Бақыт САРБАЛАҰЛЫ. АДАЛДЫҚТЫ АМАНАТТАП…

Тарихта Уинстон Черчилль деген жазушы жоқ, тарихта Уинстон Черчилль деген сұңғыла саясаткер, ағылшын халқының атақты перзенті бар. Ол – өткен XX ғасырдағы сұрапыл Екінші дүниежүзілік соғыстың басты көсемдерінің бірі, сол уақыттағы қоғам дамуын күрт өзгерткен, келешек онжылдықтардың келбетін де кескіндей алған саясат серкелерінің бірі. Сол ұлы Уинстон Черчилль: «Бір адам жазғанының жақсы не жаман, ұзын не қысқа болғанына қарамастан, жазуды жақсы көреді екен; онда ол, сөз жоқ, шығармашылық бақытының дәмін тата алады. Алдында ақша қардай ақ парақ, қолыңда жүрдек қалам, төрт сағат бойы ешкім мазалай алмас оңашада ертеңгілік күннің нұр-шұғыласын жамылып отырып жазу жазу… Бұл деген енді нағыз керемет! Бұл өмірде жаның қалар жұмысқа өзіңді ұмытып, бар ынтаңмен кіріскеннен артық арман қылар нәрсе бар ма екен, сірә? Басқа нәрсенің бәрі адыра қалсын!…» – деп жазыпты. Байқайсыз ба, ол кәдімгідей қаламгер болған, жасампаздық (творчестволық) еңбектің, шалқар шабыттың да ләззатын жете сезінген десек, асыра айтпаймыз. Алайда ол «басқа нәрсенің бәрін адыра қалдырып» жазудан жан рақатын қаншалықты тапса да, шын жазушы, қалам қайраткері бола алған жоқ. Мұның өзі Уинстон Черчилльдей ұлы, қайраткер дарынға да шын жазушы болу үшін арнайы шығармашылық – суреткерлік талант қажет екенін айғақтаса керек.
Әйгілі Черчилльдің осы бір ойлы, шырайлы сөзі біздің есімізге неге оралып отыр? Бұған басты себеп – бір сүзіп сұрыптағанда өз басым жақсы танып, ағалық шарапатын да көрген жазушы ағамыз Кемел Тоқаевтың жақында «Соңғы соққы» атты романы қолыма түсіп, қайта оқып шығуым. Менің білуімде, бұл – белгілі қаламгердің 1981 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген, сол кездің талабынан келгенде де тәп-тәуір бе- зендірілген соңғы сүбелі шығармасы. Таралымы – 49 000 дана. Алғашқы бетін ашып парақтай бастағаннан-ақ роман қатты қызықтырып, қойнауына тарта жөнелді. Бір күн демей-ақ қояйын, екінші күні оны оқып бітірдім. Жазушы бұл жолы да өз дағдысынан, таңдаулы тақырыбынан, шеберлік қа- рымынан, суреткерлік стилінен айнымаған. «Соңғы соққы» – тарихи-дерек- ті болғанмен, көлемді де көркем, шытырман сюжетті шығарма. Тіпті автор Кеңес өкіметі үшін қиын-қыстау кезең 1920-1921 жылдардың 7-8 айындағы қым-қуыт оқиғасын, шекаралық Жаркент өңірінің қайнаған тыныс-тіршілігін ойып алып, көшіріп шыққандай көрінері бар. Бейне бір дайын тұрған сюжет: чекистердің батылдыққа толы өмірі, бас кейіпкер – Жаркент уездік милициясының бастығы, қаһарман Қасымхан Чанышевтың ел үшін бас тігіп ерлік жасаған көңілі. Бұл аз десеңіз, романда танымал тұлғалар: Ораз Жандосов, Бари Шагабутдинов, М.В.Фрунзе, Д.М.Фурмановтармен де тілдесеміз, барлаушылармен, көршілес Қытай адамдарымен, атақты генерал, атаман Дутовпен де жүздесеміз. Осы тұрғыда алып Арыстан (Лев) Толстой айтқандай, «Көркем туындыда ештеңені де ойдан шығарып, қиялдан қиыстырып, әдемілеп, әспеттеп жатудың қажеті шамалы; өйткені өмірдің өзі соның бәрінен де күрделі, көркем, тек талғап ала білсеңіз жеткілікті» екеніне куә боласыз. Заңғар суреткер өмірдің сұлу да, сұмдық та шындық, берен де терең болмысына бағып, әрине, асыражасыра айтып отыр. Әйтпесе қалтқысыз, қапысыз көшіре білушілердің дені жазушы болып кетер еді ғой. Демек, бейім адамға да бөлекше бітім, қалам қайраткері болу үшін ерекше көргіш көз, әрбір кейіпкеріне, әрбір оқиғасына, ой орамына, табиғаттың боранына, тағдырдың құндағы мен жүректің жұмбағына лайық, сұлу, сәйкес сөз керек. Бұлар да аз бірақ. Елдің перзенті болып саралайтын адал халықтық ниет, таза тілек, сол кез-кезеңдегі өмірді өліп-өшіп сүйіп қана қоймай, кешегі күнді, тарихты бүгінгі күнге, тіпті болашаққа қызмет еткізетін жалынды жүрек қажет.
Біздіңше, «Соңғы соққы» романын тарихи дерегі, танымдық берері мол, көркемдік кенен қазынаға да жолықтырып, ең бастысы – келешекке қорек болар, ұмытылмас сабақ – тағылымға молықтырып, сарабдал да сәтті шығарма еткен факторлар, міне, осындай қасиет-себептер Кемел Тоқаев бізге «Атаманның ақыры» атты кинофильмінен де жақсы таныс, еліміз тарихындағы белгілі оқиғаны ширықтыра өрбітіп отырып, кең қамтып, жан-жақты және талай тың жаңалықтар арқылы шынайы таныстырады. «Оқшау хабарлар» ортақ сюжеттен деректер беретін дәлме-дәл хроникалық жазбалар болса, «Түнгі көлеңке», «Қаптағы қан», «Арпалыс», «Ауыр күндер», «Махмұд», «Дүрбелең», «Жұмбақ жандар», «Ұрланған өлік», «Қызыл командир», «Қарлығаштар», «Жолбарыс асуы», «Тұтқынның жауабы», «Құлжаға сапар», «Арбасу», «Алғашқы тапсырма», «Соңғы соққы», тағы басқа да тараулар кейіпкерлердің келбетін ашып қана қоймай, тағдыр шешті, тайғақ кешті елдік қам-қарекеттің, халық ортасына, ұлттар арасына от салған қауіпті қылмыстық-бандиттік жорық-сүрендердің алдын алып, шекаралық өңірде ғана емес, күллі Жетісу өмірінде бейбітшілік, береке орнатқан операцияның бағыт-барысын, «салқын ақыл, нұрлы қайрат, жылы жүрек» – есті ерлікпен шешім табуын келісті жеткізеді. Мұнда Кеңес өкіметіне қарсы арпалысқан ақ гвардияшылардың, қанқұйлы қазақтар- дың жанталасқан күресі, ескілік пен жаңаның өлмей беріспес тіресі, елді алаңдату мен қылышты жалаңдату, әдейі қойылған өрт пен анттан, мұратты мақсаттан таймас серт, Ораз Жандосовтай еңіреген ерлердің шуақ-шапаға- ты мен жастардың маздақ махаббаты да бар.
«Надежда түн қараңғысында көк қасқырдай жортқан бұл адамдардың арасынан бір кісіні таныған еді. «Шал» деп бүркеншік атпен атап жүргені басқа емес, өзінің туған әкесі болатын. Бандылардың қарасы үзіліп, тоғай ішін мол тыныштық басқанда екеуі қол ұстасып, алды-артына қарамай ауылға қарай тұра жөнелген. Әнуар әлде нәрсе есіне түскендей жолда тоқтай қалып:
– Бұлардың арасында сендердің селоларыңның орыстары жоқ па? – деп тағы сұраған.
– О не дегенің, болса айтпаймын ба? – деп тітіркеніп кетті. Ыза боп жылап жіберді. Өзінің ең сүйікті жақын адамына «ол менің әкем еді» деп айтуға аузы бармады. Бұл тіршілікте арым, барым алдыңда, ақ пейілімнен айнымаймын деген жігітіне алғаш рет өтірік айтты…»
Жоғарыда айтқан бағалау-байыптауларымыздың шындығы «Қаптағы қан» тарауынан келтірілген осы үзіндіден-ақ жақсы байқалып тұрса, «Ұрланған өлік» тарауындағы баяндалатын жағдай тіпті жосықсыз екенін танимыз. Қазақ ауылында бұрын-соңды ұшыраспаған өрескел, ерек оқиға. Әлгіндегі үзіндінің өзі-ақ романның шым-шытырық мазмұнды шығарма екенін бір көрсетсе, мына тарау тұтастай алғанда романның детектив жанрынан жаралғанын айқын аңғартады. «Махмұд мылтық тарс атылғанда не болғанын біле алмай, есеңгіреп қалған жайы бар еді. Алақанымен ақырын кеудесін, қолдарының қарын сипалады. Денесі сау. Оқ тимеген. Мылтық атып қорқытып, жасытып алмақ болғанын сезді. Үрке қоймаған сабырлы қалыппен басын шайқап мырс етті.
«Сөйлесуге, келісуге келген дәрежелі, салмақты адам ба десем, Жаркентті жағалап жүрген көп қарақшылардың бірі екенсің, адвокат мырза!» – деп, Махмұд мұны Құлжада Фатих Аллаяридің үйінде көргенін енді ғана есіне түсірді. Ионаға қазақ сөздерінің астарлы мағынасын түсіндіріп, өзінің білімді, оқыған кісі екенін білдіріп отырған. «Адвокат мырза» дегенде, Әукен сескеніп, дағдарып қалғандай болды…».
Көріп отырғанымыз – романның жоталы кейіпкерлерінің бірі, батыр қазақ Махмұд Қожамияров. Ол бейтаныс жау ортасына тыңшы әрі байлардың, миллион сом ұсына алатын бағландардың бірі болып келіп отыр. Ол осы мақсатына жетіп, осындағы банды басшыларымен аса қажет келісімге де қол жеткізеді. Сөйлесуге келген шіркеу попы делдалдықта жүргендей. Бандылар атынан тілдескен, өкілдік еткен – сол. Махмұд ажал аранынан алыстадым-ау деп, сәл серпілгенде терезеден әйнекке үңіліп қарап тұрған Егорды байқап қалды.
«Бұл сорлыға не жоқ? Тыныш қана жатпай ма екен! – деп төсекке жантая берді».
Махмұд осылай ойлап, жасаған жорамалына сенгенмен, кейіннен бас бандит осы «бейшара» Егор болып шығады. Ал мұндай айлалы, ақылды жаудың қауіпті де күшті екеніне дау бар ма?! Бұл да олқы соққандай, Садық мырза кімді өлтіріп, жерлегенін білу үшін күдікті мола басына келгенде, қабірдегі өлік қолды болыпты. Бұларға өлікті ұрлап әкеткені шошынар ғана емес, түсініксіз жағдай болып та қалды.
Романның екінші бөлімінде «Оқшау хабарлар» беру тоқтатылғанмен, есесіне бас кейіпкер Қасымхан Чанышевтың жазбасынан үзінділер эпиграфтар ретінде ұсынылып отырады. Мәселен, «Ол кезде мен уездік милицияның бастығы едім. Маған берілген бірінші тапсырма Қытай Республикасының Іле округінде тұрған ақтардың атаманы Дутовпен танысып, оның сеніміне кіру, ақтар күшінің қанша екенін анықтау еді» дегендей. Шынында да, Қасымхандар нақты өмірде де, шығармада да ақылды да ардақты нағыз ержүрек қаһармандар екеніне куә боламыз. Бұл жерде өз өкіметін орнатып, елдің көпшілігін (кедейлерін-ақ дейік) соңына ерте білген тас кедей Мырқымбайларды, Сәбит Мұқановтарды былай қойып, текті Ораз Жандосовтай арыстарды, ауқатты Қасымхан Чанышевтай ардаларды өз жолына түсірген Кеңес өкіметінің саясатына қоса, идеологиясы да мықты болғанын мойындауға тура келеді. Құр күш қолдану, билігін пайдаланып қорқытып жұмсау, тапсырма беру әдетте табысқа жеткізбейді. Жұртты екі-үш жылда ілгері бастаған жолдарының дұрыстығына сендіріп, ұлы идея – ұлан мақсат-мұрат үшін өз жүрек қалауларымен жұмыс істеп қана қоймай, жан қиюға дейін жеткізу – бұл енді бөлек еті тірілік, кемел мәдени ірілік. Ақиқатына көшсек, Аманкелді Имановтарға қоса, Михаил Фрунзе, Ораз Жандосовтар қолдап, қайрат көрсеткендіктен де берік орнаған өкімет. Жүзеге асқан жеңіс десек, қателесе қояр ма екенбіз?!
Міне, Жетісу облысының басшысы, Жетісу қызыл сұңқарларының көсемі Ораз Жандосов маңызды неше түрлі мәселелерді жиып қойып, қарбалас та қат-қабат жұмысын тастап, Жаркентке сапарға шықты. Сол кездегі басты көлік – атпен. Неге? Бұл жерде де ол мейлінше іскер, ерекше батыл, мемлекеттік деңгейде ойлап, мәселе шешетін жаңашыл қайраткер екенін көрсетті. Бес жүз шақырымдық алыс, қауіп-қатері мол жолға жалғыз өзі аттанды. Құпия деуге де болады. Өзінің Жандосов екенін жасырып, жұртқа білдірмей… Телі-тентектер көп екенін айтпағанда, жау да, бандиттер де қаптап жүрген заманда. Жандосовтыкі жаужүректік пе? Иә. Тәуекелшіл де жайсаң жан. Кемел десең де болады. Қам-қарекеті кемеңгерлік десең де артық емес. Ол сөйтіп Жаркентке жетті, Қасымханмен жеке сөйлесті. Сондағы Қасымханға үлкен өтініші әрі қабылдап-қабылдамауға ерікті тапсырмасы – қатерлі жаудың қақ ортасына кіріп, сеніміне ие болып, тұрақты армия ұстап отырған атаман Дутовтың көзін жою. Қасымхан осылай етсе ғана шекара да, ел де зор қауіптен, жаңа қантөгістен құтылып, бейбіт өмірге көшеді. Әйтпесе Верный бүлігінен де зор соғыс өрті қауламақшы. Мұның мыңдаған адам өліміне соқтыратыны өз алдына, жалпы, Кеңес өкіметінің тірегін де шайқалтып жіберуі әбден мүмкін. Ендеше бір генерал Дутовты атып өлтіру – басын кесіп алып, ақтардың зор күшінің денесін жансыз қалдырумен бірдей. Жазушы Кемел Тоқаевтың жазғанына жүгінсек, бұл тіпті де орталықтың – Мәскеудің миынан туған тапсырма емес. Жандосовтай ердің облыстық партия комитеті бюросына құптатып, ел үшін қабылдаған ерекше шешім, ерлігіндей қабылданса орынды.
Бұл жерде ерге де, елге де сарқылмас қуат берген, сынбас қанат бітірген күш – ұлы Лениннің жарқын жолына деген, нұрлы келешекті орнатуға мен де тікелей үлес қосып жүрмін деген ұлы сенім. Нақ осы себептен де атақты бай баласы, кінәз тұқымы Қасымхан Чанышев Құлжаға аса ауыр да жауапты тапсырманы абыройлы орындаймын, жаудан өлмеймін, жауды жеңемін деп аттанады.
«Сапар оң болсын! – деп Ораз қолын қысып қоштасты. – Мұндай ұлы іс революция ісіне берілген қызыл қырандарымыздың, жаужүрек ұлдарымыздың қолынан ғана келеді. Мен бұл операцияны «соңғы соққы» деп атар едім. Ал, қызыл қыраным, сау бол! Дәл қазір мені шығарып салмай-ақ қой. Көзге көріне беріп қайтесің. Ар жақтан оралған соң, осы бір күндерді еске алып, жайласып, қызықтап отырыс жасаймыз…
Сол күні түстен кейін Ораз Жаркенттен жүріп кетті».
Көңілде пісірілген жоспарды жүзеге асыру қолға алынып, сол күні түнде-ақ сенімді қос серік – Махмұд Қожамияров пен Мұқай Байсымақов Қытайға аттандырылды. Қасымхан болса бірер күннен кейін еңбек демалысына шығып, Құлжаға жүретін болды.
Сонымен ел тарихындағы ерекше бір ерлік іс, қиын да қастерлі операция осылай басталды. Қасымхан алдымен Құлжадағы өзі өскен үйіне барды. Бай баласы болуы, Жаркентте Кеңес өкіметіне қарсы отряд құрып, әрекет етіп жүргенін атаманға сендіре айтуы, Дутовтың сенімді адамы, поп Ионаны бұрыннан тануы, мұны сынау үшін жіберген Дутовтың адамын жұмысқа алуы т.б. жағдайлар – бәрі-бәрі көмектесті. Бірақ бұл сәттілік жалғаса бермеуі мүмкін. «Қасымхан қаракетінен» қатты үміттенген Дутов сәл күдік туса, бұлардың алдап жүргенін білсе, керемет жоспардың бірден күйрейтіні күмәнсіз.
Демек, ерте де емес, кеш те емес, дер кезінде батыл қимылдау қажет. Қасымхан, Махмұд, Мұқайлар солай қимылдап, 6 ақпан күні Сүйдіндегі казактарға, генерал Дутовқа сұрапыл «соңғы соққы» берілді.
«Дутовтың пәтерінен үш рет атылған наган даусын естіп, Байсымақов күзетшіні атып салды. Қарауыл үйінен сыртқа лап қойған солдаттарды наганмен есік пен терезені атқылап, кейін ысырдым. Қожамияров жолдас шығысымен біз дереу атқа отырып, қамал қақпасына шықтық…
Қамалдан ұзап шығып, қауіпсіз-ау деген жерге келгенде Қожамияров маған мынаны айтты: Дутовқа кірісімен мен оған хатты бердім. Ол стол басында орындықта отырып, хатты оқи бастады. Хатты оқып жатқан кезде байқатпастан револьверімді суырып алып, Дутовтың кеудесінен атып жібердім. Дутов орындықтан құлап түсті. Жүгіріп шыққан Дутовтың адъюданты маған қарай ұмтылды, оны қақ маңдайдан атып жібердім. Ол құлаған кезде стол үстінде тұрған майшам жерге түсіп, өшіп қалды. Қараңғыда Дутовты аяғыммен сипалап жүріп тауып алдым да, желкесінен тағы аттым…» Қамал ортасындағы атаман үйінің өртенуі Жетісу жеріне ақ гвардияшылар тарапынан үнемі төніп келген соғыс ошағының сөнуі еді. Тарихтағы бір ұлы ерлік осылай жүзеге асты.

2


Айтпақшы, менің жазушы Кемел Тоқаевтың осы «Соңғы соққы» романын Кеңес өкіметі кезінде бұдан отыз жеті жыл бұрын, 1981 жылы алғаш оқығаным да жадыма түсіп отыр. Сол кезде де авторға разы болғаным, қысталаң тарих – өмір сырын бір танып, қиын тағдыр – өмір қырына бір қанып, көлкөсір көркемдік әсер алғаным да есімде. Оқырман ретінде байып, жүрегімде бір сенім үміті тұтанып, бір нұрлы сәуле жанғаны да. Содан бері арада төртінші он мыңжылдықтың соңғы жылдары өтіп жатса да, соңғы соққымен және жүздескенде, осы ескі әсер – қабылдауым қайта жаңғырып, көңіл көзімнің алдында жанданып тұра қалды десем, бекер айтпаспын. «Әке-шешенің қадірін балалы болғанда білерсің» дегендей, жас ұлғайған шақта өткен өмірімнің тым қымбат екенін, сол өткен жылдарда көрген қызық, оқыған, ұмытылмаған, өн бойы «толған сыр мен сымбат» (Абай) екенін ұғына түсерің, сірә, саналы адам тіршілігінің бір заңдылығы болар. Осы тұрғыдан келгенде Уинстон Черчилль байыптағандай, жаның тебіреніп, жай шығарма жазу бағытын – шабытты бастан өткерудің өзі керемет екені өз алдына, халық кәдесіне асқан, арада талай уақыт өтсе де, ескірмеген, елге керек, шын көркем шығарма жаза білу екі есе бақыттылық емес пе? Менің «Соңғы соққы» романын қайтадан оқи отырып бірінші түйгенім – осы шығарманы жаратқан Кемел ағам, міне, осындай өтпес бақыт, кетпес бақ, өлмес шығармашылық иесі.
Халық үшін, қарапайым оқырмандар үшін мынаны басын ашып айтуға тура келеді: Кемел Тоқаев өмірді сүйіп, күйіп өткен ғашықтық, махаббат, шабыт иесі ғана емес, сол тәтті де ащы, жақсылық пен жамандығы егіз, бақ пен соры теңіз, қызығы мол, қиындығы зор өмірді нәзік жүрегінен өткізіп, сұрыптап – сұлу жаратып, келісті кестелей, жүйелі дестелей білген жазушылық талант иесі. Тапшы, тақ-тұқ талант емес, қуатты да жомарт қалам қайраткері. Өйткені «Соңғы соққы» романына дейінгі аралықта мөлдір бұлақ бастау Жамбыл облыстық газетіндегі алғашқы журналистік қадамдар мен 1954 жылы жарық көрген тұңғыш кітап – «Жұлдызды жорықтағы» жазбалар ғана емес, «Көмескі із» әңгімесінен сабақталған талай-талай кесек туындылар; бетегелі белдер мен шалқар көлдер, берекелі елдер мен небір ерлер жатыр. Ал бұларды тиянақты оқып, қайта көңілге тоқып шығатын болсаңыз, өзгеше бір жаңа да жасампаз өмірге: шығармашылық әлемге тап болып, таңданып, тамсанып, көңіліңнің шаңын шайып, рухани байып, түлеп қана қоймай, тіршіліктің тың тосын қат-қабатын, түрлі сан мен санатын ашып, жайнаған жанатына жолығып, көкке көтерер қанатына мінумен қатар, сөз зергері – жазушылықтың да жаңа бір қыр сымбаттарын аңдарың бар. Айталық, ол алуан қызық пен қиыншылықтарды бастан кешкен автор – адамға ғана медеу, демеу, тірек қана емес, қалың қазақ деген халыққа да дер кезіңдегі демеу, шер кезіңдегі рухани тіреу, зор жәрдем көмек. Мен және бір рет жазушы Кемел Тоқаевтың күллі шығармаларымен таныса отырып, олардың да осындай екіжақты: оқырман ел мен автор елге де етене қуат, төгілген шуақ, қымбат қасиеті мен сыр-сипатын, құзыреті мен құдіретін көрдім… Мұны өзі көзі тірісінде-ақ халық қаламгері деңгейіне жеткен, көтерілген жазушыға өмірге, тақырыпқа ғашық болып жазу, сөз кенін шабыттанып қазу, арнайы да айрықша қабілет талантқа қоса, тағы бір нәрсе де аса қажет екенін аңғартқандай. Ол не нәрсе? Ол бастан кешкен, кешер де, бай қиын қызық та жасын тағдыр. Иә, жазушылықта тағдырға да талай жайт – атап айтқанда: тікелей бақталайы, ашылуы қатысты. Міне, осы тұрғыдан келгенде де Кемел Тоқаевтың маңдайының бағы бес елі, қаламгерлік тағы еселі екенін білеміз.
Мен білеміз деп отырғанмен, мұны өте кеш білгенімізді мойындауға тура келеді. Оның себебі – әдетте жазушыларымыздың шығармаларын оқимыз да, жақсы не жаман, ұнады не ұнамады деп баға береміз де, неліктен солай екеніне мән бере бермейміз. Ол оқырман үшін дұрыс та шығар. Алайда сыншылар үшін, әдебиеттің мүддесін, келешегін көздейтін ұлтжанды қаламгерлер үшін мұны білудің де пайдасы зор. Біз бүгінгі таңда ақсақал, ағалар қатарына қосылғандар – Кемел ағалар әдебиетіміздің аға, белді буынына айналып, бұрқыратып жазып жүрген кезінде олардың шығармалары неге өміршең екеніне, неліктен осылай жазғанына, жаза алғанына ой жүгірте бермеппіз. Бұл тараптан келсек, қазіргі күні де Кемел Тоқаев шығармаларында өзгеше өзіндік өң, қайталанбас таңба-ажар, әсіресе әдебиетіміздің бүгінгі болашағы – жас қаламгерлерімізді жетілдіріп, түлетер тағылым-тәлім көп екенін байқар едік. Нақ осыны мен өзім жаңадан тауып жатпай-ақ, жазушы ағамыздың ұлы – Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке туралы толғаныс» («Парасат», 2005 жыл) атты кітабындағы мына бір шындыққа толы жолдарды алға тартсам, әбден қанағат секілді: «Ешкім оқып жазушы болмайды. Жазушылық – Жаратқанның берген сыйы. Сол сыйдың қадір-қасиетін біліп, соған лайық еңбек ете білген адам ғана дегеніне жетеді. Кейбіреулер осы Құдай берген қабілетін дұрыс пайдалана алмайды. Себебі ол адамда өмірбаян болмайды, жазатын шығармасына арқау боларлық өмірлік материал өте аз. Әлем әдебиетінің тарихында тегеурінді, талантты болғанымен, ұзаққа көсіліп шаба алмай, орта жолда болдырып қалған қаламгерлер аз емес. Керісінше, талантты әлгіден кем болғанымен, өмірден көргені, көңілге түйгені көп жазушының даңқ тұғырына өрмелеп шыққаны туралы біраз мысал келтіруге болар еді. Мен әкемді осы екінші топтағы қаламгерлер санатына қосар едім».
Тап басып айтылған, суреткерлік өмірден, тәжірибесінен алынған, мейлінше шындыққа сәйкес пікір.
Жайсаң жазушылыққа жету үшін терең білім, жан аямаған ізденіс, тынымсыз еңбек ету керектігі өзінен-өзі түсінікті. Шың шығарма шабыттан туатыны, жалын жүрек, қайратты білек – өмір қазанында қорытылып, талант диірменіне тартылып жаралатыны да даусыз. Бірақ осы бойға біткен асыл дән – таланты өшпеуі, өлмеуі, өрлеуі үшін адам ауыр да азапты, қызық та ғажапты тағдырды бастан кешпесе, бәрі бекердей. Нақ осы өлшем-өреден келгенде келешек жазушы Кемел Тоқаевқа өрім бала кезінен бесенесіне бұйырғаны тек қиындық, азап, ауыртпалық десек, асыра айтпаспыз. Ол жарық өмір есігін ашқан 1923 жылды да жеңіл емес деп білсек, 1927 жылы елді зорлап ұжымдастыру, 1928 жылы ірі байларды, орта дәулетті шаруаларды да кәмпескелеп, жер аудару науқаны қызу жүргізілгені белгілі. Әпербақан Голощекиннің тайраңдап билік басына келуінің өзі қазақ халқы үшін жеке бір қасірет кезеңі. 1932-1933 жылдардағы алапат аштық. 1937 жылғы «халық жауларын» қуғындап, атып-асу. Бұл іс жүзінде халық достарын қырып, шын мәніндегі халық жауларының дәуірлеген уақыт болғаны мәлім. Бұдан құтылып, енді ес жия бергенде тарихтағы ең сұрапыл – Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанды… Осының бәрін бала, жасөспірім Кемел, әрине, көппен бірге көрді; Алматы облысының Қаратал ауданынан Қырғызстанға, Бішкекке қоныс аударған әке-шеше, жалғыз ағасы Қасыммен бірге көрді. Болашақ жазушы тауқыметтің ең зорын, қасіреттің ең ауырын, міне, осы Бішкекте (ол кезде әлі Фрунзе) бастан өткерді. Адам амал жоқ төзетін өмір ауыртпалығынан, титықтатқан ауыр еңбектен Кемелдің анасы сал ауруына шалдығады. Мұның өзі жарын сауықтырып, балаларын қайтсем асыраймын деген әке Тоқа үшін жығылғанға жұдырық болады. Бұл – бұл ма, еңбегіне тиген ескі етікті нанға айырбастау үшін базарға кеткен әке артынан қаңғалақтап Қасым ағасымен бірге Кемел де базарды бетке алады. Жолда милиция патрулі кездесіп, бұлардың айтқанына сенбей әрі көнбей, қаңғыбас тұл жетімдер деп есептеп, бұларды арбаға отырғызып, жетім балалар үйіне өткізеді. Сөйтіп, бұлар әке-шешесі бар болса да, амалсыздан тірі жетімге айналады. Мұның өзі де ештеңе емес екен: осының артынша бұлардың жалғыз қарындастары қатты суықтан қорғалап, пеш жанында ойнап отырып, аяғы тайып, жанып тұрған отқа түсіп, өртеніп өледі. Өртеніп жатқан перзентіне ешбір көмек бере алмаған сал ана сол жерде күйіктен өліп кетеді. Әйелі мен қызынан бір айырылғаны аздай, қос ұлынан және айырылған әке ұзаққа барар ма? Көп ұзамай ол іс-түзсіз жоғалады. Енді тағдырдың осындай тауқыметіне не айтарсыз? Екі-үш жас ересек Қасым ағасы пана болмаса, сол заманда Кемелдің де аман қалуы неғайбіл-тін.
Күндей күркіреп соғыс басталды. Кемел Тоқаұлы үшін өмірдегі ең қиын, ең ауыр сәт – жалғыз ағасы Қасымның 1942 жылы майданда қайтыс болуы еді. Жетім қалған Кемел үшін өмірді жеңілдетудің жолы – жақсылыққа бет бұрып, терең білім алу-тын. Осы орайда, ағасы екеуі тап келген Шымкент мырыш зауыты жанындағы жетім балалар интернаты шынайы білім алу, өмір сүруді үйрену мектебіне айналады. Сол бозбала шақта-ақ тегінде бекзаттық бар Кемел ержеткен соң, қандай да бір институтта оқып, журналист немесе тарихшы маман болуды армандайды. Фрунзе жаяу әскер училищесін бітірген соң, Кемел де соғысқа аттанды. Ол соғыстың бар ауыртпалығын бір адамдай бастан кешті. Қорқынышты білсе де, қорқақ болған жоқ. Нағыз қаһарман бола алды десек жарасар. Оның «Солдат соғысқа кетті» деген романы тү- гелдей дерлік өмірбаяндық шығармаға жатса, осындағы негізгі кейіпкер – Мұхамед бастан өткерген ерлік, куә болған қызғаныш, ездік, азаматтық, айқас пен шайқас, неше қилы от кешу автор Кемел Тоқаевтың да санамен ұғып, жүрекпен сезініп, қаламмен қағазға түсірген өмір белестері, қан майдан суреттері дей аламыз.
Соғысқа баруға қуанатын адам бола ма? Болады екен. Ол – ағасы Қасымды өлтіргені үшін қасақы жаудан кек алуға шын құмартып жүрген Мұхамед Жолбарысұлы.
Соғыстан ажалдың көзіне тік қарап, өлмей, жеңіске жете біліп, жараланса да, жер жастанбай қайтқан, әрқашан өмір әнін айтқан қазақ ұлы кім? Ол – және де Мұхамед Жолбарысұлы.
Төрт жыл бойы жер-дүниені отқа қақтап, бейбіт өмірді оқпен таптап, күркіреп өткен сұрапыл соғыс туралы шынайы шындықты жеткізіп, шын шығарма болып түзілген шоң туынды – «Солдат соғысқа кетті» романының соңы шытырмандық бітім танытып, бір құпия қыры анықталмай, «жұмбақ әйелдің» сыры ашылмай аяқталады.
Адам қаны су боп аққан соғыс өмірінің шындығын қалтқысыз жеткізу, көркемдікпен бейнелеу – әрине, жазушы Кемел Тоқаевтың беріректе, қаламгер болып әбден қалыптасқан кезде қолға алған әдеби шаруасы. Ол бұл шығармасын майданда өткерген өз өмірін өзек ете отырып, жастық кешу ғұмырының іздері көркем шежіреде қалуын ғана көздемей, соғыс туралы үстірт, жеңіл, әйтпесе оны тек совет әскерінің жеңісі, мереке ретінде бедерлеген насихаттық жасанды шығармаларға наразылық ретінде де жазған болуы керек. Өйткені үлкен өмір мектебінен өтіп қана қоймай, қатал соғыс мектебінен де өткен адамға әділдік пен шындық, адамдық пейіл мен шынайы мейір аса қымбат қана емес, негізгі қасиет те болатын. Шынында да, осындай бей-берекет, бақытсыз балалық шақты бастан кешкен, жас кезінде қиянат пен асыра сілтеуді, қатыгездік пен қасіретті көп көрген, мұны айтпағанда, сұмдық соғыста күнбе-күн ажалмен беттесіп, отаншылдық пен опасыздықты қатар көңілден өткізген адамның айнымауы, адам қалпында қалуы – қайран қаларлық құбылыс емес пе?! Сонда бұл қандай феномен?! Бұл, расында да, қарапайым қазақ халқының ғасырлар бойы тарихтан тағылым ала білген, бай күнде тасымаған, жарлы күнде жасымаған даналығынан бала Кемелдің бойына сіңген қасиет болса керек. Екіншіден, Алаш арыстары «Елге қызмет істеу – мінезден» деп тамаша пайымдағандай, Кемел Тоқаевтың өмірден ертерек ұққан, жамандық пен жақсылық күресінде жақсылық жағына шыққан мінезінен екені дәлел тілемесе керек.
Әке тәрбиесі, әсері арқылы жетіліп, ата жолын қуған, Алашқа қызмет етуге белін буған ұл Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғарыда айтылған кітабында әділ де әдемі айтқандай, «Университеттегі жылдар ауыр да азабы көп өмірінің ең бақытты шағы болғанын әкем үнемі айтып отыратын. Бұл түсінікті де еді. Себебі (осыған дейінгі жер басқан) 22 жылдың ішінде оның көңіліне алғаш рет болашағының жарқын болатынына деген үміт оянды…»
Үміт қана ма, жоқ, Кемел Тоқаев бойында өзіне деген, талабы мен талантына деген зор сенім де бүр жарған еді. Ал оянған үміт, бүр жарған сенім көп ұзамай-ақ қаз басып, қанат қақтырып, студенттік өмір, журналистік қызмет саласында жаңа жарқын қадамдар басуға ұласқан. Мұның ілкісі 1948 жылы 25 жасында университетті бітіріп, Жамбыл қаласына жолдамамен барып, бір жыл облыстық газетте еңбек ету болса, ол іле Алматы қаласына қайтып оралып, сол кездегі «Қазақстан пионері» редакциясына жұмысқа орналасады. Осылайша оның қызықты да бейнетті, қиын да зейнетті шығармашылық ғұмыры басталып, таланты кең өріс ашады. Алғашқы әңгімелері, «Жұлдызды жорық» кітабы бұл тұрғыдағы ізденіс іздері, қабілет-қарымын сынауы, байқауы болатын. Осынау тұңғыш прозалық тәжірибесін баз бір әріптестері қатты сынағанымен, бұл авторды жасыта алған жоқ, қайта қаламын ұштауға қайсарландырып, әдебиеттегі өз дара сүрлеуін, сара соқпағын табуға құлшындыра түсті. Өйткені оның таланты енді буынын бекіте жетіліп, желек жайған, ол бастан кешкен тағдыр шындығы, өмір жүгі қанша кітап жазса да жетерлік болатын.
Кеңес өкіметі кезінде қазақ әдебиеті қаншалықты қатты дамып, жанжақты өркендеп, алтын ғасырын бастан өткеріп, асып-тасып жатқан жеке бір сөз өнері қағанатына айналса да, осы өрелі дамып-өркендеудегі толқынтолқын жалғастық, бірінен-бірін тудырар сабақтастық заңдылығын танып кәдеге асыру, қаламгерлердің шығармашылық лабораториясын, шеберлік құпиясын зерделеп құнттау, яғни әдеби-баспагерлік мәдениет жағы кемшін еді деу ақиқатты айғақтауға ғана сайса керек. Мәселен, туған әдебиетіміздегі детектив жанры қашан тұсау кесті, қалыптасты дер болсақ, оның негізін қалаушы, атасы Кемел Тоқаев болса, ол өзінің қай шығармасын қашан жазды, шеберлік жөнінен бірте-бірте қалай өсті, халыққа ең танымал туындысы қайсысы, ол өміріндегі өзінің басты шығармасын беріп үлгерді ме дегендей сұрақтар бой көрсетсе, осы күнге дейін бұларға кенеулі жауап беріп, уәж қайтаруымыз қиын-ау. Мен сондықтан өз әкесінің шығармашылығын, шынында да, жақсы білетін Қасым-Жомарт Кемелұлының байлам-баптауына тағы бір рет жүгінуді жөн көрдім: «Алғашқы кітабы жарық көргеннен үш жыл кейін әкем милиция қызметкерлерінің ауыр еңбегі туралы өте қызықты туындысын аяқтады. Кітаптың атауы өте сәтті болды, ол көп мағынаны бір ғана сөзге сыйғызып тұрды – «Тасқын». Бұл кітапты тек қазақ оқырмандары ғана емес, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолияның көркем әдебиетті сүйетін қауымы жылы қабылдады… Шындығында, бұл кітапқа дейін қазақ әдебиетінде осы тектес туындылар болмаған тәрізді, әкем осы белесті бірінші болып бағындырды. Жанрды сәтті таңдау, қиын тақырыпты шеберлікпен игеру, роман фабуласының оңтайлы болуы – осылар кітапқа табыс әкеліп қана қоймай, әкемнің қазақ әдебиетіндегі орнын да анықтады. Ол біздің әдебиеттегі детективтік жанрдың негізін қалаушы ретінде танылды. Осы кітабы үшін Кемел Тоқаев алғаш рет милиция органдарының қызметін көрсетуге арналған көркем шығармалардың республикалық байқауында бірінші сыйлық алды».
Асылы, қандай да бір ақыл-ойлы, қабілетті, өмірдің бір кетігін тауып қаланған, өнерден де жақсы хабардар, білімді-білікті адам кім болса да, алдымен сыншы десек қателеспейміз. Ол өзінің қандай кісі екенін, қоғамда не бітіргенін, не бітіре алатынын жіті аңғарып қана қоймай, айналасындағы басқалардың да кім екенін, нендей істі қандай деңгейде атқарғанын байсалды байыптай алады. Нақ осы тұрғыдан келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлының жазушы Кемел Тоқаевқа әке ретіндегі айрықша құрмет, перзенттік сезім аясында қалып қоймай, сауатты оқырман, «Өнер алды – қызыл тіл» қазынасынан талғап сусындаушы сыншы ретінде өте әділ, дәл де дәрменді баға бергеніне разылық білдірер едік. Нақты айтқанда, бұл халықтық бағаға өз басымыздың әдебиет сыншысы ретінде де қосып-аларымыз шамалы.


3


Жалпы, шынайы әдеби туынды жазудың, қандай да бір өнер саласында сәтті қадам жасаудың, тіпті мына өмірде де табысқа жетудің басты шарты – білім, мамандық, қабілет-қарым, жан аямай тер төгу екені өзінен-өзі түсінікті, өзіңді-өзің танып-табу болып табылады. Жас қаламгер Кемел Тоқаев ақ қағаз бетін бекер қаралап, осы ретте көп адасқан жоқ. Жоғарыда айтылғандай, ол «Тасқын» романынан бастап-ақ өзін-өзі тапты, жеке бір жанрдың ауыр жүгін жалғыз өзі қыңбай көтеріп, қазақ әдебиетінде шытырман оқиғалы (детектив) шығармалар әлемін түзді, қалыптастырды. Бұл жанрда оның жолы болды деп айту да дәл пайымдау емес; шындығында да, ол осындай қымқуыт оқиғалы, шым-шытырық та шиеленіскен тартысты, көбінесе-ақ батырлық пен қорқақтық тайталасып, тіпті білікті ақыл мен нәзік түйсік қажет, тіпті жеке адам, тіпті адамдар тағдыры қыл үстінде тербетілер өмір шындығы шиыршық атар шығармаларды жазу үшін жаратылған еді десек жаңылыспаспыз. Мұның ақиқаты – тиісті жанр талаптарына сай классикалық детективтік шығармаларды кез келген талантты жазушы түгіл, Лев Толстой, Джек Лондон, Мұхтар Әуезов сияқты алыптар да жаза алмайтынында. Себебі мұнда сюжет шағын да шытырмандығына сәйкес, ширақ та шырайлы, дәл де дәрменді берілуі шарт. Қанша көркем өрсең де, мұнда көсілген өмір өң-өрнектері түгіл, ұзақ кейіптеу мен мол бояулы бедерлер артық; эпикалық баяндау мен тамылжыған пейзаж – табиғат суреттері де көп қажет емес. Сондықтан да басты әдіс-тәсіл – қысқа да нұсқа бейнелеу. Атақты Антон Чехов: «Қысқалық – таланттың сіңлісі», – деп айтқандай, таңдап алған тақырыбың – шытырман оқиғаларды өмірдегі және табиғатына лайық шымыр да шебер суреттей алмасаң, онда жаңа жасампаз шығарма жаратудан үмітіңді үзіп, жазушылықпен қоштаса бер.
Берекелі 1956 жылы жазылып бітіп, келесі 1957 жылы жарық көрген «Тасқын» романының ә дегеннен елең еткізіп, авторының атын да шығарып, халыққа затының да кеңінен танылуында осындай сыр бар. Ол аталмыш жанрдағы көлемді туынды бола тұра, барлық талаптар жағынан да қазақ әдебиетіндегі жаңа, қиын, күрделі жанрға толық сай, қазақ әдебиеті көгінде жарқ етіп көзге түскен ай шығарма болып еді. Біздің мұнымыз тіпті де көтере айтылған қызыл сөз емес. Бұл сол кездегі, яғни 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың бас кезіндегі рухани өмір шындығы. Бір-біріне «осындай кітап шығыпты» деп, алған әсерлерін айтып жүрген халықты куәге тартпағанда, сол кездегі мектеп оқушысы, мен өз жеке басымның «Тасқынды» қызыға, қатты риза болып оқығанымды айта аламын. Әрине, қомақты кітаптың ішінде жазушының басқа да тамаша шығармалары: «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Көшкен үйдің қонысы қайда?», «Ұясынан безген құс» тәрізді повестері болғанын, олармен де қуана танысқанымды ұмытқан жоқпын. Содан бері арада 50-60 жыл өтті, мен қазақтың және шетелдердің мыңдаған жазушыларымен жүздесіп, ең кемі он мыңдаған повесть, әңгіме, романдарды оқыдым. Алайда адамның жас кезіндегі тоқығаны мен алған әсерінің орны ерекше екені ақиқатқа сайса керек, қазақтың Шерлок Холмсы деп бағалануға лайық лейтенант Талғат Майлыбаевтың білгірлігі мен жүндес қолды қорбиған «қыли баронның» жауыздығы, майор Кузьменко, жас Нұржандардың тау өзені жарқабағын жағалап, тығылған алтынды іздеп жүргені әлі есімде қалыпты.
Жоғарыда шет-жағасын айтып кеткенімдей, үйдегі кітапханамнан Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» романы табылуы мені аталмыш романға қоса, жазушының ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әке туралы толғанысымен» танысып, мақаламның осы жолғы бас кейіпкерінің күллі шығармашылығымен қайта табысуға жетеледі. Бұл жолғы көзімнің жеткені – Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романына қоса, барлық шығармаларының дерлік көнермегені, олардың арада уақыт сынынан сүрінбей өтіп, нақ бүгінгі күні жазылғандай мазмұндық-көркемдік жаңалық танытып, дана болмыс, даралық бітім байқатуы. Бұл айтқанымызға қаламгердің қайсыбір туындысы да, «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында» әңгімелері мен ілгеріде мен атын атап, затын түстеген роман, повестері түгел дерлік бұлтартпас айғақ, дархан дәлел бола алады.
Айтпақшы, алдын ала таратып алар бір жайт – Кемел Тоқаевтың детективтік туындыларының тұңғышы – «Тасқын» романы да емес, 1954 жылдың соңғы желтоқсан айында кіндік кескен «Көмескі із» атты әңгімесі. Оның әңгіме делінгенмен, шынайы повесть жүгін еркін көтеріп тұрғанын көреміз. Тіпті автордың бұл жолы мазмұндық-мағыналық тұрғыдан халықаралық тақырыпқа да құлаш ұрғанын байқаймыз.
«Снаряд жарықшағы тиіп, қайтыс болған барлаушылар тобының командирі Сүлейменовтің планшетінде құпия соғыс картасы жоқ болып шықты. Онда жаудың қорғаныс бекінісін және Н. әскери құрамының шабуыл алдындағы күшін толық көрсететін соңғы мәліметтер бар еді. Бұл жайсыз оқиға майдан штабына шұғыл хабарланды. Бірнеше сағаттан кейін құрама штабының жаңа қоныс аударған жеріне тергеуші майор Родионов келді…»
Ахуал аса ауыр. Уақыт тым тығыз. Құпия карта қайткенде де жау қолына түспеуі керек. Оны кім ұрлады? Тікелей неміс агенті ме? Жоқ әлде өз ішімізден шыққан опасыз ба?
Қалай болғанда да, бұл күтпеген, төтенше оқиға. Детектив іздесеңіз – нағыз көкесі. Ал мықты болсаң, осы шым-шытырықтың ішіне кіріп, титтей күмән-айғақтың жібінен ұстап, саумалап жаңылмай, «қолға түсіп» тұрған жазықсыздарды күйдірмей, түп иесін тап.
Әдеттегі оқиғалардай емес, жағдай өте қиын болып шықты. Әрине, майор Родионовты түрлі ой қамалады. Әуелі сырт естуіне сүйеніп бірнеше долбар жасады. Алайда іс жүзіндегі тергеу осы естуіне ештеңе қоспады. «Куәгер сөзінде алшақтық жоқ. Мұндай істе асығыстық қатеге апарып соғатынын өз тәжірибесінен білетін Родионов өткен түнгі қарауыл бастығын тағы да шақыртты». Лейтенант Маляр кірді. «Көзі қызарып, ұзын кірпігі әлсін-әлсін жыпылықтайды. Жастыққа тән таңдаудан да, талғаудан да безгендей, босап күрт түскен. Інісінің өлімі, қарауыл бастығы болған кездегі осы сәтсіз оқиға жас адамды іштей жеп, тонап, тоздырып кеткендей. «Бұлай күйіну тәсіл шығар» деп күдіктенді Родионов.
Жалпы жағдай, екі бірдей адам: капитан Сүлейменов пен сержант, кіші Маляр өлгені белгілі болғанмен, тергеуші қолына түскен ештеңе жоқ. Сондықтан оның жұрттың бәрінен күдіктенуі жөн ден шығар. Түнгі сағат он екі. Смена ауыстыру уақыты. Сержант Маляр постыны қабылдап алған соң, бұл аға сержант Ефремовпен бірге қарауыл үйіне оралған. Бір снаряд түсіп жарылған. Алыстан алты стволдық неміс минометінің үні естілген. Сол жақтан қызыл жалын лаулап көтеріліпті… Дәті шыдамаған Маляр штабқа қарай жүгіріп жетсе, постыда ешкім жоқ. Өлген Сүлейменовке тап болып, Ефремов екеуі оны штаб блиндажына кіргізді. Планшеті ашық. Ал емен түбіндегі шұқырда өліп жатқан інісін ертесіне табады. Бәлкім, ол постыны тастап, қорқақтық жасаған да шығар, бірақ лейтенант Маляр туған інісі болғандықтан, оның бетін бәрібір топырақпен жабады.
Міне, осындай жағдайда тергеуші не істеуі керек? Амал жоқ, ағайынды екі Малярдан күдіктенеді. Әсіресе құпия соғыс картасын ұрлаған оның інісі болуы мүмкін. Өйткені Сүлейменовтің түнде штабқа келетіні қарауыл бастығы мен штаб постысында тұратын күзетшіге ғана белгілі. Бірақ үшінші адам және бар. Бәрібір күдік – бұлтартпас дәлел емес. Майор ертеңіне штабтың бұрынғы тұрған жеріне барып қайтуды ұйғарды. Сөйтіп, ол «ескі» қонысқа да келді. Тапқаны – тек аз уақыт бұрын тартылған «Беломор» папиросының қалдығы. Мұндай папирос тек Малярда ғана бар болса, өзімен бірге жүрген Маляр мұнда қалайша бұрын келіп, тартып үлгерді? Демек, оны тастаған – өзге біреу. Кім? Енді «Кіші Малярдың денесі көмілген топырақты ашпас бұрын», Родионов тағы да төңіректі мұқият қарап шығуды ойлады. Өлік жатқан жерден он қадам жүргенде көмескі, бірақ жаңа ізді көрді. Бір ғажабы – сол аяқтың таңбасы жоқ. Түскен көмескі ізге қарағанда, бұл жақты шарлаған жан қырқыншы размерлі етік киеді. Салмағы алпыс сегіз килограмм. Орта бойлы. Бет әлпеті, шашының түсі белгісіз. Бұл сырды өліктің өзі ашып беретініне сенген тергеуші кіші Малярдың денесін көмген топырақты аса ұқыппен сыпырды. «Бетіне жапқан брезентті көтергенде өлік қарысып жатыр екен. Өмірінің соңғы минутында қинала, тістеніп құлаған тәрізді. Созған салалы саусақтары түйіле жұмылып, кеудесінің үстінде жатыр. Родионов әлсіз жұмырық арасынан екі тал қылды суырып алып:
– Енді шашының түсі, бет әлпетінің қандай екенін білуге болады, – деп көтеріле сөйледі. Арнаулы таблицасы ақ шаштың ұшы қырқылмағанын және ұқыпты күтетін адамдыкі екенін бірден есептеп шығарды. Шашты алдырмай ұзын қоятын кім? Әрине, бұл – әйелдердің ісі. Егер де картаны ұрлаған әйел десек, сонда оның салмағы алпыс сегіз килограмм болғаны ма?
Жұмбақ ой шарпыған Родионов ілмегі шала ілінген жейденің сары түймесін көтергенде өлік кеудесінде бос жатқан картаны көрді. Құпия соғыс картасы».
Тергеуші Родионов мықты екен. Дұрыс бағытта қимылдап, қазірдің өзінде ең басты шаруасын бітірді. Құпия соғыс картасын тапты. Бірақ алдында әлі жұмбақ көп. Картаны ұрлаған, кіші Малярды өлтірген кім? Әлде ағасы ойлап қалғандай, картаны ұрлаған кіші Малярдың өзі ме? Сонда опасыз болып шыққаны ма? Жо-жоқ, асықпайық. Ең негізгісі – жаңылысып адаспайық. Екі тал шаш бар. Дәрігерлік сараптама нәтижесі не айтады? Осының бәрінің ізіне түсірген – көмескі із.
Міне, бұл әңгіме неге «Көмескі із» аталған?!
Мәселені осылай шешпей, бітірмей қалдырса, кіші Малярға опасыздық таңбасы өшпестей болып басылады.
Біз әңгімені ары қарай оқығанда оқиғаның шын ақиқатын, капитан Сүлейменовті кім өлтіріп, картаны кім ұрлағанын білеміз. Ол ғана емес. Қараңғы түнде оқыс оқиғаға куә болған кіші Малярды да өлтірген – сол адам. Ол – және әйел. Ол және сталинградтық соғыс ардагері Белованы өлтіріп, құжатын иеленіп, кеңес әскері қатарында Белова болып еркін жүрген америкалық барлаушы әйел Лей болып шықты.
Осының бәрін ашқан, Лейдің капитан Сүлейменов пен кіші Малярды да өлтіргенін мойындатып, сержант Малярдың опасыз емес, ақ ерлік өліммен қаза тапқан ардақты азамат екенін де анықтаған тек майталман тергеуші Виктор Родионов қана ма? Жоқ, жазушы Кемел Тоқаев та осының бәрін ойланып-толғанып анықтады, жаудың жолын кесті, жұмбақ қылмыстың түйінін шешті. Тек осы ғана емес. Полковник Ильин болып Родионовқа тапсырма берген, қос Малярдың да кінәсіз екенін көрген, ең соңында Белова – Лей болып та қам-қарекет еткен жазушы Кемел Тоқаев.
Иә, жазушы қандай бір тақырыпты да шеберлікпен қаузап, терең игеріп, қоясын ашып, өн бойында қанша шуағы болса, соның барлығын халық, оқырман кеудесіне шашып, көсемді көсем, шешенді шын шешен, қарапайым қазақты соғыста қаһарман, қанішерді бейбіт өмірде де бандит етіп бейнелей алса ғана мұратқа жетеді. Ол тіпті де солардың – қаптаған кейіпкерінің рөлін ойнамайды, солар болып өмірдің сырын, ізгіліктің құнын біледі, солар болып қайғырып жылап, солар болып қуанып күледі. Ең бастысы – өмір сүреді. Міне, сондықтан да замандас әріптестері орыстың әйгілі эпопеясы – «Соғыс және бейбітшіліктегі» даңқты қолбасшы Михаил Кутузовты Лев Толстойдың өзі деп білсе, ешбір жаңсақтық жоқ. Тіпті француздың ұлы қаламгері Флобердің «Мадам Бовери – менмін» десе, онысы сәл де өтірік емес. Нақ осы сияқты «Соңғы соққы» романындағы Алаш арысы Ораз Жандосов, қаһарман Қасымхан Чанышев, атаман Дутовтарды да, «Тасқын» повесіндегі қанқұйлы қылмыскер Петрушкин, «Сарғабанда болған оқиға» повесіндегі тергеуші капитан Талғат Майлыбаев, «Түнде атылған оқ» повесіндегі шетел барлаушысы Черноносов, тағы басқаларды да солардың өздерімен бірге жазушы Кемел Тоқаев деп танысақ, түк те жаңылыспаймыз.
Әрине, мұның бәрі – қаламгердің Алла тағала бойына бітірген талантының жемісі.
Әрине, мұның бәрі – жазушы бастан кешкен тағдырдың жемісі
Әрине, мұның бәрі – жазушы адамгершілігінің, жомарт мінезінің, абзал азаматтығының жеміс-жеңісі.
Егер жазушы Кемел Тоқаевтың бойында, ойында-сойында осы айтылғандардың біреуі кем болса, жетіспесе, оның тұтас творчествосына тән сегіз қыр, сексен сырлылықтың елеулі бір сипат-сымбаты, ерекше бір қыр-қымбаты олқы түсіп, бәлкім, ойсырап жатар еді. Игісі – біз жазушы Кемел Тоқаевтың тұтас шығармашылығынан тұтас қарастырғанда да ондай мінді, кемістік-көріксіздікті немесе нендей де бір қиғылық пен шикілікті байқай алмаймыз. Айтқанымыздың ақиқаттығына оқырман көзін жеткізу үшін жазушы Кемел Тоқаевтың күллі шығармашылығының атынан бастап, жеке бір әлем толайым затына дейінгі аралықта автор-суреткердің шынайы шеберлігін сездірер, классик қаламгер екенін байқатып-байыптатар бірсыпыра таңдап алынбаған, типтік мысал-деталь, бедер-бейнелеулерді алға тартсақ орынды деп білеміз.
Мәселен, жазушының атақты туындысына «Тасқын» деп ат қоюында да елеулі шеберлік бар. Яғни бұл атауда көпмағыналылыққа қоса, нұрлы назар, бірнеше нышан-астар, ажар мен базар бар десек қателеспейміз. Қаперлеріңізде болса, туынды былай басталады: «Шақпақ түсті көнетоз бешпет киген, орта бойлы шүңірек көз, жирен сақал адам қылмыс іздеу бөлімінің бастығына келді. Есік алдында біраз үнсіз тұрды. Жан-жағына көз салды. Кішірек жарық бөлме. Қос терезе қора жаққа қараған… Көк мәуітімен жабылған стол басында қағазға үңіліп отырған майор Кузьменко назарын аудару үшін жирен сақал ақырын ғана жөтелді.
Басын шұғыл көтеріп, қадала көз тастаған Кузьменкоға ол иіле бас иіп, жасықтау үн қатты:
– Жолдас начальник, мен… мен сізге келіп едім… бақытсыз жанмын…» Ал осыдан не байқар едік? 1950 жылдардың аяғында адамдардың қалай киінетінін көріп, сол кездегі милиция қызметкерлерінің қандай бөлмеде, қандай үстелде отыратынын байқаймыз. Бұл – біз өз көзімізбен көрген типтік көріністер. Екіншіден, қылмыс іздеу бөлімдерінде қашан көл толқындары жағасын шылпылдатып соғып жататын мамыражай тыныштық болып еді?! Неше түрлі адам өлімі, қарақшылық қылмыстар қоғам өміріндегі тасқындар емес пе? Үшіншіден, Кемел Тоқаевтың нақты осы романына көшсек, мынау мүләйімсіп келіп, «әйелім жоғалып кетті» деп көз жасын төгіп отырған Петрушкин – кәнігі қылмыскер, кезекті бір сұмдығына куә болған әйелін өзі өлтіріп, оның бәрібір іздеусіз кетпейтінін біліп, ізін жасыру үшін сұмдық айла-амал жасап отырған адам. Оның беті мүлгігенмен, ар жағында – тасқын. Міне, осылай көпмағыналылық көркемдік қабаттармен басталған хикаят бірте-бірте толқын атып, кейіпкерлер өмірінде де «сел» жүріп, ақыры шын табиғат тасқынымен аяқталады. «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесі де қат-қабат оқиғалар мен ауыр қанды қылмыстарды талмай, қамырдан қыл суырғандай білгірлікпен тарқатқан үлкен шеберліктің, қарымды қаламның нәтижесі екені көрінеді. Мұндағы сойқан сұмдықтардың бәрі «қобызшы шал» да, «қара мысық» та болып жүрген бір адамның – атышулы «қыли баронның» ісі екенін анықтап, бірнеше жылғы ізденіс, тану-талдау, күн-түн демей жүгірген іс-әрекет арқасында аса қатерлі қылмыскер құрықталады. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен, 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс кезінде «жау жағадан алғанда етектен алған бөрілерге» айналған кейбір адамдардың қу құлқыны үшін алпыс айлаға, ардан тайған айуандыққа барып, адамдарды өлтіруді кәсіпке айналдырғанына зорға сенесің. Алайда сол шақтағы тыл өмірінің шындығы осындай. Бір қарағанда момақан, бірақ талайлардың қанын мойнына жүктеген сұмырай Столетов. Әккі де әдемі әйел Суслякова. Алыпсатар өзбек Абдуллаходжаев. Майор Жүсіпов, лейтенант Кузьменко, жас сақшы Сейілбек. Бұлардың қай-қайсысының да бейнесі дараланып, суша төгілген қан, қайғырып, қуанған жан сырлары, естілік пен ержүректілік арқылы қанқұйлы да сорақы қылмыстарды ауыздықтау қам-қарекеті жанжақты да нанымды ашылған.
Тағы да төтенше оқиға. Тағы да қанқұйлы қылмыс.
Сәндібаланың ауылы биыл күзде Сарғабанның сазында отырған. Ол қаладан қырық шақырым жер. Сәндібала ананың жалғыз баласы Рахым кеше түсте қойын қайтаруға өріске кетіп, содан оралмаған. Кешке таман қой өрістен қайтса да, ерттеп мінген аты келсе де, шопан Рахымның өзі жоқ. Содан күллі ауыл шапқылап іздеп, ел орынға отыра ши түбінде қансырап жатқан жерінен зорға тапқан. Біреулер пышақтап кетіпті. «Жедел жәрдем» машинасы шақырылып, қаладағы орталық ауруханаға жеткізілген Рахым бір сәт есі кіріп, бұл өңірге белгілі адам (қаланың бас хирургі) Цойды танып, «қан кеткен ақсұр жүзі одан әрмен сұрланып, көзі шарасына сыймай, бар күшін жинап, басын сәл көтеріп, шешесіне айтқаны:
«Ма-а-ма, бұған сенбеңіз… Мені жәбірлеген осы…» – болды. Іле талып кетті. Іле үзіліп кетті.
Рахым ауылда, Сарғабан сазында. Цой – қаланың бас дәрігері. Өзі өкімет адамы болса… Қалай жайлауға жетіп, қойшыны жәбірлей алады? «Ауру қозғанда кісінің көзіне әр нәрсе елестеп, сандырақтайтын әдеті емес пе?» Соның көрінісі шығар.
Цойдан гөрі жәбірлеген «оның үйлену тойында өкпелеп кеткен, ішіп жүретін тентек, бұған дейін сотталған туыс Рысбек» десе, көбірек қисынды. Қылмысты көрген куә жоқ. Айғақ екібастан жоқ. Қылмысты тергеу бөлімінің қызметкерлері, міне, осындай шешімі қиын күрмеулі іспен бетпе-бет қалып еді.
Алматы облыстық ішкі істер басқармасының бастығы Мұқан Дайыров осы қылмыстың құпиясын ашуды капитан Талғат Майлыбаевқа тапсырды.
Міне, осы күрделі, қиын істің жұмбағын шебер шеше білуі жазушының басқа шығармаларынан да бізге белгілі Талғат Майлыбаевтың шын мықты тергеуші, қазақтың Шерлок Холмсы екенін және көрсетті. Қалай? Зерек ақылымен. Саспайтын сабырымен. Табылған ілікті тарқата білетін терең түйсігімен. Жан-жақты біліктілігімен. Мәселен, оның қиын да құпия осы қылмыстық іске кірісуінің өзі тәнті етеді. Келімді-кетімді кісілер жұрт назарынан тыс қалмайтын қалаға ол тергеуші емес, жай кісілердің бірі болып келіп іске кіріседі. Қонақүйге емес, жеке пәтерге тоқтайды. Милиция машинасымен емес, жай көлікпен жүреді. Осының өзі өте табылған тәсіл болса, ол күдіктілерді де өздеріне білдірмей, өзгелерге байқатпай, зерттей бастайды. Аса сақ. Қырағы. Мұның себебі – қылмыскерлер «айдалада қой бағып жүрген қойшыны тапа-тал түсте өлтіру үшін пышақтап азаптағанымен қоймай, мылтықпен атқан. Мұнда үлкен сыр бар. Қылмыстылардың бұл сырын Рахым білген». Сол үшін де олар оның өмірін қыршынынан қиып отыр. Мұның үстіне «Рахымды өлтірушілер қазір қылмысты іздеушілердің басқан қадамын бағып отыр». Демек, Талғаттардың міндеті – оларды қайткенде де жаңылыстырып, қақпанға түсіру. Сондықтан да оның жіті назарынан Сарғабанның бір шаршы метр сазы да, Рахымның анасы Сәндібаланың әпкесі Қаракемпірдің «назы» да, Рахымды пышақтаған жердегі сәл шұңқыр-ой да, өзен жағалап, қыдыруға келген Цой да қағыс қалмайды.
Осылай қимылдағандықтан Талғаттың қайсыбір қадамы да құтты және тек ілгері бастырарлықтай өте орынды. Қалалық ішкі істер бөліміндегі жанашыр Жабағы Қыдырбаевтың арызы, Рахымның қалай өлгені жайлы медициналық сараптама, куәлар сөздерімен, күдіктілер мінездемелерімен танысып алғаннан соң, ауыл адамдары Рахымды іздеп әрі-бері шарлаған, өріске шығып жайылған қой таптап тастаған Сарғабан сазына тартты. Ол бұл ретте де жұмысқа жаңа кіріскен, қала халқы білмейтін жігітті – Нұржан Мақатаевты серіктікке қалады.
Сарғабанға жеткен олар күн бойы саздың әрбір ой-шұқырына, қылтиған әр бұтасына үңіле, тінте қарап, Рахым жатқан маңайда біраз кідірді. Жердің беті айқыш-ұйқыш шым-шытырық. Малдың, адамның жыпырлаған ізі бірінің үстіне бірі түскен. Осылай талдап-барлап, Кемел Тоқаевтың шығармашылық әлемін шарлап, сегіз қыр, сексен сырын түгендемей-ақ, тек өзінде бар, өзгеде жоқ, көзге ұратын мазмұндық-мағыналық бөлекшеліктерін, елеулі көркемдікстильдік ерекшеліктерін ғана тілге тиек етер болсақ, әлі талай тағылымды талдау, қызғылықты таразылауға тізгін ұстатуға болары анық. Біз бірақ бұлай байқап-байыптау осымен доғарып, басты кейіпкеріміз Кемел Тоқаев келбеті, шығармашылық шырайы туралы түйінге көшейік.


4


Өмір өзі кезек дәуренімен маңдайыңа бұйырып, ақырында қарттық кезеңге де ілініп, ақыл-ойың кемімей (мына тіршілікте, өкінішке қарай, ондай да кездеседі) кемеліне толып жатса, онда жастық шағың – сайран, ой кірген жиырма-отыздан бергі өмірің – майдан, ал кәрілік қаусырып, әл-дәрманыңды ертерек құртса, бұл соңғы шағың – әрине, ойран. Жастық сайраныңның да жемісі мен жеңісі мол болса, бекерге өтпегені; орта жасыңда өзің елге аға, бітірген жұмыс-ісің қоғамға жаға бола алса, ғұмырыңды берекелі-мерекелі кешкенің; ал енді кәрілік мойынға мінгенде де тұғырдан таймай, көпке ақсақал, жеткіншек ұрпаққа ғибратты, үлгілі ғұмыр сүрсең ойранның да сені ойсыратып, опыра алмағаны. Бұл тұрғыдан келсек, Кемел ағамыздың жастық шағы сайран болып өтті дей алмасымыз айдай анық аксиома, өйткені олар – қалыпты қоғам, бейбіт те бостан тірлік бұйырмай, таптық құрылым-жүйені ойлап тапқандардың тәжірибе жасауына ұшырағандар. Ал Кемел ағамыздың өмірінің орта кезеңі – қоғамнан алған білімі, тапқан білігінен өз орнын табу, жар сүйіп, бала өсіріп, шынайы қазақ болып қалу, сөз өнерінде халыққа сәулешуағыңды түсірер от-шырақ болып жану үшін жанқиярлық күрес, майдан болғаны дәлел тілемейді… Ол өмірден де, өнерден де басқалар баса алмас өз орнын тапты. Асыл жар, абзал әке болып ұл-қыз сүйді, осы перзенттерінің бойына адам болып өсудің дәнін егіп, қазақтың қызы болып бойжетіп, Алаштың азаматы болып ержетулерін қамтамасыз етті. Қазірде өшпей жанып тұрған, мүмкін, мәңгі сөнбес әдеби от-шырағы арқылы халықтың қаламгеріне айналды. Бұл Кемел Тоқаевтың өмір аталатын бейбіт күрес – ұлы майданда жеңілмей, жеңіске жеткенін, нағыз адам – Алаштың азаматы бола алғанын, бола беретінін білдірсе керек. Ал Кемел Тоқаевтың тек пайғамбар жасына ілініп, ел ағасы, ақсақал болып ортамызда көп жүре алмағанын ескерсек, оның өмірінің соңғы шағы да ешқандай ойран емес, әлеуметтік-әдеби жемісті майдан болып өткенін айтсақ, мұнымыз да шындықты және бір айғақтау ғана. Рас, қоғамның советтік сипатына қатысты творчествосында талай қиындық кездесті, темір құрсау цензура кедергі де жасады. Шындықты көруге, айтуға жарамайтын жағымпаз шенеуніктер тарапынан көп зардап шекті десек те, жазушы өзінің басты шығармасы – «Соңғы соққы» романын бітіріп, жаңа шеберлік биігін бағындырды. Онысы ортақ игілік болды.
Біз Кемел Тоқаевтың күллі өмір жолын: майдангер, журналист, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жауапты қызметкері, қалам қайраткері, үлкенді-кішілі шығармалары, ет пен сүйектен жаралған адам, елдің ері – асыл азамат ретіндегі келбет-тұлғасын – бәрі-бәрін салқын сана, сарабдал сын елегінен өткізіп қанағаттанғанда, оның қоғамдағы осындай биікті, өзіндік өзгешелікті иеленіп, ғұмыр кешкен өз дәуірін көктей өтіп, бүгінгі күннің де белді, белгілі қаламгері болып отыруының негізгі себеп-сыры неде дегенді байыптасақ, менің ойыма Кемел Тоқаевтың үш қасиеті: қандай қиын да қиянатты тағдырды бастан кешіп, от пен судан өтсе де, өмірді сүйе біліп, адамдарға деген ақ пейіл мен бақ-мейір – қайырымдылықты жоғалтпағаны, әрқашан өмір мен өнердегі әділеттілікті жақтап қолдаған, жүзеге асырған азаматтық адалдығы, үшінші – нақ осындай ұстаным-бітімнен туған үлкен жауапкершілігі, тегеурінді табандылығы. Қайталап не айта беретіні бар, қандай дарынды, алып, данышпан адам болсаң да, жүректе – мейір, махаббат болмаса, тілекте – ақ пейіл, шапағат шуағы жанбаса, қашанда әділ болмасаң, жақсылыққа көрші қонбасаң, түсің түгіл, ісің де тұрлаулы болмаса, бәрі – бос, зая, бекер.


«Мейлі ол болсын артық жаратылған,
Мейлі ол дана дейік дара туған.
Сөзінде тұрлау бар ма, соған қара,
Өйткені сонда жатыр бар ақыл, мән», –


деп осыдан 10 ғасыр бұрын әйгілі Омар Хайям осы себепті айтса керек.
«Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды», – депті екінші бір Омармен замандас бабамыз Жүсіп Баласағұни. Кемел Тоқаев көзі тірісінде басына бақ қонып, бақытты өмір сүрсе, қазір де бақты-бақытты ғұмыры жалғасып жатса, мұның сыры жазушының, біз айтқандай, жақсы қасиеттерінде, жарқын қаламгерлік-авторлық құдіретінде жатса керек.
Мақаламыздың нүктесін жазушының ұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының мына бір сөздерімен қойсақ дейміз: «Үлкен әдебиетте Кемел Тоқаев өз сөзін айтты. Оның баласы ретінде мен оның сөзі шынайы, ақиқат және әділ болғанына разымын… Менің жадымда әкем үлкен әріппен жазылатын Адам, елін сүйген патриот және нағыз Азамат болып мәңгі өмір сүреді». Оның осындай адам, өз сөзін шынайы, ақиқат және әділ айта алғандықтан мәңгі өмір сүре беретін қалам қайраткері болғанының басты бір себебі – әдебиетіміздегі жаңа саланың негізін салған тұңғыштардың бірі болып қала беретінінде. «Тұңғыш болу – керемет артықшылық. Кімде-кім алғашқы болса, соныға сүрлеу салғаны үшін ғана даңққа алдымен бөленуге құқылы. Бірақ… XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ойшыл Балтазар Грациан дұрыс пайымдағандай, лайықты талантың мен табандылығың болмаса, төккен терің далаға кетеді. Жаңа бағытты анықтау және оны жетілдіру, сол арқылы даңқ шыңына көтерілу оңайға түспейді. Төлтумалыққа көптеген жолмен жетуге болады, олардың ешқайсысы да ескі соқпақ емес. Ең жаңасы – қол жетпейтін қиыны болып табылады, ал көп жағдайда ұлылыққа жеткізетін ең төте жол да сол болып шығады». Ақиқат осыған сайса, жеке басымыз жазушы Кемел Тоқаевтың өз дәуірінде қазақ әдебиетіндегі ең жаңа да, әрі төте жолдан сүрінбей өткен қаламгерлік даралығы, адамдық даналығы және алдағы уақытта да өлмей, нұрлы өмір сүре беретін әдеби саралығы келешекке ұласып, жалғаса беретініне кәміл сенеміз.

Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...