Кемел Тоқаев. БIЗДIҢ ЖЕТЕКШIМIЗ

Вьюнища селосы бiзден онша алыс емес, Козино селосымен жапсарлас. Екi селоның аралығын қалың тоғай бөледi. Проценконың айтуымен Вьюнищаға қарай тарттым. Сұрастырып жүрiп Шпитальдiң үйiн оңай тауып алдым. Сiлтеген үйге келсем, бiреу қораның төбесiне шығып, айырмен ала сиырға шөп тастап жатыр екен. Басында былғарымен тысталған қара малақай, үстiндегiсi мақтамен сырып тiккен шолақ телегрейка, белiн кендiр жiппен буып алған. Оның менiмен жұмысы болған жоқ, айырға iлiнген үйме шөптi қайқая көтерiп, алысқа лақтырады. Бейнеттенiп жатқан кiсiнiң мұнысын мақұлдағандай ала сиыр тұмсығын көтерiп, мөңiреп қояды. Жiгiт шөбiн жайлап болған соң ғана маған бұрылды.

– Сiзге кiм керек? – дедi айырын кеудесiне тiреп.

– Шпитальдiң үйi осы ма?

– Ия, осы.

– Сергей Миновичтi көруге бола ма екен? Жұмысым бар едi.

– Сергей Минович дегенiң мына мен болам, қандай шаруаңыз бар едi, доктор жолдас. Сiздi бiлетiнiме таңданбай-ақ қойыңыз, бұл өңiрде дәрiгер бiреу, ал мен сияқтылар көп. Дәрiгердiң мен сияқты адамдарды бiлмеуi де ықтимал.

– Үй мынау, кiрiңiз! – дедi ол алға түсiп, есiк ашып. Төргi бөлмеге кiргенде, Шпиталь:

– 42-жыл қалың қарды ала келдi ғой, биыл қыс мазасыздау боп тұр. Мұндай аязды көрген емеспiн, – дедi.

– Қарттар мұндай қалың қар болған емес деседi. Сiрә, немiстерге орыс қысы ұнамайтын болар, – дедiм мен.

– Кiм бiлсiн, – дей салды Шпиталь. Екеумiздiң сөзiмiз оңалмады. Қыс жайын, шөп жайын әңгiме етемiз. Ол да маған сенбейтiн секiлдi, жалтақтай бередi. Ақыры мен оны ашық әңгiмеге шақырдым.

– Сергей Минович, сiздi осында астыртын ұйым құрып жатыр, тыққан мол қарудың қайда екенiн бiледi дейдi, сол әңгiме рас па?

– Доктор жолдас, мен сiз әдептi адам деп бiлемiн, – дедi Шпиталь тосырая, сұрлана қарап. – Және сiздi ренжiткiм келмейдi, немiске қызмет көрсетiп жүр екенсiз, бетiңiзден жарылқасын, солай жүре берiңiз. Ал жауға жағына түсу үшiн бiреудi ғайбаттап, өсектеудi жөн көрiп жүрсеңiз, жүйесiн таппай соққансыз, ондай кiсiңiз мен емес. Мен ешқандай астыртын ұйымыңызды, қару-жарағыңызды бiлмеймiн. Аулақ жүрiңiз!

– Сергей Минович, бекер долданып қайтесiз? Сiздiң сондай ұйым құрап жатқаныңыз әуелi полицияға мәлiм.

– Полицияға дейсiз бе? – Шпиталь бiр сәт менен көз алмай бажырайып қарады да, қарқылдап күлдi. – Басқаны малғұн санайсыз ғой деймiн, доктор. Астыртын топ ұйымдастырғанымды бiлсе, полиция неге еркiме қойып отыр, менi неге қамамайды? Әлде олар да большевик болып кеткен бе?

– Опасыз адам ешқашан большевик бола алмайды, – дедiм мен. – Бiрақ солардың арасында өз адамдарымыз бар. Опасыздың жазған қағазы сондай адамның қолына түскен. Байқауымша, тобыңыздағы адамның бiреуi немiске қызмет көрсеткiсi келiп жүрген сияқты. Басқа бiреу сiздiң немен шұғылданып жүргенiңiздi қайдан бiледi? Ол қағазды топ мүшесiнiң бiрi жазған.

Шпиталь добалдай қып ораған шылымын тiлiмен жалай бередi, жуан саусақтары дiрiлдейдi.

– Полицияда кiм iстейтiн едi? – деп сұрады ол бәсең үнмен.

– Сенiмдi жолдас, бiздiң астыртын топтың мүшесi.

– Ұйымдағы мүшелерiң көп пе?

– Қалай деуiме болады, – дедiм мен. – Әзiрге бар, егер бiрiгiп қимыл жасайтын болсақ, одан әрмен көбейедi. Солай емес пе?

– Қалай, Алексей Васильевич, – дедi Шпиталь менi алғаш аты-жөнiммен атап. – Менi астыртын ұйымыңызға тартқыңыз келе ме? Ондай ойыңыз болса, полиция бiледi деп қоқан-лоқы жасамай-ақ, ойыңызды тура айта бермейсiз бе?

– Мұндай iспен ойнауға болмайды, Сергей Минович. Сiзге айтқанымның бәрi рас. Және сiздi сақтандырайын деп әдейi келдiм. Араңыздағы алапестен айрылмай, мен сiзге пәлен демеймiн. Сөйлесетiн болсақ, алда уақыт жетедi. Бiз қалаған кезде жолығыса аламыз. Мен дәрiгермiн ғой, жұрт келiп жатады. Сiз де келiңiз, әңгiмелесейiк.

– Түнi бойы ойландым, – дедi Шпиталь ертеңiне бiздiң үйге келгенде. – Сенсеңiз көз iлiндiргем жоқ. Бiздiң топта небары үш адам бар. Сiздiң айтқаныңызға сенсем, онда үшеумiздiң бiреуiмiз опасыз болуға тиiспiз. Ана екеуiн олай деуге аузым бармайды, коммунист, Совет Армиясының офицерлерi. Бiреуi көптен беpi бiздiң үйде тұрады.

– Коммунист екенiне көзiң жете ме? Немiстер тұтқындағылардың кейбiрiн өзiнiң жағына тартып, тыңшы етiп жiбередi. Сондай ала киiмдi адамның бiрi осында да болған. Тексерген артық болмайды.

– Жоқ, мен өз адамдарыма сенем!

– Мен сiздiң жолдастарыңызға шек келтiрмеймiн. Шынында олар жақсы адамдар шығар. Тексеру деген бiреудiң үстiнен материал жинау емес қой. Мәселен, айталық, байқаусызда өзiңiз, не серiктерiңiздiң бiрi бiреуге бiрдеме деуi мүмкiн ғой. Бiз астыртын жұмыс жасау үшiн арнаулы мектептен өткен кiсiлер емеспiз. Тәжiрибемiз жоқ. Сондай олақтық iсiмiз бiреуден бiреуге жетiп, тыңшының құлағына тиюi ықтимал. Ол естiгенiн көргендей ғып полицияға жазып жiберген болар. Сергей Минович, қайткенмен де бұл сыбыстың кiмнен болғанын анықтаған жөн.

– Бұл айтқаныңыз көкейiме қонады. Өзiмiз абайламай бүлдiрiп алған болармыз. Жақсы, тексеремiз.

– Сақ болыңыз.

– Жақсы, Алексей Васильевич. – Осылай Шпитальмен танысып, жолығысып жүрдiк.

42-шi жылдың январы қақаған аязбен өттi. Дала сықырлап тұр. Жерде қар қалың. Кешкiтұрым үйдiң мұржаларынан шыққан көк түтiн бiр-бiрiмен ұласып, көгiлдiр аспан төрiне жайылып, болмашы қара дақ қалдырады. Құрғақ қарды сықырлатқан жүргiншiнiң дыбысы алыстан естiледi. Бiреу үйге тақап, ауызғы бөлменiң есiгiн ашқандай болды. Пештiң түбiнде Шпиталь екеумiз әңгiмелесiп отырғанбыз. Үйге бiреу бүкшеңдеп кiрiп келедi.

– Алексей Васильевич, танымай қалдыңыз ба, соншама бажырая қарайсыз. Кiсi таңырқайтындай пiшiнiм кескiнсiз емес едi ғой.

Бұл кiм екен десем, сарнай кiрген Лена екен.

– Лена, қайдан жүрсiң, жаным, ендi келмейтiн шығар деп ойлап едiм. Ондағы жолдастар аман-есен бе?

Лена пештiң көлеңкесiне қалқаланған бөгде кiсiнi көрiп, состиып тұрып қалды.

– Қорықпа, бұл осындағы сенiмдi жолдастардың бiрi, танысуыңа болады: Сергей Минович Шпиталь. Бұрын колхоз председателi болған.

– Алексей Васильевич, мен кiмнен қорқып, сескенем, – деп, Лена бойын тез жинап алды. – Жау бiзден қорқатын болсын! – Лена асығыс жұмысым бар деп дайын асқа да қарамады. Күн кешкiрiп қалды, қона кет деп едiм, көнбедi.

– Жұмыс көп, Алексей Васильевич, тағы бiр жерге соғып, бүгiн түнде оралуым керек. Олар менi күтедi. – Ленаның сөзiнен аңғарғаным, ертең – базар күнi – төңiректегi селолардың адамдары атты-жаяулы Переяславқа қарай ағылады. Оған мен де баруым керек. Көк дүкеннiң iшiнде көк елтiрiден малақай киген кiсi күтедi. Ол менi «үлкен адаммен» жолықтыруға тиiс.

– Иесiз аралда қалғандай сезiнетiн едiм, тәйiрi, көп екенбiз ғой, – деп Шпиталь көңiлденiп қалды.

Ертеңiне Переяслав қаласына келдiм. Базар жаңа қызып келе жатыр екен. Базарға келушiлер – сол маңайдың тұрғындары. Бiреулер шошқаның етiн, ендi бiреулерi тұздаған қияр, помидорды өлшеп сатып тұр. Ескiқұсқы нәрселердi сатып жүргендер де бар. Темекi, тұз сатқандардың саудасы бұлардан қызуырақ. Жұрттың көбi осылардың маңайына үймелеген.

– Кәне, мына шалбарға қанша қадақ тұз бересiң? Қарамай-ақ қой, судай жаңа, байғұс балам алып едi, үстiне де iлмедi, – деп, қаудыр тонды қара шал мәуiтi шалбарды ұсынады, әрi баласының көзi санап, сатуға қимай, тартыншақтай бередi.

– Сырты жылтыр көрiнгенге тәуiр ме десем, көп жатып, жiбi босап қалған екен. Бiр киiп тастауға жарар, – деп, тұз сатушы бiрдеме бiлетiндей-ақ шалбарды күнге қақтап қарап, бағасын кемiте түседi.

– Әкел қолыңды, он қадақ тұз берем, келiстiк пе? – деп, шалдың ықыласын сұрамай-ақ, мешоктың түбiне тығып жiбередi.

– Әй, құдайдан қорық, обал емес пе? Он қадақ тұз деген не, мынау дүние ғой, – деп, заттың иесi қарсылық бiлдiргендей болады. Әккi саудагер әбден үйренiп алған, маңайлатпайды.

– Алғың келмесе, аулақ жүр, кiсiнiң басын қатырма, мұндай шүберекке зәру емеспiн! – деп, шалбарды мешогiнен шығара бастайды. Сәл кiдiрiп, он қадақ тұзға бересiң бе, жоқ па, соныңды айтшы! – деп тағы саудаласады.

– Қайтейiн, үйде түз жоқ едi, арзан болса да ал! – деп шал байғұс күңкiлдейдi.

Базардың шет жағындағы көк дүкенге кiрдiм. Менi мұнда сеңсең жағалы қара тонды кiсi күтуi керек едi. Оның оң ийығында мешокқа салған түйiншегi болады. Ол маған темекi аласың ба? – деп ұсынады. Маркаға сатсаң алам деуiм керек. Жолығысатын шартты белгiмiз осындай едi. Дүкенге екi мәртебе келдiм. Ондай кiсiнi кездестiрмедiм. Базар тарқай бастады. Менi сынағысы келген бе? Мұнысы қалай деймiн. Тағы бiр барып көрейiн, осы жолы жолықтырмасам, бекер әуре болмай қайтайын деп ойладым. Дүкенге тағы келдiм. Келсем, қара тон киген кiсi тұр. Шартты белгiлерiнiң бәрi ұқсайды. Одан басқа дүкенде тiрi жан жоқ. Манадан берi дүкендi торып жүргем. Оған мұндай кiсi кiре қойған жоқ едi. Қайдан келiп қалды деп таңырқап қалдым. Сөйтсем, күнi бойы сауда жасап тұрған дүкеншiнiң өзi екен. Шартты белгiмен сөз алмасқанымен, сескендiм.

– Сiз кiм боласыз? – дедiм мен.

– Сатушы екенiмдi көрдiңiз ғой. – Ол салқындау жауап қатып, дүкенiн жауып жатып: – Сiз жүре берiңiз, иiру цехының артындағы үшiншi үй. Именбей кiрiңiз, мен артыңыздан жүрiп отырамын, бөгелiп, кiдiрмеңiз, – деп ескертiп жатыр.

Үйдiң алдында жас әйел қарсы алды. Жылы сөйлеп, iшiбауырыма кiрiп барады.

– Жұқа киiнiп шыққан екенсiз. Әбден тоңған боларсыз, – дедi есiктi ашып жатып.

– Ә, жаурай қойғаным жоқ, – деймiн. Мұндағы үйлердiң көбi екi бөлмелi ғой. Үш бөлмелi үй кемде-кем. Ауызғы үйге кiргенiмде, төргi бөлмеде сөйлесiп отырған екi кiсiнiң қарасы көрiндi. Қақ төрдiң алдында қарсы қарап отырған кiсi әскери адамша киiнген. Үстiндегiсi әскери гимнастерка, белiне жалпақ қайыс белдiк буынған. Белдiктiң басындағы жезден ойған бес жұлдыз сол күйi жарқырап көрiнедi. Екiншi адам жай киiм киiнген. Менi екеуi де тұрып қарсы алды.

– Алексей Васильевич, сәлеметсiз бе? Көңiл күйiңiз қалай? Келiңiз, отырыңыз, сiзбен әңгiмелесуге ынтығып отыр едiк, – деп шүйiркелесе кеттi.

– Рақмет, жақсы! – деймiн. Әскери киiнген адам аудандық астыртын партия ұйымын басқарушы Емельян Демьянович Ломако болып шықты, екiншiсi астыртын ұйымның мүшесi Дмитрий Никитич Яковец екен. Бiрден iс жайын әңгiмелеп кеттiк. Ломако астыртын ұйымдағы әрбiр адамды жекежеке және бұрын қайда қызмет iстегенiн сұрай отырып:

– Проценко сенiмдi жiгiт пе? – дедi.

– Ия,– дедiм мен.

– Қазiргi жүргiзiп жатқан жұмысымызға қанағаттануға болмайды, – дедi Ломако азырақ үнсiз отырып. – Қазiр жағдай қиын. «Москва мен Ленинградты немiстер басып алып қойыпты, Совет өкiметi құлады, партизан соғысынан ендi нәтиже шықпайды» деген үгiтке құлақ асатындар көп. «Қызыл Армия немiстердiң жойқын күшiн тойтара алмағанда, жаудың терең тылында отырып, аз ғана күшпен бiз не қайрат жасай аламыз, осының бәрi әурешiлiк, партизан соғысын ашсаң, елдiң тыныштығын бұзамыз, жазалау отряды шығып, халықты қырғынға ұшыратады» – деп, ұлтшылдар да немiстерге қосылып жүр. Шынында бұл немiстiң тылына тыныштық бер, олар бiлгенiн iстесiн деген сөз ғой. Мұндай сөздi тасып жүргендер басқа бiреулер емес, өзiмiзбен бiрге жұмыс iстеген кешегi адамдар. Бұлардың айтқандарын мақұлдайтындар бар. Сөйтiп жұрт әрi-сәрi, қайсысын тыңдарын бiлмейдi. Сергелдеңге түскен жұртты серпiлтетiн, батыл қимыл жасайтын өзгеше өжет адамдар керек. Астыртын топтағы кiсiлерiңдi даралап сұрап жатқаным сол. Артық айтсам – айыпқа бұйырма.

– Бiз жақында Мироновка, Ржищев аудандарындағы астыртын ұйымдармен байланыс жасадық. Ондағы жолдастардың қимылы бiзге қарағанда тәуiр. Партизан отрядын құруға кiрiсiптi. Үлкен жермен де байланысы бар деседi. Бiз де олардан қалғымыз келмейдi. Бiрақ астыртын комитет мүшелерi дәл сiз секiлдi еркiн жүрiп тұра алмайды, өрiсiмiз тарлау, мүмкiндiк жоқ. Сондықтан өзiңiзден көмек сұрайық деп әдейi шақыртып отырмыз. Бұған қалай қарайсыз?

– Емельян Демьянович, мен әзiрмiн, – дедiм.

– Жақсы, – дедi Ломако, иығыма қолын салып.

– Сiзден өтiнетiнiм: жақын күндердiң бiрiнде Проценкомен жолықсаңыз деймiн. He iстеу керек екенiн соңынан айтармын. – Ол тақыр басын сипап отырды да: – Сiз Киевке баруға қалай қарайсыз? – дедi.

– Неге? Онда барғанда не iстеуiм керек? Немiстер менi қалаға жiбере қояр ма екен?

– Әңгiме осында, гитлершiлдер кез келген кiсiнi қалаға жiбермейдi. Ал бiз қайткенмен де ондағы жолдастармен байланыс жасасақ деймiз. Қалаға бару үшiн мықты желеу тапқан жөн. Ондай сылтауды өзiңiз ойлап көрiңiз, сосын ақылдасып көрейiк.

Бiр жетiден кейiн Проценконы жолықтырып, оған астыртын комитеттiң тапсырмасын айттым. Проценко ұзақ ойланды.

– Қорқасың ба? Онда мiндетiңе алмай-ақ қой, – деймiн.

– Өз басымды ойлап отырған жоқпын. Өлiмнен де қорықпаймын, – дейдi Проценко.

– Полиция батальонын жарақсыздандыру бiр кiсiнiң қолынан келмейдi. Бұған топ кiсiнiң әрекетi керек. Ондай адамдарды қайдан табасың. Полицияға кiргендердiң бәрi опасыз, қаныпезер екенi өзiңе мәлiм.

– Неге бәрi, – дедiм мен. – Мәселен сен опасыз емессiң ғой.

– Мен өзiмдi полицай санамаймын.

– Бәлкiм, басқа бiреу де өзiн солай санамайтын шығар, амалсыздан күнi үшiн жүруi ықтимал.

– Осының өзi қажет пе?

– Партизан отрядына қару-жарақ, оқ-дәрi керек екенiн өзiң бiлесiң. Фашистер бiзге қару бермейдi, сонда оны қайдан аламыз? Әзiрге бұдан басқа жол жоқ сияқты.

– Жақсы, Алексей Васильевич.

– Гриша, сен асықпа, ойлан!

– Жақсы, Алексей Васильевич!

…Мезгiл күндiз едi. Проценко қаладан келiп, екеумiз түскi тамақ iшiп отырғанбыз. Сыртта бiр әйелдiң бақырып жылаған дауысы естiлдi. Далаға жүгiре шықтық. Бiр полицай күркеден нән шошқаны шыңғыртып сүйрелеп барады. Қасында автомат асынған немiс солдаты тұр. Шыңғырған әйел мен шошқаның дауысына ел жиналып қалған.

– Сiз адамсыз ғой. Үйде тамақ, не отын жоқ. Шиеттей бала-шаға бар, қызыл көрмей тiлiн тiстеп отыр. Осы шошқаны бордақылап, сатып, қажетке жаратамыз ба деп едiк. Аяңызшы, – деп әйел жылауын қойып, бiр ауық жалынады. Полицай тыңдамайды. Әрең қозғалатын шошқаны арбаға салуға әмiр бередi. Әйел жармасқанда мылтықтың дүмiмен түйгiштеп итерiп жiбередi. Жалаңаяқ, жалаңбас жас балалар анасын арашалауға шамасы келмей бүрсеңдеп жылап тұр. Проценко терiсiне сыймай түтiгiп кеттi. Қолын наганға қарай жүгiрте бередi.

– Мұнысы ашық тонау ғой, – дедiм мен.

– Бұлардан не жақсылық күтпекшiсiз. – Ол шошқаны арбаға тиеп жатқан полицайды иегiмен нұсқап: – Полицайды үгiттеп өз жағыңа тарта бiл дейсiз. Осындай итке үгiт қонушы ма едi? – дедi.

– Бiзге де күн туар, сонда бәрiмен де есеп айырысармыз.

Проценко көп ойланды, менiмен қоштасар кезде жауап қатты:

– Комитет солай ұйғарса – тәуекелге бел байладық, бет алысымызды апта сайын хабарлап тұрармын.

Осыдан соң тағы бiр апта өттi. Астыртын жолығысатын пәтердiң бiрiнде Ломакомен кездестiм. Оның сөзi қысқа болды.

– Проценконың жасаған әрекеттерiн әзiрге бақылап отыруды бiз өз мiндетiмiзге алайық, қажет болса, көмек те берермiз. Оған алаң болмаңыз. Ал сiзге Киевке жедел жүруге тура кеп тұр. Басқа кiсiнiң ыңғайын таппадық. Оларды жiбергенмен де, қалаға жетпей ұстайды. Қазiр айналамызда не боп жатқанын бiлмеймiз. Бәлкiм, басқа аудандардағы қимыл-әрекеттерге облыстық комитет басшылық етiп отырған болар. Ал бiздiң байланысымыз жоқ. Комитет астыртын обкоммен байланыс жасауды саған жүктедi. Бұған қалай қарайсың?

– Дәл бүгiн-ертең жолға шығу қиын болар, – дедiм мен сәл ойланып.

– Әрине, – дедi Ломако. – Сонда қандай желеу таппақшысыз?

– Алдымен Канев қаласына барғаным дұрыс қой деймiн. Онда бiрге қызмет iстеген жолдастар бар. Мүмкiн, документтер алуға көмектесер.

– Осы ойың дұрыс.

Бiр апта өтпей Каневке барып, аудандық ауруханаға қызметке орналастым да, дәрi-дәрмек алып келуге Киевке жолдама алдым. Жолшыбай Козиноға соқтым. Астыртын комитеттiң адамдары сәттi сапар тiледi.

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Кемел Тоқаев. АСУДАН АСҚАНДА

І Машина Үлкен Меркенiң биiк шоқысын бетке ұстап, өрлеп келедi....

Кемел Тоқаев. СЫР БОЙЫНДА

Партбюроның мәжiлiсi сәрсенбi күнге тағайындалған едi. Мәжiлiсте қаралатын мәселелердi...