдайға жалбарынып отырып осы дорбаны тiгiп берген едi. Дүниеде ана тiлегiнен артық не нәрсе бар? Тұтқын лагерiнде жүргенде де тыққыштап жүрiп сақтадым, мә, осыны ал, мына жатқан жаралылардың алғысы деп бiл, сiздiң де анаңыз бар ғой, қос ананың тiлегiнен оқ жалтарар, әрдайым сау болыңыз! – деп, Қайсеновтiң қолына кестелi қызыл-ала дорбаны ұстатып жатты. Бұлардың сөзiн Примак естiп тұрған. Ол маған бұрылып:

– Алексей Васильевич, кiсiнiң сенiмiне ие болып, ол қалтқысыз сенi сүйiп, сыйласа, сiрә, бұдан артық бақыт жоқ-ау деймiн, сiз бұған қалай қарайсыз? – дедi. Бiр сәт үндемей тұрып:

– Бiздiң Вася бақытты ғой, – деп әлгi сұрағына өзi жауап бердi. Примак екеумiз әңгiмелесiп тұрғанда қасымызға айрықша бөлiмнiң бастығы Бычков пен Қайсенов келдi.

– Жолдас командир,– дедi Бычков ақырын сөйлеп, – бiз отрядтағы адамдарды тексерiп шықтық. Екi адамға күдiгiмiз бар. Сол екеуiнiң бiреуi «Ақсақ» деген лақап атпен жүр ме деп ойлаймыз. Кешегi ұрыс кезiнде өздерiн бiртүрлi оғаш ұстады. Қайсысының «Ақсақ» екенiн әлi анықтаған жоқпыз. Вася табанда кеңес айтты, оның сөзi үшеумiздiң де көкейiмiзге қонды. Оның ойынша: бұл екеуiне тағы бiр-екi адамды қосып, село жаққа жiберу керек. Бұлардың қасына ерген адам аздан соң озып кетуге тиiс. Сол кезде тоғай арасынан «Сәлем, «Ақсақ», қайда тарттың?» – деген дауыс естiледi. Сонда қайсысы жауап қатса, сол «Ақсақ» болуға тиiс. Дәл осылай жасалды да.

– «Сәлем, Ақсақ!» – дегенде, «Ақсақ» сәл тiтiркенiп кеттi де, өзiнiң алдауға түскенiн аңғарып, қарсылық көрсете бастады. Бiрақ торуылда тұрған жiгiттер еркiне жiбермедi, матап байлап лагерьге алып келдi. Тергеу үстiнде ол Ленаны ұстап бергенiн, партизан отрядының қайда орналасқанын немiстерге хабарлағанын мойындады. Бiздiң мұнша шығынға ұшыраған себебiмiз ендi баршаға мәлiм болды. Партизандардың ашу-кегi қайнады. Олар ату жазасына кесудi талап еттi. Үкiм отряд адамдарының алдында орындалды.

Бiр жетi тыныққаннан кейiн Примак пен Қайсенов менi оңаша шақырып алып, қысқа мәслихат құрды. Сөздi Примак бастады:

– Бiр опасыздың кеселiнен қаншама адам қатардан шықты. Алексей Васильевич, сiзден сұрайтыным: барынша сақ болыңыз. Менiң бұл өтiнiшiмдi Проценкоға да жеткiзiңiз. Ол өңшең полицайдың iшiнде жүр, қырағы болсын. Ендi ұзақ уақыттан бергi ойлаған iсiмiздi жүзеге асырғанымыз жөн. Немiстер шығынға ұшырап, алданғанына қарамастан партизандарды жойдық деп жар салып жатыр. Осыған орай жауап беруге тиiспiз. Отряд сiздiң сигналыңызды күтедi.

Мен көп ұзамай селоға оралдым. Ауыр жаралыларды село-селолардағы сенiмдi үйлерге орналастырып, сол жерде емдейтiн болдық. Примактың жоспары бойынша Проценконың тобы полицайларды қарусыздандырғаннан кейiн дереу орталық почта-телеграфты, қару-жарақ қоймасын басып алады, осы тұста Қайсеновтер немiс гарнизонын құртады, фашистiк мекемелердi жояды. Операцияны жексенбiге қараған түнi жүргiзген дұрыс деп шешiлген. Мен Проценкоға жолығуға асықтым. Таң ертемен Переяславқа жүруге қамданып жатқанмын. Қалада бiз әрдайым Беляевтiң үйiнде кездесетiнбiз. Жолығысқан кезде өзiмiзден басқа бөгде кiсi болмайтын. Бiрақ мен Беляевтан басқа да партизандарға көмек көрсеткiсi келiп жүрген ниеттес адамдар бар деп еститiнмiн. Олардың бәрi iсте өздерiн көрсете бiлген, сыналған адамдар саналатын. Ойымда дәнеңе жоқ, жолшыбай көлiк кездессе бiреуiне отырып барармын деп тұрғам. Сол сәтте үйге Кирилл Розовик кiрдi. Өзi құп-қу, оңған шүберектей.

– Кируша, не болды? Аурудан саумысың? – деймiн.

– Алексей Васильевич, бiздiң Гришаны гестапошылар ұстап әкеттi!

– Қашан? – Өңiм бұзылып, шошып кеттiм. Буынбуындарым қалтырайды, әлiм кетiп қалған сияқты.

– Өткен түнде ұстапты. Онымен бiрге Романов, Брайченко, Мусленконы да қамапты, барлығы жиырма адам көрiнедi.

– Қалай, сонда бүкiл топтың әшкереленгенi ме?

– Жаппай тұтқынға алуына қарағанда, солай боп шығады. Беляевты бүгiн алып кеттi. Оны өз көзiммен көрдiм. Бұл оқиғаның мән-жайын содан сұрайын, – деп барып едiм. Өзiм ұсталып қала жаздадым.

Екеумiз бiрталай үнсiз отырдық. Айналаның бәрi бос, елсiз мекенде тiрексiз қалғандай сезiнем. Бiр жағынан өзегiм өртенiп, күйiнiп барам. Проценконың тобын екi жылдан астам уақыт бойы әзiрлеп келген едiк. Адамдарды асықпай, бiртiндеп полицайлардың өз iшiнен iрiктеп дайындағанбыз. Кезi келгенде олар әрдайым бiзге көмектесiп келдi. Партизандармен соқтығысып қалған кезде дәл көздемей, далаға атады, сасқан боп қару-жарақтарын қалдырып кетедi, полицайлардың iшiнде үрей туғызып, берекесiн кетiредi. Бiрде гитлершiлдердiң қару-жарақ, азық-түлiк тиеген баржасын Днепрге батырмақ боп келгенде, күштi күзеттi көрiп партизандар кiдiредi. Сонда ниеттестердiң бiреуi «ойбай, партизандар қаптап келедi, жандарыңды сақтаңдар» – деп, немiстердiң үрейiн ұшырып, тым-тырақай қашырған болатын. Бiз осылай жұмыс iстеген едiк.

– Тағы опасызға кезiккен екенбiз, мынау соның iсi, – дедiм.

– Күмән жоқ. Сiрә, Проценконың өзi бiлмей қалған, әйтпесе бiр қамын жасар едi.

– Бiзге жақтас полицайлардың iшiнде ондай опасыз адам болмаса керек едi.

– Соған көзiңiз жете ме, Алексей Васильевич?

– Ия, олар Проценконы бiлгенiмен, бұл iске өзiнен басқа тағы кiмдердiң тартылғанын бiлмейдi. Проценко операция алдында олардың басын бiр-ақ қоспақ болатын. Кiм де болса астыртын ұйымның жұмысымен хабардар бiреу болды.

– Астыртын комитет мүшелерiнiң бiрi демексiз бе? – дедi Кирилл таңданған пiшiнмен.

– Бiлмеймiн, Кирилл. – Шынында ол кезде бiз ешнәрсенi бiлмеген едiк. Соғыстан кейiн, гестапоның документтерiн ақтарғанда көзiмiз жеттi. Проценконың тобын ұстап берген Киселев деген боп шықты. Ол өзiнiң жолдасы Беляевты да ұстап берген…

Алексей Васильевич бiз келе жатқан машинаның кабина есiгiн ашып, қақырынып-түкiрiнiп алды да, әңгiмесiне көштi.

– Сөйтiп Проценконы дарға асуға, қалғандарын ату жазасына бұйырды. Осыдан соң екi-үш күн өткеннен кейiн ғой деймiн, ия, солай, Розовик гестапо мен жандармерияның жарлығын алып келдi. Онда Проценконың түрмеден қашып кеткенi айтылған. Қашқынның түр-түсi сипатталып жазылыпты: «Орта бойлы, аққұба келген денелi жiгiт… Бандиттi ұстаған адамға 10 мың сом марка, ұн, қант, кездеме берiледi, Германияға тегiн саяхат жасайды».

– Арысым-ай, қашып құтылған екенсiң ғой, жарайсың, – деп, бәрiмiз де қуанып қалдық. Қазiр ол қайда екен? Кiмнiң үйiне тығылып жүр екен деген ой келдi. Проценко партизандардың орналасқан жерiн бiлмейтiн. Жолды бiлетiн байланысшы болмаса, орман iшiнен партизанды тауып алу қиын едi. Проценконың ұзап кете алмай, осы маңда айналшақтап жүргенiн iшiм сезедi, бiрақ ол селоға оралам деп немiстердiң қармағына қайта iлiнiп қала ма деп те қорқамын. Фашистер орманға кiре берiс жолдарға, қалтарыс-бұлтарыстарға, шабындық жерлердiң өзiне күштi күзет қойған едi. Бүгiн жандармерия аяғынан тiк тұрған. Оларға гарнизон әскерлерi көмектесiп жүр.

Адам мiнезi қызық қой. Қандай қауiп-қатер төнiп тұрса да, өзiнiң үйренген жерiне тартады. Проценко да тоғайда партизандармен жолыға алмаған соң, Вовчиково селосына келедi. Онда Проценконың жақындары тұратын. Фашистер «Проценконы таппайынша босатпаймыз, сендердiң онымен байланыстарың бар!» деп, он екi адамды тұтқынға алыпты. Проценконың сенгенi өзiнiң немере ағасы Петро Дайнеко екен. «Ең құрыса киiмiмдi ауыстырып берер, ағайын адам ғой деп дәмеленiп барады. Жалаңаяқ, жалаңбас, бет-аузын сақал басқан адамды көргенде жеңгесi Дарка шошып кетедi.

– Ойбай, сен сұм әлi тiрi ме едiң? Көлге батып өлдi дегенi қайда? Аулақ, кәпiр, аулақ жүр! – деп, бажылдап үйдi басына көтередi. – Өзiң өлгенiңмен тұрмай, бiздi де құртайын деген екенсiң, сен иттi кiм шақырды? Қазiр комендантқа барып бәрiн айтам!

Проценко не дерiн бiлмей сасып қалады. Қамбаның астынан шыққан Дайнеко:

– Аузыңды жап, ит қатын, өз көрiңдi өзiң қазбақсың ба? Барып айтсаң, бәрiбiр бiздi де тiрi қалдырмайды! – деп, киiнiп жатқан әйелiн төмпештеп, төргi үйге қуып тығады. – Осыдан дыбысыңды шығаршы, басыңды балтамен мылжалап, шауып өлтiрем.

Қалтырап, өңi қашқан Дарка сонда да бетпақтығына салып, бажылдай бередi.

– Бұл бандитiңдi үйге қондырып, өле алмай жүрген жайым жоқ. Өлетiн болса, басқа жұртты шатпай, жөнiмен өлсiн! Сенiң жаның ашығанда, оның жаны саған неге ашымайды? Ағайын дейтiн болса – басымызды бәлеге салмай аулақ жүрсiн! – Осы кезде Дайнеко Дарканың сөзiне құлақ қойғандықтан ба, қабағы түйiлiп, Проценконың қасына келедi:

– Мына телогрейканы ал да, қараңды батыр! – дейдi ол. Проценко жалаңаяғын көрсетсе, ол тағы күңк ете қалады:

– Өзiң ит жанды неме екенсiң! Селоны жандармдардың қоршап алғанын көрiп тұрсың, олардан бәрiбiр құтыла алмайсың, аздан соң сенi өлтiредi, өлетiн адамға киiмнiң керегi не? Жоқ, бауырым, болмайды. – Ол Проценконың ренжiгенiн байқап: – Осыған да рақмет айт, әйтпесе… – деп қыр көрсетедi.

Бiз бұл жағдайдың бәрiн Вовчиково селосынан әдейiлеп келген ниеттес адамның бiрiнен естiдiк. Розовикпен ақылдастым. Екеумiздiң ойымыз бiр жерден шықты. Қайткенмен де жолдасты құтқаруға ұйғардық. Жеңiл шабақты арба тауып алып, үстiне шөп салып, Вовчиково селосына қарай тарттық. Село шетiне кешкi сағат он шамасында iлiктiк. Проценко тауық күркенiң iшiне тығылыпты. Бiздi көрiп, көзiне жас алды.

– Сендердi ұстап алуы ықтимал, неге келдiңдер? – дейдi. Сөзiнен қорқыныш та, қуаныш та сезiледi.

– Сенi алып кетуге келдiк! – Бiз таң ертеңгiсiн қайта қайттық. Селоның шетiне шыға бергенде, екi полицай кездесе кеттi. Проценконы одеялға орап, арбаның түбiне жатқыздық та, үстiне шөп тастағанбыз. Розовик арбаның шетiнде отырған. Делбенi мен ұстап келе жатқам. Полицайлар қолын көтерiп, жолды кес-кестеп тұра қалды. Бiреуiн танимын. Қанды қол Говкалло. Осының көзiн жояйық деп қанша айтсақ та, орайы келмей-ақ қойған. Ол тағы да жолымызды бөгеп тұр.

– Селоға неменеге келдiңдер? Қазiр қайда барасыңдар? – деп, Говкалло жөн сұрамай тергей жөнелдi. Розовик жауап қатып жатыр.

– Пан полицай, шешем науқас болған соң алыстан әдейiлеп дәрiгер шақырып едiм, ендi үйiне апарып тастайын деп бара жатырмын.

Екiншi полицай арбаның аржақ-бержағына шығып, қолын жүгiртiп қарайды, зәрем қалмай барады. Өйтiпбүйтiп сөзге айналдырам.

– Пан полицай, сiз менi танымай қалдыңыз ба? Баяғыдан берi таныс емес пе едiк. Уақытыңыз болса, келiңiз! – деп асты-үстiне түсiп, жалпақтап жатырмын.

– Мына бандиттi ұстаған соң сөзсiз барып қайтам, – деп Говкалло қоразданып тұр.

– Келiңiз, күтем! – деп, делбенi аттың сауырына салып қалдым. Жирен ат үркiп, арбаны сүйрей желе жөнелдi. Куәлiктерiн көрсетiп тұрған Розовик, сәл кiдiрiп, соңымнан жүгiре қуып жеттi. Арбаның үстiне секiрiп мiнiп:

– Гриша, бiр бәледен құтылдық, сiрә, жолымыз болатын шығар, – дедi.

– Жаңағы Говкалло ма? Дауысынан таныдым, оңбаған ит қолыма бiр түспей кеттi, – дедi шөптiң астында жатқан Проценко кiжiнiп.

– Селоға аман-сау жетейiк, аржағын көрермiз.

Переяславқа жеткенде құжынаған немiс әскерлерiнiң арасына кiрдiк те кеттiк. Таса, бұрылыс, соқпақпен жүрсек, күдiк туғызып алармыз, одан да ел жүрiп жатқан жолға түселiк деп, тас жолмен келе жатқанбыз. Қалаға кiре берiсте тоқтатып, куәлiгiмiздi тексердi. Куәлiктi Надежда Воронецкаяның старостадан алған қағазына жазғанбыз. Кресi бар фашистiк мөрдi көргенде, «Гут, гут» – деп жол бердi! Машина ма, зеңбiректер ме, тар көшеден бұрыла алмай сеңдей соғысады. Бастапқы колонна Харьковке қарай бет түзеп, көз ұшында кетiп барады. Куәлiктiң сенiмдiлiгi көңiлiмiздi көтердi.

– Әй, қайтедi мыналар, басып кетедi-ау! – деп, бұрылыстарда бажылдай қаламын. Немiс солдаттарының менiмен жұмысы болған жоқ, олардың көзiне жойқын күштердiң арасында жанын қорғалаған бiр бейшара секiлдi боп көрiнем. Сол күнi кештетiп селоға жеттiк. Ол кезде жұртта иман жоқ қой. Бұлар қаладан не әкелдi екен? – деп, үйлерiнiң алдына шығып әуестенiп қарап тұр. Мен шөптi түсiрген боп, арбаны аудара салдым. Проценко солпаң етiп жерге құлады. Оны шөппен бастырып жатып:

– Гриша, ымырт жабылғанша қозғалма, өзiм келiп айтармын қашан тұратыныңды, – дедiм.

– Жамбасым тасқа тидi ме, көзiмнен отым шықты! – Проценко күңкiлдеп жатыр.

Қас қарайғанда оны үйге алып кiрдiм. Вовчиково селосына жүрер алдында Проценконың сәтсiздiкке ұшырағаны туралы оқиғаны отрядқа хабарлаған едiм. Жағдайды анығырақ бiлiп қайту үшiн Надежда Воронецкаяны жiбе­рiптi. Екi кештiң арасында ол да жетiп келдi. Проценко болған оқиғаны айтып бердi.

Оқиға былай болыпты. Кезегiн атқарып қайтқан Проценко казармаға келедi. Өзгерiс жоқ, казарманың күнделiктi үйреншiктi тiршiлiгi. Бiреулер жұрттан алған шошқаның майын бөлiсе алмай, тиiстi үлесiн азсынып дау көтередi, бұрышқа жиналып алып, «жиырма бiрдi» соғып жатқандар бар. Бұл жақтың айқайы басым. Полицайдың көбi осында жиналып қалған. Проценко келгенде:

– Пан аға полицай, неге тұрсыз, отырыңыз, карта көтерiңiз, – деп, Говкалло сырылып орын бередi.

– Ойнай бiлмеймiн, әуестiгiм жоқ.

– Бiлмесең үйретемiз, көп болса жұрттан жинап алған бiр жетiлiк табысың кетер, – деп Говкалло жабыса түседi. «Мына иттiң сөзi қалай? Бұрын бүйтiп сөйлемейтiн едi, осы ит бiрдеменi сезiп жүрген жоқ па?» – деп Проценко сезiктенедi. Әйткенмен дау шығармай, сыпайы құтылғысы келедi.

– Бүгiн қалтама ақша салып шыққан жоқ едiм.

– Әңгiме ақшада емес, пан полицай, ақшаң жоқ болса, қызыңды тiк, бiз тәкаппар жандар емеспiз.

– Әй, сен не тантып тұрсың, қайдағы қызды айтасың!

– Немене, бiлмейсiң бе? Анау Козино селосындағы қызды айтам, өзiңдi жалықтырған жоқ па? Меншiктене бермей, бiзге де дәмiн татырсаңшы. – Говкалло Проценконың түйiлген түрiнен қорқып кетедi. Шегiншектей түседi. – Ой, өзiң әзiлдi бiлмейдi екенсiң. Мен саған жаман сөз айтқаным жоқ қой.

Проценко құлаштап тұрып салып жiбередi. Говкалло

тiлiн тартпайды, бажылдай түседi.

– Ол немеңдi бiлемiн… Ол – қызылдардың агентi. Оған несiне қимаң қышиды. Мен сенi сыйлап айтпай жүрсем. Ендi өлмесең ома қап. Түсiндiң бе?

Полицайлар жиналып қалады. Кейбiреулер Проценкоға сенiмсiз түрмен таңырқай қарайды. Бұл күдiктi қайткенмен де сейiлту керек. Проценко аға полицай ғой, Говкаллоны желкесiнен бүрiп көтерiп, қабырғаға тұрғызып қояды.

– Сен ит өзiңе жақпаған кiсiнiң бәрiн большевиктiң агентi, партизандарға ниеттес деп байбалам саласың, сенiң зұлымдық тәсiлiң белгiлi, – деп, Говкаллоның өзiне жала жауып құтылғысы келедi. – Елдiң наразылығын қоздырып, немiске қарсы өршелендiре түспек ойың бар. Жұрттың бәрiн партизандарға кетсiн деп жүрсiң ғой. Бiлем, сенiң түпкi ойыңды.

Бiр-екi полицай Проценконы жақтап, оның сөзiн үрлей түседi.

– Партизандардан жақтас тапсам, жаным қала ма деп жүр екен ғой бұл ит!

– Бәсе, белсендi бола қалушы едi, осындай арам ойы бар екен ғой. Өзiн берi алып шықшы!

– Бiздi екi жаққа бiрдей сатып, өзi құтылмақ! Ә-ә, – өзiнiң әкесiн танытайық! – деп полицайлар кеу-кеулеп кетедi. Жағдайының нашарлығын байқаған Говкалло өзi келiп, Проценкодан кешiрiм сұрайды.

– Ашуға берiлiп, аузымнан шыққан сөздi бiлмей қалыппын. Оған өзiң де кiнәлiсiң. Көптiң көзiнше ұрғаның не? Мен қатының емес, полицаймын, бұдан былай шекiсудi қоялық. Жайылатын өрiсiмiз, күйсейтiн күйiмiз бiр, қызылдар келсе, екеумiздi бiрдей дарға асады, талғамайды, қайткенмен де тағдырымыз бiр. Одан да септесiп күн кешелiк. Сен кешсең, мен қойдым, әкел қолыңды! – дейдi.

Осыдан соң бiр жетi өтедi. Проценконың күдiгi сейiледi. Сол түнi күзеттен кеш қайтады. Түнде бетiне шақшиып түскен шамның жарығынан көзi ұялып тұрғанда, екi қолына кiсен салынғанын көредi. Гестапошылар оны бөлек тас үйге апарып қамайды. Тергеу үстiнде топтағы адамдардын бәрi тұтқынға алынғанын көредi…

– Аржағы өздерiңе белгiлi ғой, айтпай-ақ қояйын! – деп, Проценко аса қиналған түрмен күрсiндi. – Мен солардың бәрiнiң бiрдей тұтқындалғанына таңым бар.

– Бұл iске тартылған адамдар тiзiмiн кiм бiлетiн едi? – деп Розовик екеумiз жарыса сұрадық.

– Әрине, Беляев пен Киселевтер бiледi, – дедi Проценко, – мен олармен әрбiр адам жөнiнде кеңесiп отырдым ғой.

– Оларды сол топтағы адамдармен бiрге қамады ма?

– Ия, – дедi Проценко күрсiнiп, – бiздi кiм ұстап бергенiне ақылым жетпейдi. Бiреуден көрейiн десең, о да азап шегiп қамауда отыр, түсiнбеймiн.

– Жеке камерасы тастан соғылған деушi едi, одан қалай құтылдыңыз? – деп сұрады әңгiменi бар ықыласымен бөлмей тыңдап отырған Надежда таңданған пiшiнмен.

– Ол қапастан құтылам деп ойлаған жоқ едiм. Тататын дәмiм бар ма, әйтеуiр солай боп шықты ғой. Менi немiстердiң өзi күзеттi. Үкiмдi алдында естiрткен. Дарға асты не, оқтан өлгенi не – өлетiн кiсiге бәрi-бiр емес пе?! Күзетшiден дәретханаға апаруды сұрадым. Шаңқай түсте қашады деп ойламады бiлем, артымда жалыққан жандай iлбiп келе жатты. Қашаға тақай бергенде, қолындағы мылтығын тартып алдым да, найзамен бiр-екi түйреп, дуалдың аржағына ытып шықтым. Алғаш күзетшiнiң ыңырсыған дауысын есiттiм. Ұзап кеткенде, айдалада далақтап қашып бара жатқан кiсiнi көргенде барып немiстер қуғыншы шығарды. Бiрақ кеш қимылдады. Трубеж көлiне жетiп, орман шетiне iлiккеннен кейiн:

– Ей адамдар, мен құтылдым! – деп бар дауысыммен айқай салдым.

Бар әңгiме осы.

Бiз Проценконың әңгiмесiн тыңдағаннан кейiн бiрсыпыра үнсiз отырып қалдық. Бұлардың аяқ астынан әшкереленуi өткен жолы орман iшiнде фашистердiң тұтқиылдан жасаған соққысынан кем болған жоқ. Проценконың тобынан зор үмiт күткен едiк. Арада жүрген опасыздық ылаңынан бiз тағы да таяқ жедiк. Большевиктердiң ұясын талқандадың деп, гитлершiлдер тағы жар салып жатыр. Опасыздық жасап жүрген кiм? Баяғыда өткен бiр мәжiлiсте Қайсенов:

– Дұшпанды алыстан емес, өз iшiмiзден iздеу керек. Әйтеуiр бiздiң бiреумiз фашистке сатылған адамбыз. Әйтпесе, немiстер Астыртын комитеттегi жайды түгелдей бiлмес едi! – деген-дi. Мен бұл оқиғаға қатысты адамдардың бәрiн көз алдымнан өткiздiм. Проценконың шаруасына тiкелей араласып жүрген кiсi – үшеумiз. Екеуi – Беляев пен Киселев те, бiреуi – мен. Ал анау екеуi топтың адамдарымен бiрге түрмеде отыр! Сонда қалай болып шығады? Осы ойымды Примак пен Ломакоға айтқанымда:

– Сен босқа бас қатырма, – дедi Ломако ренжiп. – Опасыз адамның түрмеде де отыруы ықтимал. Бостандықта жүргеннен гөрi ол онда көбiрек мәлiмет жинайды! – Бұл сөздiң мәнiн сол кезде ұға қойғаным жоқ, жай айта салған сөз шығар дедiм. Бар шындықты кейiн бiлдiк қой. Арамыздағы опасыз адам – Киселев екен. Тергеу кезiнде ол бәрiн мойнына алды…

Бiрақ ол кезде бiз өзiмiзге кешiрiм берген жоқпыз. Екi бiрдей соққыға ұшырасақ та, дұшпанды мұқатуды ойладық. Бұған Проценконың сөзi қамшы болды.

– Алеша, – дедi ол төмен қарап мұңайып. – Отрядқа жiберем дейсiң, онда не бетiммен барамын, жолдастарымның бәрi жау қолында қалды. Қарақан басымның аман қалғанына мәз болам ба? Жоқ, мен бармаймын.

– Егер бармасаң, фашистер бәрiмiздi де дарға асады, ешкiмдi есiркемейдi, осыны тiлесең өзiң бiл!

– Сiздер онсыз да өлiмге басты байлап, менi құтқардыңыздар, бұған рақмет, – деп күмiлжiдi Проценко, – әрине, түбi отрядқа барам ғой. Бiрақ мен дұшпаннан да, арамыздағы опасыздан да кегiмдi бiр алып қалсам деймiн. Сiздер маған тек қопарғыш тауып берсеңдер болғаны – қалғанын өзiм жайлаймын.

– Не iстегiң келiп отыр сонда? – Гестапоның үйiн қопармақсың ба? – деп сұрады Розовик.

– Жоқ, ол емес, – деп Проценко еңсесiн көтердi. – Оның қаңыраған үйiн қайтем. Григоровканың тұсындағы жайлақта немiстердiң тiркеме баржасы тұр. Оқ-дәрi тиеп жатқанына бiрнеше күн болды. Мен онда болғам, оған баратын таса жолды да бiлем. Айттым ғой, тек қопарғыш тауып берсеңдер болғаны.

Бiз ойланып қалдық. Әр баржаның өзiнде жүздеген мың тонна жүк бар. Оның көзiн жоя алсаң, немiстерге үлкен нұқсан келтiрер едiк. Әрине, бұл жалғыз кiсiнiң қолынан келмейдi. Қарулы топтың қайсарлы әрекетiн тiлейдi. Оның үстiне жаумен бетпе-бет кездескенде ойламаған жерден әрқилы окиғалар болуы да мүмкiн…

– Гриша, мен жiгiттермен ақылдасып көрейiн! – дедiм. Сол түнi Надежда мен Розовиктi лагерьге қайта қайтардық. Надежда «Өзiм-ақ барамын, жолды бiлемiн ғой» деп едi, оның мұнысына келiспей, Розовиктi қосып жiбердiк. Проценконың күндiз-түнi абыржып, тынышы кеттi. Қолын артына ұстап, үйдiң iшiнде әрi-берi жүредi де:

– Алеша, олар бiздiң ұсынысымызды мақұлдай ма, сiз қалай ойлайсыз? – деп, менiң қарсы алдыма тоқтай қалады.

– Өткен ұрыста көп адамдардан айрылдық. Осыдан соң кiсiлердiң көңiл-күйлерiнiң қалай екенiн бiлмеймiн. Өздерi жай-жапсарды бiлiп, ақылға салып көрер.

Осылай отрядтан хабар күтiп отырғанбыз. Арада бiраз күн өттi. Бiр күнi қас қарайған мезгiлде ғой деймiн, бүкiл селоның иттерiн шулатып бiр топ полицай жетiп келдi. Әуелде олар айқайлап, әлдебiреулердi боқтап, селоның шетiне шықты да, қайта бұрылды. Сабалақ жүн, ала қаншық өршелене үрiп, фургоннан қалмай келедi. Мылтық атылғанда құйрығын бұтына қысып, қыңсылап, айдалаға қаша жөнеледi. Полицайлар үйдiң сыртына сарт-сұрт түсiп жатыр. Өздерi мұздай қаруланған.

– Менi алып кетуге келген екен! – дедi сұп-сұр боп өңi қашқан Проценко наганын кезеп. – Олар есiктi ашып, үйге лап қойғанша, сiз терезенi бұзып қашыңыз, алты оғым бар, жолын бөгей тұрамын.

– Ал сен ше? Жоқ, мен ешқайда бармаймын, не болса да бiрге көремiз! – деп, матрастың iшiне тығып қойған наганды суырып алдым. Екеумiз төргi үйдiң екi жақ босағасында тұрмыз. Атойлап келген полицайлар жым бола қалды. Сыртта күбiр-күбiр сөздер естiледi.

– Сарайдың iшiн қарауға кеттi бiлем! – дедi Проценко сыбырлап. Аз тыныштықтың өзi бiздi езiп жiбергендей болды. Не жасаса да тезiрек болса екен деп тұрмыз. Әлден уақытта бiреу терезенi соққандай болды. Шартты белгiмен ұрады.

– Бұл кiм?! – Дауысымның қалай қатты шыққанын бiлмей қалдым.

– Өзiмiз, ашыңдар! – дейдi. Үнi таныс секiлдi. Жаудың iшiнде жұмыс iстеу қиын ғой. Кейде өз адамдарыңнан қорқасың. Бұл жолы да солай болды. Есiктi ашқанымда наганы жамбасынан салаңдаған бiреу алшаңдай басып кiрдi.

– Немене, танымай тұрсың ба?

Ендi ғана есiмдi жидым.

– Вася! – деп құшақтай алдым. Сөйтсем, өзiмiздiң Қасым Қайсенов екен.

– Әй, өздерiңнiң имандарыңды ұшырдым-ау! – деп, қарқылдап күледi. Бәрiмiз мәз боп жатырмыз. Күлкi де кiсiге қуат бередi екен, – жадырап қалдық. Қайсенов ендi ғана жаны жай тапқан Проценкоға көзiнiң ұшымен қиғаштай қарап:

– Хал қалай? – деп, болған оқиғаларды қысқаша сұрап бiлдi де: – Опасыздар болмаса, бұл жерге әлде қашан Совет өкiметiн орнатқан болар едiк. Қайда барсаң да қырсығын тигiзедi, бұл иттер! Оқасы жоқ, олардан да өш алатын кез келер, одан да iске көшелiк. Баржаға қай тұстан барған ыңғайлы деп ойлайсың! – деп iске көштi. Проценко көргенбiлгенiн айтып жатыр.

– Онда уақытты бекер өткiзбейiк, «полицайдың» мұнда көбiрек аялдағанына күдiк келтiрiп жүрер, кеттiк! – дедi Қайсенов жұртты асықтырып. – Сiз де жиналыңыз, Алексей Васильевич, – дедi маған. – Мұнда ендi қалуға болмайды. «Бәрi орманға кетсiн» – деген жарлық бар.

Мен де жолға шығуға жиналдым. Баржа Днепрдiң оң жағындағы жайлаққа тақау тұр. Өзi дөңкиiп төбе секiлдi көрiнедi.

– Аржаққа қалай өтемiз? – дедi Проценко Қайсеновке сыбырлап.

– Бiз «полицай» емеспiз бе? Несiне сескенемiз. Паромды күтпей-ақ қайықпен өтелiк! – дедi Қайсенов.

Қайсенов пен Проценко бiр жiгiттi ертiп, аржаққа өттi. Жағада бiреулерге жолықты ма, тымық түнде сөйлеген сөздерi естiледi. Жүрек лүпiлдеп алқымға тығылады, сазарып аржаққа көз тiгемiз. Бiрталай уақыт өттi. Түн қоюлана түстi. Айнала төңiрек тым-тырыс. Аржақтан әлi хабар жоқ. Бұлар қайда жоғалып кеттi деймiз. Бiр мезгiлде өзен суы шолп-шолп еткендей болды. Бiреулер ескек есiп келе жатқан секiлдi. Күбiрлеген сөздерi естiледi. Сол-ақ екен, аржақтан айқай көтерiлдi, ракеталар қос-қосынан аспанға атылды, оқтар өзенге түсiп, быж ете қалады. Фашистер баржа жақтан бергi жағаға жетiп қалған қайықты атқылап жатыр. Оқ борап кеттi, қайық үстiнде абыржыған дауыстар естiлдi.

– Вася, секiр, қайықты таста! – деп айқай салдым. Өзеннiң бергi жағасы қайраң, қорбиып нысана болғаннан гөрi, сүңгiген тәуiр ғой. Дұшпанның бетiн өзiмiзге қаратпақ боп, пулеметтен оқты ұзағырақ бората атып жiбердiк. Өзеннiң арғы бетiнен гүрiлдеген мотор қайықтардың үнi естiлдi.

– Вася, Гриша, тезiрек! – деп, фургонға жете бергенде, су болған үшеуiн бiрдей көтерiп алдық.

– Амансыңдар ма өздерiң?

– Бәрi жақсы! – дедi Қайсенов ентiге дем алып. – Жағадан жылжи бергенiмiзде, аржақтан қою жалын лап етiп аспанға атылды да, әлдебiр нәрсе күрс етiп жарылды. Снарядтар да тасырлап жарыла бастады.

– Уһ! – деп, Проценко үстiнен ауыр жүк түскендей Қайсеновке қарай құлай кеттi. – Вася, мина жақсы жұмыс iстедi. Снарядтардың дәл түбiне қойғанымыз мұндай тәуiр болар ма?! Тыңдашы, әлi жарылып жатыр! Былай шыққан соң аттың басын қоя берiп, жайбарақат әңгiмеге көштiк.

– Кешiгiп қалғандарыңа қорқып, сiрә, күзетшiлер көп болып, жол бөгеген шығар деп едiк

– Жоқ-ә, – деп Вася қолын сермедi. – Күзетшiнi барған сәтте-ақ жайраттық, қауқар жасауға мұршасы да келмедi. Тезiрек кетейiк деп едiм, мына Гришаның өнер шығарғаны – «Вася өз қолымыздан жалау тiгiп кетейiк, соны ойлап әдейi қызыл мата алып шығып едiм, фашистер партизандарды жойдық, ендi бас көтермейдi деп жүр, сөйткенде баржаның батпақ жерiнде қызыл жалаудың желбiреп тұрғанын көрсiн!» – деп болмады. Бұл ұсыныс маған ұнады. Жалауды қадайтын ыңғайлы ағашты таба алмай жүрiп қалғанымыз.

Мен Қайсенов пен Проценконың дөңкиген алып денелерiн құшақтап тұрып:

– Адамдар, сендер өздерiңдi азат етушi, бақытты болашақ үшiн күресушi, еркiндiк туын тiгушi батырларды көрдiңдер ме? Олар мiне, менiң қасымда отыр! – деп әлемге айқайлап, жар салғым келдi. Бiрақ бұл алып тұлғалар менiң құшағыма сыймайтын сияқты едi. Тек жүрекпен сүйiп, елжiреп, аса бiр ләззатпен қарай берем, күш те, құдiрет те, жақсылық та, әдемiлiк те осы екеуiнiң бойынан табылғандай. Ертең село тұрғындары биiк шынар басына iлiнген Қызыл жалауды көргенде не дер екен?! Бұл Қызыл жалау қырда ескен қызыл шоқ гүлдей көрiнбей ме?! Өйткенi бiз Қызыл жалаумен бақыт таңын атырдық, Қызыл жалаумен есейiп ержеттiк, ел болдық, ендi Қызыл жалау астында адамзат дұшпанына қарсы күресiп жүрмiз

Жағада жалау желбiреп тұр. Ол азат күннiң алыс емес екенiн бiлдiргендей, алаулап толқи түседi.

Қызыл ту бiздердi жаңа күреске жiгерлендiрдi.

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...