«Кемел Тоқаев – қазақ детективінің атасы» деген тұжырымнан шындық ұшқыны төбе көрсететіні сөзсіз. Неге десеңіз, шығармашылық жолын бірыңғай осы жанрға арнап, өмірінің соңына дейін сол бағытта жұмыс істеп кеткен өзгедей қазақ қаламгері жокқа тән. Басқа жанрда еңбек етіп жүрген жазушылардың арасынан арагідік детективке қарай ат басын бұрып қоятындардың кездесіп қалатыны рас. Немесе бірыңғай осы жанрда жазғысы келген талапкерлер болса, көркемдік талаптарының тиісті деңгейінде көріне алмай жатады.
Алғашқы әңгімелер жинағы 1954 жылы «Жұлдызды жорык» деген атпен жарық көрген жазушының бұдан кейінгі кітаптарының бәрі де өзінің сүйікті жанрында жазылған дүниелерден тұратын еді. Атап айтқанда, «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» тәрізді хикаят-романдарының қай-қайсысы да өз оқырмандарын тапқан шығармалар.
Детектив – шытырман оқиғалы сюжетке құрылып жазылған шығарма. Ал көркем әдебиеттің байыпты сыншылары, тіпті, байсалды прозаны қаузап жүрген қаламгерлер де бұндай үрдіспен өмірге келген туындыларды талдап, сыни айналымға кіргізуге онша ықыласты да бола бермейді. Оған себеп –бұндай шығармалардың басым бөлігінде шытырман оқиға алдыңғы қатарға шығып кетіп, кейіпкер образының солғын суреттелуі, әлеуметтік-моральдық тартыстардың аздығы, идеялық-эстетикалық астарлардың жоқтығы, мәтін тілінің қасаңдығы, шынайы бейнелі суреттердің кездесе бермейтіндігі. Бір сөзбен айтқанда, негізгі көркемдік факторларының әлсіздігі.
Кеңес өкіметінің идеологиялық талаптарымен қарапайым оқырманның талап-тілегі үнемі үйлесе берген жоқ, оқырман қашанда өзінің рухани сұранысын сусындатуға ынталы. Осы жағынан келгенде Тоқаев кітаптары қолдан-қолға тимей, қызығушылықпен оқылатын. Таралымдары да мол болды.
Детективтік дүниені тек қасаң сөздермен емес, көркем тілмен де өрнектеуге болатынын Тоқаев шығармалары дәлелдей алды. Жазушы туындыларының өзіндік сипаттары қандай деген мәселеге келетін болсақ, ең алдымен, мынандай жайттарға назар аударамыз.
Біріншіден, кейіпкердің адами болмыс-бітімі мен мінез-құлқының қоса ашылып отыруы. Оған дәлел мына төмендегі бір-екі мысал.
«Өңі жұқалау келген ақ құба әйел. Реңі бөтен емес. Қыр мұрынды әдемішенің өзі. Көк бастоннан белін қынамалап тіккізген бешпенті бар, етегі кеңдеу. Иегін көтеріп, қасын керіп, кербез сөйлейді» (18-6. Тоқаев К. Повестер. – Астана: Елорда, 2007. – 368 б.) деген қысқаша суреттеуде кейіпкер әйелдің тұрпаты оқырманның көз алдына елестей алатындай деңгейде.
«Сұңғақ бойлы, арықша келген жас жігіт. Киімі де, жүріс-тұрысы да бірқалыпты, өзгермейді. Үстінде сәнмен тіккен жалпақ қалталы, қысқа пальто, алтын түйме қадалған ақ көйлектің жағасы пальто омырауынан көрініп, өңін ашып, тұла бойын жинақылап, жарасты көрсетеді» (Сонда, 210-б.) деген суреттеу арқылы кезекті кейіпкерді оқырманның танып алатынында сөз жоқ. Екі үзінді де артық-ауыс сөздерден ада, сурет дәл де ықшам.
Бұдан шығатын қорытынды? К. Тоқаевтың сөзбен сурет салуға да назар аударған, көркемдіктің мәнін түсініп, игере білген жазушы екендігі.
Біз Кемекеңнің бір ғана шығармасы арқылы оның детективтік жанрды игеру барысындағы кейбір ізденістеріне ғана тоқталып өттік, Нақ осы айтылған жағдаяттарды «Сарғабанда болған оқиға», «Түнде атылған оқ», «Таудағы жаңғырық», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы» және басқа шығармалардың композициялық-сюжеттік құрылымдарына қарата айтуға болар еді.
Кемел Тоқаев – детектив жанрын қылмыскерді іздеу тақырыбымен ғана шектеп қалмай, оның аясын да кеңейте тусуді көздеген қаламгер. Оған дәлел – жазушының «Солдат соғысқа кетті» романының тақырыбы мен ондағы бір-бірімен қабаттаса дамып жататын оқиғалар тізбегі. Өзі де соғысқа қатысқан майдангер жазушы бұл шығармасында Ұлы Отан соғысын кезіндегі Кеңес жауынгерлерінің ерлік істерін суреттеуді мақсат етеді.
Бірден ашып айту керек, басқа повестеріндегідей емес, осы туындысының тілдік тіні көркем образдылық жағынан жұтаңдау, бейнелі сөздер мен сөз тіркестерін қолдануға онша құлшыныс танытпаған тәрізді. Бәлкім, бұл асығыстықтың да ізі болуы ықтимал.
Бірақ романды оқу барысында соғыстың қатыгез кескінін көрсететін батылдық көріністер сол бір қанды жылдарға қарай жетелеп әкетеді. Қарапайым әскерилер мен командирлердің ерлік қимылдарын шиыршық атқан оқиғалар арқылы суреттеу соғысы шындығынан алшақ кетпеген сыңайлы. Өйткені, кейбір бояуы қалың туындылардағыдай мұндағы Кеңес жауынгерлері адам сенбес ерлік жасап жатпайды немесе өне бойы кеңестік идеологиямен суарылған мінсіз жауынгер болып керінбейді. Кейіпкерлердің бойында табиғилық басым. Майдан рухын аңғартатын ситуациялар мен оқиғалардың дамуы да логикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да сендіре алады.
К. Тоқаев бұл туындысында да өзінің детективші қаламгер екенін еріксіз салып отырады, оқиғаны ширықтыруға қызмет ететін, былайша айтқанда бестселлер жанрына тән жұмбақшылдық сипаттағы үлгілер де жоқ емес. Оқырманның көз алдынан көлденеңдеп өтетін орта деңгейдегі командирлер мен қатардағы жауынгерлік құрамның ала-құла бейнесі. Қан майданда жүрген әр адамның «Өлмей, аман қалсам екен» деген тілегін жазушы кейіпкерлерінің адами психологиясынан шығарып, ішкі тартыстың негізіне айналдыра біледі.
Ұлы Отан соғысына арналған прозалық туындыларымыздың басым көпшілігінде Кеңес жауынгері Отанына шын берілген қаһарман әрі интернационалист болып суреттелмеуші ме еді. Бір қызығы, Кемел Тоқаев кеңес адамдарының мінсіз бейнесін жасауға ұмтылмайды, жалаң интернационализмді насихаттаудан аулақ.
Автор шығарманың идеялық астарына соғыс жағдайындағы әділетсіздік көріністерін, ұлтаралық түсініспеушілік сияқты шетін мәселелерді де кіргізіп отырады. Кейбір орыс әскерилерінің қыр елінен келген қазақ жігіттеріне үстем көзқараспен қарауы оқиғаны жалаң қоюлату мақсатында алынбаған, соғыс кезіндегі ұлтаралық, нәсілдік теңсіздікті білдіретін, ашы да болса, өмір шыңдығының ұшқындары. Мысалы, Власов сияқты кеудемсоқ, мақтаншақ жауынгердің Мейірманов деген қазақтың атып түсірген самолетін өзіне жазып алуға тырысуы, кейбір офицерлердің ұлты орыс емес жауынгерлерге күдікпен, астамшылықпен қарауы романның мазмұның байыта түспесе, жұтаңдатпайды.
Бұдан шығатын қорытынды – өзі детективист болғанымен, К. Тоқаевтың көркемдік ұстанымы реализм ауылынан алыс кетпей, шынайылық арнасынан табылатындығы.
Кемел ағамыздың қай шығармасы болсын экшн фильм жасауға сұранып тұратын. Өкінішті жағдайдың бірі өз заманында қазақ кинематографистері оларға назар аудармады, ықылас қоймады. Әйтпесе Кемекеңнің шығармаларын негізге ала отырып, детективтік жанрдағы фильмдер жасауға, сөйтіп үлкен аудиторияға шығарып, үлкен беделге ие болуға мүмкіндіктер бар еді. Рас, «Сарғабанда болған оқиғаның» желісімен түсірілген фильм жаман шыққан жоқ, бірақ жазушының идеялық рухын жеткізудің оңайға соқпағаны байқалады.
Өзі қан майданды кешіп, одан аман-есен келген Кемекең жарақат салдарынан бір аяғын аздап сылтып басатын, уақытты алатын сылдыр сөзге мүлде үйірлігі жоқ, салмақты кісі еді. Сондықтан ба, оның қаншама қантөгісті бастан кешкен майдангер жазушы екендігін біреу біліп, біреу біле бермейтін.
Басқа қазақ детективистерінің шығармалары өз кезінде нақ Кемел Тоқаев туындыларындай жаппай сұранысқа ие бола алмағандығы, осы жанр бойынша ол кісі шыққан көркемдік пен бедел биіктігін күні бүгінге дейін ешқайсысымыздың жете алмай келе жатқанымыз тағы да шындық.
Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақыш
жазушы, ғалым,
философия ғылымдарының докторы.