(Әңгіме)
I
Мен командованиенің арнаулы тапсырмасын орындап, өзімнің бөлімшеме түнде оралған едім. Қараңғы түсісімен әр танкінің қасына, блиндаждың түбіне күзет қойылады. Күзет күшті, маңайлатпайды. Түнде тек парольмен ғана өтуге болады. Бұрма жолға шығып, тоғай арасымен бірталай жер жүргенде барып:“Тоқта! Келе жатқан кім?!” — деген әмірлі үн естіледі. Өзі көрінбейді. Акимов екенін даусынан таныдым. Парольмен жауап бергенде тығылған қалқасын тастап қаныма келді.
—Келуіңізбен жолдас гвардия сержанты! — ол қысқа амандықтан соң:—Блиндаж сол жақта, Мынау жай қазыла салған алдамыш апан ғой!—деп қарауытқан төбешікті нұсқады.
Акимов полк солдаттары ішіндегі кенжесі еді. Соғыста жүргеніне жылға тақаса да он сегізге биыл толды. Комсомолға өтуге асығып, екі жылын артық жаздырса керек. Жайшылықта ермегіміз Акимов болаты. Көргені аз ғой, сөйтседе Былдырлап алып сөзі таусылмайды. Айтатын сөзі мамасы: ала мысықпен екеуін қосақтап сабағанын айтқанда ішек-сілесі қатқанша күледі. “Буфет үстінде варенье тұрған. Ала мысыққа: жейікпе десем ол “Мияу” дейді. Не де болса бірге көрейік деп кірісіп кеттік. Таяқты ақыры мен жедім де, анатұрған ала мысық қашып. Құтылып кетті!” деп әңгімесін аяқтайтын. Витя Акимов үй-ішін сағынып жүргенін сезетін едік…
Мен де өз адамдарымды сағынған едім. “Қалай жігіттер аманба!” дегенімде, Акимов кбіртіктеп қалды. Блиндажға қарай бет алғанда ол:
—Жолдас сержант ұмытпаңыз есік ішке қарай ашылады! — деді. Бұл жұмбақ сөздің мәнісін кейін ұқтым. “Жігіттер азалы, дабырламай кір!” Дегені екен.
Блиндаждың есігін ашқанда дымқыл жас топырақтың иісі келді. Жаңа қазылғаны білініп тұр. Босаға жақтағы жәшіктің үстіне қуыс гильзадан жапырып жасаған білтелі шам қойған. Есік ашылғанда қызыл күрең сәуле лап етіп көтерілді де Қайтадан сығырая қалды. Сержант Умнов шам түбінде күжірейіп, автоматын құшақтап төмен қарап отыр. Бөлімше командиры Павел Андреев оның алдында шынтақтап кесе көлденең жатыр. Қабағы салыңқы. Темекіні үсті-үстіне тарта береді. Оның қасында отырған Николай Чирковтың, Жүніс Хакимовтың, Рахым Ибрагимовтың да өңдері сынық. Умнов екеуіміздің жас жаңымыз шамалас. Қас-қабақтан оңай танып түсінісе қоятын едік. Мен оның иығынан басып, қасына отыра кеттім
—Женя, не болды?
Ол басын көтеріп бетіме бедірейе қарады. Кірпіктері су, көз шарасында әлі де іркілген жас тұр.
—Амансың ба өзің? — деді де қолын иығыма салып құшақтады. Андреев, Чирков, Ибрагимов, тағы басқа жігіттер амандасып өткеннен кейін: —Алмас, біз Биештен айырылдық, мана атака кезінде ауыр жараланды, штабқа әкелген жерінде қайтыс болды! — дегенде іші-бауырым жалын ұрғандай өртеніп сала берді. Тіл қатсам аузы-басым кемсеңдеп, көзден жас парлап аққалы тұр. Тістеніп алдым. Көзіме жас келмегенімен қан жұрекпен жыладым…
Ертеңіне Умнов:
—Самайыңа ақ кіріпті ғой, — деді.
Биештің шын аты Бимағанбет болатын, фамилиясы – Сүлейменов. Туған жері — Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданы. 1942 жылы Сталинград түбінде Гвардиялық дербес танк полкына арнайы автоматчиктер іріктегенде әр бөлімнен жиналғандар сонда бас қостық. Ол кезде Гвардиялық бөлімшелерге соғыс соқпағынан өткен “дәріні иіскеп қалғандардан алатын” . “Гвардияшылар жауға тірідей қолға түспейді, жолдасын дұшпанға тастамайды!” — Қызыл ту астында бас иіп берген осы антпен алғашқы күні-ақ шабуылға шықтық. Біріне-бірі тосырқай, сенімсіздеу қараған жігіттер атакадансоң алалаңбай араласып кетті. Дұшпанмен бетпе-беп кездесу бәріне ортақ сын болған секілді. Бимағанбетке алдымен танысуға ынтыққан Андреев болды. Ол өзі москвалық қой, қазақта жасы үлкенды сыйлағанда қалай айтатынын алдында менен сұрап алған.
—Биекке, сіз болмағанда анау сумұрын фриц жотамды оқпен тесетін еді. Жан-жағымды абайлап келе жатқандай едім, ол иттің ту сыртыма қалай шығып қалғанын білмеймін! — деп Бимағанбеттің қолын алып, құшақтап рахметін жаудырып жатты. — сіз мені өлімнен құтқардыңыз!
Полктің қамал бұзатын танкісі КВ-85-қой. Атака үстінде автоматчиктер танкіні паналай жұгіреді. Жаудың бекінісіне жеткенде әркім өз маңындағы блиндаждар мен траншеяны дереу тазалап шығады. Андреев мұны ұмытып, ет қызуымен танкінің алдына түсіп алып парықсыз жүгіре берген. Сүлейменов мұны дәл байқаған, әйтпегенде жалғыз Андреев емес, бөлімшенің бірқатар адамдары қара жерді құшақтап жататын еді. Андреевті әлгі әңгімесін естігендер Бимағанбетті әлпештеп басына көтеріп әкетті. Көзі таңадай, мөлдір, қайқы кірпік, қара торы жігіт мақтауды жаратпай қашақтай бередеі:
—Қойыңдаршы, қолпаштап қолдан батыр жасамақсыңдар ма? Жауды құртпасаң ол сені өлтіреді, сол да ерлік пе екен, тәйірі! — деп туалап. Шамданып қалады.
Содан былай полк адамдары Бимағанбетті Биеш деп атап кеткен. Биешке осы отырғандардың бәрі борыштар еді, ол екінші жолы да бізде ажалдан арашалап қалды. Бұл оқиға Украина жерін азат еткенде болған еді.
II
Біз Н селосында тұрғанбыз. Іңір қараңғысында хабаршы келді. Аптығып кеткен.
—Жолдас сержант, сізді штабқа шақырып жатыр!
—Жай ма екен?
—Білмеймін, тек тез келсін деді
Мен тез жинала бастадым. Майданға жүргелі тұрған взвод командирі аяқ астынан науқасқа шалдығып қалып, автоматчиктерді басқару маған жүктелген. Бүгін кеште ғана осы отырған селоны немістерденазат еттік. Село екі төбенің қуысына орналасқан. Кіре берісте өзен қиып өтеді. Көп тіреулермен көтеріп, биіктеп салынған көпір ауыр салмақты танкіні көтере алмай, шеңдегенде шытынай бастады. Өзен өткел бермей, танкінің селоға кіруі қиындай түсті. Төбені кесіп, төтелеп жол салмақ едік, село жақ беті тым еңіс екен. Машина аударылып кететін түрі бар. Село атқыштар дивизиясының көмегңмен әрең алынды. Танкінің бар жақсылығы — алыстан атқылап қолдап тұрды. Село немістерден бір жола азат етілген соң танкистер өзеннен өткел тауып жаңа бір әзірде келіп жайласқан. Танкистер мен автоматчиктер әбден қалжыраған еді. Жылы жерде бір сәт мызғудың өзі арман. Мен адамдарды оятпай, ептеп тысқа шықтым. Дала шықырлаған аяз. Көкте жұлдыз көп. Суықтан бой сергіп, ұйқы ашылды. Штабқа рота және машина командирлерін шақырған екен. Мәжілісті полк командирінң өзі өткізді. Оның айтуына қарағанда алдыңғы линия әлсіз, атқыштар полкі әлі бекініп бітпеген. Алынған мәліметте немістер жаңа күш төгіп жатқан секілді. Бәлкім қарсы шабуылға шығуы ықтимал. Сондықтан атқыштар полкіне дереу көмек керек. Бірінші рота аялдамай алдыңғы линияға жетіп, бекініс жасауға тиіс. Алда-жалда немістер шабуыл жасай қалса оларды үшінші рота қолдайды. Қалған танк роталары резервте болмақ. Автоматчиктер взводы бірінші ротамен алдыңғы линияға кетеді. Полк командирі отырғандарды шолып өтті:
—Кімнің қандай сұрағы бар? — дегенде: “Түсінікті!” деп бәрі орындарынан тұрды. Мәжіліс осымен аяқталды.
Штабтан шыққанда 64-ші машинаның жүргізуші-механигі Маслов:
—Алмас, Саур-Могиланың түбіндегі секілді мен тағы командирсыз қалдым. Люкті ашқанда иығынан оң тиіп ауыр жараланды, — деп Оңтүстік майданда болған бір оқиғаны есіне түсірді. Ол кезде біз нақ алдыңғы линияның өзінде тұрған едік. Майдан тыныш болатын. Бірақ бұл алдамыш тыныштық еді. Немістер кенет шабуылға шығып, ойламаған жерде қоршауда қалдық. Немістерді танкіге жақындатпау үшін автоматчиктер әр танкіге бөлінді. Біраң Масловтың машинасына ешқайсысы бара қойғысы келмеді. Танк көп зақымданған: үстінгі екі шығыршығы қирап, шынжыр табаны жұлдызшаға әрең ілініп тұр, жүрсе қаусап түсіп қалатын сияқты. Бұл машинаға отырса жау қолында қалатындай көреді. Фашистер қоршауды қысып, танкіге тақап келеді. Екі жқтада шығын көп. Әр машинада орнатылған пулемет болады. Масловтың машинасы тұрған тұста фрицтер пулемет оғы іле алмайтын қауіпті зонаға жетіп қалды. Танк кейінге шегіне алмайды; арты құлама жар. Қоршаудан шығу үшін немістер тұрған төбені кесіп кең жазыққа шығу керек. Басқа жол жоқ.
Мен рота командирі Одеговтың жарлығын күтіп тұрғам. Сталинград түбінде немістердің қақ ортасында сегіз тәулік жатып, бұзылған танкіні жөндепген Одеговқой бұл! Ол атака кезінің өзінде бұғынған пенде емес, қасқайып танкінің алдыеда отырады. Қазірде башняға басын сұғып төңірекке қарап тұр. Масловқа қатер төнгенін ол да байқаған.
—Жолдас сержант, адамдар қайда? Маслов жалғыз қалды ғой!— деді
Мен Масловтың машинасына қарай жүгірдім. Менің соңымнан екі үш автоматчик ілесті. Башнядағы люк ашық екен. Танкіге шыққан бетте:
—Жолдас лейтенант, кеттік! Бар жүріске сал! — дедім.
Сірә, Маслов мұны рота командирінің берген бұйрығы, соны жеткізіп отыр деп ұқты білем, маторды пәрменімен от алдырды. Төңірек ұшқынданып, жер-дүние жаңғырып кетті. Немістер үркіп іркіліп қалды. Үстінде автоматчиктер отырғанда танк жойқын күш қойды. Маслов төбені айналып өтпей тіке өрлеп ұшар басына қарай тартты. Шынжыр табанның алдыңғы жағы шошайып жерге тимейді, артқы табанымен бауырлап келеді. Кейін Масловтан мұндай қатерлі жүріс жасаудың мәнісін сұрағанымда:
—Дұшпан қоршауынан құтылудың басқа-шарасы қалмады ғой. Тіке тартпай бұрылыс қусаң шынжыр табан шығыршықтап шығып, табандап отырып қаламызба деп қорықтық.
Төбені басып жазыққа бет қойғанда немістердің терең тылынды қалдық. Олар ұзап кеткен. Алдыңғы жақта қаптаған неміс самолеті. Бұл қоршаудан аз ғана адам шыққан еді. Капитан Одеговтың машинасы өртеніп, жолда бізге қосылды. Төрт тәулік өткенс оң қаусаған жалғыз танк бөлімшеге әрең жетті. Бізді тірілердің қатарынан өшіріп тастап, “хабарсыз кеткендердің” қосып қойыпты… Сонда Маслов машина командирң болмай соғысқан еді.
Бүгінде командирсіз аттанғалы тұр.
—Командирдің қасыңда болғаны жақсы ғой. Төменде отырып төңіректің бәрін көрмейсің. Қарсы болмасаң менің машинама кел, бірге болайың, — деді. Автоматчикке қай танкінің үстіне отырсаң да бәрібір ғой. Бөлімшелерді танкілерге бөліп, өзім Масловтың маштнасына келдім. Қасымда Сүлейменов, Акимов, тағы басқалары бар. Машинаға отырғанда Маслов:
—Бұйрық алынды, кеттік пе? – деді. Селодан шығып, жазыққа түсіп алғаннан кейін алдыңғы линияға қарай тарттық. Алғаш жаяу әскерлер ұзап кеткен болар, бірсыпыра жер жүреміз деп ойлаған едік, бірақ алдыңғы линия алыс болмай шықты. Оқшау тұрған ұзын сарайды көктеп өте бергенімізде екі-үш солдат қол көтеріп кес-кестей жүгірді. Танк кілт тоқтағанда:
—Қайда барасыңдар? Өле алмай жүрсіңдерме, алдарың мина алаңы, аржағында немістер! — деп машинаға жабыса түсті. Осыны құптағандай сол жақ бүйірден, алыстан пулемет атылды. Сарайдың алды ашық оның қалқасындақышпен жабылған кірпіш үй тұр.б Бізге жолыққанда артилеристер екен. Машинаны сарыдың тасына қойып, үйге кірдік. Үй шағын, екі бөлмелі. Жылы. Маслов пешке қолын қақтап:
—Кәдуілгі тыныштық кездегі қалпында қабырғаның әгі, еденнің бояуы кетпеген, – дегенде, танктен түсіп жатқанда өзі Петровпын деп таныстырған еңгезердей жігіт:
—Мұнда біз келгенше немістер жайлады, бәлкім бастықтары түрған болар, – деді. Петров зеңбірек командирі екен. Кеше шабуыл үстінде бұлар тіркеуіне алған машина жаңылысып, жаяу әскерлерден бұрын бұларды осында әкеп тастапты. Атқыштар батальоны кейінірек келіпті. Сөйтіп бұлар қалып қойған.
—Оқасы жоқ, енді бірге боламыз, не көрсек бірге көреміз, – деп Маслов шлемін көтеріп, жіпсіген маңдайын сүртті. – Немістер бұл жерден алыста ма?
—Біздің оң жағымызда атқыштар батальоны тұр, алдымыз ашық секілді.
Әлгіндегі пулемет өзіміз келген село жақтан атылды. Мұнда өз адамдары тұрғанын олар білсе керек еді. Штабта болған мәжілісте атқыштар полкінің өкілдері қатысып отырды. Мен өз күдігімді Масловка айтқанда, ол:
—Менде сол жайында ойлап отырмын, – деді, планшетін ашып картаға үңіліп. — Егер біздің адамдар мына төбені алмаса, онда немістер танкіні әдейі жіберген.
—Бұлардың нақ желкемізге қадалғаны қиын екен! – деп Петров мықтап бір боқтап алды. Осы кезде қолын иығына асып алған саталы сақал біреу есік ашып өңмеңдеп кіріп келе жатты. Петров иегімен нұсқап:
—Менің оқтаушым, түнде жараланды. Санбатқа бар десем, бізді қимадыма: “Таң атсын, сонан соң көремін” деді. Онсыз да адам жетіспейді, қала тұрғанын өзімде мақұл көрдім. Сүйегі аман болса дәнеңе етпес.
Оқтаушы бізбен салқын амандасты. Жаумен өзі ғана алысып жүргендей қабағы қарысып, танкисттерді кимелей пешке тақау отырды. Оның жүріс-тұрысын: “Дайын үйде нең бар, иеленбей аулақ жүр, жылынуға құштар болсаң, барда жаудан босатып ал дегендей!” дегеендей еді. Оның сөкет қылығын ешкім сөкпеді. Маслов екуіміздің әңгімеміз тыл жақтан кезіккен пулемет жайында еді. Әрқилы долбар айтамыз. Егер таяу маңда біздің бөлімшелер тұрса, пулеметке қарсы оқ жаудырар еді. Бірақ ондай жауап болмады. Әлде біз адасып кеттікпе?
—Мүмкін емес, көрсеткен бағыт осы! — деп Маслов саусақтарымен карианың бетін жүгіртіп өтті. — Мынау сай, мынау өзіміз тұрған сарай.
—Басқа экипаждар қайда?
—Біз бұрынырақ шықтыққой, бәлкім келер.
Бізден соң бұл жаққа бет алған танк көрінбейді. Рация бұзылған ба, радист штабпен байланыса алмай қойды.
—Енді мұндағы жайды анықтап алмасаң болмас, — деді Маслов. Мен де оның сөзін мақұлдадым. Оқтаушыға қарап:
—Сіз қалай жараландыңыз? — дегенімде ол мұрынын тыржитып мырс етті. Кекетінді түрмен:
—Кісі қалай жаралаунышы еді? Оқ тиген соң жараландыдағы! Соны ұқпайсыңба?
—Неге ұқпайын, кісі абайламаса оққада ұшады. Оқтаушы төбесінен адырая қарап атып тұрды:
—Әй, сен не оттап тұрсыі?! Сеніңше мен білместігімнен, жамандығымнан жараланғам екенмін ғой, ә! Кәне, сөйдеші, Танауыңды бет қылайын! — деп жалғыз қолымен жағаға жармаса түсті. Қарулы неме бүріп барады, жібермейді. Петров арашалап жүр:
—Саша, Зайцув, тарт қолыңды! — деп жағадан қолын ажыратты. — Сен бекер қызба, кісі жөн сұрағанда дұрыстап жауап бер! Зайцеп түлей шампа неме екен, бой бермей өршелене түсті.
—Біреуге мін тағатын соншама бұл кім? Өзін жіберші, біз алдыңғы линяда қан төгіп жүрміз, ал бұл тылдың тышқандары дайын асқа ие болғысы келеді!
Зайцевпен арамыздағы сөзге назар аудармай, жылы үйге кірген соң қалғи бастаған автоматчиктер дүр көтерілді. Чирковтың мінезі шапшаңдау еді:
—Мына маймыл тұмсық не деп тұр, ей! Тылдың тышқандары деп кімді айтады? Немене, жаралы болған жалғыз сен бе? Осыдан тырп етші анау қампиған қарныңды оқпен тескілейін.
Өзінің қарыны қандау дәу! Бұл ит соғыста жүріп не жеп семірген? — деп автоматчиктер Зайцевты кеукеулеп кетті. Тұс-тұстан түйгіштеп шетке әкетіп барады. “Тышқансың” деген сайқы мазақ автоматчиктердің қанын көтеріп жіберген. Мұндайда біреу жазатайым жазаға ұшырауы да мүмкін. Осыны сезгендей Петров мыналарды қойдыр дегендей өтініш айтты.
—Чирков, Андреев, Ибрагисов, қане тиіспей былай тұрыңдар! Автоматчиктердің әрқайсысын әр жаққа итеріп, Маслов екуміз зорға қойдырдың.
— Қызбалық жасадыңдар, жетер енді! — дедім де қалтамнан “Беломорканалды” алып, Петров екеуіне ұсындым.
—Әлгі сөзіміз аяқталмай қалды ғой деймін.
—Біз мұндай сасық махоркаға жете алмай жүргенде, сендердің халдерің жақсы екен, папирос тартасыңдар, — деп Зайцев кекетіп өтті. Мен оны сезбегендей:
—Сөйтіп, қалай жараландым дедің? Ұқпай қалдым.
Зайцев темекіні үсті-үстіне тартып:
—Менің жараланғаныма сенің шүбәң барма, осы? Алдымен соны айтшы.
—Сарапшы емеспін, бұл солардың ісі.
—Онда несіне сұрайсың?
—Жай, оқтың қай жақтан атылғанын білгім келеді.
—Оқтың қай жақтан атылатынын білсем, жараланбас едім.
—Зайцев сіз өтірік айтасыз
—Мен бе? — Зайцеп папиросты түкіріп тастамақ болды да, темекісін қимады білем, сабағын қырқып тістеп, ернінен ықтытып жіберді. — Сен, жігітім, байқа!
—Сіз бекер қызбаланасыз. Одан келер бізге пайда жоқ. Байқасаңыз, сіз өтірігіңізді өзіңіз өшкерелейсіз де, басқаны кінәлайсыз. Жарқырауық оқпен жараландым деп өзіңіз айттыңыз. Жолдастарңыз соған сенген. Білсеңіз жарқырауық оқтың бағыты, қай тұстан атылғаны түнде көрініп тұрады. Бәлкім сіз байқамай қалған шығарсыз, солай-ақ болсын. Юірақ ол оқ қайдан келеді? Біздің оң жағымызда атқыштар батальоны тұр. Олар сіздердің мұнда екеніңізді біледі. Арт жақтан атылған әлгі пулемет оғының бұл жергежетпе жолда жоғалып жатқанын өзіңіз көрдіңіз. Сонда оқ тым жақыннан атылған болып шығады. Солай ма?
—Әлдеқалай соғыс трибуналы мені соттай қалса, өзіңді айыптаушы ретінде шақырамын. Басқа айтар сөзім жоқ.
—Сізді айыптайтын менде құдырет жоқ, жөнінді айтпасаң, өзің біл. Өтірікші — опасыздан арман, тек соны білсең болғаны. — Мен тұрған кезде автоматчиктерде қозғалды.
—Жігіттер, бұл жердің жұмбағы бар секілді. Түнг күзетті күшейтсек қайтеді? Қазір постыда кім тұр?
—Акимов тұр.
—Тағы біреуді қосалқы қояйық.
—Жігіттерді әурелеп қайтесің, — деді Сүлейменов автоматын иығына асып. — Мен-ақ тұрайын. Акимов та тынықсын, Мана аздап мызғып алған едім. Енді бәрібір ұйықтамаймын. Құдайға шүкір, төңірек тынышқой, бекер дүрлікпейік.
Лейтенант Маслов атвоматчиктердің арасындағы анау-мынау сөзге араласа қоймайтын, естімегенсіп, көрмегенсіп жүре беретін. Неге екені белгісіз, осы жолы Сүлейменовты қуаттады:
—Ертең шабуылға шыққандай боламыз ба, кім біледі… Жігіттер тынығып алсын.
Аздан кейін бұлқан-талқан болып Акимов кірді.
—Мені бала дейсің бе? Әлде қорқаң дейсің бе, бұл қалай? Постыға тұрғызбайсыз, түнде күзетке қоймайсыз. Егер сенбесеңіз, ертең басқа ротаға кетем.
—Витя, сен екі күннен бері ұйықтаған жоқсың. Кішкене көз шырымын алсаңшы.
—Көріп тұрыңыз мен бәрібір ұйықтамаймын! — Акимов бұртиып пештің шоғын томармен көсіп-көсіп жіберді. Аздан соң екі беті былбырап, танауы пыс етін ұйқыға кетті.
Менің қасымда жатқан Петров:
—өз тіпті бала екен-ау! — деді.
Түннің бірталай мезгілі өткен. Дала тым-тырыс. Менің дөңбекшіп жатқанымды көріп Петров сыбырлады:
—Сіз ұйықтап жатқан жоқсыз ба?
—Жоқ , жай сұрадың ба?
—Жай, әншейін… — Ол бір сәт үнсіз жатты да: — Ылғи ығай-сығай жігіттерді жинап алған екенсің, өздерінің жас шамасы да біркелкі. Өзің нешедесің?
—Жиырмаға шықтым.
—Соғыста жүргендеріңе көп болды ма?
—Сталинградтың қырғынынан бастап есептей беріңіз.
—Жылдан асыпты ғой, бәсе , өзімде солай ойлағам едім. Сірә, бұлардан оқ та жалтаратын шығар.
Мен әңгіменің бетін бұрдым:
—Осы үйге кіргенде төңіректі түгел қарадыңдар ма?
— Күдігің сейілмепті әлі! — Петров өкініш білдірді. — Маған сенгін, бұл үйден келетін бәле жоқ. Қамбасына дейін тінттік.
— Күдік қайдан болса, қатер содан болады.Маған соғыс үйреткен сабақ осы. Әйткенмен сізге сенем ғой, одан да ұйқыны қандырайық.
Ұйқы келмеді. Тысқа құлақ түрем. Сүйлейменов терезенің алдына екі мәртебе келіп кетті. Соңғы жолы ішке әдейі үңіліп қарады, ұйқысы келген болар… Осылай ұйқылы-ояу жатып көзім ілініп кетіпті. Қатты дүмпуден бәріміз шошып ояндық. Терезенің бір жағы опырылып құлап түскен. Бір жақ қабырға үңірейіп тұр. Мұндайда кісі тым-тырақай қашып, бекерге оққа ұшатын болады. Автоматчиктер есікке қарай лап қойғанда:
— Қозғалмаңдар! — деп айқай салдым. Петров жараланды білем, ыңырсып жатыр. Бұл дүмпу неден болды? Әлде снаряд дәл түстіме? Бәрінен бұрын танк зақымданбаса жарар еді. Сүлейменов неге үндемейді? Өзі аманба екен?… Бір сәтте санқилы ой келді.
— Есіктен шықпаңдар, терезеден аулақ кетіңдер! — деген Сүлейменовтың даусы естілді.
— Жігіттер, Биеш тірі! — Чирков қуанып кетті. Екі жақтан қатар автомат оғы жауды. Біреуі дәл есіктің алдынан атты.
— Пашка, Женя бізді оқпен бүркей тұрыңдар! — дедім де, салбыраған көсекті теуіп, Чирков екеуміз үңірейген терезеден атып шықтық. Бізге Акимов ерген секілді. Артымызда соның пысылдаған даусы естілді. Есікке қарай қос граната лақтырғанда: “тр-тр-тр-р-р” еткен автоматтың үні өшті. Енді үйдің сыртынан ғана атып жатыр. Сүлейменовтың қасына жеткенде, Акимов:
— Сіз алдандыра тұрыңыз! Деп қораны айналып жүгіре жөнелді. Чирков оның ойын ұққан, жас серігін жалғыз тастағысы келмей, ол да ілесті. Аздан соң екеуі неміс автоматтарын құшақтап келді. Апыр-топыр үйге кірдік. Петровты ауызғы үйге пештің қасынна жатқызған екен.
— Белім үзіліп барады, тыныс ала алмаймын! — деп қиналды. Дереу шешіндіріп осколка сегіз көздің үстінен тиіпті. Қан шым-шым ағып тұр.
— Жара құртақандай ғана екен, — деп Чирков саусағының ұшын көрсетті. — Қауіпті емес.
— Әй, қайдам. Қол аяғым қозғалтпайды. — Петров күйзеліп жатып Сүлейменовты қасына шақырды. Бұл фашистер қайдан тап болды?
— Осы үйден шықты?
— Қалай?
Сүлейменов болған оқиғаны қысқаша баяндап шықты.
— Тынымсыз әрі-бері жүру зеріктірді ме, әлде қалжырадым ба, көзге ұйқы тығыла бастады. Бір мезгілде үй жақтан сыбдыр естілді. Мені ауыстырайын деп жүрген Чирков па деп терезеге үңіліп қарадым. Бәрің де дырдай боп жатсыңдар. “Дыбыс беріп жүрген кім?” деп танкінің астын екі үш мәртебе айналып өттім. Үйдің сырт жағына көз тастаймын. Бұл төңірек таза. Көңілге күдік ұялай бастады. Ұйқы шайдай ашылды. Сендерді оятуға оқталып, қой, бекер үрейленіп қайтемін деп тоқталдым. Сонда да сақтық жасап, танкіге тығыла түстім. Екі көзім үй жақта. Бір уақытта шатырдан қылтиған адамның басы көрінді. Осы маған қос көрініп тұрған жоқ па деп үңіле қараймын. Қателеспеппін, біреу салбырап түсіп келеді. Қолында бума граната бар . Сендерге дыбыс берейін десем гранатаның астында қала ма деп қорықтым . Автоматтың затворы қатып қалып атылмай қалып жүре ме деп те үрейім кетеді. Аброй болғанда өйтпеді. Оқ дәл тиді. Осы кезде граната жарылды. Ал қалған екеуінің жерге қалай түскенін білмеймін.
Андреев пен Умнов үйдің төбесінен бүтін рация тауып әкелді. Мұнда немістер байланысшылары тұрғаны айқын болды. Артиллеристер тұтқиылдан келгенде немістер кейін шегінуге үлгере алмай, амалсыздан шатырына жасырынған. Өткен түнгі олардың әрекеттерінен ешнәрсе шықпаған Зайцев поста тұрғандашатырда отырғандардың бірі оны атқан. Алдыңғы линяда лағыған оқтар көп болады. Оған түнде назар аудара бермейді. Немістер Зайцевті атқанда солай есеп құрған. Айқай-дабыр үстінде батальонның адамдары келіп қалып, артилеристер апаттан аман қалған.
Петров Сулейменовтың тізесіне қолын салып:
— Бәрімізді өлімнен құтқардың, рахмет саған! — деді де:
— Зайцев, қасыма кел, отыр!— деп айқайлады. Зайцевте зәре қалмаған. Безгек ұстағандай дір-дір етеді. — Ей сен кеше шатырға шықтым, қарадым дегенің қайда?
— Түп жағында шөп үйулі тұр еді мен оны…
— Сен ит түбіме жеттің-ау!
— Кешір мені.
— Әй, осы былшылың жетер, болды! — Петров теріс қарады. Таң сәріде санитарка келді. Шаңғыдан жасалған жайдақ шанасы бар. Петровты плащ-палаткамен көтеріп шанаға салып жатқанда:
— Мен қайтемін енді? — деді Зайцев, еңкілдеп жылап жіберді.
Ешкім оған жауап қатқан жоқ. Біз көп ұзамай шабуылға шықтық.
III
Бұл жолғы тапсырма дағдыдан тыс еді. Немістердің алдыңғы линясын кесіп өткеннен соң екі-үш топқа бөлініп, селоға қарай бет алуымыз керек. Жолда қатер төне қалған күнде алдыңғы топ барлық соққыны өзіне алып, соңғыларға жол ашады. Оларды село тұсында біреу қарсы алып, парольді білдіреді, әрі баратын жолды көрсетеді. Қалың жынысты сайға түскеннен кейін қайткенмен де еңтүкпірдегі блиндажға жетуіміз керек. Шама келгенінше айқай-шу, атыс болмаға тиіс. Және иегінің астында меңі бар штаб офицерінің өмірін сақтаған жөн. Оған ешкім қол көтермеуге тиіс.
Тапсырманың жайын алғаш естігенде Чирков күңкілдеді:
— Қараңғы түнде қай немістің иегін көтеріп тамағын ашып жүреміз! — Ол Сүлейенов қайтыс болған күні “бірде-бір фрицты тұтқынға алмаймын, қанға қанмен жауап беремін!” деп ант еткен-тін. Шыңында Сүлейменовтың өлімі бүкіл взводқа қатты батқан еді. Сан рет жолдастарын ажалдан арашалаған азамат мәңгі-бақи көз жұмды. Тағдыр құртақандай қорғасын оқты азсынып, бронды қирататын алмас үшті снаряд жіберіпті, оң жақ кеудесін өкпесімен қоса суырып әкеткен. Сондада есінен танбапты. “Ашық жараға тиген жел оқтан өткір екен-ау, кеудемді өртеп барады. Қалың бірдемемен жабыңдаршы!” деп өзі де жанынан түңілді ме, үстіне шинель жапқызып, ақырғы сөзін айтты:
— Жарыма хат жазыңдар. Енді көре алмаспын… Аз ғана дәурен кештік, көп қызықтай алмадық… Құдай жазбады… Мені сарғайып күтпесін… Бәрін кешем! — Онан әрі тілге келмей жан тәсілім етіпті. Бұл қазадан соң взводтағылар көл жарқылдап сөйлеспей, кезекті шабуылды күтіп, іштей тынып жүрді. Мынадай ерекше тапсырма көңілдерін көтеріп, желпіндіріп тастады. Чирков алақанына түкіріп-түкіріп қояды:
— Бәлем, сендерге де кезек келетін шығар! — деп жүргенде меңі бар офицерді сақтау керек деген тапсырма оған ой салды. Бір жолы маған келіп ақылдасты.
— Алмас, — деді менің қасыма етпетінен жатып. — Өзі офицер екен. Байқамаған боп көзін жоя салсаң қайтеді? Бір фашистен құтыламыз.
— Ал ол немістердің ішінде аз адамымыз болса қайтесің?
— Солай болуы мүмкін бе?
— Әрине, әйтпесе мұндай нұсқау болмас еді ғой.
— Біздің адам болса сөзім жоқ. Бірақ байқа, оқ шең талғамайды.
Бұл күрделі операцияны басқару атқыштар дивизиясының оперативтік тобының офицері лейтенант Виктор Карловқа жүктелген еді. Операцияны елестетін жаттығу үстінде онымен жақын таныстым. Оның адамдары бұдан бұрын да немістің тылына шығып, “тіл” алып қайтқан көрінеді. Құпия мәжілісте неміс штабындағы адам жайында ерекше ескерткен. Блиндажға кіірген бетте Виктор карлов бірден онға дейінгі кез келген санды айтуға тиіс. Сол қосынды санды ұмытпаумыз керек.
— Қам жеме, Николай. Жүз немістің арасынан оны айнымай тауып аламыз.
Чирков сырды бүккенімді сезді ме, қасын керді, бірақ сұрақ беріп қажамады.
— Олай болса жақсы екен, дей салды.
Келесі күні кеште лейтенант Карлов бізді алдыңғы линияға апарды. Блиндаж ішінде біреу қарсы алды. Плащ жамылып алған, шен дәрежесін біле алмадық.
— Келдіңдер ме? Жарайсыңдар? — ол әрқайсымызға қол беріп жайдарлы амандасып өтті. Карловқа қарап: — Екінші топты кім басқарады? — деді.
— Гвардия сержант…
— Неге өзің емессің?
— Мен олардың тылында болдым, жолдас гвардия полковник. Жолды білем.
— Мұның да дұрыс екен! — деді де полковник менің қасыма келді. — Фамилияң кім?
— Болтаев!
— Бұрын немістің тылында болып па едің?
— Небары бір-ақ рет, жолдас гвардия полковник.
— Қорықпайсың ба?
Мен күмілжіп қалдым. “Батырмын, қорықпаймын” деп қалай айтасың. Үйткенмен де полковник сенбейді. “Қорқақпын” десең үлкен командирдің қырына ілігіп қалуың мүммкін… Тіке қойылған сұраққа жалтара жауап қаттым.
— Тірі жанның бәрі қорқуға тиіс, жолдас полковник.
— Сонда қалай, бәріміз қорқақ болғанымыз ба?
— Кісінің үрейін оның ар-намысы, ақылы басады, сондықтан да ол өзін қорықпаймын дейді, жеңіске жетеді. Біздің қазақ өлімнен ұят күшті дейді.
Полковник қалтасынан күміс портцигар алып ашты да темекі ұсынды.
— Өлімнен де ұят күшті! — ол өзінше қайталады. — Өте күшті, дәл айтылған сөз. Екінші топтың қандай әрекет жасайтыны өзіңе түсінікті шығар.
Арқамнан ауыр жүк түскендей болды.
— Тапсырма айқын, жолдас полковник!
— Онда жақсы, жолдарың болсын. Аман-сау қайтуларыңа тілектеспін!
Барлаушылар бір кісідей жауап қатты:
— Совет Одағына қызмет етемін!
Таң қараңғысында зіркілдеген зеңбірек үні бәрімізді оятты. Бара-бара үдей түсті. Алдыңғы жағымызда қара түнек. Әлдеқайдан танкінің гүрілдеген мотор үні, “Уралаған” дауыстар естіледі. Алыстан “Катюшаның” лапылдаған жалыны көрініп қалады. Алдында лейтенант Карлов біреумен ілесіп кетіп еді. Бір уақытта жүгіріп келді:
— Жігіттер, кеттік» Терірек қимылдаңдар! — Өзі алға түсіп, траншеяның бойымен жжүгіре жөнелді. Аржақтан қара түнектің арасынан аракідік оқ жарқ ете қалады. Немістерде қарсылың көрсетіп жатқан секілді. “Солға қарай жүріңдер” дегендей лейтенант Карлов қол бұлғайды. Оның әр қимылын бағып бүкшеңдеп жүгіріп келеміз. Жарлауыт қабаққа жеткенде “жатыңдар” деп белгі берді. Сәл демімізді басып еңбектеп, Алға қарай жылжыдық. Осылай шалшық судан да өттік. Мұндай жүріс жігіттерді қалжыратқан сияқты. Жұбын жазбай үйдек-түйдек келе жатқандар енді бір-бірінен қалып, аралары алшақтап барады. Лейтенант Карлов әлжуаз, нәзік жігіт көрінген. Сірә, ұзақ еңбектеп жүргенді көтере алмас деп ойлап едім. Қазір арқан бойы алда келеді. Шаршайтын түрі жоқ. Аңда-саңда бізге қарап қойып басын шайқайды, алғы жақты ымдайды. Өңі сұрланып боп-боз болып кеткен. Таңғы сарғыш сәуленің әсері ме. Әйтеуір маған осылай көрінді. Бір мезгілде еңбектеген қалпымызбен сайға домаладық. Сайдың табаны қалың бұта, тал. Осы сайды жағалап, сәске түске дейін жүрдік. Тас жолдың тұсына келгенде:
— Қас қарайғанша осында боламыз! — деді Карлов қабағы түйіліп. — Қайтар бетте бұлай шабандық көрсетсек, тірі қалуымыз неғайбыл.
Біз тапжылмай жатырмыз. Бірталай уақыт өтті. Түн ауған мезгілде біреу тысқа шығып, блиндаждың алдында зажигалкасын екі рет жағып, темекі тұтатты. Әлден соң үшінші рет жағылды да, дереу сөне қалды. Бұл бізге берілген сигнал еді. Карлов шынтағымен түртіп белгі берді. Алға қарай лап қойдық. Бірінші блиндажға жеткенде біреу дауыстады. Күзетші алынбаған ба, бұл қалай деп ойладым. Дәрет сындыруға шыққан неміс офицерінің бірі екен. Оған Карлов таза неміс тілінде жауап қатты. Әп-сәтте ыңырсыған, қиналған дыбыс естілді. Чирков оның аузын басып тұншықтырып жатқан секілді. Біз автоматты кезеп, блиндажға сау етіп кіріп келдік. Өз адамымызды айнымай таптық. Карлов онымен қас қаққанша шартты белгі арқылы тілдесіп үлгерді. Сол кезде біреу төсектен тұрды. Қып-қызыл мас.
— Сендерді шақырған кім? Көздеріңді жоғалтыңдар! — деп ақырын браунингке жармасты. Сірә, Карлов неміс тілінде жауаптасып тұрғандықтан өз адамы санады ма, ырық беретін емес. Біздің беттеген адамымыз осы еді. Алдында үрейін кетіріп, қорқытып ертіп шығу көзделген. Бірақ маспен тіл таба алмаған соң бас салып матап байлап алдық. Бұлай жасау операцияны біраз қиындатады.
Былай шыққаннан кейін Карлов:
— Блиндаж алдындағы күзетші үш сағаттан кейін ауысады. Оған дейін тексеру жүргізбесе, алдыңғы линяға жетіп қалармыз. Ал егер…
— Сіз жолды жатқа білесіз. “Тілді” алып жүре беріңіз. Қуғыншылар болса, бөгей тұрайық.
— Лайым қуған болмасын де, өйтсе бәрімізді аттап бастырмайды. Аялдамай шапшаң жүрейік.
Тұтқынды бірде плащ-палаткаға салып сүйреп, бірде желкелеп айдап, шапшаң жүріп келеміз. Қараңдаған қалың бірдемені көрген жүрек дүрсілдеп ауызға тығылады, шынымен соңғы сапар ма деп ойлайсың… Шоқ тал, не бұта екенін білгеннен соң көңіл жай табады, тағы жылжимыз. Таң ата кеше өзіміз тыныс алған жарқабаққа жеттік. Немістер хабарланып қалған ба, осы тұсты нысанаға алды. Алты стволды минометтен атылған снарядтар түйдек-түйтегімен жарылады. Екі жақ бүйірден де пулеметтен де атып жатыр, Қанға шыланған кесек шинельдің жұрындары шашырап бастады…
— Акимов, сигнал бер! — деген Карловтың әлсіз үні естілді. Акимов жарқабақты қуалап немістерге қарай тұра жүгірді.
— Акимов, қайда барасың, тоқта! — Деп айқай салдым. Сол сәтте біреу құлақ шекеден ұрғандай көзімнен от жарқ ете қалды. Бір көзде көзімді ашсам, самайыма тиіпті
— Қалай? — деді Чирков сыбырлап
— Акимов қайда?
— Немістер ракета атылған маңды снарядпен төпеп жатыр. Акимов серіктерін арашалап, немістің бүкіл тажал оғын өзіне алған.
— Мен қазір! — ол еңбектей жөнелді.
Акимовты плащ-палаткаға салып, сүйретіп алдыңғы линиядан өттік. Күн шашырап шығып келеді. Ол көзін ашып, шашыраған таңғы сәулеге телміре қарады.
— Мені мамам сағынатын болды-ау!..