Кемел Тоқаев. КЕК АЛУШЫЛАР

Село үстi азан-қазан. Адамдардың дабыры, әйелдердiң дауыс шығарып жылағаны, балалардың өксiгi – бәрi қосылып, селоны басына көтерiп барады. Әлдекiмдердiң:

– Жалғызым, сенi қалай қиып берем, жат жұртта күнiң не болады? Қандай күйге түсесiң?! – деп жылап-сықтағаны;

– Папасының көзi бар деп тiрек тұтып жүр едiк. Сен де жат елге кетiп барасың, құдай-ау, не жаздық, бордай тоздық қой! – деп, баласын құшақтап зарлағаны естiледi.

– Жә, босқа жыламаңдар, көздiң жасы көңiлге медеу болушы ма едi, жалғыз бұларға емес, ел басына келген қасiрет қой, құдайдың жазғанын көрер көппен бiрге, – деп, өзi өксiгiн баса алмаса да, жұртты жұбатып жүргендер де кездеседi.

– Германияға жөнелтпестен бұрын осында жұмыс iстеткiзетiн көрiнедi. Бәлкiм, оған дейiн Қызыл әскерлер келiп қалар – деп қайсыбiреулерi дәме тұтады.

– Елдiң ересегi соғыста қырылса, қалған ұрпағын немiстер тағы жояйын деген екен. Бұл – елдi елдiктен қалдырайын деген дұшпанның түпкi ойы ғой! – Менiң қасымда тұрған Проценко шулаған жұртқа қарап, көзiнiң жасын жұтып тұр. Зоя Проценконың қолтығынан қапсыра құшақтап, бiрге ерiп келе жатқан. Өзiнде түр-түс жоқ, дiрiлдеп Проценкоға тығыла түседi.

Менiң Киевтен оралғаныма бiрталай уақыт болған. Ол жақтан әкелген дәрi-дәрмектердi көршi селода тұратын қарындасымның үйiне тықтым да, Киевте бастан кешкен оқиғаларды астыртын комитеттiң мүшелерiне баяндап бергем. Сол мәжiлiсте Кирилл Розовик совет жастарын Германияға жөнелтуге немiстердiң әзiрлiк жасап жатқан құпиясын жеткiзген болатын. Сол кезде жұртты бұл дүрбiлеңнен алдын ала сақтандырған едiк. Барлық жерге листовкалар тараттық:

– Құрметтi отандастар, құрметтi ата-аналар! Немiс басқыншылары ел басына тағы ауыр қайғы-қасiрет әкелгелi отыр. Олар бiздiң болашағымыз, үмiтiмiз – жастарды Германияға жөнелту үшiн әзiрлiк жасап жатыр. Ұлқыздарыңды Германияға жiберуге қарсы аттаныңдар!

Немiстердiң алдамыш үгiтiне сенбеңдер, кеткен балаң Германиядан қайтып оралмайды. Балаларыңызды құтқару өздерiңнiң қолдарыңызда! Немiс басқыншыларына өлiм келсiн!

Листовкадағы сөздi әркiм өздерiнше түсiндi.

– Алтын төгiп қойса да, Германиясына кiм барады, қыстайды дейдi, қыстап iстеткен жұмыста береке болушы ма едi. Мұның бәрi жай сөз шығар, – деп, еркiн өмiрге үйренiп қалған жұрт әуелде сенгiсi келмедi.

– Германияға жастың бәрiн жiбере бермейтiн көрiнедi. Ықыласы болмаса қалып қалады екен!

– Бәсе, солай болар. Немiстердiң өздерi орын таппай қысылып отырғанда, өңшең кiрмелердi шубатып қай жерiне сыйдырады! – деген сыпсың сөздердiң аяғы бүгiн жылаусықтауға тiрелдi. Екi селоның бiр топ жастарына шақыру қағаз келiптi. Қағазда қайда баратыны көрсетiлмеген. Бiрақ өзiмен бiрге қандай заттарды ала шығу керек екенi көрсетiлiптi, ақыры қасық пен шұлғауға дейiн айтылған. Ыдыс-аяқтың темiрден не қалайыдан болғаны жақсы деп кеңес берiлген.

Астыртын комитет бұл күндерi қауырт жұмыс үстiнде едi. Бұл кезде Иван Кузьмич Примак пен Қасым Қайсенов басқарған Чапаев атындағы отряд пен Емельян Демьянович Ломако басқарған Шевченко атындағы отряд бiрiгiп қимыл жасап жатқан. Екi отрядтың қатарын сенiмдi адамдармен толықтыру, қару-жарақпен жарақтау – мiне астыртын комитеттiң жұмысы осы болатын. Бұдан бiрекi күн бұрын маған Лена келiп кеткен едi. Ол астыртын комитет немiстердiң бұл жолсыздығына қарсы әрекеттер дайындап жатыр деген-дi.

– Қандай әрекеттер жасамақ екен? – деп сұрағанымда Лена:

– Дәл айта алмаймын, Примак пен Ломаконың сөзiнен аңғарғаным: бұл операцияны «Вася» басқаратын көрiнедi. Бұл iс соның ғана қолынан келедi деп жатты. Ал Вася дегенi қандай адам екенiн бiлмедiм.

Примактың отряды Мироновка, Ржищев аудандарында немiстiң зықысын шығарып, шағын гарнизондарға шабуыл жасап, әскери эшелондарын қиратқанын, немiстердiң азық-түлiк қоймасын жойғанын Ломакодан талай мәртебе естiген едiм. Елден елге тараған осы iстердiң бәрi «Васяның» есiмiмен аталатын. Вася деген кiм? Оны ешқайсымыз бiлмеймiз. Ленаның айтуына қарағанда, отрядтағы бiреудiң бүркеншек аты секiлдi. Сол Васяны көруге өзiм де ынтық едiм. Лена сөзiн жалғастырды.

– Қалай ойлайсыз, Алексей Васильевич, менiңше, «Дядя Вася» – нақ сондай қарт адам болмауға тиiс. «Дядя» деуi жасына емес, iсiне қарай қойылған ат па деймiн.

– Бекер басыңды қатырып қайтесiң? Асықпасаң, оны да көрерсiң. Вася ендi осында екен ғой.

Лена бiр сәт үндемей отырды да, келген шаруасына көштi. Оның айтуына қарағанда, бүгiн кешкi тұрым қару-жарақ тиеген әскери эшелон Харьковке қарай өтетiн көрiнедi. Әрбiр тайпақ вагонның үстiне күштi күзет қойылған. Маңына кiсi жуытпайды. Вагондардың доңғалағын тексерiп өткен жолшының жорамалдауынша, брезенттiң астындағы дөңкигендер танк секiлдi. Астыртын комитет партизан отрядтарына осы эшелонды жою жөнiнде ұсыныс жасапты. Диверсиялық топты Вася басқарып кеткен. Атыс кезiнде немiстер алдына полицайларды алдап салатыны белгiлi. Астыртын комитет бұл жайды арнаулы тапсырмамен жүрген Проценкоға ескертiп, ол бұдан бiр күн бұрын бiздiң селоға келген едi. Балаларын жөнелтетiн адамдардың көңiл күйiн, жалпы елдiң бет әлпетiн байқап қайтамын деген сылтаумен шыққан. Оның мұнысын полиция бастықтары мақұл көрсе керек.

Проценко Зояның шашын сипап тұрып:

– Жылама жаным, – деп, оның бетiнен аққан бүртiк жастарын алақанымен сүрттi. – Бәрi де оңалар, бұл күнгi қасiреттi де ұмытармыз…

– Ондай жақсылық бiз жоқта болатын шығар, – деп күрсiндi Зоя. Ол бiр сәт үнсiз тұрып:

– Гриша, күйеуге тиген қыздарды Германияға жұмысқа жiбермейдi дейдi, сол рас па? – дедi.

– Оны саған кiм айтты?

– Көршi Працканың қызына шақыру қағаз келiп едi, ол «күйеуi бар, тұрмысқа шыққан» – деп, старостадан қағаз апарған екен, немiстер шақыру қағазын өздерi қайтарып алыпты ғой.

– Әй, Зоя-ай, әйел бола қалсаң алмайды деп ойлайсың ба? Қатын болсаң да, бұдан құтылу жоқ, – дедi Проценко. – Бұларға жұмысқа жарамды адам керек, әйел немесе қыз екенiн не қылсын, жұмыс iстесе болғаны емес пе?

Зоя: «Жүрiңiз, балаларды шығарып салайық!» – деп, шулап, жылап бара жатқан жұрттың соңынан ердi. Проценко Зояның қолынан ұстап қатарға қосылғанда, немересiн құшақтап, көзiнiң жасын тыя алмай егiлiп келе жатқан сары кемпiр Зояға шақшия қарады:

– Әй, мына қатынға не жоқ, жарамсақтарға жағынсам, жаным қалады дей ме екен! Бүйтiп арын сатып алған жаны құрсын!

Мен бұл кемпiрдi қайдан көрдiм екен деп ойладым да, тани кеттiм. Баяғыда Лена маған алғаш келген кезде Степан дейтiнмен айтысып отырған Дария деген кемпiр екен.

– Осы опасыз иттер болмаса, немiстер кiмнiң үйiнде бала барын қайдан бiледi, жатырында жарымағандардың iсi ғой бұл!

Кемпiрдiң Зояға тиiскен боп, аға полицай Проценконы сiлеп келе жатқанын Проценконың өзi де, мен де сезiп келемiз. Проценко жұрттың алдында Дарияның бұл масқарасынан ақталғысы келдi ме:

– Әй, шеше-ай, бекер бажылдай бередi екенсiз. Немереңiз ешқайда бармайды, қайтады! – дедi.

– Сен ит жұрттың торайын тонап, жас қыздың басын айналдырғаннан басқа не бiлесiң?! Сәуегей бола қапсың ғой, адыра қал, – деп, Дария бүгiлген саусақтарының арасынан бас бармағын қылтитып көрсеттi.

– Сiрә, баланың қызметi немiске жаққан-ау, өзiн де шошқадай қып бордақылапты! – деп, бiреу iлiп кеттi.

Бұлардың сөзiн естiген бiр әйел алдыңғы жақтан әдейi бұрылып келiп:

– Немiс табанын жалатпаса, бұларға не берсiн, жұрттан тонап алған азық-түлiкке семiрген ғой бұл иттер! – деп, әлгiлердiң сөзiн қоздыра түстi.

Проценко терiсiне сыймай булығып, қатты шамданды. Зояға: «сен жүре бер» деп, шынтағынан итердi де, өзi менiң қасыма келдi. Бiз Шпиталь екеумiз шулаған жұрттың соңында Вася бастаған диверсиялық топтың жайын әңгiмелеп келе жатқанбыз.

– Әскери эшелон өтерде немiстер жолды өздерi күзетiп, қатты бақылауға алушы едi. Бос паровоз жолды тексерiп, ары-берi жүрiп тұрады. Сiрә, бiздiң жiгiттердiң әрекеттерiнен нәтиже шыға қойса жақсы-ау, – дедi Шпиталь.

– Штабта жоспар жасаған кезде мұның бәрiн ескерген болар!

– Алексей Васильевич, ақырын сөйлеңiз. – Шпиталь Проценконы көрiп, жеңiмнен тартып қалды.

Ашуға булыққан Проценко келе сала маған тиiстi:

– Алексей Васильевич, қандай жаза қолдансаңыз да мейлi, бұдан артық шыдай алмаймын, жұрттың көзiне осынша уақыт алапес болып көрiнгенiм де жетер, күйзелiп бiттiм. Бәрiн тастаймын да, отрядқа кетемiн. Менi ендi қинамаңыз.

– Сiзге тапсырманы мен бергенiм жоқ, астыртын комитет бердi, солардан рұқсат сұраңыз. Оны маған несiне айтасыз? – дедiм, бұл сөздердiң маған мүлде қатысы жоқ секiлдi.

– Комитетке сiз барып айтыңыз!

Мен Проценконың соңғы сөзiн естiмегенсiдiм:

– Кешкiсiн саған қалаға жүруге тура келедi. Мен де барып қайтпақшымын. Дүмпудi өз көзiммен көргiм келедi. Әрi екеумiзге тапсырылған жұмыс бар. Фрицтер тiптi еркiнсiп кетiп едi, бұдан соң аяғын тарта басар. Әзiрге қош-сау бол, дүкеншiнiң үйiнде кездесетiн болайық.

– Жақсы, Алексей Васильевич, – дедi Проценко райынан қайтып. – Жиналу пунктiне өз адамдарымды қоярмын. Алдын ала қам жасамаса болмас.

– Полицайда қызмет iстейтiн сенiмдi адамдар бар деп едiң. Сол осы жiгiт пе едi? Баяғыда бiздiң үстiмiзден жансыздың жазған қағазы осының қолына түскен екен ғой, – дедi Шпиталь, кетiп бара жатқан Проценконы иегiмен нұсқап. Мен үндемедiм. Ол да тақақтап сұрамады. Сол күнi кешкiсiн жасырын жолығысып жүретiн үйде Проценкомен кездестiм.

– Станцияға барып қайттым, жұрт жайбарақат жүр, өзгерiс жоқ секiлдi, – дедi ол. – Бүгiн түнде график бойынша шығысқа қарай екi поезд өтедi. Бәлкiм, соның бiрi болар…

– Поездың аз өтуi қалай?

– Алдыңғы бiр жерде көпiр бұзылған дей ме, әйтеуiр бұрын өткен поездар үйiрiлiп тұрса керек.

– Бiзден басқа адамдар да қарап жатқан жоқ екен ғой!

– Бiр жолшымен сөйлесiп едiм, – дедi Проценко көтерiле сөйлеп, – көпiрдi бiреулер бұзып кетiптi дедi. Бiрақ олар бiздiң Васяның бiр өзiнiң жасағанындай әрекеттер жасай алмас!

Проценко да мен секiлдi Васяны көрген емес. Бiрақ мен оның мақтаныш сезiмiн қайтармайын дедiм. Түн ортасында қатты дүмпудi естiп, екеумiз де далаға жүгiре шықтың. Қызыл жалын аспанға лап етiп көтерiлдi де, сең жүргендей күркiреген зор үн естiлдi. Қара жер дiр-дiр етедi. Сәлден соң дүниенiң бәрi мүлгiп, айнала төңiрек жым-жырт бола қалды.

Қараңғы тыныштыққа құлақ түрiп тұрған Проценко:

– Дауысы қатты шықты, сай түбiне омақаса құлады ғой деймiн. Дөңкиген танкiден қаусаған темiрлер ғана қалған шығар! – деп риза боп тұрды. Осы кезде сиренаның ащы үнi естiлдi. Қала iшi астан-кестен болды да қалды. Әр жерде машинаның, мотоциклдiң оттары жарқылдап, айқай көбейдi. Танктер де қозғалды. Бәрi дүмпу шыққан жаққа қарай ағылып барады.

– Бұлар кiммен соғыспақ? Әлде қызылдар десант түсiрдi деп қорқып жүр ме? – деп таңданды Проценко.

– Немiстердiң әбiгерленгенiне қарағанда, өздерiне соққы қатты батқан сияқты. Дүрлiгу түрлерi жаман! – дедiм мен.

– Әкесiнiң үйiн жайлағандай жағасы жайлауға кетiп, қаннен қаперсiз жатушы едi, Вася бұлардың әкесiн танытты. – Проценко кепкасын желкесiне ысыра киiп, екi қолын бүйiрiне таянып, аса бiр ризашылық бiлдiредi.

– Гриша, бiз неге тұрмыз, әлгi шаруаны ұмыттық па?

– Қам жемеңiз, Алексей Васильевич, қазiр мен оларға белгi берем, сонсоң бәрi орнына келедi! – Ол қосағымен екi қызыл ракета жiбердi. Переяславта әскери гарнизон бар, әр мезетте ракеталар атылып жатады. Сондықтан ба, атылған ракетаға ешкiм мән бермедi. Ракета атылған кезде бiреу жарыса аспанға жарқырауық оқ жiбердi. Сол мезетте орталықтағы үйдiң тұсынан жалын көтерiлдi. Үлкен үй оттың астында қалды. Күзетшi немiстер не iстерiн бiлмей, айнала зыр жүгiрiп жүр.

– Тiзiм жойылды, жiгiттер мен қыздарға үйлерiңе қайта бер деуге болатын шығар. Шақыру қағазын қайта жiберiп, жиып алғанша, тағы бiр амалын табармыз, – дедiм мен.

Проценко екеумiз сол түнi селоға қайта оралдық. Ертең тергеу жүре қалғандай болса, Проценко селодан шықпаған болады. Селоның тұсына жақындағанда, әскери эшелонды қиратуға қатысқан Василий Диченконы жолықтырдық. Ол болған iстi бастан-аяқ айтып бердi. Оқиға былай болыпты.

Жетiншi километрдiң тұсында жол терең өзектi айналып, бөктерлей өтедi. Өзектiң екi жақ кемерi жарлауыт та, етегi ит тұмсығы өтпейтiн қалың тоғай. Тоғайдың iркiлген шалшық суы темiр жолдың табанына салынған цемент құбыр арқылы ағып жатыр. Темiр жолдың арғы бетi жазық. Онда күзет үйлерi бар. Қопарғышты қай жерге қою оңтайлы дегенде, Вася осы айналма бұрылысты ұсынады. Кейбiреулер күмәнданады.

– Айналма тұста күзет күштi. Етектен рельске дейiнгi жер үстiрт, әрi жалаңаш, бой көрсету қиын, бекерге шығын шегiп қалмасақ, жарар едi, – деседi олар.

– Басқа жерде ауыр составты түгелдей қирата алмаймыз, бұдан оңтайлы жер жоқ, – дейдi Вася. Ол не айтса да терiс дейтiн кiм бар, бәрi көнедi.

Бiрақ бұлардың өзектегi тоғайға жетуi қиынға соғады. Тоғайдың төңiрегi ток өткiзiлген сым темiрлермен қоршалып қойылыпты. Дөң үстiнен айналаның бәрi күзетшiге айнадай көрiнедi. Қас қарайған кезде қопарушылар зор қиыншылықпен тоғайдың шетiне iлiгедi. Азырақ тынығып алғаннан кейiн еңбектеп құбырға қарай беттейдi. Құбырдың iшiнде бүкшиiп, суға малынып бiрнеше сағат бойы отырады. Күзетшiнiң жүрген тықыры, қарауыл үйiндегi солдаттардың дабыры естiлiп тұрады.

– Вася, не iстеймiз, бүйтiп отыра берсек, қопарғышты салып үлгiре алмаспыз, эшелон өтiп кетiп жүрер, – деседi.

– Эшелон ендi ешқайда өте алмайды, әбiгерленбеңдер! – дейдi Вася қолын сермеп. Сол сәтте Васяның не ойлап отырғанын ешкiм бiлмейдi. Жол үстiне ұзыннан-ұзақ мол жарық төгiп, паровоз жалғыз өткенде, Вася қысқа бұйрық бередi:

– Қазiр мина төсеушi менiмен бiрге жүредi. Диченко, күзетшiнi саған табыстаймын. Алдын орағытып өт те, қасыңа келгенде дыбыс бер. Ол саған бұрылып, алаң болған кезде ту сыртынан мен де қадалармын. Қорықпай, батыл қимылда. Бiз күзетшiмен айналысқанда мина қоюшылар шаруасын бiтiрер. Iске сәт, кеттiк!

Барлық операция шапшаң жүргiзiледi. Вася күзетшiнi өлтiрiп, сай түбiне түскенде, мина қоюшылар да iстерiн тындырып оралады.

– Екi жерге қойдыңдар ма? – деп сұрайды Вася.

– Дәл солай, жолдас командир!

– Мина қатар жарылатын болды ма? Сонда паровоз екпiнiмен барлық составты ала кетедi.

– Дәл солай, жолдас командир.

Осы мезгiлде сартылдап келе жатқан поездың хабары бiлiнедi. Жүрек алқымға тығылады. Кейбiреулер тықыршып, келе жатқан әскери эшелонды қарағысы келедi.

– Бас сұғушы болмаңдар, әйтпесе қираған вагонның астында қалып жүрермiз. Эшелон қираған кезде тысқа шығамыз. Түсiндiңдер ме? – дейдi Вася. Васяның айтқанының бәрi дұрыс болады. Поезд пысылдап жақындап келедi. Әп-сәтте аспан айналып жерге түскендей шатыр-шұтыр ете қалады. Қос паровоз бүкiл вагонды соңынан ертiп, доңғалақтары аспанға кете құлайды.

– Вася қандай кiсi? Өзi былай, денелi, үлкен кiсi ме? – деп Проценко әуестене сұрады.

– Қалай десем болады, кәдiмгiдей адам, денесi сен қатарлы, бiрақ сәл бойшаңдау.

– Жiгiт екен!

– Өздерiң дүмпудiң қалай болғанын естiдiңдер ме? – дедi Диченко.

– Естiгенiң қалай, бәрiн өз көзiмiзбен көрiп тұрдық. Әсiресе, немiстердiң дүрлiккенiн айтсаңшы, өздерiнiң де естерi шығып, берекесi кеттi-ау. Сiрә, қызылдар десант түсiрдi деп ойлап қалды ма, танкiлерiн де сендерге қарай шулатты ғой, – дедiм мен.

– Ол кезде бiз орманда болатынбыз.

Проценко да қарап тұрмай, мақтанғысы келдi:

– Бұл түнi бiз де фрицтердiң қытығына тидiк. Гебит комиссардың, комендатураның үйлерiн өртеп жiбердiк. Сөйтiп Германияға баратындар тiркелген тiзiмдердi жойдық. Жастарды екiншi жолы шақыртып, қайта жинағанша, тағы бiрқыдыру уақыт өтер. Аржағын тағы көрермiз.

– Жастарды құтқару – эшелондарды қиратқаннан маңыздырақ шығар. Бiр ананың көз жасының өзi талай эшелонның құны емес пе? Сiздер де көп жұмыс бiтiрiп қайтқан екенсiздер. Құттықтаймын, – дедi Диченко шын ықылас бiлдiрiп. Бiз селоға жеткенде, оралған немересiн құшақтап бара жатқан Дария жолықты:

– Ей, балам, кеше немерең оралады деп едiң, аузыңның дұғасы бар екен, айтқаның келдi, берi келшi, бетiңнен сүйейiн! – Ол құшағын жайып Проценкоға ұмтылды. Проценко сомадай боп бетiн тосты, өзi еңкiлдеп күле бередi. Екi күннен кейiн немiстердiң әскери эшелоны талқандалғаны жөнiнде Үлкен жерге хабар берiлдi.

Онда ешкiмнiң аты аталмады, немiстердiң танк полкi адам құрамымен жойылғаны, ол полкты Вася деген бүркеншек атпен жүрген Қасым Қайсеновтiң жойғаны да айтылмады…

Майданда ерлiктiң бәрi тiркеле бермейдi. Оған ешкiм өкпе айтпайды, өйткенi соғыс заңы солай.

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...