– Мырзалар, – дедi дауысы қарлыққан Жлукто орнынан қисалаңдай көтерiлiп. – Осы тосты фюрердiң жеңiмпаз армиясының өкiлi ефрейтор Мюллердiң құрметi үшiн көтерем!
– Дұрыс айттың, Жлукто!
– Сөз тапқанға қолқа жоқ.
– Сөз бiлмейтiн болса, староста ғып несiн сайлағанбыз. Осындай өнерi барын бiлдiк қой.
– Кәне көтерiп жiберейiк! – деп, iшуге сылтау таппай дiңкесi құрып отырғандар Жлуктоны төбесiне көтере қолпаштайды.
– Жә, дабырламай қоя тұрыңдаршы, мырзаның өзi не дер екен, сөзiн тыңдалық! – Жлукто өзiне айтылған мақтау сөздердi елемегенсiп, қақ төрде отырған Мюллерге қарап, қолын кеудесiне апарып, иiлдi. Қызара бөрткен Мюллердiң алдында торайдың уақ сүйектерi үйiлiп жатыр. Кекiрiк атып, әрең қозғалады. Ол Жлуктоның ықылас сөзiн қостағандай шырай көрсетiп, басын изейдi.
– Хайль Гитлер! – деп, стакан толы арақты жоғары көтерiп, түбiне дейiн қағып салды.
– Ой, бәрекелдi, жарайсың, мырзa! – Өзiн елеп тост көтергенге Жлукто қуанғаннан жарылып кете жаздады. Ол да стаканға арақты шөпiлдете құйып, асықпай, баптап, басқалардың назарын аударып сылқылдата жұтты.
– Е, мырзаның көрген тойы жалғыз осы дейсiң бе? Әбден дағдыланған ғой.
– Үйiмiзге келетiн болса, төбемiзге көтерiп алмаймыз ба? Түсi жақсы кiсiден кiм жеридi дейсiң? – деген сөздер естiледi. Мюллер әрқайсына басын изейдi.
Григорьевка селосының старостасы Жлуктоның үйiнде жиналған топ осылай той тойлап жатқан. Бұлардың арасында бұрынғы кулактар, сотталған адамдар, полицайлар бар. Мюллердiң қасында коменданттың көмекшiсi Пиддубин отыр. Осы елге қожа бiр өзi секiлдi, қолын бүйiрiне таянып, жұртқа бiр шекесiнен қарайды. Бұл тойға мен де барған едiм, – дедi Алексей Васильевич әңгiмесiн жалғастырып. – Григорьевка селосы Днепрдiң арғы бетiнде. Соқырiшекпен ауырған бiреуге шұғыл операция жасау керек болды да, менi шақыртқан едi. Сол селоға барып қайтуға өзiм де желеу таба алмай жүргем, Григорьевкада немере қарындасым тұратын. Соның радиоқабылдағышы бар, өзi ықшам, кез келген қаланы алады деп естiгем. Соны сұрап алсам деп жүретiнмiн. Мынадай сылтау табылған соң бас тартпадым. Соқырiшек боп ауырған әйел туыс жағынан Жлуктоға жақын бiреу боп шықты. Менiң бұл тойға тап болуым содан. Ефрейтор Мюллермен қатарласып табақтас болғанын Жлукто әп-әжептәуiр дәреже тұтып қалған. Терiсiне сыймай масаттанып, кесек сөйлейдi. Қасындағыларды мысқылдап, кекетiп, мұқатады.
– Ей, сенiң кабаның әлi семiрген жоқ па? Қашан соясың, ә, бәсе, аузың қызылға тимей жүрген сорлы едiң, жаритын бопсың ғой, – деп, қасындағы iлмиген арық кiсiнi бiраз қажап алды да, оны қойып, шеттегi бiреуге тиiстi. Ол шошқаның тұзға пiскен майының қыртысын пышақпен қырып, жеп отырған.
– Ей, сары сайтан, көрген асың осы ма едi? Әбден өлесi бопсың ғой өзiң, жан-жағыңды жалмап барасың, жә, жетер! – деп зекiп тастады. Анау кiсi қызарып, төмен қарап үндемей қалды. Ұртында бұлтиған майды түкiрiп тастарын, я жұтарын бiлмей, түкiрiгiн жұтына бердi.
– Шуламаңдар, қазiр мен сөйлеймiн! – деп, Мюллер қолын жан-жағына сермей көтерiлдi. Тұра алмай былқ-сылқ етедi. Пиддубин белiнен қапсыра құшақтап, құламасын деп сүйемелдеп тұр.
– Мырзалар! Бiз ұлы дәуiрдiң куәсi боп отырмыз. Бүкiл Европа фюрердiң алдына кеп бас идi. Хайль Гитлер!
– Урра! – деген дауыстар естiлдi. Стакандарын соғыстырып, жапа-тармағай сiмiрiп, суыған ет пен көк қиярларды күйсеп, соғып жатыр. Жлукто Мюллердi қызғана ма, басқа бiреу сөйлесе, оны қақпалап, кес-кестей бередi. Осы кеште өзiнiң өзгешелiгiн танытып, көзге түскiсi келiп тұр.
– Ефрейтор мырза, осы тосты немiс ұлтының адал ұлы сiздiң құрметiңiзге көтеруге рұқсат етiңiз! Кәне, кiмнiң стаканы бос, толтырыңдар. Әй, Крячек, – дедi маған иегiн көтерiп, – шұқшиып қапсың ғой, немене? Бауырым ауырады дейсiң бе? Былшылдамай iшiп қой, өтiң жарылмайды.
– Сый бiлмейтiн сол иттi қажап қайтесiң, iшпесе мейлi, үлкен басыңды кiшiрейтпе! – дедi Пиддубин танауын тыржитып.
– Пиддубин мырза дұрыс айтады, – деп, Мюллер Жлуктоның иығынан қағып қойды.
– Ефрейтор мырза, қасымызда сiз отырғанда бiзге ешнәрсе қауiптi емес. Батырсынған партизандар көрге тығылған тышқан секiлдi қарасын батырды. Солай емес пе?
– Дұрыс айтасың, – дедi Мюллер Жлуктоның иығынан қағып. – Бiз ол бандиттердi әлдеқашан жойғанбыз. Кәне, бiреуi қылт етiп көрiнсiн ше?
Сол мезетте бiреу терезенi қақты. Даурығып, шуласып отырған адамдар елеңдеп жым бола қалды.
– Бұл кiм өзi? – деп, Жлукто жан-жағына алақтап, құлағын түрдi.
– Григорий Михайлович, бұл – мен, ашыңыз! – деген бiреудiң гүжiлдеген дауысы естiлдi.
Жлукто есiк жаққа баруға қорықты.
– Әй, жақын тұрсың ғой, ашып жiберсеңшi! – деп, шетте тұрған сары кiсiге әмiр еттi де, өзi наганын жалаңаштап есiк жаққа кезеп тұрды.
– Аға полицайдан қашаннан берi қорқатын болғансыз, Жлукто мырза? – деп, дөңбектей боп Проценко есiктен әрең кiрдi. Ал мен бұл жиынға келуiн келсем де, өзiм соған өкiнiп, терiме сыймай құса боп отырғам. Проценконы көргенде жүрегiм лүпiлдеп, қуанып кеттiм. Бұл – Иринадан сәлем айта келген өзiмiздiң Григорий Проценко ғой. Астыртын комитет оның полицияда iстеуiн мақұл көрiп, ниеттес адамдардың көмегiмен Переяслав қаласына орналастырған болатын. Ол тез өстi. Аз уақыттың iшiнде аға полицай болып тағайындалған. «Қызмет бабымен» село-селоны аралап, жаңалықтарын айтып, бiзден тапсырмалар алып кетiп жүретiн.
– Ә, өзiмнiң аттасым екенсiң ғой. Қайдан жүрсiң, бауырым? Ия, жоғары шық! – деп Жлукто жалпақтап жатыр. Есiк ашқан сары кiсiге тағы зекiп қалды. – Ей, сен солбырайып тұрмай, кiсiге жол берсеңшi, не деген малғұнсың өзiң!
Проценко үстiнiң қарын қағып, сыртқы киiмдерiн босаға жақтағы iлгiшке iлдi де, қалтасынан бұрқыраған қағазды суырып алды.
– Гриша, андағың не қағаз, үстiмiзден актi жасайын деп жүрген жоқсың ба, жаным, – деп Жлукто әзiлдегенсiдi.
– Бұл партизандардың елге тараткан листовкалары ғой, осы маңдағы селолардан жинап алдым, – деп, Проценко өз сөзiне мән бермегенсiп, маған көз қиығын тастап, көзiн қысып қойды. Проценконың ешбiр селодан листовкаларды жинамағаны белгiлi, қайта осындай тәсiлмен листовкаларды өзi жұртқа оқып, таратып жүретiн. Партизан деген сөздi естiгенде Жлукто көзi шарасынан шығып кеттi.
– Сен қалжыңды қойсаңшы, қайдағы партизандарды айтып тұрсың?
– Олардың қайда жүргенiн мен қайдан бiлейiн, бiрақ мынау солардың iсi екенi анық, – деп Проценко қат-қат қағазды столдың үстiне тастады.
– He дейдi, құдай-ау, бiз оларды мүлде жоғалды деп отыр едiк, – деп Жлуктоның дауысы қырылдап әрең шықты.
– Бұл иттердiң қайдан шығатынына таңым бар? – деп, Пиддубин келiстiрiп бiр боқтап алды. «Бiр кесiрiне тап болармыз, бәлесiнен аулақ» дегендей, отырған кiсiлер ендi бұрынғыдай Жлуктоға жалпақтамай, үрпиiсiп бiр-бiрiне қарайды. Партизан деген бiр сөз бұлардың мiнез-құлқын әп -сәтте өзгертiп жiберген секiлдi. Мұндай көрiнiс ұнамады бiлем, Мюллер сетiк танауын жыбыр еткiзiп:
– Мұнда немене жазылған екен? Кәне, бiреулерiң оқып жiбершi, – дедi. Мен листовкаларды парақтап ақтара бастадым. Маған мұның әрбiр әрпi таныс. Өзiмiздiң Зояның басқан қағаздары ғой.
– Неменеге бөгелдiң? Оқысаңшы! – деп Мюллер әмiр қылды. Мен судыратып оқи жөнелдiм.
Құрметтi отандастар, жұмысшылар, колхозшылар! Немiс-фашист басқыншылары бiздiң қасиеттi Отанымызға тұтқиылдан шабуыл жасап, қантөгiс соғыс жүргiзуде. Фашистер үш-төрт жетiнiң iшiнде Совет өкiметiн жоямыз деп дүние жүзiне жар салған едi. Жарты жылға жуық уақыт өттi, қарақшы Гитлердiң армиясы зор шығынға ұшырауда. Москва – аман, немiске бас иген жоқ ол!
Отан тағдыры өз қолдарыңда, азаматтар! Партизандық соғысқа аттаныңдар!
– Доғар, болды! – деп Мюллер баж ете қалды.
– Жә, жетер, өзiң қолмен жасағандай тiптi аузың аузыңа жұқпайды ғой – деп, оған Жлукто да қабаттасып қалды.
– Бәсе десеңшi! – деп Пиддубин де иектей түседi.
– Москваны алды дегенi қайда? Немiстердiң мұнысы шылғи өтiрiк екен ғой!
– Бәсе десеңшi, мен де соны айтам.
– Партизандар бiрдеменi бiлер, әйтпесе бекер жазбайды ғой!
– Бәлкiм, Москвамен байланыс жасап тұратын шығар! – деген күбiр сөздер естiледi.
– Әңгiменi доғарыңдар! – Жлукто столды қойып қалды. – Мұның бәрi лақап сөз, сенбеңдер бұған. Сауық-сайранның берекесiн ұшырмай, алдағы стакандарыңды толтырыңдар. Кәне, алып жiберелiк.
– Жлукто мырза дұрыс айтады, – дедi Мюллер старостаны қостап, әлгiндей емес, айығып қалған. Сiрә, кiсi үрейленген шақта мастығы iлезде тарап, тез айығатын сияқты.
– Мұнда партизандар деген атымен жоқ. Ал мынау қағаз большевик агентiнiң iсi, соның ойынан шыққан мылжың, солай ма, аға полицай? Бiз бұл агенттi ұстамай қоймаймыз, бәрiбiр табамыз. Жауды құртуды бiзге фюрер үйреткен, бiз жеңемiз.
– Ия, бiз жеңемiз! – деп, Проценко стаканды жоғары көтерiп сiмiрiп салды. Жлукто отырғандардың көңiлiн көтермек болып, анау-мынау күлдiргi әңгiмелердi айтып көрiп едi, ешкiм қозғала қоймады, салқындау тыңдады, манағыдай шуылдап қостамайды. Листовканың қатты әсер еткенiне қуанып отырмын. Жлукто дастарқанның шырқы кеткенiне бүлiнiп, терiсiне сыймай қапаланып отыр. Ұрынарға кiсi таппай, менiң арақты iшпегенiмдi сылтауратып, маған тиiстi.
– Доктор, бұл қалай? Сiзге ефрейтор мырзаның сөзi ұнамай ма? Неге iшпейсiз?
– Арақ iшпеймiн дедiм ғой.
– Арақ iшпесең, мұнда несiне келдiң? Әлде үгiт жасауға жүрсiң бе? – деп долданып наганын суырып алды.
– Мылтықпен ойнамайды, шошаңдата берiп қайтесiң! Қалтаңа салып қой, – деп, Проценко қолын қайыра бергенде, Жлукто шүрiппесiн басып қалды бiлем, оқ төбеге тидi. Жұрт дүрлiгiп қалды.
– Мынау сұмдық қой.
– Доктордың не жазығы бар едi?
– Тасыма, староста мырза! – деген сөздер естiлдi. Отырғандар бытырап тарай бастады. Бiз де кеттiк. Жолда келе жатқанда Проценко:
– Оның бұл қылығын кешiруге болмайды, көзiн жою керек! – деп кiжiнiп, тiсiн қайрады.
– Асықпа, Гриша, мезгiл жеткенде бәрiн жауапқа тартамыз.
– Асықпа дейсiз, Алексей Васильевич, қай уақытқа дейiн күтуге болады? Бүйтiп жүре берсем, елге жексұрын болатын түрiм бар.
– Сенiң өрескел қылығың туралы өсек етiп жүргенiм жоқ, неге олай дейсiң?
– Мен келе жатқанда бұл жұрт алапестi көргендей безе қашады, сөйлескiсi келмейдi, дос та жат санайды.
– Дос дейсiң бе? Оның кiм?
Проценко үндемедi. Ертеңiне менiмен қоштасып жатқанда:
– Алексей Васильевич, сiз бәрiн бiлесiз ғой, оны менен несiне сұрайсыз, – дедi.
Шынын айтқанда, оның не жайында айтып тұрғанын түсiнбеген едiм. Маған сол төңiректегi науқас адамдар келiп, қаралып тұратын. Бұл күнi келушiлер көп болды. Солардың арасында өзiнiң кезегiн күтiп Зоя да отыр. Жұлынған тiсiнiң орны ауырып, мазасын алып жүр ме екен деп ойладым. Креслоға келiп отырғанда:
– Зоя, тiсiң ауырып жүр ме? Аузыңды ашшы, көрейiн, – дедiм. Ол жағын байлаған орамалын алып, бетiме тесiле қарап тұрды да:
– Проценко түнде сiздiң үйге түнеп шықты ма? – дедi.
– Ия, ол бiздiң үйге қонды, оны несiне сұрадың?
– Жәй, әншейiн. – Зоя төмен қарап, шәлiсiнiң шашақтарын ширатады.
– Тiсiң ауырып жүр ме? Көрейiншi.
– Рақмет, Алексей Васильевич, тiсiм ауырмайды.
– Онда неге келдiң?
– Жәй, әншейiн.
– Шақыртқанда болмаса, келме деп тапсырғаным қайда? Мен сенi маңызды жұмыспен жүр екен десем, жай, қыдырғың келген екен ғой.
– Бұл да маңызды жұмыс.
– Ол не қылған жұмыс? – деп сұрауын сұрасам да, ендi ғана аңдай бастадым. Бұлар қалай жақындасып үлгерген? Астыртын ұйымдағы кiсiлердiң әрбiр қимылы, iстеген iсi көзден таса болмаушы едi. Сiрә, махаббаттың жолы одан да құпия, жiңiшке ме деп қалдым.
– Тыңдап отырмын, айта бер.
– Не айтам?
– Әдейi келiп тұрып, айтқың келмесе, өзiң бiл, қыстамаймын.
– Осы үйде оны алғаш көргенде өзгеше бiр жанды көргендей болып едiм, – дедi Зоя күрсiне тыныс алып. – Әрдайым бiрге боламыз деп ант iшiп едiк. Бақсам, оңбаған адам екен, бiлмедiм. Соңғы кезде астыртын ұйымның қатары бiраз өскен едi. Астыртын комитеттiң тапсырмасымен Проценко, Спижевой, Розовикпен қатар, Григорий Павлович Беляев, Киселев, тағы басқалар жұмыс iстеп жүрдi. Жұмыстағы құпиялықты сақтау үшiн және астыртын ұйымдағы адамдардың бiреуi ұстала қалса, қалғаны әшкереленбеуi үшiн кiсiлердi бiр-бiрiмен қатыстырмай, тек байланысшы арқылы немесе басқа шартты белгiмен хабарласатынбыз. Мәселен, Проценконың өзi менi бiлгенiмен, астыртын ұйымның басқа мүшедерiн бiлмейтiн. Ал, мына екеуi де бiр-бiрiмен танысқанда өздерiнiң астыртын ұйыммен байланыстарының барлығын айтпаған сияқты. Бұлардың мұнысы менi қуантты, сөздерiнде тұра бiлген.
– Қалай дейiн, Зоя, байқауымша, Грища Проценко жаман жiгiт емес секiлдi, – дедiм мен күмiлжiп.
– Оның сыртқы пiшiнi сондай, алдамшы, жұртты елiктiрiп әкетедi. Ниетi түзу жiгiт болса, несiне барып полицайға ұрынады. Полицайға бармаса, күнiн көре алмай ма екен?
– Оны маған несiне айтасың, Зоя? Өздерiң бiр-бiрiңмен түсiнiскендерiң жақсы ғой, ортақ тiл таба аларсыңдар деп ойлаймын.
– Полицаймен сөйлескiм келмейдi, жиренем!
– Сөйлескiң келмеуi қалай? Оны сүйесiң ғой.
– Ұмытуға тырысармын. – Зоя бiр сәт үнсiз отырды да: – Алексей Васильевич, мен сiзге сенем, сiздi ең жақын баурымдай көрем. Менiң бiрақ сұрағыма жауап берiңiзшi, осы Гришаға сенуге бола ма? Соны ғана айтыңызшы, – дедi.
– Менiңше жауап бердiм ғой деймiн. Ия, оған сенуге болады.
– Рақмет, Алексей Васильевич, мен ендi түсiндiм, – деп, Зоя бетiме қадала қарап, шапшаң жиналып, шығып кеттi.
Осыдан соң арада бiрнеше күн өттi. Күнделiктi әдетпен науқас адамдарды қабылдап жатқам. Бұлардың көбi таныс, бұрын келiп-кетiп жүрген кiсiлер. Ауызғы бөлмеге екiншi жолы шыққанымда, басына қара шәлi жамылған жас келiншек кезектiң соңын сұрап, кемпiрдiң қасына кеп отырды. Кемпiр жас әйелдiң бетiне бажырая қарап:
– Бұрын көрмеген адамым секiлдiсiң, бiр жақтан келдiң бе, шырағым? – дедi. Келiншектiң реңi еврейге ұқсастау, қарақат көзi жайнап тұр, қарағанда өңменiңнен өтедi.
– Ия, шеше, алыстан келiп едiм, – деп келiншек басын изедi.
– Ей, шырағым-ай, бұл жұрт қадiрдi бiле бередi дейсiң бе? Бұрын науқасты тегiн қарап, емдеп жатқаннан соң ба, доктордың бар-жоғына зейiн қоймаушы едiк. Бiреулер ауырғанын мiндет қып, ауруханаға апарайын десе, «ауруханаң алыс, қызметi оңды емес», – деп бұлданып үйiнде жатып алатын. Сол кесiрге ләм демей, дәрiгер бейшаралар күн-түн демей безек қағып, үйiне келiп емiн жасаушы едi. Айналайын Советтiң сол кәдiрiн де бiлмеппiз ғой. Ендi мiне, ауру көбейiп кеттi. Өзiң келмесең, өлiп жатсаң да саған ешкiм бармайды. Бiр қиын заман болды ғой.
– Дария, немене, сен Советтi жақтап бiзге үгiт жүргiзейiн дедiң бе? – дедi мұртын ширатып отырған сары кiсi, кемпiрге шұқшия қарап.
– Ей, Степан, басқа не десе де, сен сөйлемей отыр! Кәне, өтiрiк болса айта қойшы, тесiк өкпе болдым, емделмесем болмайды деп шөп басын сындырмай, ала жаздай курортты кезiп кетушi едiң ғой. Соның бәрi Советтiң арқасы емес пе едi. Сол жақсылықты ұмытсаң – өзiң де оңбассың. Мейлiң, большевиктердi мақтады десең, полицайыңа барып айт та, менi шаптырып ал!
– Өй, шеше, өзiңiз сөз көтермейтiн кiсi екенсiз, мен дәнеңе дегенiм жоқ қой, қойдым, – дедi Степан.
Келген келiншек бұл сөзге араласпады. Сары кiсiге ала көзiмен тек бiр қарады. Мен осылардың әңгiмесiн тыңдау үшiн түпкi үйдiң есiгiн ашып қойдым. Кемпiр өзiнiң кезегiн әлгi келiншекке ұсынды.
– Алыстан келген көрiнесiң, бара ғой, менде алып бара жатқан ауру жоқ. Мына тiзесi құрғыр сыздап, аяғымды бастырмай шойнаңдатып қойды. Кәрiлiктiң салқыны дейдi. Қайтесiң, жан бермек оңай емес, үмiттенiп сүйретiлiп келе берем.
– Мен ұзақ отырып қалармын, әрi дәрiгерден кеңес алуым керек, сiз күтiп қаларсыз, кiре берiңiз, – дедi келiншек.
– Мейлiң, өзiң бiл, – деп Дария кiбiртiктеп орнынан тұрды. Аздан соң әлгi келiншек кiрдi. Үйдiң қақ ортасындағы жалғыз креслоға отырған соң:
– Мен сiзге келдiм, Алексей Васильевич, – дедi келiншек. – Келгенiңiз жақсы болған, мазалайтын кеселiңiздi айтыңыз.
– Менiң кеселiм жоқ, Алексей Васильевич.
– Алдымен өзiмдi таныстырайын. Атым – Лена, менi сiзге аудандық астыртын комитет жiбердi.
– Мадам, мен ешқандай астыртын комитеттi бiлмеймiн және саясат мәселесiмен айналыспайтын адаммын. Егер науқасыңыз болса – айтыңыз, қолымнан келсе, емiмдi жасайын, менi жоқ iске араластырмаңыз, – деп, осы менi арандатып жүрген жоқ па екен деймiн. Әйел шақар, бұлтартатын емес.
– Жоқ iске араластырма деуiңiз қалай? – Ол менi есiркеген пiшiнмен қарайды. Сәл отырып:
– Ия, түбi сiздiң дәрiгерлiк көмегiңiздiң пайдасы тиер, бiрақ жолдастарға керегi қазiр ол емес пе деймiн, – дедi.
– Оларға керегi не сонда?
– Сiздiң ниеттес жолдастармен бiрлесiп жұмыс iстегiңiз келе ме?
– Мәселен, кiммен?
– Олар өздерi кiм екенiн жолығысқанда айта жатар.
– Мен сiзге қазiр пәлен дей алмаймын. Жолдастарыңызбен жолығысқанда пiкiрiмдi айтармын.
– Онда сiз менi емдеп шығардыңыз, рақмет!.. Әңгiме үстiне Проценко кiрiп келдi. Бейтаныс әйелдiң отырғанын көрiп, полицайлығына салып, дөрекiлеу сөйледi:
– Мына күн қақап тұр. Вьюнища селосына бара жатыр едiм, тоңып кеттiм. Емшiлiк жасап ел үстiнен күн көрiп жүрсiң ғой, жылынатын бiрдемең бар ма едi, әкелсеңшi! – деп, алақанын ысқылап, ауызғы бөлмедегi столдың басына отырды.
– Қазiр, менде кiсi отыр едi. – Проценко есiкке бұрыла қарады:
– Қайдан келген адам, оның кiм?
– Осы жердiң тұрғыны.
Лена Проценкоға ала көзiмен бiр қарап, үндемей есiктен зыта жөнелдi. Ол кеткеннен кейiн Проценко:
– Бұл кiм? – деп сұрады.
– Кiм болушы едi, науқас адам ғой. – Проценко қазбалап сұрамады.
– Не жаңалығың бар? Тосын келгенiңе қарағанда, бiрдеме айтатын секiлдiсiң.
– Бәрi бұрынғысынша, – деп, Проценко төмен қарап отырды да: – Алексей Васильевич, мен Зояға бәрiн айттым, – дедi.
– Ненi айттың?
– Бәрiн де, астыртын ұйымның тапсырмасымен полицайда жұмыс iстеп жүргенiмдi де айттым. Шыдай алмадым, сүйетiн адамды қинағым келмедi. Бәлкiм, мен қаталасқан шығармын.
– Неге? – дедiм бiраз ойланып. – Бiр-бiрiңе сенсеңдер
болды ғой, мен не дейiн. Бұл әңгiме, осымен бiтсiн делiк. Тағы не айтасың?
– Вьюнищаға бара жатырмын. Бiреудiң жазған домалақ арызы кездейсоқ менiң қолыма түстi. Оның жазуына қарағанда: Шпиталь деген бiреу соғыстың басынан берi Қызыл Армияның жаралы офицерiн үйiне жасырып жүр, қызылдардың партизандарға арнап тығып кеткен қаруын бiледi, өзiнiң астыртын ұйыммен байланысы бар. Соны барып, бiлiп қайтсам деймiн.
– Сен полицайсың, бәрiбiр ол саған жөнiн айтпайды. Оның үстiне қандай кiсi екенiн бiлмеймiз, өзiңдi өзiң әшкерелеудiң керегi не? Қажет болса, мен өзiм барып қайтармын.
– Жақсы, онда мен кеттiм, – деп, Проценко тез жиналып далаға шықты. Аяқ-қолы жерге тимей, бұл неменеге асығып жүр өзi деп терезеден қарасам, құдықтың басында Зоя күтiп тұр екен. Екеуi қол ұстасып, қалың қарды кешiп, тоғайға қарай жүгiре жөнелдi.