Немiстер Киевтi басып алғаннан кейiн қаланы бiрiншi көруiм едi, қала қатты күйрептi. Бұрынғы даңғыл Крещатиктен кiсi жүрiп болмайды. Қираған машиналар ма, зеңбiректердiң қалдықтары ма, өртенген танк пе, сынық кiрпiштердiң үйiндiсi ме, – қар астында төбе-төбе болып үйiлiп жатыр. Көшеде күзет күштi, күдiктiлердi тоқтатып, тергеп, дедектетiп ала жөнеледi. Қалқандау жердi қиялап Крещатиктiң арғы бетiне шықтым. Богдан Хмельницкий алаңына қарай аяңдап келемiн. Осы маңда Островский көшесiнiң пұшпағындағы үйде тұратын бiреумен кездесуiм керек. Өзi тiс салатын техник көрiнедi. Үш қабат үйдiң алдына келiп, әрi-берi сенделiп жүрдiм. Қабырғаларға коменданттың бұйрықтарын қатарлап баттастырып жапсырып тастаған. Соны оқыған болып, өзiм жан-жағыма қараймын. Күн кешкiрiп қалған. Көлеңке жалпақ қабырғаларды күңгiрттендiрiп тұр. Үйдiң бiрiншi қабатындағы бiрсыпыра терезелерге қиықшалап тақтай қағып тастапты. Оларда кiсi тұрмайтын секiлдi. Ортадағы подъездiң есiгi үңiрейiп тұр, үстiндегi әйнегi сынған. Аржағындағы коридор қараңғы үңгiр сияқты. Дәу де болса, сол есiктен кiретiн шығармын деп топшылап тұрмын. Мен iздеген үйдiң номерi сол подъезге дәл келедi. Қас қарайғанда үстiңгi үйлердiң терезелерiнен жылтылдаған сәуле көрiндi. Бiрақ кiрiп-шығып жүрген жан байқалмайды. Үйге кiрейiн деп тұрам да, менiң iзiме түсiп, аңдып жүрген бiреулер жоқ па екен деп тағы тоқталам. Жан-жағыма қараймын. Манадан берi менiң сол жағымда, көшенiң айналма бұрылысында, екi адам сөйлесiп тұрған. Алғаш оларға зер салған жоқ едiм. Бiреуi маған ұрланып қарайтын секiлдi. Үстiне кигенi жұқа пальто, жағасын көтерiп алған. Баса киген қалпағынан бет пiшiнi оңды көрiнбейдi. Байқаймын, мен жақтан көз алмайтын сияқты. Тұла бойым түршiгiп, қалтырап кеттi. Не iстеу керек? Құр тұрғанмен құтылмаспын, тұтылсам оны көре жатармын, – деп осы үйлердiң бiрiнде тұратын кiсiдей, әлгi әйнексiз үңiрейген есiктен кiрдiм. Қалпақты мыртық кiсi алақ-жұлақ етiп, әбiгер болды да қалды. Мен дереу екiншi қабатқа көтерiлдiм. Шырақ ұстаған кемпiр қарсы жолықты.
– Балам, кiмдi iздеп жүрсiң?
– Осында, әлгi тiс дәрiгерi бар емес пе? Тiсiм ауырып мазамды кетiргенi, – деп, жағымды ұстап, ауырсынған түр бiлдiрдiм.
– Ол бейшараны ұстап әкеткелi қай заман. – Кемпiр шоқынып алды. – Немiстер келiсiмен көп ұзамай алып кеттi. Байғұс ұсталарын бiлдi ме, содан бiр күн бұрын бiздiкiне келдi. Өзi кiшiпейiл, жұмсақ кiсi болатын. Менi әже дейтiн. «Әже, көп жыл көршi болдық, бiлместiкпен айтылған сөзiм болса, кешiрiңiз» – дедi. «Ойбай, ол не дегенiң, айта көрме, қайта мен қақпас емес пе ем, сендерге маза бермейтiн» деймiн. Өткен-кеткендi еске түсiрiп әжептәуiр әңгiмелестiк. Бұдан соң өзiн көрмедiм, келесi күнi қарулы солдаттар келiп алып кетiптi деп есiттiм, – деп, кемпiр ақырын күрсiндi.
Кемпiрдiң сөзiн жөндi тыңдап тұрғаным жоқ, қайда барып тығылсам екен деп тықыршимын. Сол мезетте сыртқы есiк ашылғандай болды. Кемпiрге «үндемеңiз» дегендей ымдап белгi бердiм. Жайбарақат әңгiме соғып тұрған кемпiр шошып кеттi. Жағасын ұстап, шегiншектей бередi. Мен одан бұрын үйге кiрдiм.
– Мынау ит соңымнан қалмай қойды. Сiз қорықпаңыз… Қазiр кетемiн, – деп сыбырлап жалынғандай боламын. Кемпiр шырағын ұстап, тысқа қайта шықты. Әлдекiмге дауыстап сөйлегенсiп жатыр.
– Мария, бұл сен бе? Сорлы-ау, қайда құрып кеттiң? Үйде бiр тал отын жоқ, қыдыру сенiң неңдi алған, секеңдемей отырсаң қайтедi?
– Барылдама, бұл басқа адам! – деген бiреудiң қарлыққан дауысы естiледi. – Бұл жерден ешкiм өтпедi ме? Жолдасымнан әлгiнде ғана адасып қалғаным. Өзi қаламен таныс емес едi.
– Құрғыр, шұнақ қызды күткенiме бiрталай болды. Әрiберi өткен кiсiнi көрмедiм. Көрсем – айтайын.
Келген кiсi кемпiрдiң соңғы сөзiн тыңдамады, төмен қарай асығыс жүгiрiп бара жатқандай болды. Мен де көп аялдамадым. Кемпiрмен қоштасып, қора жақтағы есiктен тысқа шықтым. Кемпiр күңкiлдеп қалды.
– Осы да тiрлiк пе, аңдысқандар аузындағысынан айрылмай ма?! – дейдi.
Сол күнi iзiмдi жасырам деп, сенделiп көп жүрдiм. Ымырт жабылып, қас қарайып қалды. Қайда барарымды бiлмей, ақырында бiр таныс кiсi бар едi, соныкiне барып қондым. Қалада тұрғанымен, өзi жабайылау нас адам болатын. Өзiнiң аты да қызық. Тик дейтiнбiз. Мұнысы шын аты екенiн, я лақап аты екенiн бiлмеймiн. Тик жарқылдап қарсы ала қоймады. Ол менiң Канев каласында қызмет iстейтiнiмдi бiлетiн. Бiр-екi ауыз амандық сөзден соң:
– Жұмысың бұрынғы орнында шығар, – дедi салқын түрмен.
– Ия, сол жерде iстеп жатырмын, – дедiм оның жақтырмағанын сезбегенсiп. – Басқармадан дәрi-дәрмек алуға келiп едiм. Кеш келiп, бастықтардың ешқайсына жолыға алмадым.
– Мм, солай де! – деп, Тик орындық үстiнде әрi-берi қозғалақтап отырды да: – Дәрiгер деген жақсы кәсiп қой. Немiс пе, орыс па, – талғамайсың, бәрiне бiрдей қызмет ете бересiң, сөкет көрмейдi. Анау Гриша итке: «Сен үй тұрғызам, үйдiң оқуын оқимын дегендi қой. Бiр басыңа осы үй жетедi, басқа елде не жұмысың бар, одан да дәрiгердiң оқуын оқы!» – деп құдайдың зарын қылдым. Әке тiлiн алмай, тәлiмсiз өскен бала оңа ма? Ендi өзінiң қайда жүргенi белгiсiз.
Тиктiң Гриша деп отырғаны – өзiнiң ұлы. Бұдан төрт-бес жыл бұрын ол баланы көргенiм бар. Әуесқой, қағылез бала болатын.
– Күдер үзбеңiз. Бiр жерде жүрген шығар. Немiстер салған хатты жiбермейдi ғой.
– Бiлем! – дедi Тик қолын сiлтеп. – Жай, әншейiн айтып жатқаным ғой, кейде ойлап, тiлдi алмағанына күйiнiп кетем. Дәрiгер болса, мына өзiң секiлдi жұмыс iстеп жүрмес пе едi. Немiстер бәрiн қырып-жойып жатқан жоқ, бұларға да кiсi керек көрiнедi.
Мен үндемедiм. Тик сөйлескiм келмегенiн байқап:
– Олай болса, демал! – дедi бiр танауын пысылдата көтерiп. Ac үй жақта кемпiрi ыдыс-аяқтарды салдырлатып жуып жатқан, соған айқайлады: – Мынаған төсек салып бер, мырза ғой, шаршаған көрiнедi! – Ол терiс қараған бойы түпкi бөлмеге кеттi де, есiгiн тарс жауып алды, қайтып шықпады. Босағада ескi диван бар екен. Мысық жүн құлақшынымды жастанып, тонымды айқара жамылып, соған қисая кеттiм. Үйдiң iшi азынап тұр. Терезенiң саңылауларынан соққан суық жел кiсiнiң тұла бойын қарып барады. «Жол жүрiп келдiң, бiр-екi стакан шай iш, бойың жылынсын!» – деген жан болмады. Соғыс кiсiнiң пейiлiн тарылтып жiберген бе, ауыздарынан жылы сөз шықпайды. Ой үстiнде бүрiсiп, қалтырап жатып ұйқыға кетiппiн. Қатты ұйықтап қалсам керек. Бiреу балаша тербетiп оятады. Көзiмдi ашсам, Тик екен. Кешегiдей емес, жалпақтап жаны қалмайды.
– Түу, Алеша-ай, ұйқың мұндай қатты болар ма! Тiптi әрең ояттым ғой. Сағаттың қанша болғанын қарашы, – деп, дөңгелек сағатты алдыма әкеп тосады. Сағат тоғыздан асыпты. Стол үстiне әрқилы тағамдар қойылған, сары самауыр буы бұрқырап қайнап тұр, шошқаның майы мен тұздалған қияр, помидорды төпелеме ғып турапты. Осылардың арасынан торсықтай литрлiк шынының мойны қылтиып көрiнедi. Екi күннен берi нәр татпаған едiм, сiлекейiм ағып, тамсанып, қарай берем. Қанша тасбауыр десең де, дәмдес болған ағайын ғой, ықыласы ауған екен деп ойлаймын.
– Алеша, қол-басыңды жу! – деп, Тик қолтықтап тұрғызды. Кiршiксiз таза орамалды ұстатып жатып:
– Бұл самауырдың қайнағаны қашан, кемпiр екеумiз самауыр суып қалмасын деп кезек-кезек шоқ саламыз. Кемпiр: «Тиме, ұйықтасын, оятсақ ренжiп жүрер!» – дейдi. «Өзiмiздiң бала емес пе? Ұрысса мейлi, қайта сөккенi өзiме майдай жағады» деп, болмай ояттым. Тик кемпiрiн шынтағымен түртiп:
– Сен бүйтiп тұрмай, орындығына көпшiк әкеп салсаңшы, жалаңаш тақтайға қалай отырады, – деп жұмсап жатыр. Бәрiмiз стол басына отырдық.
– Сыртта жүрiп көп араласпадық қой, әйтпесе бұл үйдiң де саған жаттығы жоқ, үй өзiңдiкi, ұялмай жеп-iшкiн! – деп жатыр. Шанышқыны қолыма ұстатып, майды, қиярды алдыма итерiп, тықпалай бередi.
– Мынаған қалай қарайсың? – дедi шөлмектiң тығынын суырып. – Спирт iшiп жүрген адамға дәмi кермектеу татыр, әйткенмен оныңнан кем емес, өзiнiң түсiн қарашы, мөлдiреп тұр.
– Маған iшуге болмайды, қазiр кеңсеге барам.
– Бiр-екi жүз грамм не қылады, тәйiрi. Бұл құрғыр iздегенде табыла бермейдi. Өзiмiз самогон салмаймыз. Бiрақ өзiң секiлдi азаматтан аяйтын немiз бар. Кемпiр байғұс: «Балам келдi!» – деп көршiлерден аттай қалап алыпты, сөйткенде iшпей қойсаң, бұл байғұстың көңiлiне келер. Кемпiрi қостағандай басын изедi. Тик қоярдақоймай бiр-екi рюмка iшкiздi. Шай iшiлiп болғаннан кейiн ол орындығын тақап, жақын отырды. Қанталаған көздерi күлiм қағады. Салбыраған мұртын тартқылай ширатып:
– Алеша, кеше дәрi аламын дедiң бе осы? Өзiң көбiрек алатын ба едiң? – деп бiреу естiп қоятындай құлағыма сыбырлады.
– Қанша беретiнiн қайдан бiлейiн, сұрағанымыз көп, күнде келiп жатқан бiз емес, аудан алыс, бергенiн қалдырмаспыз.
– Ә-ә, соның дұрыс, қазiр әрбiр орам дәрiнiң өзi пұл болып тұрғанда одан айрылуға болмайды. – Тик бүйiрiмнен түртiп қалып, көзiн қысты.
– Пұл болуы қалай? – дедiм мен таңданып.
– Түу, бала екенсiң ғой өзiң. – Тик көзi жайнап, телмiре түстi. – Жастық, тәжiрибесiздiк деген осы да. Дәрi емес, сап-сары алтын алғалы отырған жоқсың ба! Тыңдашы өзiң, – деп түсiндiре бастады.
– Қазiр ғой соғыс жүрiп жатыр. Оның қашан бiтетiнiн бiр құдайдың өзi бiледi. Соғысып жатқан жұрттың дәрi-дәрмек шығарумен iсi бола ма, тәйiрi. Ескi қор бүгiн болғанмен, ертең түгесiледi. Осы күннiң өзiнде жұрт дәрi-дәрмекке зәру. Әне-бiр сульфидин дейтiнi тiптi қат. Осында бiреу келiп, «сiзде бар деп есiттiм, қуығым жарылып барады, зәр шықпай қалды, құдай үшiн бiр жұтымын тауып бер» деп, жатып жабысқаны бар емес пе? Онысының қандай дәрi екенiн де бiлмеймiн. Сорлының алтын сағаты, жүзiгi бар екен. Жаннан тәттi не бар! Ал деп ұсынып тұрған соң оны қиғым да келмейдi. Кемпiрдiң басы ауырғанда iшiп жүретiн бiрдемелерi бар едi. Қимағансып соны бере салдым. Байғұс қуанып кеттi. Ал алтын сағат пен жүзiк менiң қалтамда қалды… Мұнан қанша дәрi-дәрмек алғаныңды аудан қайдан бiледi. Сұраса, бермей қойды дей саларсың. Аласапыранда кiмдi-кiм тексередi?! Алған дәрiнi пұлдасаң, соғыс бiткенше шалқаңнан жатып iшiп-жеуiңе жетедi.
– Мен сiздi түсiнбей отырмын, – деймiн.
– Қалтаңа көкала марка түскенде түсiнесiң! – Тик иегiн қағып қойды. – Қалай өткiзем деп қам жеме, саудалауын өзiме бер, алатын кiсiнi де өзiм табам. Қалтаңда маркаң болса, бауырым, әммасын, Гиммлердiң өзiн де сатып аласың. Кәне, келiстiк пе? Ықыласыңды бiлдiрсең болғаны. Аржағын өзiм ептеймiн.
– Жанға шипалы аяулы затты құнсыз маркаға қалай қиып айырбастайсың. Жоқ, бұлай болмайды!
– Неге? – деп Тик шошып кеттi.
– Бұл соғыс сансыз ажалмен бiрге әрқилы дерт те ала келдi. Бұл өңiрде бұрын ұшыраспаған жұқпалы аурулар шықты, – дедiм, Тик түсiне ме деген ниетпен. – Оларды ешқандай маркамен де, алтынмен де емдей алмайсың, науқас адамға дәрi-дәрмек керек!
– Солай де, – деп Тик шегiне түсiп, шалқая отырды. – Кiмдердi емдейтiнiң мәлiм болды, фрицтерге жағынып та үлгерiпсiң! Мұның тым ерте емес пе? Кейiн Совет келгенде қайтесiң? Мұныңа кешiрiм бермес.
– Көппен бiрге көрермiз.
– Көптi қайтесiң, өз басыңа салмақ түсiп жүрмесiн!
– Қорқытайын дедiңiз бе?
– Неге, қорқатын сен бала емессiң. Әйткенмен көргенi бар кiсiнiң ақылын алған жөн. – Тиктiң таң атпай бәйек боп жүргенiнiң мәнiсiн ендi ұқтым. Қазiр ол терiсiне сыймай шытынап отыр. Тiкiрейген тiкенек сақалдары сексиiп, тiстерi ақсиып, бас салуға әзiр тұрған ит секiлдi, ұсқыны бұзылып кеткен.
– Жөнi келмейтiн iстi болдырам деп қызбаланып қайтесiз, – дедiм орнымнан тұрып. – Совет келгенше сiздi куәға қалдырмауыма болады, жандармерия бұл жерден алыс емес. Оларға бiр ауыз сөз айтсам жетiп жатыр.
– Ха-ха-ха! – Тик басын шалқайта тастап, қызыл көмейiн көрсетiп, қарқылдап күлдi. Күлкiсi суық. Сояудай сары тiстерi әлi бүтiн, мүжiлмеген, бiр-бiрiне тигенде сақсақ етедi. Шүңiрек көк көздерiн быртиған күс бармағымен батыра сүрттi:
– Жiгiтiм, басың пiспеген екен. Немiске қызмет көрсетiп жүрген жалғыз өзiм дейсiң бе?! Сен жалғыз емессiң, өйтпейiнше бұл күнi күн көру қиын. Қаласаң, гестапоның өзiне апар менi. Олар сенен гөрi маған көбiрек сене ме деп ойлаймын. Жұрт секiлдi бүркеншек атпен бұғынбаймын. «Тик» – десең болды, олар түсiнедi!
Жаудың тыңшыларынан қашып келгендегi тығылған жерiм жансыздың ұясы екенiн ендi ғана аңғардым. Кiсi кейде өзiн қаншама сабырлы ұстаймын десе де, кек-ызасы сыртына шығып тұрады ғой.
– Қандай адам екенiңiздi таныттыңыз, рақмет сiзге, – дедiм кекетiндi түрмен. – Әуелi құттықтауыма болатын шығар!
Тик мақтауды көбiрек сүйетiн қатын мiнездi адам едi. Мысқыл сөздi ұқпай, төмен қарап, бет-аузы жыбырлап, қолбаңдап қалды. Мен шапшаң жинала бастадым. Менiң кетiп бара жатқанымды көрiп, есiк алдында дауыстап тоқтатты.
– Сөйтiп, келiспедiң ғой, мейлi, солай-ақ болсын! Пiкiрлес адам екенбiз, сол үшiн кешiрем. Бiрақ, – дедi сұқ қолын кезеп, – айтылған әңгiме осы арада қалсын, тiсiңнен шығарушы болма! Түсiндiң бе?
– О не дегенiңiз, рақмет сiзге, кiммен сөйлескенiмдi бiлем ғой.
Есiктен шығып бара жатқанда: «Ернiнен уызы кетпеген ит неме!» деп, оның быламайлай боқтаған сөзi құлағыма шалынды. Екi-үш басқыштан қатар секiрiп, көшеге ытып шықтым. Дала шытымыр аяз екен. Шымырлатып беттi қариды. Боз қырау басқан теректер сүңгiленiп, көкке найзадай шаншылады. Көшеде жүргiншi аз. Қару-жарақ тиеген жүк машиналары анда-санда зуылдап өте шығады. Машина үстiнде бiр-бiрiне тығылып, бүрiсiп отырған солдаттар. Әлдеқайдан танкiлердiң ышқынып гүрiлдеген дауыстары естiледi. Жойқын күштер шығысқа қарай беттеп бара жатқан сықылды. Бойымды суыққа үйретiп алған соң аптека басқармасына қарай аяңдадым. Олар көп ұстамады.
Барлық жолдама қағаздарды жиып алды да: «Екi күннен кейiн келерсiң!» – деп қоя бердi.
Астыртын комитет Киевке жүрерде екi адрес берген едi. Комитеттегiлердiң жобалауы бойынша бұл адамдардың облыстық партия комитетiмен тiкелей байланысы бар, қайткенмен де оларды тауып, жолығып қайт деп тапсырған. Жолық деген кiсiсiнiң бiрi кеше кешкiсiн барған тiс технигi болатын. Оны немiстердiң ұстап әкеткенi мәлiм болды. Әйткенмен үмiт үзбей, екiншi адрестi iздеуге кiрiстiм. Комитеттегiлер менiң бұл адамды таба қоятыныма күмәнданды ма, әлде сақтық жасағысы келдi ме, оның аты-жөнiн айтпады. Орталық темiр жол вокзалына қарсы үшiншi үйдiң екiншi қабатында тұрады, пәтерiнiң номерi – 40. Есiктi қабағы түксиген, шүңiрек көз, мұртты кiсi ашатын болса, «Кешiрiңiз, бас ауруына iшетiн дәрi керегi жоқ па?» – деуiм керек. Сонда ол: «Құдайға шүкiр, әзiр денiм сау, дегенмен болмас, келiп қалған екенсiң бiр құтысын алайын, дәрiнiң зияны болмас» – деп, үйiне кiргiзiп алады. Жолығысу шартымыз осындай.
Аптека басқармасы вокзалдан онша алыс емес-тi. Аптекадан шыққаннан кейiн вокзалға қарай аяңдадым. Вокзал бұрынғыдай дырду, азан-қазан емес. Iшi қаңырап бос тұр. Алыс сапарға баратын жолаушылар отыратын оң жақтағы үлкен залдың бұрышында автомат асынған үштөрт немiс солдаты тұр. Өздерi бiр жас әйелдi қоршап алған. Әйелге саусақтарын ербеңдетiп, ыммен бiр нәрсенi айтып түсiндiргiсi келедi. Әйел: «Гут, гут» – деп сытылып шыға берейiн десе, олар бiлегiнен ұстап, жiбермей, орталарына тартады. Дуылдап күлiп, тағы саусақтарын ербеңдетiп ымдайды. Әйел менi көрiп, қуанып кеттi.
– Жiберiңдер! – деп жұлқынып, маған қарай тұра жүгiрдi. Менi қапсыра құшақтап: – Мына иттерден құтқара көрiңiз, жабысып қыр соңымнан қалатын емес, – дедi. Солдаттар әйелге байланыспады, өздерiнше мәз болып қала бердi. Вокзалдан ұзап шыққаннан кейiн әлгi әйел:
– Сiз қайда бармақшы едiңiз? – деп сұрады.
– Осында дәрi-дәрмек алуға келiп едiм. Берген документтерiн тексерiп жатыр ма, күттiрiп қойды, берсе, ертең Каневке қайта жүремiн.
– Жерлесiм екенсiз ғой. Мен Трахтомировка селосынанмын. Танысып қояйық: атым – Надежда, ия, Надежда Воронецкая, мұнда апамның үйiнде тұратын едiм. Уақытыңыз болса, келiңiз, осы күнi тiлдесетiн кiсi таба алмай зар болдық. Кудрявский көшесi бұл жерден алыс емес.
– Рақмет, уақытым болса соғармын.
Надежда менiң күдiктенiп, тартыншақтағанымды сездi ме, өз жайын айта бастады:
– Калинин атындағы заводтың асханасында iстеймiн. Одан бұрын аяқкиiм фабрикасында жергiлiктi комитеттiң председателi болған едiм.
– Қазiр заводтағы жағдай қалай?
– Бiздi асханадан әрi жiбермейдi. Тыңшылары көп, сөйлеуге қорқасың. Әйткенмен қолдан келген көмегiмiздi аяғымыз келмейдi. Гестапо соңына түсiп жүрген екi тұтқынға бiреуi осында шофер, екiншiсi экспедитор боп iстейдi деген куәлiк берiп, қудалаудан құтқарып алдық. Олар майдан шегiнен өтемiз деп талап қылып жүрген. Онысынан не шыққанын бiлмеймiн. Бүгiн құрбымды поезға шығарып салуға келiп едiм, әлгi иттер ұстап алып, айрылсайшы, жөн сөзiңдi ұғатын түрi жоқ, не айтып тұрғанын тағы түсiнбейсiң. Шым-шытырық заман болды ғой… – Мен жауап қатпадым. Тикпен әңгiмеден кейiн жүрегiм шайлығып қалған едi. Воронецкаяны шығарып салып, қайта оралдым.
Астыртын комитеттегiлердiң сiлтеген үйiнiң алдында сенделiп әрi-берi жүрдiм де қойдым. Кiруге бата алмаймын. Мұнда жай халық тұратын сияқты. Адамдар кiрiп-шығып жүр. «Шаңқай түсте несiне сескенем, бiреу-мiреу тоқтатып сұрай қалса, бiр сылтау айтармын, әрi қолда документiм бар» деген оймен, бiр әйел кетiп барады екен, соған iлесiп үйдiң екiншi қабатына көтерiлдiм, 40-шы номерлi есiктiң алдына келiп тоқтағанымда, қайдан шыққанын бiлмеймiн, бiреу қолымнан шап берiп ұстай алды. Жұлқынып, босанайын деп едiм, түйгiштеген жұдырықтар жан-жақтан жауды, «ыңқ» етуге шамамды келтiрмей сүйрелей жөнелдi. Қораның iшiнде жабық машина тұр екен, қол-аяғымды жерге тигiзбей, машина iшiне атып ұрды.
– He жазығым бар? Босатыңдар! – деп тыпырлап жатырмын.
– Айқайлама, – деп, еңгезердей полицай кеудемдi тiзесiмен басып, түйгiштей түседi. – Жалғыз өзiң мұнда не бiтiресiң, большевиктердiң барған жерiне жетсең, қайта өзiңе көңiлдi болмай ма?! Олар коллективтi сүйедi! – деп кекетiп, кеңкiлдеп күледi.
Машина бiрталай жүрiп, биiк дуалмен қоршалған әйдiк қораға келiп тоқтады. Корелленко көшесiнiң бойындағы үйдiң бiрi екенiн танимын. Үйдiң қора жақтағы есiгiнде ешқандай белгi жоқ. Екi полицай қолтықтап, ұзын коридордың бойымен үлкен бөлмеге алып кiрдi. Төрде былғары есiктiң оң жағында машинка басып отырған әйел:
– Лейтенант мырзаға ма? – дедi басын көтерместен қағазға үңiлiп. Полицай «Дәл солай» деп өкшесiн түйiстiрiп, сарт еткiздi.
– Лейтенант мырза бос емес, онда кiсi отыр! – деп, әйел қағазға үңiлiп, машинкасын баса бердi. Байқаймын, әйелдiң басып жатқаны адамдардың ұзыннан-ұзақ тiзiлген тiзiмi секiлдi. Әлден уақытта маңдайшадағы қоңырау шылдыр ете қалды. Әйел шар айнаны бетiне, желке жағына, кеудесiне жүгiртiп, бойын түзеп, тық-тық басып iшке кiрдi. Көп бөгелмей қайта шықты.
– Кiрiңiз! – деп полицайға басын шұлғыды.
Аздан соң менi де шақыртты. Төрде ұзын столдың қақ ортасында бiр уыс боп немiс офицерi отыр. Мен кiрген кезде ол қарсы алдындағы күжiрейген кiсiмен сөзiн тыйп, шалқайып, шiренiп отырды. Күжiрейген кiсi маған терiс қарап отыр.
– Лейтенант мырза, бұл адамды бақылаудағы 40-үйдiң дәл есiгiнiң алдынан ұстадық. Ұстаған кезде қатты қарсылық көрсеттi.
– Қарсылық көрсеттi дейсiң бе? – Лейтенант маған сығырая қарады.
– Ия, солай, лейтенант мырза! – дедi полицай аптығып.
– Мұның айтып тұрғанының бәрi шылғи өтiрiк, офицер мырза, сiздi алдап тұр.
– Өшiр үнiңдi! – Лейтенант орнынан атып тұрып, столды қойып қалды. – Әдепсiз малғұн, сенiмен сөйлесiп тұрғаным жоқ! – деп ақырып қалды. «Айта бер» дегендей полицайға иек қақты.
Айқайдан зәресi ұшқан полицай:
– Ия, сонан соң… Әлгi өзiңiз айтқан тәсiлмен анау-мынау жасауына мұршасын келтiрмедiк, тура осында алып келдiк, – деп қыпылықтап қалды.
– Жақсы! – дедi лейтенант полицайдың әрекетiн құптағандай.
– Дұрыс жасағансыңдар. – Лейтенант маған шұқшия қарап:
– Өзiңiздiң қайда келгенiңiздi бiлесiз бе? – деп, өзiнiң артықшылығын көрсеткiсi келдi ме, сол сәт сыпайылық көрсетiп, сөзiн «сiзден» бастады.
– Ия, офицер мырза, мен жандармерия бастығының алдында тұрмын. Фюрердiң офицерi iстiң ақиқатына көзi жетер деген үмiтiм бар.
– О-о, жаман сөйлемейтiн көрiнесiз. Бiз сiздi көп ұстамаймыз. Тек мынаған ғана жауап берсеңiз болды: Бұл үйге сiздi кiм жiбердi? Онда кiммен кездеспекшi болдыңыз? Қиналсаңыз, жiберген кiсiлердiң аты-жөнiн айтпайақ қойыңыз. Бiрталай жыл бiрге жүрiп дәмдес болған жолдастарыңыздың атын айту қиын екенiн бiлемiн. Бұлай талап қою бiздiң тарапымыздан әдiлеттiк болмас едi. Бiзге қай жерде тұратынын, үйiнiң адресiн көрсетсеңiз жетедi. Көрiп отырсыз, отандастарыңыздың алдында сiздi қылмысқа итерiп отырған жоқпыз. Жолдастарыңыздың бiреуi күдiктенсе, полиция кiмнiң қайда тұратынын менсiзақ бiледi деуiңiзге болады. Солай емес пе?
– Офицер мырза, кеңесiңiзге рақмет. Сәтi келгенде бұл айтқандарыңызды есте тұтармын. Сенсеңiз, ол үйде менiң ешкiмiм жоқ. Канев қаласынан келген дәрiгер едiм, – деп, қойнымнан куәлiктi, аптека басқармасының берген қағаздарын шығардым. – Мiне, көрiңiз, әлгiнде басқармаға соғып шықтым.
Лейтенант менiң қағазыма жирене қарады.
– Шаруаң болмаса, ол үйге неменеге бардың?
– Өзiңiз бiлесiз, офицер мырза, дәрiгер адам спирт iшiмдiгiне жақындау келедi. Күнi бойы бос болған соң, горилка, самогон табыла ма деп бұрылып едiм. Мұндай бәлесiн бiлсем тiрiде жолаймын ба?
– Қалаға қашан келдiң?
– Кеше кешкiсiн.
– Түнде қайда қондың?
– Осында, қарындасымның күйеуiнiң жақын туыстары
тұрушы едi. Сонда түнедiм.
Лейтенант менi жаналқымға алып тергеп жатқанда, манағы күжiрейген кiсi дереу басын көтерiп:
– Офицер мырза, бұл кiсi бiздiкiне қонып шыққан, – дедi
– Тик! – Бұл сөздiң аузымнан қалай шыққанын сезбей қалдым.
Офицер де оған жалт қарады.
– Сiздiң үйде қонды ма? – дедi таңданған пiшiнмен.
– Тап солай, офицер мырза! – Тик немiстiң алдында өзiнiң қадiрлi кiсi екенiн танытқысы келгендей офицерге ұқсап, шiрене отырып: – Мен оны сынап көргенмiн, – дедi.
– Солай де, онда әңгiме басқа, – деп офицер өңi өзгерiп, есiк алдында қаздиып тұрған полицайға ақырды:
– Ақымақ ит, адамды ажырата алмайсың! Көрiнгенге құпияны ашасың, сенi өлтiру аз, сен семiз иттен сабын жасаймын. Алып кетiңдер! – Перде тұтқан есiктен еңгезердей екi немiс шықты да, полицайды сүйрелей жөнелдi.
– Тақсыр, офицер мырза, – деп, полицай жалынып бiрдеме демек едi, анау екеуi мұршасын келтiрмедi. Лейтенант қалтасынан орамалын алып, маңдайын сүрттi.
– Сiздi естi кiсi деп бiлем. Егер мұндағы болған әңгiменi тiсiңiзден шығарсаңыз, бiттiм дей берiңiз. Жер астына кiрсеңiз де, суырып алам! Ұқтыңыз ба? – дедi.
– Құдай сақтасын, – дедiм қолымды ербеңдетiп.
– Сенсеңiз, мен ешнәрсенi түсiнгенiм жоқ.
– Түсiнбегенiң жақсы!
Жандармериядан шыққаннан кейiн тура Дарницаға тарттым. Мұндағы iсiм сәтсiз болған соң Иринаға жолығайын деп ойладым. Ол өзiнiң адресiн тастап кеткен едi. Үйi станцияның бойында екен. Шатырлы шағын үйге кiргенiмде, алпысты алқымдаған қария бұрышта шұқшиып, табаны қақыраған ескi етiктi ұлтандап отыр екен. Қалың көзәйнегi мұрнының үстiне салбырап түсiп кеткен.
– Ирина Кравченко осы үйде тұра ма? – деген сауалға бiрден жауап қатпастан басын көтерiп, көзәйнегiнiң үстiнен қарап алды.
– Осында тұрса қайтедi? Өзiң кiм боласың?
– Переяславтан келiп едiм. Жолым түскен соң амандығын бiле кетейiн деп едiм.
– Жерлесi екенсiң ғой, келгенiң жақсы, балам, түрегеп тұрмай, отырсаңшы, – деп, қарт күйбеңдеп орнынан тұрды. Плитканың дөңгелек қақпағын ашып, қара шәйнектi отқа сырғытып қойды.
– Жау шапқан жерден жаялық та табылмайды ғой. Сонда да магазин жаққа барамыз деп кемпiр екеуi кетiп едi. Неменеге бөгелiп жатқанын бiлмеймiн, әлi жоқ, келiп қалар, отыр.
– Әуре болмаңыз, жолда көрсем, жолыға кетермiн, – деп көрiсуге асығып, рақмет айтып үйден шықтым. Қартпен әңгiмелесуге зауқым соғып тұрса да, Иринаның астыртын ұйымдармен байланысы бар шығар, бәлкiм, бұлардың да iзiне түсiп жүрген болар, күдiктi қоюлатып қайтем деп ойладым.
Иринаны вокзал маңында кездестiрдiм. Мұнда вокзал деп ауыз толтырып айтарлық дәнеңе жоқ. Жалғыз үй. Ирина бейтаныс адаммен кездескендей жүре сөйлестi.
– Өткен түнi аупарткомның секретары қаладан келiп едi. Осында комитет мүшелерiмен жолығыспақ болатын. Мәжiлiс жүрiп жатқан кезде фашистер келiп қоршап, ұстап әкеттi. Мәжiлiстiң болатынын қатысушылардан басқа ешкiм бiлмейтiн едi. Әйтеуiр солардың бiрi опасыз адам болып шықты. Қайсысы екенiн бiлмеймiз. – Ирина жолаушыға жол көрсеткендей айдалаға қолын сермей сөйледi.
– Уақытыңыз болса, ертең соғыңыз. Қазiр бәрiмiз бiрдей әшкерелендiк пе? – деген үлкен күдiк үстiндемiз. Аңдып, iзiмiзге түссе, сiздi қатерге ұшыратып жүрермiн.
Ертеңiне уәделескен жерге бардым, Ирина келмедi. Станцияның маңында немiстердiң тұтқын лагерi болатын. Иринаның атасы темiр торды сығалап, лагерьдi жағалап жүр екен. Менi көрiп:
– Иринаны немiстер алып кеттi! – деп, кемсеңдеп жылап жiбердi.