Жазушы Кемел Тоқаевтың романдарын, повесть, әңгімелерін замандас, қаламдастарынан бөлек көрсететін басты қасиет оның таңдаған жанрында, тақырыбында.
Ол – өзі жасаған дәуірдің қылмысын жазған қаламгер. Сол қоғамдағы қылмыстың сипатын ашқан жазушы. Егер белгілі бір қоғамда қылмыс болса, ол қанқұйлы кекке толы болса, оның басты айыпкері сол қоғам және сондай қоғам қалыптастырған өктем өкімет болуға керек.
«Қанды кек» деген шағын әңгімесіне қараңыз. Бақанас бойын малға толтырып, бай-бағланы бар ағайынын маңына жинап, малын мыңғыртып, ұйып отырған жұрттың арасына жік түседі. Ақтармен араласы бар атқамінерлері ар жаққа, бәлшебектерге сенген қарапайым жұрт бер жаққа тартады. Тез баяндалатын оқиғада қашқындардың ауыл қазағына жасалған айуандығы – қанды қылмысы суреттеледі.
Артынша қашқын орыс офицері қорлап өлтірген келіннің жаназасына жиналған жұртқа Қайса деген ру ақсақалы «Бөлігеннен көресіңді көріп отырсың. Бірігейік, күресейік, бүйтсек құримыз. Албан-Суанға хабар жібердім. Біз де тірі қалудың қамын жасайық» деп, ашық үгіт жасайды.
Әңгіме бәлшебекке ерген Майлыбайдың «қу құдай бізді сорлатқан екен!» деп зар еңіреуімен аяқталады. Бұл XX ғасырдағы ауыр қылмыстардың басталуы болатын.
Жазушының баяндау тәсілі жұп-жұмсақ , әсерге бөлеп, оқырманын еліктіріп жетектеп отырады. Сөйлемді қысқа алып, абзацтар арасын мағналық байланысқа құрады. Құрмалас сөйлемдерді төпелемейді. Қазаққа тән ғұрып, мінез, аңсар, жератаулары оның шығармаларындағы ұлттық стандарт.
Кемел Тоқаевтың әр шығармасында бірнеше деңгейлі оқырмандарға бейімдеген бояу қатпарлары салынған.
Яғни, уақиға қуып оқитындар, онан соң шығармадағы кейіпкер келбетіне назар аударатындар және шығарманың түпкі мақсатын сезетіндер.
Мәселен, сыртқы барлау тақырыбына құрылған «Түнде атылған оқ» атты көлемді хикаяты шытырман уақиғалар үйлесімімен оқырманын баураған шығарма. Онда түрлі мінездегі көркем кейіпкерлер мен қарапайым адамдардың кейпіне енген Талғат, Бақытжан қатарлы барлаушылар бейнесі, олардың ойы, іс-қимылы нанымды суреттеледі.
Шығармада көрінетін Социалистік мемлекеттің қызметкерлері – қойма бастығы Клинов, таксопарк басшысы Боранбаевтардың қай-қайсысынан іскерлік, қызметіне деген жауапкершілік пен тазалық көрінеді. Бүкіл қоғам қылмысқа бейімделгені, жемқорлыққа белшесінен батқаны байқалады. Ол – Кемел жазған қоғам бейнесі.
Шығармада Жолбарыс баба мазарының түбінде жатып, КСРО полигонындағы ядролық жарылысты көзімен көрген шет ел жансызы Чернесовтың зәресі ұшады. Ал жаңағы алып жарылыс жергілікті халық қазақтардың қаперіне де кірмейді. Бұл тұста автор қазақ жеріндегі ядролық жарылыс туралы жазып отырғанын былайғы жұрт байқай бермес.
Қарап отырсаңыз, осы шығармадағы негізгі тақырып халықаралық деңгейдегі қылмыс. Ол – қандай қылмыс. Ол – жанталаса қарулану. Жойқын жойғыш қарулар жасау. Автор өз мүмкіндігінде, көркем әдебиеттің мүмкіндігінде осындай әлемдік деңгейдегі тақырыпқа талпыныс жасады.
Ең қызығы арада 40 жыл өткенде екінші Тоқаев БҰҰ-ның Қарусыздану бағытын басқаратын тұлға болғаны бәріңізге аян.
Алмас САҚБАЕВ,
ақын, ҚР мәдениет қайраткері, журналист