Мектеп атауы – білім беру мекемесіне берілген жай ғана ресми атау емес, оның тарихы мен дәстүрін, рухани болмысын айқындайтын маңызды ұғым.
Мен Кемел Тоқаев атындағы мектепте 1994 жылдан бері еңбек етіп келемін. 1996 жылы мектебімізге көрнекті қазақстандық жазушы, майдангер және қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың есімі берілді. Биыл мектебімізге қаламгер есімінің берілгеніне 30 жыл толып отыр. Осы айтулы жылдар ішінде менің педагогтік жолымның басты мақсатымның бірі – Кемел Тоқаевтың әдеби әрі өмірлік мұрасын зерттеу, қорғау және жас ұрпақ санасына сіңіру болды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған жылдары оқушылардың ізденушілік-зерттеушілік дағдыларын дамытуды басты назарға алдым. Оқушылармен бірге жазушының өмірі мен майдан жолынан сыр шертетін сирек фотосуреттерді, сиясы кеппеген естеліктер мен құжаттарды жинап, мектеп мұражайының қорын байыттық. Алайда біздің басты мақсатымыз тарихи деректерді жинақтап, сақтаумен ғана шектелген жоқ. Оларды оқу-тәрбие үдерісінің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыру көзделді. Мектеп мұражайындағы материалдарды Қазақстан тарихына, Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған сынып сағаттарында, кездесулерде, ерлік сабақтарында, әдеби кештер мен басқа да тәрбиелік іс-шараларда кеңінен пайдаланамын. Жазушы өмір жолындағы нақты деректер арқылы оқушыларға соғыс жылдарындағы адамдардың ауыр тағдырын тереңірек танытып, ерлік, жауапкершілік, Отанға деген сүйіспеншілік және азаматтық парызға адалдық сияқты маңызды адамгершілік құндылықтардың мәнін түсіндіруге тырысамын. Сондықтан мектеп мұражайы мен үшін жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, оқушыларға білім мен тәрбие беретін маңызды рухани – танымдық орталыққа айналды.

Кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бұл бағыттағы жұмысымды оқу үдерісі аясында жалғастырдым. Кемел Тоқаевтың өміріне, қоғамдық қызметіне және шығармашылық мұрасына арналған «Кемелтану» авторлық бағдарламасын әзірледім. Осы бағдарлама бойынша 5–10-сынып оқушыларына факультативтік сабақтар өткіземін. Сабақ барысында оқушылар жазушының өмір жолымен, шығармаларымен танысады, майдан жолын зерделейді және әдеби мұрасының ерекшеліктеріне назар аударады. Сонымен қатар олардың дайын ақпаратты қабылдаумен ғана шектелмей, өздігінен ізденуіне, ой қорытуына және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыруына баса мән беремін. Осы бағытта оқушыларды түрлі дереккөздерден қажетті мәліметтерді табуға, оларды саралап, жүйелеуге, мұрағаттық материалдармен жұмыс істеуге, көркем шығармаларды талдауға және өз ойларын баяндама мен зерттеу жұмыстары арқылы сауатты жеткізуге баулимын.
Көптеген жылдар бойы Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры жазушының туған күніне, Жеңіс күніне және басқа да атаулы даталарға орай түрлі іс-шаралар – конференциялар, байқаулар, тақырыптық кездесулер мен әдеби кештер ұйымдастырып келеді. Мұндай шараларға қатысу оқушылардың жазушының тұлғасы мен шығармашылығын тереңірек тануына, ел тарихы мен жеке адам тағдырының өзара сабақтастығын сезінуіне мүмкіндік береді.
Оқушыларымның авторлық шығармалар байқауларына қатысуына да ерекше мән беремін. Балалар өз шығармалары арқылы ел тарихына, соғыс пен бейбітшілік тақырыбына, майдангерлердің ерлігіне, Отанға және жалпыадамзаттық құндылықтарға деген көзқарасын білдіреді. Мұндай жұмыс түрі баланың тарихи деректерді танып-білуіне ғана емес, оларды жан дүниесімен қабылдап, өзінің азаматтық ұстанымын білдіруіне де мүмкіндік береді. Есте қаларлық маңызды оқиғалардың бірі – Кемел Тоқаев пен оның ағасы Қасым Болтаевтың жауынгерлік жолына арналған кітаптардың авторы Такижбаева Найля Закеновнамен өткен кездесу болды. Мұндай жүздесулердің тәрбиелік маңызы ерекше. Өйткені оқушыларға тарихпен тікелей қауышуға, өткен оқиғалар туралы естеліктерді тыңдауға және өздерін қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік береді.

Оқушылармен жүргізілген зерттеу және тәрбие жұмыстары барысында жинақталған материалдар кейін бірқатар кітаптардың жарық көруіне негіз болды. Бұл басылымдарға менің шәкірттерімнің де еңбектері енгізілді:
«Кемель Токаев – воин, писатель, гражданин» – 2010 жыл;
«Сила духа и творческий талант» – 2014 жыл;
«Верное служение народу» – 2014 жыл;
«Письма Победы» – 2016 жыл.

Педагогикалық қызметімнің тағы бір маңызды бағыты – мектептегі драма үйірмесінің жұмысы. Үйірменің репертуарында Кемел Тоқаев шығармаларының желісі бойынша сахналанған қойылымдар ерекше орын алады. Осы жылдар ішінде жазушы шығармалары негізінде «Солдат соғысқа кетті», «Қастандық», «Жұмбақ қыз» және басқа да шығармашылық қойылымдар дайындалды. «Солдат соғысқа кетті» шығармасының желісі бойынша әзірленген қойылым Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің генералдар корпусы өкілдерінің қатысуымен өткен салтанатты іс-шарада көрсетілді. Біз үшін «Қастандық» повесінің желісі бойынша қойылған спектакльдің орны ерекше. Ол аудандық және облыстық деңгейдегі іс-шараларда бірнеше рет сахналанды. Ең есте қаларлық оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мектепке келген сапары барысында осы қойылымның көрсетілуі болды. «Замандастар сыры» жинағындағы шығарма желісімен дайындалған «Жұмбақ қыз» қойылымы Жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Акерке Абылайханқызының қатысуымен өткен іс-шарада көрермен назарына ұсынылды.

Сондай-ақ, оқушыларымыздың облымызда жыл сайын өтетін Тоқаев оқуларына қатысуы да игі дәстүрге айналды. Осы байқаулар аясында мектептің драма ұжымы жазушының шығармалары желісі бойынша театрландырылған қойылымдар ұсынып, тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып келеді. Әрбір осындай жеңіс – жеке бір оқушының немесе шығармашылық ұжымның ғана жетістігі емес. Бұл – Кемел Тоқаевтың әдеби мұрасын дұрыс, түсінікті әрі әсерлі түрде жас ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Бүгінгі таңда патриоттық тәрбиенің мерекелік іс-шаралар мен салтанатты сөздермен ғана шектелмеуі аса маңызды. Бала тарихи оқиғалардың ар жағында нақты адам тағдырлары тұрғанын түсінуі, бүгінгі бейбіт өмірдің қандай ауыр жолмен келгенін сезінуі және қиын сынақтарға төтеп беруге адамдарға қандай адамгершілік қасиеттер күш бергенін ұғынуы тиіс. Кемел Тоқаевтың өмір жолы бұл бағыттағы тәрбие жұмысына аса бай материал береді. Оның тағдыры жас ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды көптеген тақырыптарды бір арнаға тоғыстырады. Олар – Отанға деген сүйіспеншілік, әскери және азаматтық парызға адалдық, өмір сынақтарына төзімділік, еңбекқорлық, әділеттілік сезімі, білімге ұмтылу және халқына қызмет ету.
Мектебімізге жазушы есімі берілген отыз жыл ішінде бірнеше буын шәкірт тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанат қақты. Осы уақыт аралығында оқушылар да, білім беру бағдарламалары да, оқыту әдістері мен тәсілдері де өзгерді, жаңа технологиялар өмірімізге енді. Алайда, мен үшін, педагог ретіндегі ең басты міндет- өзгерген жоқ. Ол – өз елінің тарихын білетін, өткенін құрметтейтін, халқының рухани және мәдени мұрасын қадірлейтін әрі Отанының болашағына өзінің де жауапты екенін терең сезінетін тұлға тәрбиелеу.
Батен Даниярова, Жетісу облысы, Қаратал ауданы,
Кемел Тоқаев атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
педагог-сарапшы