Киевтен шыққанымызға бiрталай уақыт болған. Қоңыр «Победа» Харьков жолына түсiп, зымырап келедi. Жолдың екi шетi тiзiлiп тұрған қалың ағаш, ол бiрде сиреп, бiрде қоюланып, қанаттас ну тоғаймен барып ұласады. Бұл өңiрдiң жерi қайқаңы көрiнбейтiн жалпақ жатқан қазақ даласындай емес, кiшiгiрiм өзен, сазы көп, орманды жасыл алқап. Ағаш арасындағы ойдым-ойдым жерлердiң бәрiн жыртып, тақталап айдап тастаған, қылт еткен қылау көрiнбейдi, кейде егiстiк жердiң ортасында саңырауқұлақтай қалқиған бiренсаран жалғыз түп ағаштар ұшырасады. Ол да оқшауланбай, қара жерге өң берiп, сәнiн келтiрiп тұрған секiлдi. Айдаған жердiң арғы бетiндегi көкжиекте, бақша iшiнде әйелдердiң ағараңдаған бастары көрiнедi. Сызылтып салған украин әнi естiледi, үдемей бiр қалыпта естiледi, бүкiл жасыл алқап сазды әнге бөленгендей. Кабинаның ашық терезесiне шынтағын салып, жантая отырған Алексей Васильевич:
– Мiне, Украина жерi осы, – дедi таңның таза ауасын сiмiре жұтып. Ол бiр сәт үнсiз отырды да, сөзiн жалғастырды.
– Мен өзiм дәрiгер болғанымен, көк шөптiң, сабанның исiн, қалың теректердiң жапырақтарының сыбдыр қаққанын бiртүрлi жақсы көремiн. Бәлкiм, басқаға оғаштау көрiнетiн болар, ал мен бұл жердi көрмей бiр күн де тұра алмас едiм. Осы машинаны ырысым тасығаннан алды дейсiз бе? Мүлдем олай емес. Соғыс кезiнде жау тылындағы жағдай қиын болды ғой. Қуғын-сүргiннен көзiмiз ашылмады. Жан алқымға келгенде осы тоғайлардың арасында бас сауғалап жүрдiк. Босыған жұрттың да панасы осы жер болды. Адамның сезiмi қызық қой, сонда осы қара жердi өз пендесiмен бiрге жауға қарсы қайрат көрсетiп жатқан мойымас алып күшке ұқсататынмын. Оңаша отырып, өзiмнен өзiм: «Адамды өзiне тартып, көрмесе сағындырып тұратын осының не қасиетi бар екен? Адам қашса да, сасса да, пана iздесе де, туған жерге ұмтылады. Оны медеу тұтып, әр бұтасын қалқан көредi. Өлсе, өз жерiнен топырақ бұйыруын тiлейдi. Осы қара жерде қандай қасиет бар? Тiрi қалсам, сырыңды ашармын-ау!» – деп ойлайтынмын. Көрдiңiз бе, мына машина жүз мың километр жол жүрiптi. Бүгiн жүрiп өткен жерлердi ертеңiне көргенiмде мүлде жаңа боп қалады. Тағы да ынтыға қараймын, әр белгiсiн көңiлге тоқимын. Сол жерлердi басқа жолы көргенде тағы өзгешелеу болып, тағы қызық тартып тұрады, тоймайсың, көре бергiң, осы дүниемен бiрге жасай бергiң келедi. Бiлсеңiз, туған жерге ынтықтығым басылмай-ақ қойды.
Киевтен ұзағаннан кейiн машинаны Қасым жүргiзiп келе жатқан. Бiз Алексей Васильевич екеумiз артқы орында қатар отырғанбыз. Ол бұрылып, шүңiрек көк көзiн қадап, ақырын жымиды:
– Әңгiменi бұлай бастағаным, бәлкiм, сiзге оғаштау көрiнер. Мұның Иринаға қандай қатысы бар деп те ойлайтын шығарсыз. Ал мен мұның тiкелей қатысы бар ма деп ұғамын. Өзiнiң туған жерiн сүйiп, қызғана бiлмеген адам, оны қорғай да бiлмейдi. Өткен соғыстың маған үйреткен сабағы осы. Ондайлардан оңай опасыз шығады, талай мәртебе опық та жедiк. Ирина да сондайдың құрбанына iлiктi. Тыңдаңыз, әңгiменi әуел бастан бастайын, – деп оңтайланып отырды да, менi ынтықтырған жайды бастап кеттi.
* * *
… Сентябрь айының соңғы күнi жауын-шашынмен өттi. Аспанды торлаған ала бұлт күн еңкейгенде бiрте-бiрте тұтасып, кешқұрым шелектеп нөсер төктi. Түн ортасы ауып барады, жауын әлi басылған жоқ, себелеп тұр. Дала шырттай қараңғы. Терезе алдында, қолдан жасалған ашамай аяқты ұзынша столдың басында бүгiлiп отырған Дмитрий үнi қарлығып сыбырлады:
– Алексей, не iстеймiз?
Дмитрий менен бiрнеше жас кiшi. Киевтiң Мемлекеттiк университетiнде оқып жүрген. Көптеген студенттермен бiрге ол да Киевтi қорғауға қалған едi. Немiстер қаланы алып, жаппай жазалау жүргiзе бастағанда одан кетуiне тура келдi. Адам жаны қысылған шақта туған мекенiн медеу ете ме, әлде келген бәледен сақтайтын қорған көре ме, мен де сенделiп Козиноға келген едiм. Көп айдан берi екеумiздiң жолығысып отырғанымыз осы. Бұл кездесу екеумiзге қуаныш та, күйiнiш те әкелген жоқ, соғыс лебiмен ұшырасқан жандаймыз. Екеумiз де кеш бойы терезенiң алдында үнсiз отыр едiк. «Бұдан әрi не iстеймiз, қалай тiршiлiк етемiз…» Мұндай сұрақты сан мәртебе қойып, жауабын таппай, дел-сал боп отырғам. Дмитрийдiң сөзi түрткi болды:
– Ал өзiңнiң не ойың бар?
– Несiне ойланам! – дедi Дмитрий мысқыл үнмен мырс етiп. Сонсоң басын шапшаң көтерiп, жұдырығымен столды бiр қойды. – Сен не iстейтiнiңдi өзiң бiлесiң. Ал мен ертең полицайдың бiреуiн өлтiрiп, қаруын алам да, орманға кетем.
– Сонан соң ше?
– Соғысатын боламын.
– Жалғыз өзiң бе?
– Иә, жалғыз өзiм, – дедi Дмитрий өршелене түсiп.
– Бүйтiп бұғынып отырғанша, өлген жақсы!
– Өлiм қашпайды. Оған асықпаған жөн, бiз қашқанмен, оның қуып жететiн кезi болады. Ал қазiр топ болып, жауды мұқатуды ойлайық. Селоға келiп-кетiп жүргенiмiз болмаса, бұл жерде тұрған жоқпыз және сау етiп жетiп келгенiмiздi мұндағылардың қалай ұғатынын кiм бiлсiн. Қараптан-қарап отырып от басында өлiп кетуiмiз ықтимал. Ал егер Киевтiң өзiне барсақ қалай болады?
– Киевке дейсiң бе?
– Несiне таңданасың? Студенттердiң бәрi қаладан кеттi дейсiң бе, астыртын жұмыста жүргендерi де бар шығар. Өзiмiзге керектi адамдарды тауып алмаймыз ба?
– Олар маған сенiп сырын айта қойса жақсы.
– Сенбегенi қалай? – дедiм таңданған пiшiнмен.
– Егер сенбесе, онда сенiң қандай комсомол мүшесi екенiң белгiлi болды, айтар сөзiм жоқ, онда үйде отырғаның жақсы!
– Жоқ, – деп, Дмитрий қажау сөзге шыдамай ыршып түстi. – Мен өзiмнiң кiм екенiмдi танытам, қам жемеңiз. Тек қашан жүремiз, соны айт
Шынын айтсам, Дмитрий менi бiреумен жолықтырып қояды екен деген үмiт болған жоқ. Тұтқын лагерiнен қашып шыққан бiр солдаттан Александр Дубровтың Дарницада жатқанын естiген едiм. Капитан Дубровты бұрыннан бiлетiнмiн, әрi өзiнiң күйеулiк жағынан жақындығы бар. Әскери адам, КПСС мүшесi, құтқара қойсаң, бiз секiлдi, босқан нөпiрдi бастап кететiн адам сияқты көрiнетiн. Ол кезде бiзде шенi бар әскери адам кемде-кем едi ғой, соғыстың барлық амал-айласын тек солар ғана бiлетiндей көрiнетiн. Киевке бара қалсаң, менiң ойым алдымен Дарницаға соғу едi. Жауап күтiп, телмiрiп тұрған Дмитрийге:
– Қарсы болмасаң, ертең жүрейiк, – дедiм.
– Қарап отырғаннан қарекет жақсы! – Ол ысқырып, таныс «Катюша» әнiне басты. Чемоданын алып, киiмдерiн сала бастады. Осы мезетте жақын маңайдан екi-үш қабат атылған мылтықтың дауысы естiлдi. Екеумiз бiр-бiрiмiзге бажырая қарап, үрпиiсiп қалдық. Бiраз тұрып, сыртқа шықтық. Дала көзге түртсе көргiсiз қараңғы. Әрi-берi құлақ түремiз, ешбiр дыбыс естiлмейдi. Тұрып-тұрып үйге қайта кiремiз. «Бұл кiм болды екен? Өздерi атысқан сияқты болды-ау!» – деймiз. Жиналу жайымен қалды. Дмитрий шамды басыңқырап қойды. Әркiм өз ойымен болып, бiрталай отырып қалыппыз. Әлден уақытта бiреу есiктi тырмалап, дыбыс қатқандай болды. Екеумiз де орнымыздан ұшып тұрдық.
– Бұл кiм? – деп, Дмитрий есiктiң тұтқасын ұстап, ақырын құлақ түрдi. Демiгiп, ыңырсыған дыбыс естiлдi.
– Шапшаң аш! – дедiм мен. Табалдырықтың алдында бiреу бүгiлiп, етпетiнен жатыр. Екi жақтап көтерiп, дереу үйге кiргiзiп, төсекке апарып жатқыздық. Үстiнен су өтiп кеткен, малмандай болған сыртқы киiмдерiн, етiгiн шешiп жатырмыз. Жасы 18-19 шамасындағы жап-жас қыз. Өзiн жол соққан тәрiздi, түрi жүдеулеу. Тамырын ұстағанда байқадым: қолтығының астынан аққан жылы қан ақ кофтасының сыртына шып-шып шығып, жайыла түседi. Оң бұлшық еттi осып, қабырға сүйегiн жалап кеткен екен. Жарасын тазалап, таңдық. Дмитрий екеумiз кроватьтың екi жағында отырмыз. Қыз бiрер сағат өткеннен кейiн есiн жиды. Ыңырсып барып көзiн ашты. Кiрпiгiн жыпылықтатып төбеге, сонсоң жан-жағына қарады. Қолаяғы сап-cay, сомадай екi адамды көргенде:
– Мен қайда жатырмын? – деп, басын жұлып алды. Бiздi полицай деп шошып кеттi бiлем, қаруын сипалап iздей бастады. Дмитрий шешiндiрген кезде «ТТ» пистолетiн қыздың қолынан алған болатын. Әрi берi құмарта қарап, сүртiп, тазалап қойған едi.
– Iздемей-ақ қойыңыз, – деп, ол қалтасынан пистолеттi алып бердi. – Тексерiңiз, оғы түгел.
Қыз Дмитрийдiң қолынан пистолеттi жұлып алып:
– Өздерiң кiмсiңдер? – дедi.
– Көрiп тұрсыз ғой, кәдiмгi адамбыз! – Дмитрий екi алақанын жайып, иығын бiр көтерiп қойды.
– Адам екендерiңе күмәнiм жоқ! – Қыз пистолетiн одеялының iшiне жалма-жан жасырып, шалқасынан қайта жатты. Ауыр тыныс алып, көзiн жұмды. Бiрталайдан кейiн сол жатқан қалпында ақырын күбiрледi:
– Рақмет сiздерге!
Бiз сол күнi және оның ертеңiнде де жүре алмадық. Осылай күн өтiп жатты. Дмитрий өзiн қоярға жер таппай әбiгерленедi. Ашып айтпағанмен: «Қашанғы күтемiз, кетпеймiз бе?» – дегендей шырай бiлдiредi. Жаралы жанды жалғыз тастауға болмайды. Айналаңның бәрi немiс, үйүйдi тiмiскiлеп жүрген тыңшысы да жетедi. Тосын адамға қауiп көп. Пәлендей демесем де, Дмитрий әзiр менiң жүре қоймайтын ыңғайымды байқаған секiлдi.
– Мейлiң, өзiң бiл! – дедi ол бiр күнi қолын сiлтеп. – Қалай шешсең – солай болсын. Маған бәрiбiр.
Мен оның бұл сөзiне жауап қатқаным жоқ. Қабағымды түйiп:
– Сен бүйтiп бекер күйбеңдегенше, қызбен сөйлеспейсiң бе? Қатар құрбың, қайдан келгенiн, мұнда неғып жүргенiн сұра, бәлкiм, жөнiн айтар, – дедiм.
– Өзiң қызықсың, менi сұрамады деп ойлайсың ба?! – дедi Дмитрий долданып. – Ол менiң өзiмнен жауап ала бастайды. Киевтi қорғауға қанша студент қатысты, араларында коммунистер бар ма едi, қалада қалмай, мұнда келуiңнiң себебi қалай? Кәдiмгi тергеушi секiлдi. Осы астан-кестен лаңның бәрiне кiнәлi жалғыз мен боп көрiнем. «Қаланы қорғауға қалған азамат жүз жиырма километр жердегi үйiне келiп тығылып отырса, Киевтi немiстер басып алмағанда қайтедi?!» – деп өзiме дүрсе қоя бередi. Кәне, осыдан кейiн онымен сөйлесiп көр!
Қыздың сөзi өңменiмнен өтiп кеттi. Үндемедiм. Жеңiлiске ұшырауымыздың себебiн жау ортасында қалған мен қайдан бiлейiн. Бәрi қорқынышты түс секiлдi, әйтеуiр. Немiстер мұнда бiр күн де тұрақтамай кетуге тиiс деп ойлайсың. Жақсы ма, жаман ба, өзiмiзше өмiр сүрдiк. Еркiн жатқан елге екiншi бiреу үстемдiк құрады дегенге сенгiң келмейдi. Қызыл Армия бүгiн-ертең келiп, бәрiн талқандап қуып шығатындай көресiң. Олай десең, немiстiң полициясы, әр қилы казармасы орнап жатыр. Бәлкiм, бұған мен де кiнәлi шығармын…
Екi қолын қалтасына салып, үйдiң iшiнде терiсiне сыймай әрi-берi сенделiп жүрген Дмитрийге:
– Сақайып қалған сақ жiгiтке санасам, өзiң әлi бала екенсiң. Жә, болды, сен шыға тұр. Мен өзiм сөйлесейiн, байқа, бiреулер келе қалса, белгi бергейсiң, мақұл ма? – дедiм. Дмитрий бүкiл денесiмен бұртиып жалт қарады. Тiстенiп, сазарып тұрды да:
– Жақсы! – деп, есiктi тарс жауып, далаға шығып кеттi.
Мен төргi бөлменiң есiгiн қағып, жартылай ашып:
– Кiруге бола ма? – дедiм.
– А-а, кiрiңiз, Алексей Васильевич, – дедi Ирина басын көтерiп.
– Сiзге тұруға болмайды, температураңыз басылған жоқ. Мен жай, әншейiн, халiңiздi бiлейiн деп едiм…
– Оқасы жоқ, жалғыз қалсам, қайта ыстығым үдей түсе ме деймiн. Отырыңыз, – деп, Ирина тiзесiн одеялымен қымтап, түрегеп отырды. Екi бетi албырттанып, бұрынғысындай емес, өңi кiрген. Күлiмдеп, қадала қарайды.
– Сiз дәрiгер екенсiз ғой, алғаш байқамаған едiм. Iнiңiз айтқан соң бiлдiм. Жақсы кәсiп. Мен де дәрiгер болсам деп арман қылушы едiм. Оқу қашпайтын сияқты едi. Жолдамамен құрылысқа кеттiк. Оның артынша соғыс басталып кеттi. Онан соң… – Ирина жұқа ернiн тiстеп, тыйла қалды да, – Сiз көптен берi осындамысыз? – деп сөзiн бұра қойды.
– Ия, осы жерде туып өскенмiн. Соңғы кезде Канев қаласында кызмет iстедiм. Киевтегi медицина институтын бiтiргеннен кейiн сонда қызметке жiберген едi.
– Сонан соң? – дедi Ирина тұла бойыма барлай қарап.
– Сонан соң соғыс басталды…
– Қоршауда қалдық, Қызыл Армияға қосылайық деп едiк, майдан шебiнен өте алмадық, оның үстiне Қызыл Армия шегiнiп, шығысқа қарай ұзап кеттi, демекшiсiз ғой, – деп, Ирина мысқыл кекетiндi түрмен сөзiмдi бөлдi. – Осыдан басқа айла ойлап тапсаңдар қайтедi, бәрiңнiң айтатындарың бiр сөз! Аржағы түсiнiктi!
– Мұныңызды жауап алу деп ұғайын ба? – Ирина басын салбыратып, азын-аулақ ойға шомған секiлдi. Жұмсақ одеялдың түгiн сүйiр саусақтарымен жұлқылап, түтiп, қайтадан ширатып отырды. Еңсесiн көтерiп, ақырын күрсiндi.
– Сөзiм дөрекiлеу шықса, кешiрiңiз. Сiздi тергеп, жауап алатын мен бе?! Кейiн жұрт әркiмнiң ақ-қарасын өзi ажыратып алар, арашасын да өзi жасар. Менiкi жай ашынғандықтан айтылған сөз ғой.
Шынымды айтайын, өзiмше үлкенсiгенмен, құттақандай қыздан мұндай кесек сөздi естимiн деген жоқ едiм, не дерiмдi бiлмей қысылдым. Ақталып, арылып айтар дәлелiм жоқ. Оның үстiне өзiме де түсiнiксiз жайлар көп едi. Ирина бөгелiп, күмiлжiп қалғанымды аңғарып, әлгiндей қазбаланбай, жайдарлы ерке үнмен:
– Алексей Васильевич, – дедi менi сөзге тартып, – туған жердiң кiсiнi өзiне тартатын асыл қасиетi бар ма деймiн. Мәселен ғой, сiз қоршауда қалдыңыз. Жан-жағыңыз анталаған жау, шарпыған өрт, самсап жатқан өлiк… Осындай қысылтаяңда баспана iздегенде, бiрге жұмыс iстеген сырлас жолдастарыңыз, дәмдес таныстарыңыз бар Каневте қалмай, осылай қарай, өзiңiздiң туған жерiңiзге қарай тарттыңыз. Неге олай еттiңiз? Әрине, сiз бұған жауап бере алмайсыз. Мысалға өзiмдi алайын. Жау өкшелеп қуғанда беталды айдалаға қашпай, өзiме таныс жерден пана iздеуге тырыстым, әрi қателескенiм жоқ. Әлдебiреу «Неге бұлай жасадың» деп сұраса, мен де айта алмаған болар едiм.
– Сiз осы жердiкi ме едiңiз? – дедiм мен қуанып кетiп. Ендi көңiлде қалтқы қалмай ашық сөйлесуге себеп табылғандай көрiндi. Қуанғанымды бүге алмай:
– Сiздей қарындасым, жерлесiм болғанға қуанам, – дедiм. Ирина жақын тартып, өрекпи қоймады. Салқын ғана жауап қатты:
– Мамам Переяславта тұрушы едi. Бiрталай уақыттан берi көрген жоқ болатынмын. Жолығайыншы деп келiп едiм, таба алмадым. Қайда кеткенiн ешкiм бiлмейдi. Мамамды iздеп жүргенде немiстерге кезiгiп қалдым, өздерi удай мас. Одан қалай құтылғаным өзiңiзге белгiлi.
– Солай деңiз! – Мен Иринаның сырын айтқысы келмей жалтарғанын сезсем де, сөз таластырып жатпадым. Қажет деп тапса, өзi сырын ашар, қажап қайтемiн деп ойладым. Осы кезде сыртта жүрген Дмитрий үйге жүгiре кiрдi.
Вьюнице селосынан берi қарай бiреу арбамен бұрылды. Тура бiздiң үйге келе жатыр. Үстiнде отырған полицайға ұқсайды. Ирина екеумiз орнымыздан ұшып тұрдық.
– Бұл жерде сiздi ешкiм танымай ма? – дедiм мен сасқалақтап. – Онда жақсы, сұрай қалса, былай деңiз: Папаңыз Игнат Скорико Каневте аудандық денсаулық сақтау бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейдi. Қабағы түксиген, iлмиген сары кiсi. Бiр шаруамен немiстер оны Переяславқа жiбердi. Қатты жауын болған соң сiздi осында қалдырып кеткен болады. Тағы сондай бiрдемелердi айтарсыз. –Сол сәт маған полицай Иринаны ұстап әкетуге әдейi келе жатқандай көрiндi. Түс, рең қалмаған секiлдi, жүрек лүпiлдеп алқымға тығылады. Ирина менiң бетiме қарап:
– Жақсы, бара берiңiз! – дедi қабақ шытып. – Өзiңiздi сабырлы ұстаңыз. Мен ауызғы бөлмеге шығып, жалпақ қара пышақты алып, тақтайды жонған болып отырмын. Екi көзiм терезеде. Тұла бойым түршiгiп қалшылдайтын секiлдi. Еңгезердей полицай арбасын есiктiң алдына тақап тоқтатты. Қайыс делбенi лақтырып тастап, қалбаңдап үйге кiрдi. Говкаллоның немiстерге жағынып, қызмет көрсетiп жүретiнiн селодағылардың бәрi бiлетiн. Өзi аяқ астынан бәле жабуға шебер, сондықтан жұрт оның көзiне көрiнбеуге тырысатын. Бұл ит мұнда неменеге келдi? Әлде бiреу Иринаның жатқанын хабарлады ма екен? – деп ойлаймын. Мен есiмдi жиғанша, ол үйге кiрiп те үлгердi. Өкшесiн сарт еткiзiп түйiстiрiп, қолын алға созып:
– Хаиль Гитлер! – дедi қырылдаған дауыспен. Самогонның сасық иiсi мүңкiп тұр. Состиып тұрған маған:
– Ақымақ ит, жаңа тәртiптi бiлмейсiң бе? – деп кеудеме нұқып қалды.
– Неге жауап қатпайсың?! Әлде өмiрден жиренiп болдың ба? Байқа, ана қылқа мойныңды бұрап жұлып алармын.
– Өзiңiз секiлдi немiске жақын жүргенiмiз жоқ, бiлместiгiмiз бар шығар, – дедiм мүләйiмсiп. Тiлдесем, Иринаға қырсығым тиiп кете ме деп қорқам.
– Бiлмесең, бiлгеннен үйрен. – Ол балпаңдай столдың қасына кеп, бiр шынтағын тiреп, шiрене отырды. Бар билiк өзiнiң қолына тиiп, маңызды iспен жүрген кiсiдей маңғаздана сөйледi.
– Мана бiр әзiрде шығып едiм, жауын жауса, осы жердiң миы шығып, езiлiп кететiнi жаман екен, – деп, топырағына аунап өскен жерiне ендi кiсiлiк жасап отыр. – Мына торы биенi бiреуден алып едiм. Иесiн өгейси ме, иттiң малы жүрмей әбден титықтатты. Бой жазатын бiр нәрсең бар ма, мелшиiп тұрмай әкелсейшi!
– Полицай мырза, бiзде не бола қойсын, бұрынғыдай күн жоқ…
– Әй, сен ит не тантып отырсың? Мүләйiмсiме, сенiң кiм екенiңдi бiлем! Одан да жақсылықпен алдыма әкеп қой, әйтпесе астан-кестенiңдi шығарам. Түсiндiң бе? – деп, столды қойып қалды.
– Неге тұрсың, тез әкел!
Осы кезде түпкi бөлмеден Иринаның дауысы естiлдi.
– Алексей Васильевич, бiзге бiреу-мiреу келдi ме? Кiммен сөйлесiп тұрсыз?
Ебiн тауып құтыла алмай отырғанда мұнысы несi деп зәрем кеттi. Полицайға жалтаңдап қарай берем.
– Ей, сенiң мынауың кiм? Қайдан келген өзi! – деп, Говкалло менi ала көзiмен атып, апыл-ғұпыл төргi бөлмеге қарай ұмтылды. Кес-кестеп тоқтатуға мұршамды келтiрмедi. Қабаттаса қалған менi көкiрегiмнен итерiп жiберiп, – былай тұр! – деп наганына қол жүгiрттi. Есiктi аяғымен тiреп:
– Мұнда сұлу бикештiң өзi отыр ғой. Қандай құс екенiн көрелiк, кәне, бетiңдi бұршы! – дедi әмiрлi үнмен бiр танауын көтерiп. Ирина абыржымады. Үлкен айнаның алдында шашын өрiп тұр. Темiр приколканың бiреуiн езуiне қыстырып, тiстеп алған. Төсектен жаңа ғана тұрып, таранып жатқан адам секiлдi. Ол бұрылмастан Говкаллоға айнадан қарап:
– Полицай мырза, мұнда әйел отырғанын көрiп тұрсыз. Неге есiк қағып, рұқсат сұрап кiрмейсiз? Әлде сiздi тәртiпке үйретпеген бе? – дедi.
– Кiнәмшыл көрiнесiң, өзiңдi жақсы үйреткен-ау, – деп Говкалло мысқылдағысы келдi.
– Бiлмейсiң бе, сенiң бұл iсiңдi өзiмнiң офицерiме айт сам, сенiң анау күжiрейген мойныңды жұлып алар!
– Мен Иринаның жаралы қабырға жақ қолын көтерiп тұрғанын, жанына батқанын бiлдiрмеу үшiн приколканы әдейi тiстеп алғанын ендi аңғардым. Көрiнгенмен салғыласып дағдыланған Говкалло өзiнiң бар жұртқа күдiктене қарайтын дағдысына басып:
– Құпия болмаса, офицерiңiздiң кiм екенiн бiлуге болар ма екен? – деп қадала түстi.
– Сiз оны бiлмейсiз, бұл жақтыкi емес, бiз Каневте тұра мыз. Ол кеше папаммен бiрге Переяславқа кетiп едi. – Ирина кенет жалт бұрылып, ендi жұдырығын түйiп: – Сен сұрақ берiп тағы тергейтiн шығарсың, жоғалт көзiңдi, оңбаған ит! – деп, жер тепкiлеп айқай салды. Говкалло шошып кеттi. Заты қорқақ неменiң өзiнде түс жоқ, маған жалтақтап қарай бередi. Оңбаған неме оңай құбылып үйренген ғой, сол сәтте есiн жиды:
– Фрелейн, о не дегенiңiз, сiздi тергеп не жұмысым бар, құдай сақтасын, қайта мен өзiңiзге қызмет етiп жүрген құлыңмын. Менiң фамилиям – Говкалло, Михаил, ия, Говкалло. Менi гестапо көмекшiсiнiң өзi бiледi. Әнеу күнi қатты жауын болды ғой. Сол күнi бiреулер күзеттегi рейх солдатын өлтiрiп кетiптi. Сүйегi осы маңнан табылған. Екiншiсi шала-жансар халде ауруханада жатқан едi. Mac болып бiр-бiрiн атқан ғой деп топшылаған едi. Сол бүгiн тiлге келiп, өздерiн бiреудiң қапылыста атқанын айтыпты.
– Фюрердiң солдатына оқ атқан кiм екен? – дедi Ирина.
– Бiлсеңiз, бiз соларды iздеп жүрмiз. Переяславтан он адам шыққан едiк. Олар село-селоларға тарап кеттi. Ұсталмай қалады екен деп қорықпаңыз. Бұл маңдағы терiс көзге iлiккен күдiктi кiсiлердiң бәрiн бiлемiз. Бiрекеуiн жапсақ, кiм өлтiргенiн өздерi айтып бередi. Анау көмекшiнiң алдында тiрi түгiл, өлi кiсi жауап бередi.
Говкалло өзiнiң шефiн мақтан еткендей бүйрек бетiн қыбыр еткiзiп, көзiн қысып қойды.
– Рақмет, Говкалло мырза, – дедi Ирина қатқыл үнмен. – Өзiңдi таныттың. Бiз тағы кездесетiн шығармыз, онда бұлай сөйлеспеспiз!
– О-о, әрине, әзiрге қош–сау болыңыз! – деп, Говкалло басын иiп, шегiншектеп есiктi ақырын жапты. Ол жайдақ арбаға отырып жатып:
– Дәрiгерлiк кәсiптен басқа дәнеменi түсiнбейтiн жуас бiреу ме десем, өзiң қу көрiнесiң. Қолтыққа қытықсыз кiрудi бiледi екенсiң. Бұл уақытта бұл да өнер, осыңнан айныма! – дедi де, қамшысын үйiрiп «ну» деп, қарны салбыраған торы биенiң саурына шықпырта салып жiбердi. Қалың үйлердiң арасындағы тар көшелермен жүрiп, селоның ортасына қарай кеттi. Ол ұзағанда екi иығымнан зiл қара тас түскендей болды. Далада азырақ жүрiп, үйге кiрдiм. Иринаның бөлмесiне бас сұғып едiм, ол төсек үстiнде шалқасынан жатыр екен. Көздерi жұмулы, қайқы кiрпiктерi сәл дiрiл қағады. Тынысы тарылып, демiгiп жатыр ма, үстiндегi одеялы бiресе көтерiлiп, бiресе төмен түседi. Қараған сайын көз тоймайтын адамның сұлуы екен. Үлбiреген бетiнде бiр дақ, әжiм жоқ… Ол жатқан қалпында:
– Отырыңыз, Алексей Васильевич, – дедi ақырын. Жатқан адамның қасында жалпайып отыруды ыңғайсыз санадым. Кетiп қалудың жөнiн таппай, қипақтап тұрмын. Ирина осыны сездi ме, көзiн ашып, мойын бұрды:
– Сiз әлгi сұмырайды танитын ба едiңiз?
– Жалпы бiлем, көршi селодан. Түрмеге түстi ме, әлде бiр жаққа кеттi ме, соғыстың алдында жоқ боп кетiп едi. Тағы шығыпты ғой.
– Бәрiнен де араңда жүрген жау жаман, абайлатпай соғады. Тегi сақтық жасаған жөн. Пiкiрлес адамдарыңыз болса, бұл жайды оларға бiлдiрген терiс болмас, – дедi. Менiң аузымнан «бар», ия «жоқ» деген сөз шыға қоймаған соң:
– Тiптi болмаса, өз бастарыңыздың қамын ойластырыңыздар, – деп ақырын күрсiндi. – Олардың мұнда қайта соғуы ғажап емес.
– Ал сiз ше? – дедiм мен. – Айтарын айтсам да, «менен құтыла алмай жүр екен-ау» – деп ойлап қала ма деп ыңғайсыздана қалдым.
– Сiрә, бүгiн кеште жүрiп кететiн шығармын. Осылай тапжылмай жатсам, кәдiмгiдей тынығып қалмаймын ба? Ендi қауiп жоқ дедiңiз ғой өзiңiз.
– Әйткенмен бiр-екi күн жатқаныңыз жөн болар едi. Құлан, таза жазылып кете қойған жоқсыз.
Ирина бетiн шұғыл бұрып алды, үндемедi. Оңаша қалғысы келгенiн байқап, ақырын жылжып далаға шықтым. Күн ашық, жер дегдiп қалған, жүрiске бөгет болар батпақ жоқ. Кеш те жайлы болды. Сол күнi ымырт жабыла Иринаны ұзақ жолға шығарып салдық. Жолшыбай соғыс жайын әңгiмелеп келемiз. Киевте бұрынғы партия қызметкерлерiнен кiмдердi бiлетiнiн және кiмдердiң қалғанын жұқалап сұрап көрiп едiм, тайсақтап жөнiн айтпады. «Қазiр орталықтан нұсқау күтетiн бейбiт уақыт емес. Әркiм өз өрiсiне қарай қарекет жасайтын шығар» деп жалпылай сөйлеп, ақырында:
– Сiздерге көп рақмет, жолдарыңыз түсiп Киевке келе қалсаңыздар, жолшыбай соғыңыздар. Дарницаның өзiнде тұрамыз. Кравченконың үйi қайсы десеңiз, бәрi бiледi, – дедi. Бiз жұмбақ қызбен қоштасып қала бердiк.
– Мiне, Иринамен алғашқы кездесуiмiз осылай болған едi, – деп, Алексей Васильевич маған қарап аз толастады. Әңгiменi ұйып тыңдап қалған мен: «мұның жалғасы бар ғой, аржағын айтыңыз» дегендей ынтығып Крячекке қарай бердiм. Ақыры дәтiм шыдамай:
– Бұдан соң да Иринамен жолығысқан боларсыз? – дедiм.
– Ия, – дедi Алексей Васильевич, еңсесiн көтерiп бiр жанына қисая отырып.
– Әркiм басымен әлек болған қым-қиғаш соғыс соқпағында да адамдар бiр-бiрiмен ұшыраса бередi екен. Бұл жолғы кездесуiмiз де алғашқыдай тосын болды. Бұл жолы да «Жұмбақ қызбен» сөйлесе алмай қалдым. Кездесемiз деп сөз байласқан күннiң ертеңiнде немiстер ұстап әкетiптi. Бұл да бiр ұзақ әңгiме, жалықпасаңыз айтайын, – деп, Алексей Васильевич жау тылындағы қат-қабат жайларды баяндап кеттi.