Осыдан соң арада бiраз күндер өткен. Киевке бару сапары сәтсiз аяқталды. Жолда, Ерковцы селосында жандармдар ұстап алып, үш күн нәр татырмай ұрып-соғып жауап алды.
– Киевке қандай мақсатпен бет алып барасыңдар? Сендердi кiм жiбердi? Астыртын ұйымды кiм басқарады? Олар сендерге қандай адрестi көрсеттi? – Осындай сұраптарды үстi-үстiне жаудырып, көз iлiндiрмей, кiсiнiң сiлесiн қатырды. Дмитрий екеумiздi кездестiрмей, бөлек қамады да, жеке-жеке жауап алды.
– Жесiр апайымыз бар едi, бала-шағасымен күн көре алмай отыр екен, соны алып келейiк деп едiк. Басқа жазығымыз жоқ! – деген сөздерiмiз бiркелкi шыға берген соң ақыры селоның маңайындағы тұтқындар лагерiне апарып қамады. Тiкенек сымдармен айқыш-ұйқыш қоршалған лагерьдiң iшi құжынаған адам. Көбi жаралы, араларында жұқпалы аурулары көп, кейбiреулерiнiң тек сүлдерi ғана қалған, сүйретiлiп, көк шыбынға жем болып, дәрменсiз жатқандары да бар. Күнiге лагерьдiң бiр бұрышы жайрап қалады. Төбе боп үйiлген өлiктердi лагерьдiң қасынан қазылған апанға апарып құлатып жатады. Мұны көре тұрып дәтiм шыдамады, өзiмнiң дәрiгер екенiмдi айттым. Аз күннен кейiн ауруларды емдеуге, бағып-күтуге рұқсат еттi. Жағдай ептеп оңала бастады. Лагерьдегi еркiн жүрiп-тұрысты пайдаланып, «ауруы қатерлi», «жазылмайтын ауру» деген желеумен өлiм қатерi төнген офицерлер мен комиссарларды тұтқыннан бiртiндеп құтқара бастадық. Фашистер Қызыл Армияның командирлерi мен еврейлерге өлердей өш, бiлсе – табанда ату жазасына бұйырады. Қаскөй опасыздың жүрмейтiн жерi, сiрә, жоқ шығар. Олар азап шеккен ала киiмдiлердiң арасынан да табылды. «Жалған куәлiк жасап, қызылдың офицерi мен еврейлердi босатып жүр, бұл большевиктiң агентi» деп, бiреу сыртымнан көрсетсе керек, бiр жолы ойда жоқта қатты тергеуге алындым. Өз басым құдайға сенбейтiн адаммын, бұл жолы «құдай ұрсын, ант iшейiн» деп, соның атын сатып әрең құтылдым. Бiрақ басқан iзiмдi бағатын болды, ауруларға берген куәлiктерiмдi ұзақ тексередi, сонсоң науқас деген адамның кейбiрiн барып көретiндi шығарды. Бұрынғыдай «Доктор, гут!» – демей, сезiктенiп, қабақ шытып қарсы алады. Ендi елге де, өзiме де пайда келтiре алмайтынымды сездiм. Жүруге халi келетiн, бойында қайраты бар бiр топ адаммен бiр күнi түнде лагерьден қашып шықтым. Партизандарға кездесiп қалармыз деп үмiттенiп едiк. Тоғай-тоғайды шатып бiр жетi жүрдiк. Ешкiм ұшыраспады. Қару-жарақсыз шулап жүрудiң өзi қатер едi. Оның үстiне жаралылардың денесi құрттап, сасып шiри бастады. Тозақтан шығып, ендi қайта тозаққа түсудiң қисыны жоқ. Арып-ашқан адамдар танысын iздеп, селоны кезiп ыдырай бастады. Мен де амалсыз Казиноға оралдым. Лагерьден қашқан кезде Дмитрий бұғанасын шығарып алған едi. Бiр жолы ол дертi жанына батып қиналды да:
– Бет алған жаққа маңып, еркiн қыдырып қайтар дәурен өткен екен. Қайда барсаң да алдыңда анталаған немiс, оның түрмесi көлденең тұр, аттап бастырмайды, еркiндiктен-бiр жола айрылған екенбiз ғой, ендi қайтып Киевтiң қарасын көрмейтiн шығармыз, – деп мұңайды.
Селода тұрғанымызға бiрталай болған. Бүйтiп жалғыздара шапқылап жүрiп нәтижелi iс жасауға болмайтынын ендi аңғарғандаймын. Ниеттес адамдар тауып, пiкiр қосып, қайла жасаған жөн-ау деген ой қаулай бастады. Бiрақ тiс жарып, тiл қату қиын, сен бiреуден сескенсең, ол саған күдiктенедi, бiрiнен бiрi бұққан заман, аяусыз атып жазалау жұрттың үрейiн әбден алып бiтiрген. Тұспалдап сөйлеп, икемдей бастағаныңда ол адамың үндемей кетiп қалса: «Бекер айттым-ау, онымен сөйлесiп не жұмысым бар едi! Осы ит бiр бәлеге ұрындырмаса жарар» деп қипақтап зәрең кетедi.
Бiр күнi өзiмнен өзiм: «Бүгiн ғой базар, Переяслав болса мына тұрған жер, мен қалаға неге бармаймын, бәлкiм, бiреу-мiреулермен жолығысып қалармын, қой, бүйтiп отырғанша барып қайтайын» – деп ойладым. Жүрейiн деп жиналып жатқанымда, бiреу есiктi шалқайта ашып, үйге кiрiп келдi. Келген кiсiнiң түрiн шырамытамын, бiрақ қайдан көргенiмдi есiме түсiре алмай тұрмын, өзi жүдеу, үстiнде топырақпен сiрнеленген көнетоз костюмі, аяғында өкшесi жапырылған ботинкасы бар.
– Алексей Васильевич, менi шынымен танымай тұрсыз ба? – деп, ол таңырқап, қолын жайды. – Мен Кириллмiн ғой.
– Құдай-ау, не дейдi, бұл сенбiсiң, – деп құшақтай алдым. Розовиктердiң семьясы бұл өңiрге белгiлi, әкесi Иван Розовик азамат соғысына қатысып, Совет өкiметiн өз қолымен орнатқан адам, қарт большевик. Тегi гитлершiлдерге бiреу жеткiздi бiлем, немiстер келiсiмен Розовиктердiң әулетiн қуғындай бастады. Үлкен ұлы Ефим Иванович Розовик Переяславта прокурор болып iстейтiн. Қаланы басып алған күнi фашистер оны атып тастады. Кiшi баласын да гестапошылар iздеп жүр деп еститiнмiн. «Оны да ұстап алып кетiптi» – деген қауесет тараған. Кириллдi баурыма қысып тұрып:
– Кешiр, бауырым, осы күнi ес шығып кеттi ғой, кәне өзiң қайдан жүрсiң? – деп, қолтығынан сүйемелдеп орындыққа отырғыздым.
– Кейде түнде, кейде күндiз жортамын. Бүгiн базар күнi ғой, немiстер менi iздесе, сол қала жақтан қарар, деп осылай қарай тарттым. Таныстардың бәрiн шарлап келемiн, сiрә, түгестiм-ау деймiн. Байқасам, өзiңiзден басқа ешкiм қалмапты, қасыңыздан пана iздеп келдiм, Алексей Васильевич.
– Келгенiңiз жүдә жақсы, – дедiм мен шын ықыласпен. – Жолшыбай жолыққан таныстарың қалай тұрып жатыр, өздерiнiң көңiл күйлерi қалай?
– Не қалайын сұрайсыз? – деп Кирилл күрсiнiп қойды. – Өзiм ұшқыш командир, әрi коммунист болсам, ондай кiсiнi басын өлiмге тiгiп кiм жолатқысы келедi дейсiз. Бiрақ бара қалсаң, кет демейдi, кетсең – кел демейдi. Үнсiз тұнжырап қарсы алады, үнсiз шығарып салады. Бiрақ бiреу үшiн басын өлiмге байлаған жанға қалай өкпе айтарсың? Өзiмдi де, елдi де үрейлендiрiп, бүғынып тiршiлiк кешiп жүрмiн.
– Үрейiмдi ұшырайын деп соққан екенсiң ғой, – дедiм мен күлiп.
– Жоқ-ә, бастан кешкен күндердi айтып жатқаным ғой.
– Сен, Кирилл, менi үрейленедi екен деп ойлама, – дедiм орнымнан тұрып. – Менi өлiммен қорқыта алмайсың. Туған соң адам өлмек керек, әйтеуiр бiр қаза бар, ажалдан жалтарып күн кеше алмайсың, жаным, тек өзiң саспасаң болғаны, маған бәрiбiр, қаласаң – осы үйде тұра бер.
Кирилл менi қапсыра құшақтап, қолымды қатты қысты.
– Мен сiздi жаужүрек кiсi деп танушы едiм, қателеспеген екенмiн! – Сөйтiп Кирилл бiздiң үйде тұра бердi.
Кирилл Розовик арқылы Григорий Спижевоймен таныстым. Оны Яготино аудандық партия комитетi астыртын жұмысқа әдейi қалдырып кеткен екен. Бұжыр бет, жас жiгiт бiзге ұнады. Сескенудi бiлмейтiн, арындаған ақ пейiл жiгiттiң айласынан аңқаулығы басым, бар жақсылықты жолдасына үйiп-төгiп беруден тайынбайды. Ол аракiдiк бiздiң үйге келiп-кетiп жүрдi… Бiр күнi сырын шерттi:
– Менi осында қалдырғанда: саған арнаулы кiсi келедi, оны орналастыруды ойла, оған дейiн өз бетiңмен әрекет жасаушы болма деп, әбден нығыздап табыстаған едi. Күн өттi, ай өттi. Адамы әлi жоқ. Сонда менiң не iстеуiм керек, Алексей Васильевич? Осылай қол қусырып, жайыма отыра бермекпiн бе?
– Сiзге жiберген адамды немiстер жолда ұстап алуы мүмкiн ғой, – дедi Розовик.
– Жоқ, олай емес, басқа сыр бар ма деймiн. Олай да, бұлай да ойлаймын, тiптi ақылым жетпейдi, – деп, Спижевой қарсы алдыма кеп тұрды.
– Бәлкiм, менiң тәжiрибем жетiспейтiн шығар. Тiзгiндi өзiңiзге берсем қайтедi, Алексей Васильевич, бастаңыз, маған қарағанда көргенiңiз көп, тәжiрибеңiз бар, бiлiмнен де кенде емессiз.
– Осының өзi дұрыс болды-ау, – дедi Розовик оны қостап. – Қарсы болмасаңыз, протоколды солай жазайын.
Шынын айтайын, мұндай мiндет менi қат-қабат ойға шомдырды. Ендi қарақан басыма емес, топтағы адамдардың тағдырына, қимылына жауап беруге тиiспiн. Басшы болған соң жөн сiлтер деп, олар үмiт күтедi, ақылкеңес сұрайды. Соған менiң өрем жете ме? Дәрiгерлердiң қолы қатты болғанмен, өздерi көңiлшек, сыпайы, әрi өз кәсiбiнен басқаны көп бiле бермейтiн бiр жақты жандар, үгiттi де ұғына қоймайды, аурумен алысып, ауруханасының төңiрегiнде жүрiп жатады. Мен де сондай дәрiгердiң бiрiмiн. Бiреудiң айтқанын iстеп, жетегiне iлесiп үйренген адаммын. Ендi мына топты қиын iстерге бастауым керек. Бiрнеше күн бойы осылай ой ойлап, қиналып жүрдiм. Кейде оңаша қалғанымда Иринаны еске алам; осындай кезде кездеспегенiн қарашы, ақыл қосар едi-ау деп ойлаймын. Менiң қиналып жүргенiмдi байқады ма, бiр күнi бәрiмiз бас қосып отырғанда Розовик:
– Алеша, сен жалғыз емессiң, бақандай төрт адамбыз, –дедi қасыма тақай отырып, иығымнан құшақтап.
– Сен басшысың, именбе, жарлық бер, ал бiз орындаймыз.
– Көштi бастағаннан гөрi көшке iлескен оңай ма деймiн, – дедiм Кириллге.
– Ол солай ғой, – дедi Спижевой басын төмен салып.
– Сендер маған жол берген екенсiңдер, онда бастайын, аржағы қалай боларын тағы ақылдаса жатармыз, – дедiм мен.
Козино селосында жауынгерлiк астыртын ұйым осылай құрылған едi. Тұтқындарды құтқару, лагерьден қашқандарды орналастыру, партизан отрядына адамдарды iрiктеу, немiстердiң өтiрiк насихатын әшкерелейтiн листовка тарату мiндеттерiн алға тарттық. Бұған бәрi қол қойды. Гриша Спижевой тұтқындармен жұмыс жүргiзудi өзi қалап алды. Розовик листовкаға материал жинайтын болды. Күнi бойы естiген, терiп-жиған хабардан қорытынды шығарып, листовка құруға отырамыз, көбiрек болу үшiн үш жақтап жазуға кiрiсемiз. Жазған листовкаларды Зарубенцы, Вовчиково, Луковица селоларына, Переяслав қаласының өзiне тарата бастадық. Бiрақ қолмен жазғанымыз бұйым болмайтын көрiндi. Оның үстiне Үлкен жермен хабарласатын радиоқабылдағыш, не рация жоқ, немiстердi құр балағаттағанымыз болмаса, сөзiмiз нысанаға дәл тимей жатқан секiлдi.
Фашистердiң мұндағы озбырлығын халық өз көзiмен көрiп отыр, жұртқа керегi майдандағы жағдай, ал ондағы шындықты өзiмiз де бiлмей, қор болдық. Не қайла жасау керек? Кирилл әрлi жiгiт қой, соның Переяслав қаласының комендатурасында iстейтiн Валя деген таныс қызы бар екен. Сол немiстердiң өздерiне арналып шығарылған бюллетеньдi бiзге қысқаша аударып беретiн болды. Бюллетеньнiң бiрнешеуiн алып, қайшылықтарын салыстырып, өзiмiзше қорытып, майдандағы жағдайды түсiндiре бастадық, сөзiмiз ұтымды болу үшiн бюллетеньнен үзiндi келтiремiз. Гриша Спижевой суретшi ғой, ол жұрттың қалың көпшiлiгi баратын жерге iлiнетiн листовкаларға сықақ суреттер салады. Колхоз кеңсесiнiң ескi машинкасын тауып алғанбыз. Листовкаларды қиқалап соған басамыз. Оны басатын кiшкене Зоя, көзi бiтiктеу, момын жас бала. Ешкiммен сөзi де, iсi де жоқ, «Зоя, хал қалай?» – десең, үндемей жымиып күлiп қойып, машинкасын тықылдатып баса бередi. Соны да жылаттық-ау, – дедi Алексей Васильевич күрсiнiп. Оқиға ойламаған жерден болды. Түнде машинканың тықылдаған дауысы естiлiп қалар деп, листовканы күндiз, елеусiз уақытта басатынбыз. Сонда да сақтық жасап, Дмитрий сыртта жалғыз қолымен күректiң майысқан жүзiн түзеген боп балғамен шыңылдатып соғып жатады, не шалғының жүзiнен пышақ жасамақ болып әбiгерленедi. Немiстер бiздiң астыртын жүргiзген әрекетiмiзге қарсы өз үгiтiн күшейте түскен: бiздi «Елдiң берекесiн кетiретiн қанiшер, бандиттер» деп атап, жұртқа жеккөрiнiштi етiп көрсете бастаған. Тыңшыларын да көбейттi. Олар ойда жоқта ұшырасып, күдiк алса – соңыңнан қалмайды. Олардың мүсәпiр түрге түсiп, үй-үйдi қыдырып, қайыр тiлеп жүретiндерi де бар. Сондай бiреулер келiп қалмасын деп, Дмитрийдi қарауылға қойғанбыз. «Терезенi тықылдатса, қауiп бар, тоқтат!» – деген белгi. Ол темiрiн соққанда бiз де жұмысқа кiрiсемiз. Бұл жолы шартты белгiлердiң бәрiн ұмытып, өзi үйге жүгiре кiрдi. Түс қалмаған, боп-боз боп кеткен.
– Қарсы үйдiң түбiнен қылт еткенiн бiр-ақ көрдiм. Ой, арамза иттiң баласы!
– Кiм? – дедiм құтым қашып.
– Говкалло, – дедi Дмитрий сыбырлап. Машинканы апыл-құпыл пештiң түбiндегi шұңқырға тықтық. Ветше келте томарлар тастадық.
– Дима, сен столдың үстiн жайғай бер, ал Зоя сен төргi бөлмеге бар, ауырған тiсiңдi қаратқан боп отыр, түсiндiң бе? Говкалло үйге айқайлай кiрдi:
– Әй, доктор, қайда жоғалып кеттiң, бұл жолы менi алдай алмайсың, қармаққа iлiнген шығарсың, бәлем!
– Зояға аузыңды аш! – деп ымдадым. Тiстерi аппақ, маржандай тiзiлiп тұр. – Шыда, жаным! – Қышқашты салып тартқанымда, қан бұрқ ете қалды. Ойбайлаған дауыс естiлдi.
– Тағы фокус жасап жатырсың ба! – деп, Говкалло есiктi жұлқып ашты. – Сен хирург емес пе едiң? Ауызға қол салғаның қалай?
– Пан полицай, ауыз екенiн, ия арт екенiн соғыс талғатып жатыр ма? Кiсi келген соң қарай бересiң, пайдадан бас тартқан жөн емес, күн көру керек.
Говкалло аяғымен одеялды көтерiп, төсектiң астын тексердi де, сонсоң қабырғаларға қарап, Зояның қасына келдi:
– Ауыра ма? – деп, аузынан сорғалап аққан қанын көрiп мырс еттi.
– Бiрiншi рет аққан қан емес шығар бұл?! – Ол көзiн қысып, галифе шалбардың iшiне сыймай тегенедей торсиған құйрығын бұлтыңдатып, ысқырып, ауызғы бөлмеге шықты. Ендi байқадым, бiр ала киiмдi адам екiншi бөлмеде чемодандарды ашып қарап жатыр. Құс төсектiң талқанын шығарған. Дмитрий қасында состиып тұр. Тұтқыннан қашқан немеге не керек, әлде өзiнiң есi дұрыс па деп ойлаймын. Ендi ол үйдi тастап, ағаштарды ысырып, машинканы тыққан қуыстың айналасын тiнте бастады. Менде ес-түс қалмады, Зоя тiсiнiң ауырғанын ұмытып, көзi шарасынан шығып кеткен. Айқайлаудың аз-ақ алдында тұр. Дмитрий «болары болды ғой» дегендей, жарты кез қара пышақты Говкаллоның ту сыртынан кезеп тұр. «Ала киiмдiге сен ие бол, мынаны мен жайғаймын» дегендей маған ымдап белгi бередi.
– Әй, сен онда тiмiскiлеп не iздеп жатырсың, тұр, сарайға бар, бәлкiм, содан бiр нәрсе табарсың, – дедi Говкалло. Ала киiмдi адам басын көтерiп, состиып тұрды да, үнсiз далаға шығып кеттi. Үстiмнен ауыр жүк түскендей кең тыныс алдым.
– Ала киiмдiңiз кiм? Өзiнiң есi дұрыс па? – дедiм ендi қауiптiң жоғын байқап. Зоя тiсiнiң ауырғанын ендi сездi ме, солқылдап жылай бастады.
– Әйелге жыласа, ақыл кiредi, жылай түс, – деп, Говкалло есiктi жауып алған Зояны ту сыртынан кекетедi. Маған қарап: – Бұл кiмнiң қызы? Бойжетiп, пiсiп тұр екен! – дейдi.
Мен естiмегенсiдiм. Ол жақтырмағанымды сезiп:
– Саған қонақ келiп отыр, немене, кiсiнi сыйлауды ұмытқансың ба? – дедi. Бұдан бұрын лықия iшкен секiлдi. Қалың бетi қабарып, iсiнiп, көзi қанталап қызарып тұр.
– Кiргеннен қонақ кәдесiн көрсетпедiңiз, сосын мен қайтейiн.
Дмитрий үлкен құмыра самогонды әкеп, столдың үстiне қойып, шапшаң қияр турап жатқан. Говкалло шыдамай шөлмектiң тығынын ашып, стаканға шұрқылдата толтырып құйды да, қағып жiбердi. Дем ала алмай тұншығып, пысылдап бiраз отырды да, тiл қатты:
– Самогон деп осыны айт, аздап спирт қосқансың ба, удай ғой өзi, түу, тынысым ендi ашылды, – деп қиярдан аузын толтыра асады. – Сөйтiп әлгi мадам қайда? Ия, ия, осында жазда, жауынды күнi жатқан әйелдi айтам.
Иринаны сұрап отырғанын сездiм.
– Соны сiзден кейiн бiр офицер келiп ертiп әкеткен. Өздерi немiсше сөйлеп жатты, не деп жатқандарын түсiнбедiм. Сiрә, әйел абыржыған, ренжiген түр көрсеттiау деймiн, офицер байғұс бәйек боп, тiптi жаны қалмады. Ақыры татуласты бiлем, кеттi ғой өздерi.
– Аты кiм едi өзiнiң?
– Сенсеңiз, сұрауға бата алмадым, ондайлар жөнiн айта ма, осында төбемiзден тiк тұрған жоқпыз ба? – дедiм.
– Ия, бетпақ қатын, өзiм де көрдiм. Бiрақ иттiң күшiгi қандай сұлу десеңшi, қанша аунатсаң да, сiрә, кiсiнiң құмары қанбас, – деп Говкалло тамсанып отырды. – Пан комендантқа айтқанымда, ол «үнiңдi өшiр, үлкен бастық әйелiмен жүргенi рас» деп аузымды аштырмады.
Үстi-басы балшыққа батып, ала киiмдi адам кiрдi:
– Қалай? – дедi Говкалло иегiн көтерiп.
– Iз-з-де-генiмiздi т-тт-а-ппадық – дедi кекештенiп. Говкалло оған ала көзiмен қарады:
– Бұдан былай жалғыз өзiң жүресiң, байқа, тұмсығыңның астындағыны көрмей қалып жүрме, мына менен үйрен.
– Говкалло стакандағы арақты одан қызғанғандай тағы қағып салды.
– Шинелiңдi ки, омырауыңды ашпай, қымтанып ал, менiмен жүргенде ала киiмiңдi көрмейтiн болсын! – Говкалло есiктен шығып бара жатып теңселе бұрылды. – Ала киiмдi жөнiнде тiс жарсаң, онда саған капут, пан доктор. Түсiндiң бе?
Түпкi бөлмеге келсем, Зоя жағын ұстап, әлi қан түкiрiп отыр екен. Тiстiң орны үңiрейiп тұр. Зоя әлi бала ғой, айнаға әрi-берi қарап:
– Соғыс бiткенше жаңа тiс шығатын шығар, Алексей Васильевич, – дедi.
– Соғыс бiтсе, сүйек тiстiң керегi не, қалқам, алтыннан салмаймыз ба? – дедiм. Зоя мақұлдағандай жымиып күледi.
Үрей мен қорқыныш аралас күндер өтiп жатты.
… Қыстың жақындағанын сездiргендей ауа райы құбылып тұр: әп-әдемi ашық күн әп-сәтте бұлт басып түнерiп, суық жауынға айналады, арты қарға ұласады. Жердiң миы шығып, былжырап жатқан мезгiл. Розовик Переяславқа кеткен едi. Соны күтiп отырғанбыз. Екi кештiң арасында бiреу кiрдi.
– Крячектiң үйi осы ма? – дедi ол босағада Дмитрий екеуiмiзге состия қарап. Аяғында ағаш табан кенеп бәтiңке, етек-жеңi жырым-жырым шинельдiң ашық омырауынан ақ жолақ көйлегi көрiнедi. Тұтқыннан қашқан кiсi секiлдi.
– Ия, осында тұрады, Крячек деген – мен!
– Сәлеметсiз бе? – дедi ол басын изеп.
– Адаспай тапқан екенмiн. Отыруға болатын шығар. – Ол орындыққа шұқшия отырды. – Осы үйге бар деп Ирина сiлтеген едi. Сiздiң танысыңыз көрiнедi.
«Ирина» деуi мұң екен, жүрегiм лүпiлдеп кеттi. «Өзi аман ба? Халi қалай, қайда жүр қазiр?» – деп сұрағым келiп, оқталып тұрсам да, «осы ит Говкаллоның жiберген тыңшысы емес пе екен? Әнеу күнi ол Иринаны сұрап отыр едi-ау!» – деп тоқталам.
– Кiм жiбердi дейсiз? Оның кiм өзi?
– Сiз шынымен Ирина Кравченконы бiлмейсiз бе? – дедi ол таңданған пiшiнмен.
– Мына қысаң кезде қай кiсiнiң аты-жөнi жадыңда сақтала бередi дейсiң. Өзiң сияқты бiреу келедi, бiреу кетедi, – дедiм, мен ала киiмдi адамға тесiле қарап.
– Әуелi өзiң кiмсiң, қайдан жүрсiң? Келмей жатып тергегенше, соны айтсаңшы.
– Мұның мылжыңын тыңдап қайтесiң, келетiн ала киiмдiлердiң кiм екенi мәлiм болған жоқ па осы?! Одан да қарасын көрсетпей тайып тұрсын! – деп, жүрегi шайлығып қалған Дмитрий безiлдеп жуытатын емес.
– Сен бажылдай берме, iнiшек, сендерге паналайын деп келiп отырған жоқпын, сәлем айтқан соң мойныма қарыз болмасын деп әдейi бұрылдым, – деп, ала киiмдi кiсi орнынан тұрып, кетуге ыңғайланды.
– Түн боп кеттi, ендi қайда барасың? Осы үйден де түнеуге қуыс табылар. Дима, тегешке жылы су құйып жiбер, қол-басын жуып алсын, – деп, ала көзденген Дмитрий екеуiн ымыраға келтiрмек болдым. Келген адам түрменiң ала көйлегiн лақтырып тастап, рақаттанып жуынып жатыр. Аракiдiк сөйлеп қояды:
– Атың Дмитрий екен ғой, менiң атым – Григорий, ия, фамилиям – Проценко. Мұнда көптен берi тұрасыңдар ма?
– Осында туып-өскенiмiзбен, соңғы жылдары тұрғанымыз жоқ, тек соғыс басталысымен келдiк.
– Жұмыс iстейтiн шығарсыңдар?
– Ағай Каневте қызмет iстеген, мен оқитынмын. Қазiр үйде отырмыз.
Дмитрий сөйлегiсi келмесе де, әдеп сақтап жауап қатып тұрған сияқты. Проценко еркiне қояр емес, iшi-баурына кiрiп барады.
– Дмитриймен танысып алдым, сiздi онсыз да бiлем, Ирина айтқан, – дедi Проценко столдың қасына отырып. – Шай iшiп, бойын жылытып алғаннан кейiн мен:
– Әлгiнде бiреудiң атын атадың ба? Кiм дедiң? Кравченко… – Ойланған боп бiр сәт отырдым да: – Ә-ә, әлгi бiр қыз екен ғой, ия, ия, ендi есiме түстi? Ия, айта бер, немене, өздерiң түрмеде бiрге отырдыңдар ма? – дедiм.
– Кравченконы бiлмеймiн дегенiңiзге бәрiбiр нанбаймын, – дедi Проценко басын шайқап. – Маған, бәлкiм, жорта айтып отырған шығарсыз. Неге олай деп сұрап, қажамаймын, шаруам жоқ. Мен келген бiр қонақ. Үй иесi жауап тiлесе – бүкпей ағынан жарылып айтуға тиiспiн. Проценко жапа-тармағай бытырап өсе бастаған тал-тал сақалын сипалап, алдындағы бiлтелi шамға қадала түсiп, баяу үнмен асықпай сөйледi.
– Алыстан термелеп бәрiн қозғап қайтем, атуға әкелген түнгi оқиғаны айтсам да жетер, аржағын өзiңiз түсiнерсiз. Бiздi әкеп қамаған лагерьдiң тоғай жағында тастан соққан оңаша үй болатын, ол маңнан күзетшiлерден басқа ешкiм көрiне қоймайтын. Қойма не лагерь қызметшiлерiнiң үйi шығар деп жүрсек, «өлiм үйi» екен. Бұл үйге апарып қамаған кiсiлер қайтып оралмайтын болды. Тас үйде түнеп шыққаннан кейiн тұтқындарды таң сәрiден шулатып терең апанның қасына апарады. Ұзыннан-ұзақ тiзiп қойып атқан кезде орған шөп секiлдi баудай түсiп құлап жатады, өлiкке iле-шала бензин құяды, шала-жансар қалғандар денесiне өткiр жалын тигенде, тынысы тарылған балық секiлдi ыршып-ыршып аунап түседi, өлi дене одан әрi қарсылық көрсетуге жарамай бүлк-бүлк етiп бүрiсе бастайды, бiртiндеп қара күйеге айналады. Немiстер алғаш мұны жасырын жасап жүрдi де, кейiн именудi қойып, тұтқындарға өздерi көрсететiн болды. Менiң қасымда Ташматов деген болды. Өзi Ферганадан болу керек, орыс тiлiн жөндi ұға қоймайтын. Мына көрiнiстi көргенде ол:
– Мейлi атсын, дарға ассын, не iстесе де мейлi. Ал өлiктi өртедi деген не сұмдық? Бұл – нағыз хайуандық! Адамдар бұған төзуге болмайды! – деп, жұдырығын түйiп айқайлап жiбердi. Мен қатты таңдандым:
– Сiз орыс тiлiн таза сөйлейдi екенсiз ғой, ал мен мүлде бiлмейтiн шығар деушi едiм.
– Тсс-сс, – Ташматов саусағын шошайтып ернiн басты, – құдай үшiн, үндемеңiз, «сен азиат орыс тiлiн қайдан бiлесiң? Оқығансың ғой, офицер боларсың?» – деп, күдiктенiп атып тастап жүрер. Ал менiң өлгiм келмейдi. Е, алла, сақтай гөр өзiң?
Ташматов күбiрлеп, өз тiлiнде сөйлеп кеттi, түсiнбедiм. Сол күнi кешкiсiн бiздi тiзiммен шақырып, бөлектеп әлгi тас үйге әкеп қамады. Аздан соң тағы он шақты тұтқынды әкелдi. Iшiнде Ташматов бар, ол менiң жанымнан үнсiз өтiп, әрменiрек бұрышқа барып отырған. Терiс қарап, бетiн құбылаға берген. Өлiмсiреген дауысы шығады.
– Е, алла, сақтай гөр өзiң…
Бұл жолы алласы Ташматовты сақтамады, алдап кеттi. Түн ортасынан ауған шақта ғой деймiн, ол орнынан атып тұрды да, таңқалған пiшiнмен жан-жағына одырая қарады, өңi өзгерiп кеткен. Сылқ-сылқ күледi.
– Бұлай отырмай, орталарыңды ашыңдар, сендерге артист Ташматов «лезгинканы» билеп бередi. Сыбызғы қайда, кәне, тартып жiбер, ортақ! Ой, бәрекел-дi! – Ташматов саусақтарын шыртылдатып билей жөнелдi. – Бәсеңдетпе, қаттырақ тарт, ия, сөйт, ой, жаша! – Бiраз билегеннен кейiн кәдiмгi артистей иiлiп тәжiм еттi. Үрпиiсiп, таң қалған адамдардың беттерiне үңiле қарап:
– Сендер мұнда неғып солбырайып тұрсыңдар, кәне, түзу тұрыңдар, қолбасшының келе жатқанын көрмейсiңдер ме? – дедi.
– Мына сорлының есi ауысқан бiлем?
– Ия, түрi солай көрiнедi.
Бiр сәт есi кiрдi ме, Ташматов:
– Ау, бiз неге тұрмыз? Ия, солай, ә-ә, ендi бiлдiм, жоқ қолбасшыны ұстап тұруға кiмнiң қақысы бар?! – деп, ала көйлектiң омырауын кақ айырып, есiкке қарай жүгiрдi, екi аяғымен шегiншектеп тұрып тепкiлеп, қос қолдап ұрды. Айқайлағанда аузынан ақ көбiк шығады.
– Ау, мына байғұсты өлтiредi ғой, ұстасаңдаршы! – деп бiреулер дауыстады. Екiленген адам дес беретiн емес, айқайын одан әрмен күшейттi. Екi солдат тасыр-тұсыр автоматын кезеп жетiп келдi. Ташматовты екi жақтап дүмбiлеп соққылап, баспақ едi, бой бермеген соң бiреуi дәл кеудесiне ұңғысын тiреп, шүрiппенi басып қалды. Майда көк түтiн көтерiлiп, дәрiнiң иiсi шықты. Ташматов езуi ыржиып, бұралып құлап бара жатты:
– Ай, алла, сақтай гөр өзiң…
Өлiм алдында кiсiнiң ойы келте болады бiлем. Өткен көрiнiстерi iлезде ойыңа түседi де, оны сол сәтте ұмытып, екiншiсiне көшесiң, сөйтiп, ұшы-қиырсыз ой тiзбектеле бередi. Өзiмiздiң селоның қасындағы жалпақ көк саз екен деймiн. Оның ортасын кесiп өзен ағатын, суы терең емес, тайыз. Бiз, топ бала, сазда көбелек қуып, асыр салып ойнап жүрмiз. Бұл ойын зерiктiрдi бiлем, артынан алысқан боп, жұдырықтасып, жұлысып та қаламыз. Байғұс анам: «Ей, балам, тентек болма, тиыш жүр», – деп ақылын айтып тұрған секiлдi. Бұл тәттi елес жоқ боп кетедi де, ендi көз алдыңа туғаның, дос-жараның аса сағынышпен келедi. Кәдуілгiдей өзiңмен жүздесiп, сырласып тұрған сықылды. Ой әрмен жетелейдi. Осы бiр шақта бiреудi сағынып, аңсағандай боласың, «жаным» деп қана елжiреп үн қатасың. Ол да икемделiп бауырына кiре түседi, құшағыңды жаясың, сол сәт түс көрген кiсi секiлдi шошып кетесiң. Жанжағыңа қарайсың. Айналаңның бәрi ала киiмдi адамдар… Әлгi асқақ көңiл қалады, өзегiң өртенiп, езiлiп, бiр-ақ уыс боп қаласың. Ендi бiр-екi сағаттан кейiн өмiрмен, жарық дүниемен қоштасасың, қайтып мәңгi оралмайсың… Кәдiмгi үлкен күн сенсiз шапағын төгiп, сенсiз ататын болады. Аспанда ай сен жоқта қалқиды. Айдын көлде құстар ұшады, өзiмiздiң ауылдың тұсындағы көк саздан жем iздейдi, даланы құлпыртып қызғалдақ өседi, жұрт шулап егiн оруға шығады, бәрiнен де бұрқыраған жас сабанның исiн айтсаңшы! Одан соң күз келедi, одан әрi қыс, көктем, тағы жаз басталады. Осының бәрiн сен көре алмайсың! Сенi әзәзiл күш қорлықпен өлiмге желкелеп әкеп тұр, амалсыз мойын ұсындырғандай, қарсыласайын десең, дәрмен жоқ, байғұс жан секiлдiсiң. Осы халiң есiңе түскенде, iшiң өртенiп күйiп кетесiң, есiңнен танып, аласұрасың… Басқаны қайдам, өзiм сондай аумалы-төкпелi мүшкiл күйде болдым. Бiр сәтке тағы есiңдi жиясың. Өткен өмiрге көз жiбересiң. Бiреумен арада кикiлжiң, бақастық, өштескендiк болғаны есiңе түскенде, ойпыр-ау, адам неткен қатал, неткен мейiрiмсiз, неткен надан едi деп ойлайсың, осының бәрi бiлместiк екен-ау, – деп қынжыласың. Шiркiн жарық дүниенi тағы бiр сығалатса, кiсiге қиянат қылмай, жолына шырақ жағып өтер едiм, адамды жан-тәнiммен сүйер едiм дейсiң… Бәрiне де кешiрiм берер жомарт көңiлде қалғың келедi… Мен гүжiлдеген үрейлi үндерден селк еттiм.
– Ау, халайық, анау көрiнген сәуле ме?
– Болса болар!
– Ойпыр-ау, өлгенiмiз бе? Шынымен қазаның жеткенi ме?
– Қой, күн шығатын мезгiл болған жоқ, сабыр етелiк! – Осы бiр айқай-дабырдан есiмдi жиғандай болдым. Тас қабырғаның жоғары ернеуiне таман бiлектей темiрмен торлаған қос терезе бартын. Ала киiмдi адамдар жапырлай соған қарап қапты. Тұтқындарды таң ата ататынын бiлемiз. Ақындар жыр қылған таң шапағын ендi бұлар қас көрiп, безiп тұр, күн шықпаса екен деп тiлеу тiлейдi, қу тiршiлiк адамға не жасатпады дейсiз! Түрме iшi осылай дүрлiгiп тұрған кезде:
– Жолдастар, қашыңдар, құтылыңдар! – деген бiреудiң сабырлы даусы шықты да, темiр есiк шалқасынан ашылды. Ақырын айтса да, айқайлап айтқандай естiлдi бәрiмiзге. Бiрақ жұрт ашық есiкке ұмтылмай, жапырыла қабырғаға тығылды. «Осы неме, үйден шығару үшiн әдейi арандатып тұрған жоқ па екен? Таң алдында атсаңдар, әлi ерте eмec пе?» – дегендей, қараңғы қапаста отырса да, тiрлiктi қимай, үркiп, шегiншектеп тұр. Сырттағы кiсi асықтырады:
– Тезiрек қашыңдар!
– Бәрiбiр өлiм емес пе? Ненi күтiп тұрмыз! – деп артта тұрған бiреу жұлқына, есiктен ытып шығып, алакөлеңкеге сiңiп жоқ болды. Сол-ақ екен, бәрi есiкке қарай лап қойды. Алдында тобын жазбаған қашқындар, арт жақтан мылтықтың атылғанын естiгенде тоғай-жыраны көздеп, бет-бетiмен тырақайлай жөнелдi. Алды-артыма қарамай, мен де айдалаға безiп барам, аяғым аяғыма тимейдi. Менiмен бiреу қапталдасып келедi. Дәуде болса қашқындардың бiрi шығарсың деп ойлаймын. Ұзап шығып, қуғыншы жоғын бiлген соң, қалқан қабақта тыныс алмақ болдым. Жарлауыт жарға жотамды сүйеп отыра бергенiмде, бiреу үстiме құлап түстi. Сескенгенiм жоқ, әлгi өзiммен қатар жүгiрiп келе жатқан кiсi екенiн бiлдiм.
– Сен кiмсiң?
Ол аты-жөнiн айтқан жоқ, қысқа бұйрықтар берiп жатыр.
– Шолақ тоғай пана болуға жарамайды, одан да жарлауыт жазықтың өзi жақсы, байқаймын, тәжiрибеңiз бар көрiнедi. Бар адамды жинап алыңыз да, тез кетiңiз. Бағытыңыз Переяслав болсын. Онда орман көп, тығылуға болады.
– Бiздi құтқарған, өлiмнен арашалап алған сiз екенсiз ғой, рақмет, жаным, тiрi жүрсем дұғам болсын: аты-жөнiңiздi айтыңыз! – деп жалындым. Ол екi ауыз сөзбен аты жөнiн айтты да, сiздiң үйдiң адресiн бердi. Иринаның сiлтеуiмен келген бетiм осы. О баста көп едiк, таныстарын тапқандар жолшыбай жолда қалып, азая бердiк, – деп Проценко әңгiмесiн аяқтады.
…Үйде бөтен кiсi болса, терезенi қараңғыламай, астыңғы пердесiн түсiрiп қана қоятынбыз. Астыртын топ адамдарына аян шартты белгiмiз осы. Бұл жолы Розовик оны сақтамады. Есiктен кiре ол:
– Алеша, немiстер Валяны ұстап әкеттi. Ол жолығысатын жерге келмедi! – деп, басын ұстап, сылқ түсiп отыра кеттi.
Бәрiмiз де орнымыздан ұшып тұрдық.
– Саған кiм айтты? Бәлкiм, ол науқастанып қалған шығар? – деп айтуын айтсам да, «басталмай жатып әшкереленгенiмiз бе? Бұл қалай болды?» деген ой келдi.
– Бiлдiм, гестапо шақыртқан екен, қайтып оралмапты, – дедi Розовик…