Қазақ халқы бала тәрбиесін қашан да басты орынға қойған. «Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың ұлы мұраты» қағидасын берік ұстанған Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласындағы «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы күнделікті қызметінде бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді басты мақсат еткен.
Білім ордасы 2016 жылы ашылған, жобалық қуаттылығы – 320 орын. Қазіргі таңда 15 топ жұмыс істейді: оның 10-ы қазақ тілінде, 5-і орыс тілінде. Штат бірлігі – 84,5, педагогтер саны – 42. Балабақша меңгерушісі – 28 жылдық еңбек өтілі бар, бала жанын терең түсіне білген тәжірибелі басшы, ұйымдастырушы, өз ісінің шебері Наренбаева Махаббат Жұмабекқызы. Оның басшылығымен ұжым балдырғандарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде үздік тәжірибелерді қолдануда.
Заманауи білім мен ұлттық болмыстың үйлесімі

Балабақшаның басты миссиясы – ұлттық дәстүрді сақтай отырып, заманауи білім беруді ұштастыру. Тәрбие барысында халықтың мәдени мұралары, ұлттық ойындар мен қолөнер үлгілері жаңа педагогикалық технологиялармен үйлестіріледі.2018 жылдан бастап «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы STEAM білім беру жүйесін енгізіп, танымдық-шығармашылық жобалар арқылы балалардың ой-өрісін дамытуда.
STEAM жүйесінің негізгі модульдері: «Ф. Фребельдің сыйы» жиынтығы, эксперименттер, робототехника, легоконструктор, мультстудия, шығармашылық шеберхана, математика.
Бұл бағыт цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы балалардың қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтармен сабақтасқан жаңа білім игеруге мүмкіндік береді.
Ынтымақтастық аясындағы тәрбие

«Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы өз жұмысын мәдени-ағартушылық мекемелермен тығыз байланыста жүргізеді. Мектеп, кітапхана және мұражайлармен бірлескен іс-шаралар – бүлдіршіндердің дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық сананы қалыптастыруға ықпал етеді.
Бірлескен жұмыстар аясында балаларға арналған танымдық экскурсиялар, шығармашылық кездесулер, әдеби кештер мен көрмелер ұйымдастырылып келеді. Бұл үдеріс білім мен тәрбиені балабақша қабырғасынан тыс жерлерде жалғастыруға жол ашады.
Кемел Тоқаев қайырымдылық қорымен ынтымақтастық

Әсіресе, жазушы, қоғам қайраткері Кемел Тоқаев қайырымдылық қорымен орнаған ынтымақтастық ерекше мәнге ие. Бұл серіктестік – рухани тәрбие мен мәдени мұраның сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды бастама.
Жақында Кемел Тоқаевтың туғанына 102 жыл толуына орай Естелік аллеясында тағылымды іс-шара өтті. «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері жазушыға арналған өлең-тақпақтарын оқып, патриоттық рухты көтеретін «Отан» әнін орындады. Сонымен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілікті бейнелейтін «Бесік» биін билеп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Қорытынды
Қайырымдылық қор мен балабақша арасындағы әріптестік – ұлттық мұраны дәріптеудің және жас ұрпақ бойына патриоттық рухты сіңірудің жарқын үлгісі.
«Балбөбек» бөбекжай-балабақшасы болашақта да ұлттық тәрбиені заманауи біліммен ұштастырып, мәдени мекемелермен серіктестігін жалғастыра бермек. Бұл бағыттағы әрбір қадам – ұлт болашағына жасалған сенімді инвестиция.
Махаббат НАРЕНБАЕВА,
“Балбөбек” бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі.