Кемел Тоқаев. ҚАР ҮСТIНДЕГI ҚАН

Бiз Проценконы асықтыра бастадық. Астыртын комитеттiң жоспары бойынша Проценко өз тобымен Переяслав қаласындағы полиция батальонын қарусыздандырып, орманға кетуге тиiс. Мұндағы мақсат полиция батальонын жою ғана емес, сонымен бiрге немiске қызмет етiп жүрген адамдарға үрей туғызу, араларына iрткi салу, Отан алдында опасыздық жасаудың кешiрiлмейтiнiн сездiру едi. Астыртын комитеттiң арнаулы тапсырмасын алып, Дмитрий Никитич Яковец Переяславқа кеткен болатын.

Яковец соғыстың алдында Григорьевка селосындағы орта мектептiң директоры болып iстеген. Ал Астыртын комитет сол Григорьевка селосына орналасқан едi. Яковецке жұрттың көзiне көп түсе берме деп насихат еткенбiз. Жарты жыл бойы жоқ боп кеткен кiсiнiң қайта оралуын кiмнiң қалай ұғарын бiлу қиын ғой. Переяслав қаласынан қайтарда ол Григорьевкаға бармай, жол үстiндегi бiздiң Козино селосына соғып, ондағы жайды маған айтпақшы едi. Оның хабарын комитет мүшелерiне мен жеткiзбекшi болатынмын. Яковецтiң келуiн асыға күтiп отырғам.

Түс әлетiнде есiктен екеу кiрдi. Бiреуiн танимын: көршi селода астыртын комитет мүшесiнiң үйiне тығылып жүрген Николай Михайлович Попов деген еврейге ұқсас жас жiгiт болатын, сол екен. Екiншiсi – шомбал қара бiреу.

Именбей, алшаңдай басып, төргi бөлмеге келiп, менiң қолымды алып:

– Танысып қояйық, атым Вася! Сiздiң атыңыз кiм? – дедi.

– Алексей Васильевич, фамилиям Крячек, – дедiм, өзiмдi таныстырып.

– Дәрiгерсiз ғой?

– Ия.

– Жұмыс iстегенiңiзге көп болды ма?

– Неге тұрсыздар, отырыңыздар, – деп қонақтарды жайластырып, берген сұрақтарына жауап берiп жатырмын. – Қалай дейiн, көп те, аз да емес, институтты бiтiргеннен берi қызмет iстеп келемiн ғой, биыл үшiншi жыл.

– Тәжiрибе мол ма?

– Оны қайдан бiлейiн, әйтеуiр өз бетiмiзше жұмыс iстеп жатырмын ғой, – деймiн. Ол өзiнiң сақтығына басып, басқа бөлменi көруге кеткенде, Поповтан:

– Николай Михайлович, тақақтап жан алып бара жатқан мына қаба сақал цыганың кiм? – деп сұрадым.

– Тсс-сс, ақырын, – деп, Попов саусағын ернiне апарды. – Бұл кiсi цыган емес, қазақ, Үлкен жерден арнаулы тапсырмамен әдейi келген адам.

– Аты кiм өзiнiң?

– Қасым Қайсенов деген кiсiң осы болады.

– Вася деген бүркеншек атпен жүрген осы кiсi ме едi, естуiм бар, ия-ия, солай, жаңылмасам, Ломаконың аузынан есiттiм ғой деймiн. Немiстiң эшелонын қиратқан осылар ғой.

– Сол кiсi осы болады! – дедi Попов тағы да.

– Николай, неменеге сыбырлап тұрсыңдар, сөздерiңдi немiстер естiп қояды деп қорқасыңдар ма? – деп Қайсенов қарқылдап күлiп, бiздiң қасымызға келдi.

– Вася, отырыңыз! – деп, аты-жөнiн бiлген соң жаным қалмай жүр. Құмыраның аузын ашып, қияр мен помидорды турап та жiбердiм. Дастарқан үстiндегi әңгiме қысқа болды. Ел арасында есiмi аңызға айналған адаммен сөйлесу үлкен қуаныш, ләззат қой. Қайсенов асығыс екен.

– Киевтен көп дәрi-дәрмек әкелдi деп естiген едiм. Жаңылыс айтып отырған жоқпын ба, Алексей Васильевич? – дедi.

– Жоқ, Вася, алып келгенiм рас.

– Қаншасын жараттыңыз?

– Азын-аулағы жұмсалды, қазiр аурулар, жаралылар көп қой, емдемесе болмайды, – дедiм мен жайды түсiндiрiп.

– Бiздiң партизандарға оқ-дәрi қандай қажет болса, дәрiдәрмек те сондай керек. Үнемдеп жұмсаңыз, зәру боп қап жүрмейiк.

– Жақсы, – дедiм мен басымды изеп.

Қайсеновтер кеткеннен кейiн үйде елегiзiп отыра алмадым. Далаға қайта-қайта шығып, қала жаққа көз тiгемiн. Яковец бүгiн оралмақшы болатын. Бiрақ ол бұл күнi де, ертеңiнде де келмедi. Өзi ұсталып қалды ма, әлде Проценконың тобы бiр бәлеге ұшырады ма? Кешiктi ғой, – деген ой мазалайды менi. Әрi-сәрi күйде отырғанымда, үшiншi күн дегенде, қас қарая өзiмiздiң байланысшы қыз Лена жетiп келдi. Тұмшалап байлаған орамалын лақтырып тастап, бiр ожау суық суды сiмiрiп алды да, отырмастан:

– Алексей Васильевич, – дедi маған сүзiле қарап. – Яковец әлi келген жоқ па?

– Келсе, өзiм-ақ хабарламаймын ба? – деп, өзiмнiң де күйзелiп отырғанымды сездiргендей болдым. Ленаның қабағы түсiп кеттi.

– Ендеше, жағдай қиын болды. Бiз Яковец құтылған екен деп ойлаған едiк.

– Не боп қалды, айтсаңшы жұмбақтамай? – дедiм мен бiр жайсыз жайдың шетiн байқап.

«Менi кiм аңдып, iзiме түсiп жүр дейсiң. Тығыла-тығыла жолдастардан да ұят болды. Сақтанғанмен жан қала ма? Мен секiлдi мұғалiмдердiң бiрқатары бос жүр ғой, қайсыбiрiн ұстап жатыр. Мен де солардың бiрi емеспiн бе?» – деп өзiне-өзi демеу берген Дмитрий Никитич Яковец тапсырманың асығыстығын ойлайды да, жолда маған соқпай Григорьевкаға тiке тартады. Ол магазиннiң алдын кесiп өтедi. Оның iшi-сырты толған адам. Солармен бiрге Лена да болады. Яковец магазиннiң тұсынан өте бергенде, полицай қол бұлғап тоқтатады.

– Әй, ақымақ, берi кел!

Яковец ендi не iстеймiн дегендей Ленаға бiр қарайды. Қалтасында наган мен жұртқа тараған листовканың текстi болмаса, сескенбес те едi. Не iстеу керек? Полицайдың сөзi басқа бiреуге айтылғандай, Яковец елемей өз бетiмен аяңдап жүре бередi.

– Әй, малғұн, мен саған айтып тұрмын. Саңыраумысың өзiң? – деп полицай, соңынан жүгiрiп, мылтықты үстiнен асыра атады. Яковец ендi бұлардан құтылмайтынын бiледi. Наганын суырып алып, жалт бұрылады да, далақтап жүгiрiп келе жатқан полицайды басып қалады. Полицай қалпақтай ұшады. Ендi мұның соңына екi немiс солдаты және бiрнеше полицай түседi. Яковец селоны орағыта батпақты көлге қарай бұрылады. Лена олардың қарасы үзiлгенше қарап тұрады. Оның айтуынша, атылған оқтың дауысы көпке дейiн, ымырт жабылғанша басылмайды.

– Сөйтiп жете алмап па? – дедiм мен шыдамай.

– Ұстауын ұстай алмапты, – дедi Лена. – Бiрақ қашқан кезде пальтосын батпаққа тастап кетiптi деп естiдiк. Қалтасында қағаздары болмаса жарар едi. Ия, айтқандай, бүгiн машина толы жандармдар Харьковец селосына кетiптi деп есiттiм.

– Ол селода кiмдер бар едi?

– Астыртын ұйымнан ешкiм жоқ. Дмитрий Никитичтiң семьясы сонда ғой…

– Оның үй-iшiне күдiк келтiру үшiн бiр себеп керек емес пе?

– Қайдан бiлейiн. – Лена бiр сәт үнсiз отырды. – Пальтосынан бiрдеңе тапты ма деп күдiктенiп отырғаным да сол ғой…

Лена екеумiз бiрталай уақыт үнсiз отырдық. Екеумiз де аяқ астынан дұшпанға кезiгiп қалған жолдастың тағдырын ойлаймыз, оның басын торлаған бұлтты қалай сейiлтсек екен деймiз.

– Мен өз тарапымнан жiгiттерге айтып көрейiн. Алдымен Яковецтiң қайда екенiн анықтау керек. Ал өздерiңде жаңалық болса, хабарлап тұрасыңдар, – дедім мен Ленаға.

… Соңғы апта астыртын ұйымдағы адамдар үшiн аса ауыр күйде өттi. Үстi батпақ пен суға малынған Яковец: «Бөгде кiсi тез көзге түсе қалатын село емес, қанша айтқанмен қала ғой», – деп Переяславқа қарай тартады. Бiрақ қала iшiне енуге батылы бармай, бiр үйдiң есiгiн қағады. Орта жастағы әйел есiк ашады. Яковецтiң түрiн көрiп, шошынған әйел:

– Сiзге кiм керек? – деп, есiктi қайта жаппақ болады.

– Бiр сәт тоқтай тұрыңызшы, – деп жалына отырып, Яковец ойдан шығарған оқиғасын баяндай жөнеледi.

– Жолдастармен бiрге базар аралауға шығып едiк. Самогон iшiп, мас болған кiсi оңа ма? Жолда төбелесiппiз. Сонсоң тағы да отырып iшкенiмiздi бiлемiн. Бiр кезде көзiмдi ашсам, шалшықта жығылып жатырмын. Жолдастарымның бiрi жоқ, сiрә, оларға тiл тигiзiп алсам керек… Ең болмаса үстi-басымды кептiрiп, жылынып шығуға рұқсат етiңiз, мына күймен үйге бару да ыңғайсыз…

Әйел селқостау түрмен, үнсiз үйге кiргiзедi. Түпкi жақтан еркектiң өктем дауысы естiледi:

– Ей, қатын, кiммен сөйлесiп жатырсың? Қонақ па? Кiргiз-кiргiз. – Сәлден соң қолын қалтасына салған үй иесiнiң өзi бөлмеден шығады. Әуелi Яковецке сұстана тұнжырай қараған ол, аздан соң жүзiн жылытып, көзi күлiмдей бастайды:

– Бауырым, қайдан жүрсiң?

Яковец әйелге айтқан сөздерiн бұған да қайталайды. Үй иесi Яковецтiң қисынсыз сөзiне сенгендей пiшiнмен:

– Арақ шiркiннiң кейде кiсiнi құтыртып жiберетiн ашуы бар, байқап iшпесе болмайды, оқасы жоқ, өткен iске өкiнбе. Клава, – деп әйелiне дауыстайды.

– Тегенеге ыстық су құйып бер. Жуынып-шайынып алсын. Үйде осындайда жылына қоятын горилкаң да болмайды, қой, мен көршiлерге барып қайтайын, – деп үй иесi самогон iздеп кетедi. Оның тез шығып кеткенiнен сезiктенгенмен, Яковец не де болса ақырын күтейiн деген оймен сырт киiмiн ауыстырып, жуына бастайды. Көп кешiкпей бiр шөлмектi мойнынан қысып ұстап, үй иесi де оралады. Қажып келген Яковец самогон iшкеннен кейiн қатып ұйықтап кетедi. Түн ортасында бiреу жұлқылап оятады, көзiн ашса, – үйдiң iшi толған полицай. Дыбысын шығартпай, айдап әкетедi…

Мен бұл жайлардың бәрiн қаладан келген Проценкодан есiттiм. Лена кеткен соң оны Переяславтан әдейi шақыртқан едiм.

– Яковецтiң ол үйге келгенiн полицайлар қайдан бiлген? Әлде бiреу оларға жеткiзген бе? – дедiм мен Проценкоға.

– Қазiр дәл айту қиын, Алексей Васильевич, сiрә, итпен iзiне түскен бе деймiн… – дедi Проценко.

– Қайткенмен де анықтаған жөн. Егер үйдiң иесi опасыздық жасаса, оны бiлейiк, алдағы уақытта ол үйден жолдастарды сақтандырып жүрейiк, – дедiм де, – Яковецтен жауап алып па екен? – деп сұрадым.

– Жоқ, – дедi Проценко. – Тергеудi Григорьевкада жүргiзедi деген дерек бар. Оның бұрын сонда iстегенiн бiлетiн тәрiздi.

– Сен аға полицайсың ғой, сол лауазымыңды осы жерде бiр кәдеге жарат, Яковецтi тергеуге дейiн босатып алу керек. Оны қалай жасауын өзiң ойластыр. Бiзге оны қашан әкететiнiн хабарла.

– Байқап көрелiк, – дедi Проценко кең тыныс ала орнынан түрегелiп. – Негiзгi жұмысқа кедергi келтiрiп жүрмесе болғаны, маған бәрiбiр.

– Жолдастың тағдырына қалай болса солай қарауға болмайды, Гриша, – дедiм мен. – Тергеу басталып кетсе, арты неге соғарын кiм бiледi. Оны селода бiлетiн адамдар көп. Бiрi болмаса бiрi бүлдiрiп жүрер. Онда жағдайымыз мүлде қиындап кетуi мүмкiн.

– Түсiнем, Алексей Васильевич, – дедi Проценко менiмен қоштасып жатып.

Екiншi күнi түнде Григорьевкаға алып бара жатқан жолда Яковецтi құтқарып алдық. Оны құтқарып алу онша қиынға түскен жоқ.

… Қару-жарақ асынған жандармдар мен полицайлар үйге сау етiп жетiп келгенде, Яковецтiң әйелi Марияның түсi бұзылып, сұрланып кетедi. Ол өзiн ұстауға осынша адам келедi деп ойламаған ғой. Қызын құшақтап, төргi үйдiң бұрышына барып тығылады. Алдымен күйеуiне бiр нәрсе болды ма деп үрейленедi. Машинадан мылтықтарын кезеп жүгiре түскен жандармдар мен полицайлар жан-жаққа бытырап, сарайды, қамбаны тiнтiп, әп-сәтте қуыршақтай жинақы үйдiң астан-кестенiн шығарады. Ырық бермей бұлқынған Марияны сүйрелеп, жұлмалап, екi жасар Раисаны шырылдатып, немiс офицерiнiң алдына алып келедi.

– Күйеуiңiз қайда? Соңғы жолы оны қашан көрдiңiз? – деп офицер сұрақты тiке қояды. Марияның көңiлi ендi орнына түседi: Яковец немiстердiң қолына түссе, бұлай сұрақ қоймас едi. Күйеуiнiң амандығына көңiлi ептеп жадыраған секiлденедi. Бiрақ бұлардың тықақтап сұрауына қарағанда, күйеуiнiң немен шұғылданып жүргенiн немiстер бiлгенге ұқсайды, не де болса үндемей құтылайын деп, Мария баласын бауырына басқан күйi сазарады да қалады.

– Неге үндемейсiз? Әлде мылқау немесе саңыраусыз ба? Мен сiздi сөзуар адам деп есiткен едiм. Күйеуiңiздiң қайда екенiн айтсаңыз болды, сiзге ештеңе iстемеймiз.

– Мен ешнәрсе бiлмеймiн, офицер мырза! – деп Мария қалтырап жауап қатады.

– Өз күйеуiңiздiң қайда екенiн де бiлмейсiз? Ғажапғажап! Мейлi, солай-ақ болсын, онда сiз оның жақын жолдастарын атаңыз?

– Қандай жолдастарын сұрайсыз?

– Айталық, өздерiңiзбен жиi қатынасып тұратын адамдарды айтам.

– Қазiр бiздiң үйге ешкiм де келмейдi, ал бұрынғылары есiмде жоқ…

– Ұмытшағын қарай гөр мұның! – Офицер орнынан атып тұрып, Марияны жағасынан ұстап өзiне тартып, бетiне салып-салып жiбередi, – Түстi ме есiңе! Күйеуiң қайда,

жолдастары кiм? Тез айт, әйтпесе бұдан зорды да көресiң, – деп тағы да беттен тартып жiбередi.

Әлгiнде тығыларға жер таппай үрейленiп тұрған Мария, денесiне таяқ тигенде бойын тез жинап, қатайып алады.

– Менен жауап күтпей-ақ қой, саған айтар дәнемем де жоқ! – деп Мария қасарыса түседi. Осы тұста мен Алексей Васильевичтiң әңгiмесiн бөлдiм:

– Мария шынымен Яковецтiң жолдастарын бiлмейтiн бе едi?

– Неге бiлмесiн! – деп Алексей Васильевич сөзiн жалғастырды. – Яковецке келiп жүрген комитет мүшелерiнiң, сондай-ақ ниеттес адамдардың бәрiн бiлетiн… Сол күнi Марияны қатты азаптапты. Бiрақ ол сыр шашпапты…

Бұл кезде Дмитрий Никитич бiздiң селода едi. Ол немiстердiң Марияға көрсеткен қорлығын бiлген жоқты. Бұл оқиғаны одан жасырдық, қамкөңiлiн жасытпайық дедiк. Бiрақ Яковец маған ертемен келiп:

– Алексей Васильевич, түнi бойы, неге екенi белгiсiз кiрпiк қақпадым. Мария мен Раиса көз алдымнан кетпей қойды. Соларға кесiрiм тиiп жүре ме деп қорқам. Сен қалай ойлайсың! – дедi. Мен не айтарымды бiлмедiм. Бiрге жүрген жолдасты алдап, өтiрiк айтудың қисынын таппадым. Мария тұрған селодан әлгiнде ғана хабар алған едiк: немiстер селоның астан-кестенiн шығарып, тiнтiп, күдiктенген адамдарды Яковецтiң үйiнiң маңына жинап жатыр, селоға бас сұғуға болмайды деп естiгенбiз.

Бiздiң астыртын топқа партизан отрядына сенiмдi адамдар тартумен бiрге, немiс әскерлерiнiң бет алысын, қимылын бақылап, комитетке хабарлап отыру мiндеттелген. Маған бүгiн Розовик келуге тиiс едi. Ол бiр немiс әйелмен танысып, сол арқылы Переяслав қаласының гебитскомиссарынан тиiстi документтер алған болатын. Розовик еркiн жүрiп тұратын. Өйткенi немiстер фольксдойч атаулыны өздерiне тiрек тұтатын.

– Дмитрий Никитич, қазiр маған Кирилл Розовик келуге тиiс, күтейiк. Қаладағылар көп нәрседен хабардар ғой, – дедiм мен.

Яковец менiң тiке жауаптан жалтарғанымды сезiп:

– Алексей Васильевич, жасырмай шыныңызды айты­ңызшы, Мария тiрi ме? – дедi.

– Селода жандармдар толып жүрген көрiнедi. Анығын бiле алмадық. Бiрақ немiстердiң Марияда не жұмысы бар, ақырын тосалық. – Яковец үндемей киiне бастады.

– Дмитрий Никитич, қайда жиналдыңыз?

– Алексей Васильевич, мен кеттiм, – дедi Яковец түнерiп. Оған жұбаныш сөз айтып, тоқтату қиын едi. Жолдасты жалғыз жiберудiң есебiн таппадым, мен де ердiм.

Бiз Харьковец селосына келесi күнi жеттiк. Немiстер бiздiң алдымызда ғана кеткен екен. Село өртенiп жатыр. Яковец үйiне қарай жүгiрдi. Соңынан мен де далақтап жүгiрiп келемiн. Есiк алдына жете кiлт тоқтады. Үрпiк қардың үстi қызыл ала қан.

– Мария, Ма-ария! – деп Яковец бар дауысымен айқай салды. Үй iшiнiң астан-кестеңi шыққан. Үй жанындағы өртенген сарай бықсып жатыр. Ешкiм жауап қатпаған соң, Яковец сарайға қарай жүгiрдi. Одан шығып, қайта үйге кiрдi. Бiздiң қасымызға шырылдап жылаған жас баланы көтерiп кемпiр келдi. Яковецтiң онымен жұмысы болған жоқ. Мариясын iздеп жүр… Бұл күнгi оқиға жайын әлгi кемпiрден естiдiм. Немiстер Марияны түнi бойы сарайға қамап, азаптайды. Таң ертеңгiсiн ғана оны алып шығады. Жалаң қабат көйлегi өрiм-өрiм, үстi басының тамтығы жоқ. Өзiнде әл қалмаған, аяғын әрең басады. Сонда да байғұс ана жас нәрестенi бауырына тығып, анталаған немiстерден оны қорғаштайды, жандармдар жанына жақындап келсе, сәбиiн бауырына басып, әлсiз саусақтарын ербеңдетiп қарсылық жасайды. Машинаның қасында талтайып, бүйiрiн таянып тұрған немiс офицерi Марияның жотасынан түйгiштеп:

– Шнел, шнел! – деп итермелейдi. Мария бар күшiн жинап, офицерге жақын келедi де, бетiне былш еткiзiп түкiрiп жiбередi. Сөйткенше болмай, офицер Марияның қолындағы қызын жұлып алып, лақтырып жiбередi. Сондағы Марияның ашынғанын көрсеңiз еттi! Жаралы жолбарыс секiлдi немiстiң кеңiрдегiнен ала түсiп, алып ұрады. Мылтық дауысы естiлгенде ғана сүйiр саусақтары дiрiлдеп, босана бастайды, сонда да есiнен танбайды: «Жаным, жылама!» деп қызына күбiрлеп жатады.

Марияны iздеп таппаған Яковец:

– Шеше, Мария қайда, көрдiңiз бе? – деп, ентiге жетiп келдi.

– Немiстер алып кеттi ғой.

– Тiрi ме өзi?

– Қайдан бiлейiн, шырағым, – деп, кемпiр қан жапқан қарға қарады. Яковец қызыл қарды жентектеп ұстап, кемпiрдiң қолындағы қызын бауырына қысып, өкiрiп жылап жiбердi. Оның мұнысын ешкiм ерсi көрмедi, қой деп жұбатқан да адам болмады.

– Бұл соғыс талайды жылатты ғой, – дедi Алексей Васильевич сәл тыныс алып.

* * *

– Қазiр, – дедi Алексей Васильевич бiраздан соң әңгiмесiн жалғастырып, – Раиса бойжеттi, азамат болды. Киевте медицина институтының төртiншi курсында оқып жүр. Жазда каникулға келiп қайтты. Аман болса, келер жылы дәрiгер боп шығады. Тiрi адам тез жетiледi екен, көрдiңiз бе, кiсi боп кеттi!.. Небiр қилы заман өттi ғой, қайсыбiрiн айта берерсiң…

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...