Әміре ӘРІН. КӨШБАСШЫ

КӨШБАСШЫ

немесе Ұранды ердің ұрпағы

Кемел аға Тоқаев кіндік қаны тамған Қаратал ауданына екі-үш жылда бір келіп тұрушы еді. Келгенде есімі елге сондайлық мәшһүр жазушы бола тұра бетегеден биік, жусаннан аласа қалпынан бір өзгермейтін. Кішіпейіл, сабырлы да салмақты. 1985 жылдың күзінде аудан басшылары ағамызды жиын-терін аяқталуына орай өткізілетін үлкен жиынға арнайы шақыртқан еді, соның өзінде алдымен аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен кездесті. Аудандық газет тілшісі ретінде біз де сол арадан табылған едік. Ресми таныстырудан кейін жерлес жазушымызға сөз берілді. Қапсағай денелі, сұңғақ бойлы, жылы жүзді ағамыз қою шашын салалай серпіп, шағын зал төрінің сол жақ қанатындағы кішкене мінберге көтерілгенде қалыптағыдан да тұлғаланып кеткендей сезілді. «Қабырғалы қара нар, қабырғасын сөксе бақ етпес» деп, дәл ағамыздай қайсар да қайратты жандарға айтса керек. Ол бір елдікке тән көп дүниелердің ашық көтеріле бермес кезеңі еді ғой, соған қарамастан ата-бабалар аруағына адалдық, өткен күннің ащы сабағын ұмытпау, адал күн кешіп, жастар тәрбиесіне барынша жете мән беру секілді көкейкесті мәселелерге отырғандар назарын айрықша аударды. «Қаншама тауқымет тартса да, «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген ұстанымынан айнымаған жұртпыз, үкілі үмітіміз арылмасын, ниетіміз тарылмасын! Қоғам түзелуі үшін – ниет түзелуі шарт. Байлық пен мансаптан да қымбат Ар мен Ұят деген қастерлі өткелектер бар! Адамгершілігі жоғары жан ғана адал еңбек емеді, маңдай терімен кісілік патшалығына енеді. Тәңірдің сыйы алғы күндер еншісінде!» деп сөзін аяқтады да, сұрақтарың бар ма дегендей, отырғандарға зер сала көз жүгіртті. Қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтардың дені әдеттегідей өмір жолы, ата-ана, отбасы, алғы жоспарларына тән жайттарды қамтыды. Соңында жазушы шығармаларындағы оқиғалардың бәрі дерлік Жетісу жерінде өрбитіндігі – Қаратал, Сарғабан, Кәлпе, Бестөбе, Быжы, Тентек, Ақешкі, Айнабұлақ сынды жер-су атауларын ұшыратқан оқырмандардың сюжет сүрлеуіне құмарта түсетіндігі, қайсыбір кейіпкерлер мен оқиға желістерінің танысбейтаныстығы турасында қойылған сауалдарға да егжейтегжейлі жауап берді. Қандай бір қаламгер болмасын алдымен жасынан естіп, білген, көріп-түйген, жадына ұялаған жиған-тергенін шағармаға өзек етерін, әсіресе, оқиғалы детиктив жанрында ақиқат ауылынан ауытқымай, бұлтартпас деректер арқылы көркем кестелеудің мәнмаңызы зор екендігін дәйектей алға тартты. Осы кездесудің алдында Ескелді, Балпық, Жолбарыс бабалардың басына барып тәу еткендегі жүрегінің бұл жолы бөлекше толқып, көңілін сан сауалдың қаумалап алғандығын жеткізгенде аялы жанарына нәркес көз жасы іркілген еді… Кім біледі, асылдың сынығы, әулиенің ұрпағы ғой, атажұртына бұл өзінің соңғы сапары екендігін сезген де болар! Қайткенмен де, ұранды ердің ұрпағы дәл осы сәт мұнартқан сағымға оранып тұрғандай бейнеде көз алдымызда қала берді…

Тектіліктің тұқым қуалары хақ. Кемел ағамыз Алаш арысы, атақты әулие, батыр бабамыз Жолбарыс Жылқайдарұлының тікелей ұрпағы. Қазақ баласы «Жолбарыс бата бермей жолың болмас» деп ұлықтаған жарқын тұлғамыз! Халқымыздың басына қара бұлт үйірілген жоңғар шапқыншылығы тұсында сындарлы сардар, асқан ақылман, көзсіз батылдығымен көпті соңынан ерткен баһадүріміз! Ханмен де, қарамен де тіл табысып, бірлікті ұйытқан ақбереніміз! Елінің бүтіндігі жолында басын бәйгеге тіккен елшіміз! Қазақ елшілік тобын Қытайға бастап өткен Алтын Емелдегі жолының күні бүгінге дейін жұрт жадында “Жолбарыс асуы” деп жаңғырып тұруының түпкі мәні де осында! Көршілес Қытайға бітімгерлікпен екі мәрте сапарлаған тұста келер замана көшінің бір иірімінде кіндігінен тараған бірегей бір ұрпақтың сол елдің елшілігінде қызмет етерін әулие бабамыз көріпкелдікпен парықтай да білген шығар-ау!

 «Солдат соғысқа кетті» романындағы басты кейіпкер Мұхамед Жолбарыс-Ұлы автордың өзі. Сол Жолбарыс-Ұлы өзінің досы Мейірмановқа былайша сыр ашпай ма: «Саған түсінікті болуы үшін әңгімені өзімнің туған жерімнен бастайын. Атамыздың ата мекені Қаратал өзенінің бойы болды. Қыс түсе қалың ауыл маңыраған көп малымен бірге қалың құмның ішіне, көп шағылдардың арасындағы Үшөзек қыстауларына көшіп, көктемге қарай өзенге ойысады екен. Қаратал бойы кең жазық, көк шалғын, малға да, жанға да жайлы құтты мекен». Бұл енді қан майданда отандастарымен бірге от кешіп жүрген жуынгер-автордың атажұртына деген сартап сағынышының бір белгісі еді. Ендеше, біз де жауынгер Жолбарыс-Ұлының рухымен бүгінгі күн дидарында тілдесе отырып, сол құтты мекеніңіз бәз-баяғы қалпында! Он сегіз әулие мәңгілік тұрақ тапқан қасиетті өңірдің жұрты өзіңіз армандаған Тәуелсіз ел байтағында бауыры малға, қамбасы дәнге тола береке мен бірліктің шырағын жарқырата жағып отыр, дегіміз келеді!

Жарты әлемге әйгілі «Соңғы соққы» романының бір бөлімі «Жолбарыс асуы» деп аталады. Автор: «Олар Жолбарыс асуына баратын тау соқпағына сәрсенбінің кешінде жетті. Сол түні аялдамай адам ізі түспеген қиыршық тастақпен биік жоталарды бөктерлей жүріп отырып күн шыға бандалардың мекен-жайының дәл желке тұсынан шықты. Жолбарыс асуының етегі айналасы бір-екі шақырымдай құрақты көк шалғын екен. Көгалды кесіп ағып жатқан бұлақ суы күн нұрымен күмістей құбыла жалтырайды. Тау бөктері сазды, салқын.Өзен бойына қарағай мен қайың арасына кенеп шатыр тігілген» деп суреттемес бұрын әз бабасының ізі қалып, есімі қадірленген бәденді жерді аяқ астынан алтын көмбе тапқандай арсалаңдай арлы-берлі адымдап жүрген де шығар! Жүрді де!

Есін білгеннен тапшылықтың табасында қуырылып, тынысы тарылып өскен Кемел ағаны мына бес күн дүниенің қызығынан гөрі шыжығы, бәрінен де адамшылықтың тұнығы тебіренткені баршаға түсінікті болса керек-ті.Жанын мазалаған сан сауалға тек әділдік жолымен ғана жауап табарын ерте сезінді. Саналы ғұмырын да, Тәңірдің сыйы – жалаулы жазушылығын да осы аңсарлы әлемге арнады. Түбінде ақиқаттың туы желбірер шытырман детектив жанрына түрен салуының сырын да осы көмбеден іздер едік. Мінсіз социалистік қоғамның тұрлаусыз табиғатын, қылмыстық келбетін барынша ашып көрсетті. Сол үшін қызметінен де шеттетілді! Қызыл империя қылышынан қан тамып тұрған шақта: «Қазақ тілі мемлекеттік тіліміз екені баршаға аян. Біздің ұлттық асыл қазынамыз – қазақ тілінің кіршіксіз таза болуына, шұбарланбауына атсалысуымыз керек. Сондықтан қазақ сөздерін әлдекімдердің көңіл күйіне қарап өзгерте беруге болмайды» деп шегелей айтуының да түп төркіні осында! (Кемел Тоқаев. «Қазақ әдебиеті» газеті, 14 желтоқсан, 1968 ж.) Осылайша жігері оттай лаулаған өзі де, салмақты шығармалары да ұлттық рухты оятты, отансүйгіштік, патриотизм сәулесін себеледі! Дәл қазір де Тәңір-Аспан төрінен ғасырлар көгіндегі елдігіміздің құс жолы адастырмады! Бостан күйдеміз, бойымыз тіктелді! Бұл – намыстан жаратылған туабітті табиғатымыздың айғағы, көкбөрілер ұрпағының айбары! Тіліңді, дәстүрің мен дініңді қастерле! Рухы атойлаған, жаны азат жайсаңдардың кезеңі келді! Ел ертеңі – Ұлт бірлігінде деп, ұлағат жая аманаттап тұрған секілді халқына!

Кемел ағамыздың Қасым-Жомарттан туған немересіне Темір (Тимур), Бақтыбектен туған ұлға Шыңғыс деген есім беруінің өзі түйсінген пендеге асқақ рухтың қайнары емес пе?! Әлемде темірді тұңғыш қорытқан бабаларымыз оны алтыннан әрмен әспеттеген! Жауға салсаң – қару, шаруаға салсаң – құрал! Томирис те -Темір. Томирис деп парсылар атаса, Тұмар деп ғалым Алма Қыраубаева апайымыз қазақылаған. Шыңғысымыз да – Темір, Ақсақ Теміріміз де – Темір, күні бүгінге дейін Темірбек, Теміржан, Темірландар Ұлы даламызда шапқылап жүр!

Қазақ детектив жанрын әлемдік деңгейге көтеріп, тыңнан түрен салған қаламгердің ойда піскен шығарманы ширатуы, оқиғаның алтын арқауын солғындатпастан түйінді асудан асырудағы асқан шеберлігі – үлкен тәлім мектебі. Бұл арада републикалық «Пионер», «Лениншіл жас» және «Социалистік Қазақстан» секілді беделді басылымдарда журналистік тұрғыда бойға сіңірген деректерді жинап, сұрыптау, тиімді түрде ойната бере білу ауанындағы түзген қазынасының да жоталана көрініс беретіндігін баса айтқан орынды. Оқиғалар тиісті құқық қорғау органдарынан алынғанымен де олардың ішкі сырына, адам психологиясы мен іс-әрекетінің мың-сан құпиясына терең үңілудің машақаты бір адамға жетерлік. Соның бәрін көгендей меңгерген жанның ғана бәйге төрден көрінеріне ден қойсақ, қаламгер кітаптарын оқыған сайын ішкі жауһарларының түрлене көздің жауын алардай басты сыры ашылып сала береді.

Антон Чеховтың өзі кезінде ерекше қадірлеген Лев Толстой турасында: «Әдебиетте Толстой тұрғанда әдебиетші болу оңай да ұнамды; ештеңе жасамағаныңды, тіпті жасап та жүрмегендігіңді түйсінудің өзі пәлендей қорқынышты емес, өйткені Толстой бәріміз үшін бәрін жасайды» деп ақжарыла айтқаны бар еді! Осындай теңдессіз бағаны қазақ әдебиеті алыптарының бірегейі, детектив жанрының көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Кемел аға Тоқаевқа миллиондаған оқырмандары атынан біз де құп ала берер едік! «Қас үлектен туған кәтепті қара нар керек біздің бұл іске» (Махамбет) демекші, расында да, кенжелеп қалған детектив жанрында әдебиетіміз үшін бір өзі бір әлемге айналып, бәрін тындырып кетті! Аққан бұлақ, жаққан шырақ сеп болып, әләмдік деңгейдегі классикалық сүбелі төл туындыларымызды өмірге әкелді. Қайсыбірінің таралымы жарты миллионнан асқан шырайлы шығармалары, ондағы тағдырлы кейіпкерлері мен дәуір табын кескіндеген авторлық кең тынысты кейіптеулері, сондай-ақ жалпы дүниетанымдық, философиялық құндылықтарды айшықтай негіздей білуі арқылы шығармашылықтың шыңына жетті! «Қаламының желі бар қарапайым қара бала қараша қазағына тосын детектив жанрын әкеліп, осынау тың бағытты жоғары деңгейге шығарды. Және сол биіктен ешбір аласармай, жазушылық ісіне көлеңке түсірмей, жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, өскелең ұрпаққа шынайы шеберлік үлгісін көрсетті» деп ақиық ақынымыз Нұрлан Оразалин бедерлеп бергеніндей, нар жолында жүк қалмады. Иә, жол білген қашанда керуенге жалтақтамаса керек, жанкештілікпен детектив жанрының негізін қалады, оның атасы, дарабозы атанды. Сұрапыл соғыста жаужүректігімен дараланған Кемел аға осылайша бейбіт күннің де шырайын кіргізді, көркем әдебиет кеңістігінде де найзағай ойнатты! Тілі келісті, оқиғасы желісті, нәрі мен әрі жұптасқан көркем туындылары да абыройдың асқақ шыңына көтерді.

Шығарма желісін тонның ішкі бауындай өрбітіп, образдың табиғи қалпын сақтау, шалт әрекет, тосын ізденістерге бару, бірсарынды баяндаулардан арылу арқасында өмірдегі шынайылық келбетін көркем әдіптеді. Жазушы кітаптарын сан қайтара басып шығаруға өтініш білдірген оқырмандарды былай қойғанда, өзі ғұмыр көшінде аралас-құралас жүрген Шериаздан Елеукенов, Мүсілім Базарбаев, Қасым Қайсенов, Серік Қирабаев, Әзілхан Нұршайықов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Қалмұқан Исабаев, Дмитрий Снегин сынды қаламгер-әдебиетшілер Кемел Тоқаевтың айдынды азаматтығы мен байтақ шығармашылығын жоғары бағалауы сөзіміздің айғағы! Атақты қаламгер Владислав Владимиров болса, таңдана да тамсана отырып, Кемел Тоқаев кейіпкерлерінің әйгілі Василий Быков, Георгий Брянцев, Юлиан Семенов сомдаған образдардан бір мысқал да кемдігі жоқтығын айтып қуанса, талантты жазушы-журналист Көсемәлі Сәттібайұлы: «Жазушының «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» атты кітаптары қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Бұл көркем дүниенің бәрі – қазақ әдебиетінің алтын жауһарлары» деп ағынан жарылды!

Адамзат жаралғалы зұлымдық пен әділдік, ақ пен қара, жақсы мен жаман қайшыласып келе жатса, Кемел аға тұрлаулы туындылары, кесек кейіпкерлері мен жеке басының алғаусыз мейірім, жарқын үлгісімен туған халқын, Отанды, қасиетті жерімізді шексіз сүйе білудің үлгісін де паш етті! Асыл мұратынан айнымай, арына дақ түсірмеді. Міне, сол себепті де, өшпес әдеби мұрасы мен өнегелі өмірі, қайраткерлігі мен жоғары адами ізгі қасиеттері келешек талай ұрпақтың темірқазығына айналмақ!

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп хакім Абай айтпақшы, Үштөбе қаласындағы орта мектепке, Талдықорған, Үштөбе қалаларындағы көшелерге және Үштөбедегі скверге Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Жуырда осы аудан орталығында қарымды қаламгер атындағы өлкетану музейі өз жұмысын бастады. 2020 жылы Ресейдің Омбы қаласында қазақ майдангерінің құрметіне мемориалдық тақта ашылғандығын да айта кеткен орынды деп білемін. Еліміздің көлемінде классик жазушымыздың құрметіне әдеби байқаулар тұрақты өткізіліп келеді.Биылғы әдеби бейге тіптен ерекше бедерленді.

Ал енді даңқты жерлесіміз Кемел аға Тоқаевтың 100 жылдық асы, расында да, жалпыхалықтық қуанышқа ұласты. Той үстіндегі дастарқанда еліміздің түрлі аймақтарынан жиналған азуын айға білер мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, ғалымдармен сыр-сұхбат құрдық. Ас үстіндегі ағынан жарылған ақпа тілектер толқынында бәріміз де бір желпініп қалдық! Астың ауқымын бірі Керей Сағынайдың асына теңеп берсе, енді бірі ана жылғы Райымбек бабамыздың асына балап жатты. Мұның бәрі шынайы хош-құрметтің ұшқындары дегенімізбен осынау елдік жиынның ұтымды да мазмұнды, барынша мәдениетті де заманауи, әрі халықаралық келбетте ұйымдастырылуына таңдана тамсанбағандарды таппайсыз! Теңіз толқынындай екпіндей қуанышқа асыққан халық легінде есеп жоқ еді. Беріден салғанда ұзын-саны елу мыңның үстінде! Мұндай шырынды елдік шаруаның басы-қасында жүрген ақдидар азаматтарға Тәңір жарылқасын дейміз! Көзінің тірісінде-ақ құрметке бөленген арысын айрықша ардақтаған елдің келешегі кемел, өрісі кенен!

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында: «Алматыға табан тіреген сәтімде ата-анам жерленген Кеңсай бейітіне міндетті түрде барамын. Аспанға ұзақ көз алмай қараймын, маған сонау жақта, тым алыста қымбатты ата-анамның да жандары жайлы орын тапқандай көрінеді» деп сартап сағынышын перзенттік сезіммен елжірей алға тартады. Иә, саналы ұрпақ – ата-ана бақыты, ел мерейі!

Әміре ӘРІН,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының

иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...