Кемел Тоқаев шығармаларындағы этнолингвистикалық атаулардың танымдық мәні

Әрбір халықтың өзіндік тілдік ерекшелігін анықтайтын дәстүр болмысы, ұлттық нақышы, ұлттық сипаты таным түсінігімен ерекшеленеді. Әр ұлттың, өзіне тән айырмашылығын, елдік негіздерін айқындайтын болмысы, дәстүрі, ұлттық мінезі, ұлттық танымы мен сипаты, ұлттық намысы, ұлттық мүддесі, ұлттық психологиясы мен өзіндік санасы, ұлттық рухы сол халық пайда болғаннан бастап қалыптасады. Сондай-ақ ұлттың ұлт болып қалыптасуына тікелей байланысты әрі маңызды рөл атқаратын елдік негіздің басты нышаны ұлттық тіл деп айтуға болады. Ұлттық тіл ұлт болып қалыптасқан халықтың рухын, ділін, мәдениетін көрсететін қарым-қатынас құралы, ұлттық бірегейліктің қажетті де, ең маңызды нышаны. Өзінің даму дәрежесіне қарай тіл: ру тілі, тайпа тілі, ұлт тілі болып бөлінеді. Ұлттық тілдің жасалуының бір белгісі – жазба әдеби тілдің қалыптасуы. Ұлттық тіл қоғамдық-экономикалық, әлеуметтік жағдайға байланысты өзгеріске ұшырап, дамып, түрленіп, жаңарып отырады». Тіл – ғасырлар жемісі, халық мұрасы, ұлттық қазына. Халық өміріндегі тарихи белестер, ұлы өзгерістер сыры ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы жетеді. Ұлт мәдениетінің негізгі көрсеткіші – көркем әдебиеттің де шынайы болмысы, шеберлігі оның тілі арқылы көрінеді.

Әр ұлттың, әр халықтың өзіне тән ерекшелігін, елдік негіздерін айқындайтын болмысы, дәстүрі, ұлттық мінезі, ұлттық танымы мен сипаты, ұлттық намысы, ұлттық мүддесі, ұлттық психологиясы мен өзіндік санасы, ұлттық рухы сол халық пайда болғаннан бастап қалыптасады. Ұлт дегеніміздің өзі – адамдардың тарихи қалыптасқан жері, тілі, діні, салт- дәстүрі, мәдениеті ортақ қауымдастық бірлестік. Ұлттық жан күйі үйлесімі үш бөліктен тұрады: олар – ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық мінез. Салт-дәстүрлер халықтардың тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты туып, қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өзгеріп, жаңарып отырады. Кез келген оқушының кез келген энциклопедиялық немесе философиялық сөздіктерден «ұлт» сөзіне берілген анықтаманы оқып білу мүмкіндігі баршылық. Сол берілген анықтамалардан ұлтқа тарихи жағдайларға байланысты белгілі бір аумақты тұрақты мекендеп иеленуі арқылы тілдің, діннің, мәдениеттің, дәстүрдің, әдет-ғұрыптың ортақтастығы негізінде қалыптасып, елдік мүддесі біріккен халықтардың жиынтығы деген тұжырым айтуға болады.

Адам баласы пайда болғаннан бері әр ұрпақ өздері ойлап тапқан және уақыт өте қалыптасқан материалдық мәдениет пен рухани мәдениеттегі жетістіктерін мұра ретінде қалдырып отырды. Бұлай болмаған жағдайда, біз бүгінгі қоғамды көз алдымызда мүлдем басқаша елестетер едік. Адамзаттың қай заманда болмасын алдына қойған ең басты мұрат- мақсаттырының бірі дәстүрді сақтау, ұлттық құндылықтарды қадірлеу болғандығына ешкімнің де таласы жоқ. Бұл  үрдіс тек бір ғана халыққа, ұлтқа тән ғана емес, сонымен қатар жер бетіндегі  адам баласының бәріне тән. Біздің қазақ халқы да атадан балаға сан ғасырлардан қалыптасып жеткен асыл қазынасын келешек ұрпақ мақтан тұтып айтып, сақтап жеткізетіндей өшпес мұралар қалдырды. Дәстүр қазақ елінің өмір тіршілігі, мәдениетінің  түрлі салаларында көрініс тапқан. Бұл ретте этнолингвистика ұғымының осы мәселеге қатысын айта кеткен дұрыс деп санаймыз. Этнолингвистика «этнос», «этнос болмысы», «этнос тілі», «тіл әлемі» деген ұғым түсініктерге ерекше мән береді. Этнолингвистика – халықтың этногенезін тұрмыс салты мен әдет-ғұрпын, мекен-жайын, басқа халықтармен тарихи-мәдени байланысын, күнделікті тұрмысын материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін тіл білімінің жаңа саласы.

Қазақ тілінің байлығын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындайды. Сонда ғана тіл әлеміне тән лексикалық байлықты тұтас та түбегейлі меңгеру, мән – жайын, мағына – мазмұнын түсіндіру арқылы этностың болмысын терең түсіне аламыз.

Осы ұлт болмысы мен мәдениетін, дәстүрін, ұлт құндылықтарын танытатын салт-дәстүр, наным-сенім т.б. ерекшеліктерді танытатын контекстер жазушы шығармаларында көрініс тапқан. Кемел Тоқаев мейлім соғыс тақырыбын жасын, мейлім детектив жанрында жазсын сонда да өз ұлтының ерекшеліктерін көрсете кететін мән-мәтіндерді оқиға желісіне қарай келтіре кетеді. Мысалы, жазушы шығармаларында сүйінші сұрау, көңіл айту, түс жору т.б. ұлттық болмысты танытатын салт-дәстүр элементтері бар. Ал бұл ұғымдарға «Дәстүрлі қазақ этнографиясы» еңбегінде қандай түсінік берген? Осы сауалға да жауап беріп көрейік.

1. Сүйінші сұрау:«Қуанышта шек жоқ. Командирлер, солдаттар жертөледен жертөлеге жүгіріп сүйінші сұрап жүр. Кезіккенде құшақтаса қап, бірін-бірі жерден көтере шыркөбелек айналдырып, аса ризашылықпен жоталарын соққылап, айқайлап қуанысып жүр. Екі жүз күнге және екі жүз түнге созылған Сталинград үшін айқас бітті (157-бет).

Сүйінші

Сүйінші (салт). Халқымызда біреу екінші адамға жақсы хабар жеткізіп қуантса, сүйінші кәдесін алатын салт бар. Бұрынғы әдет-ғұрып заңы бойынша жоғалған қымбат затты тауып, не оның қайда екенін көрсеткен, не ұрыны ұстаған адамдар иесінен сүйінші дәметкен, егер иесі бұны беруден қашқақтаса, биге жүгінуге хақылы болған.

Сүйінші көлемі хабаршының көрсеткен қызметіне және жоғалып табылған заттың бағасына байланысты анықталған. Мәселен, ұрланған малды тауып әкеліп берген, одан әлгі малдың құнының 20-дан бірін, ал ұрыдан тартып алса, 5-тен бірін, ал ұрының өзін әкелсе, ұрланған малдың жарты құнындай сый алған. Егер хабаршы жоғалған малды көрмей, оның қайда екенін естуі бойынша жеткізсе, құлақ сүйінші алған. Ұры жоғалған малды өзі әкеп берсе, әрине, сүйінші дәметуге хақысы жоқ. Егер жоғалған малды табуға, не ұрының мойнына қойып беруге уәде етіп, сүйінші алған адам уәдесін орыңдамаса, алған сүйіншісінің белгілі бір бөлегін қайтаруға тиіс.

Жалпы қазақ халқында сүйінші жақсылықтың нышаны. Беті балбұл жанып сүйінші сұрай келген адамға қалағанынды ал, деп қолын еш қақпаған. Күні бүгінге дейін бұл дәстүр жалғасын тауып, сүйінші сұрау жақсылықтың, қуаныштың нышаны болып келеді [9, 83 б.].

2.Түс жору: Мен бүгін жаман түс көрдім. Мына ақ тамның ішін қызыл жалын өрт шалыпты. Жағада екі боздағым бізге жете алмай зарлап тұр. Сен қасымда болшы. Түсімнен қатты шошимын», -депті. Яков-Әкім ақсия күліп «Түстегі жайнаған от жақсы ырым. Ақ отауыңды жалын шалса, қып-қызыл мол байлыққа кенелесің. Сағынған екі ұлыңмен таббысасың», – деп жұбатқанда, әкем «Түсті жақсыға жорысаң сол келеді деуші еді. Рахмет, Әкім», -деп тәңір жарылқасын айтып бетін сипайды (20-бет).

Атам заманнан келе жатқан дәстүрлі халықтық қасиеттің бірі – түс жору. Түстің өзін  ғылымда күнделікті әрекеттен болған күйзеліс пен қуаныштың нәтижесінде пайда болатын дүние деп сипаттайды. Ал әр халықтың өз тұрмыс-тіршілігі мен күнделікті өмірі, әдет-ғұрпына байланысты түс көру түрлері де болады. Түсінде тіршілік, тау-тас, белгісіз дүниелер көру мүмкін. Осындай әрқилы түстердің өзіндік әр елде өзіндік жору тәсілі бар. Қазақ халқының түс жору қасиеті бабадан дарыды әрі ислам дінінің негізін ала отырып жасайды. Атам заманнан келе жатқан дәстүрлі халықтық қасиеттің бірі – түс жору. Түстің өзін  ғылымда күнделікті әрекеттен болған күйзеліс пен қуаныштың нәтижесінде пайда болатын дүние деп сипаттайды. Ал әр халықтың өз тұрмыс-тіршілігі мен күнделікті өмірі, әдет-ғұрпына байланысты түс көру түрлері де болады. Түсінде тіршілік, тау-тас, белгісіз дүниелер көру мүмкін. Осындай әрқилы түстердің өзіндік әр елде өзіндік жору тәсілі бар. Қазақ халқының түс жору қасиеті бабадан дарыды әрі ислам дінінің негізін ала отырып жасайды.

3. Бата беру//тілек айту: – Рахмет, қалқам. Өркенің өссін! Енді бөгелмей тез бар (31-бет).

Бата

Бата (бата беру, бата алу). «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» (мақал). Бата халықтың рухани қуат алатын құдыретті сенім күші. Ол ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, талапты жастарға, көптің жүгін көтерген адамдарға немесе үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда берілетін ұлы адамдар мен ел ақсақалдарының ақ тілегі, әрі өмірлік жолдамасы. Мұның бірнеше түрлері бар:

1) жас талапкерге бата. «Сырым батыр жас кезінде батасын алайын… деп Бөкен биге барыпты».Бұл ерлік, өнер, өмір жолына, ұзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:

Бедеуің белдеуіңдегі байлаулы болсын,

Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.

Есігің ашық болсын,

Кабағың  жазық болсын.

Сонда ағайының кетпес қасыңнан

Жақыныңа бұрмай төрелікті түзу бер,

Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан.

Мұндай баталар талапты, халық сүйген, ер-азаматтарға  ғана берілген;

2) дастарханға бата. «Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын» («Ақ бата»).Батаның екінші түрі дастарханға ризашылықпен беріледі. Дұрыс мүшелі қонақасы берілмесе шешен, өткір тілді адамдар бата арасына сол үйдің сараңдығын да қосып айтып жіберетіндер болған;

3) алғыс батасы. «Бақ берсін, бас берсін, Өміріңе ұзақ жас берсін» (Ақ бата»). Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор. «Батаменен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» – деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы әрі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны құрметті, елге өте сыйлы адамдар береді;

4) теріс бата. Бұл «бата» деп аталғаны болмаса қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. «Құнанбай қос қолын созып, алақанын сырт қаратып тұр… Бұл теріс батаның, қарғыс батаның белгісі». (М. Әуезов).Мұндай бата сенімді ақтамаған, өзіне қолы, тілі тиген баласына әкенің қолын теріс жайып берген қарғыс батасы. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылған және ол атадан балаға ұмытылмайтын таңба болып қалған. Атаның теріс батасын алғандарды халық та жек көрген [9, 15 б.].

4. Баланы баурына басу:  Қасымды әжем бауырына басқандықтан ата баласы саналып әкемді «аға», шешемді «Әфуза» деп өз атымен атайтын (16 –бет).

Бауырына салу/басу

Баурына салу (ғұрып). Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни «бауырына салуы» ежелден бар қағида. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде баланың өз әке-шешесі балаға таласқан жағдайда асыраушы адам «оң қолына асық жілік ұстатып едім ғой» деп дауласады. Бұл үлкен дәлел, куәлік есебінде жүреді. Алайда, бала қайтыс болған жағдайда оның туған әке-шешесінің, аты айтылып, жаназасы шығарылады. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін «бауырына салып» алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды.

 «Бауырына салу» немесе бала асырап алуда баласы жоқ адамдар балалар үйінен сәбилерді өз бауырына алу мен қатар балалар үйінен сәбилерімізді шетел азаматтарының асырап алуға әкететіндері де кездесіп тұрады [9, 51 б.].

  1. Дұға (құран) оқу; жоқтау; басу айту:  – Мынаның іші толған өмір, тіршілік қой. Қандай әдемі! – деді. Бұл оның соңғы сөзі еді. Қойбағаров пен Бабахунов окоп үстіне атып шығып «Ой, бауырым-ай!», «Есіл ерім-ай! деп дауыс шығарып жылай бастады.  Бабахунов тізесін бүгіп отыра қап, екі алақанын санының үстіне сап «син» аятын бастады. Бұл фәни дүниеде мәңгілік еш нәрсе жоқ, бәрі алланың құдіретімен боп жатқан іс. Тәңірісі бақи дүниенің қызығын молырақ жаратқан. Фаткулла баласы Рашид шейіт болды. Алласы оған иман берсін дегендей үлкен тілек, өтінішпен жалбарын дұға қайырды. Қойбағаров көзін шарт жұмып алған. Құран сөзіне елітіп, ұйып қалғандай үлкен мінәжат үстінде. Бұл екеуінің оқыс қылығына таң қалған Иванов:
  2. Бұлар неғып отыр? Оқи ма, немене?- деді.
  3. Өлікті шығару салтын жасап жатыр. Құраннан аят оқиды,- деп Сатрапинский түсіндірді (74-бет).

Жоқтау

Жоқтау (салт). Адам туады, өмір сүреді, өледі. Бұл – жазмыш. Осы құбылыстың қазақ салтыңда өзіндік сипаты бар. Абайша айтсақ, Дүниеге елендетіп келіп, жер қойнына елендетіп кіреді. Бір қазақтың үйінде бала дүниеге келсе, ауыл жиналып той жасайды. Ән мен жыр төгіп қуанысады. Ал жасы жеткенде не ұрыс-керісте қаза болса — ел қайғырады. Асыл қасиеттерін өленге қосып, мұңды сарынмен шығарып салады [9].

Дұға (құран) оқу

Марқұм болған өз ата-бабаларының, туған-туыстарының басына барып дұға оқып, ескетүсіру зор адамгершілік парыз. Әр адамның ерте ме, кеш пе сол әруақтардың қатарына қосылатыны анық. Олай болса марқұмдарға құрметпен қарау адамгершіліктің белгісі. Сонымен бірге әр адам сапар үстінде келе жатқанда жол үстінде жатқан қорымдарға тоқтап, дұға оқып, бет сипап өтуі шарт. Егер адам асығыс болса ат үстінде бір үзеңгісін босатып, машинада болса жүрісін баяулатып құран оқуы керек. Бұл адамгершілік, тірі адамның әруақтарға құрметі [9, 108 б.].

Қорыта келе, жазушы шығармаларында ұлттық болмысты танытатын салт-дәстүр,  әдет-ғұрпымыздың да көрінісі бар екендігін аңғаруға болады

Нурзия РАХМЕТОВА,

Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласы,

 «Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп» КММ-нің

 қазақ тілі мен әдебиеті 

 пәнінің мұғалімі, педагог-шебер.

 

Соңғы жазбалар

Кемел Тоқаев шығармашылығындағы ұлттық таным мен «Адал азамат» концепциясының көркемдік көрінісі

Ұсынылып отырған мақалада қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы,...

ШЫҢЫНАН КӨРІНГЕН ШЫНАЙЫ ОЙЛАР

Қазақта «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген жақсы мақал...

Алмас САҚБАЕВ. УАҚЫТТЫҢ ҚЫЛМЫСЫН ЖАЗҒАН ҚАЛАМГЕР

Жазушы Кемел Тоқаевтың романдарын, повесть, әңгімелерін замандас, қаламдастарынан бөлек...

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Қазақ халқы бала тәрбиесін қашан да басты орынға қойған....

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ. КЕМЕЛ ТОҚАЕВТЫҢ «СОҢҒЫ СОҚҚЫ» РОМАНЫНЫҢ ТАРИХИ НЕГІЗІ ТУРАЛЫ

Қазақ, татар, ұйғыр халықтары Жетісу өңірінің байырғы жұрты. Олар...