Қазақ, татар, ұйғыр халықтары Жетісу өңірінің байырғы жұрты. Олар бұл қасиетті өңірдің тау-тасына, өзен-суына, кең де мейірімді момақан даласына бауыр басқан, сондай-ақ оны шексіз сүйіп, жауыннан қорғай да алған халық.
Мұнда әлдебір себептермен батысқа бет түзеп, үдере көшіп, Рим империясының әскерімен Каталаун даласында бақ сынасқан күн (күннен туған) Аттила елінің, ал бертінде Шыңғыс хан мен оның айбынды қолдарының шығыс пен батысты бағындырған жорықтарының ізі жатыр. XV ғасырға дейін, Махмұд Қашқари бабамыз айтқандай, алыстағы жаулары атын естісе жапырақтай діріл қаққан ержүрек түріктің ұрпағы енді міне жаңа заманда тағдырдың тәлкегіне түсіп, бүтін отаны шығыс және батыс Түркістан болып бөлінген елдің аянышты тағдырының шет пұшпағын талантты қалам иесі Кемел Тоқаевтың кең панорамалық романынан көргендей боламыз.
Жойық Совет-Герман соғысына қатынасып, сонда жалғыз бауырынан айрылған жазушының осындай ойға жетелейтін тақырыпқа баруы, әрине, кездейсоқ емес-тін. Ш. Елеукенов романға кіріспе мақаласында «Соңғы соққы» советтік Қазақстанның алпыс жылдығына байланысты жазылған шығарма екендігін, бұл идеяның өмірлік фактіге айналуына өзінің себепші болғандығын жазады. Жазушы бұл идеяны қандай ұстанымда және астарда іске асырды. Гәп осында болса керек! К. Тоқаев бұл ұсынысты жадағай ұрандату арқылы емес, кең ауқымда, яғни жергілікті халықтың ағымдағы өмірімен, тарихи тағдырымен байланыста шешеді. Атаман, генерал-лейтенант А. Дутовтың, ол басқаратын ақгвардияялық әскердің түпкілікті мүддесі совет өкіметінің, компартияның саяси ұстанымына сәйкес келмегендіктен ғана жойылуға тиіс емес, сонымен бірге жергілікті халықтың, яғни қазақ, татар және ұйғырлардың мүддесіне сәйкес келмеуі себепті де жойылуға тиісті еді.
Жалпы бұл тақырып ғылыми және көпшілікке арналған әдебиетте, әсіресе, ресейлік авторлар еңбектерінде біраз қарастырылған. Оларда қарастырылған фактілер мен талдаулар тақырыпты біршама тура түсінуге көмектесері хақ. Дегенмен, осы ретте заңгер ғалым С. Молдабаевтың 2022 жылы жарық көрген «Право на истину. Факты и домыслы о группе Касымхана Чанышева» деп аталатын нақты құжаттық материалдарға негізделген зерттеу жұмысының орнын бөліп атаған тура болмақ. Бұл арада К. Тоқаев пен С. Молдабаевтың ортақ тақырыпқа, бірақ түрлі жанрда жазылған туындыларының бірін-бірі орынды әрі ұтымды толықтырып атап айтқан артық емес деп білеміз.
Қытай жақ бетке ығысқан ақгвардияшылар мен казак әскери құрамаларының қазақ қоғамына жасаған қиянаты мұңлы да, қайғылы тақырып, тарих ғылымында арнайы зерттеуге алынбаған. Көркем әдебиетте бұл ретте алдымен ауызға алынатын шығарма Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілегі». Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны. К. Тоқаевтың да «Соңғы соққысы» озық туынды, Жүсіпбек Аймауытұлы шығармасының логикалық жалғасындай оқылады. Шығыс жақ бетке үдере қашқан ақ казактардың Майлыбайдың келіні Шәрбануға жасаған қиянаты ұмытылмайтын факті. Тек осы қайғылы оқиғаны баяндау арқылы жазушы Дутов әскері алдында бүкіл ұлттың панасыз күйін жеткізіп отыр.
Шығарманың бас кейіпкері, әрине, Жетісу өңірінің жергілікті халқы. Ал оның қалыпты ағымдағы өміріне қауіп төндіріп тұрған – монархиялық билікті аңсайтын атаман Дутов пен оның әскері. Ал осы А. Дутов кім? Ол туралы тарихи құжаттар не дейді?
1918-1921 ж.ж. Ресей империясында жүрген азамат соғысы тұсында белсенді монархияшылдық ұстанымымен көзге түскен Александр Ильич Дутов қазіргі Қызылорда облысындағы Қазалы қаласында әскер қызметкерінің отбасында өмірге келген. 1908 жылы Бас штаб академиясын аяқтаған. Генерал-лейтенант мәртебесі бар. Азамат соғысы жылдары А. Дутов басқаратын әскер асқан қатыгездігімен және қанішерлігімен көзге түседі. Мәселен, 1918 жылы Торғай, Челябинскі және Тройцкі өңірлерінде ақгвардияшылар террорын жүргізген дутовшылдар тоғыз мыңнан адамды ату жазасы арқылы жойған. 1919 жылды дутовшыл казак әскері тек Орал облысында ғана 1050 адамды атып өлтірген. 1918 жылдың қазан айында атаман Дутовтың әскері адмирал Колчак армиясының құрамына еніп, Дутовтың өзі бүкіл ресейлік казак әскерінің бас қолбасшысы болып тағайындалады. 1919 жылдың күзінен бастап Дутов басқаратын армия қатарында ыдырау жүріп, біразы қызыл-әскер жағына өтеді. Ақтөбе түбінде болып өткен шайқаста қызылдардан жеңіліс тапқан дутовшылардың қалған бөлігі Жетісу өңіріне жетіп, атаман Анненковтың армиясы құрамына қосылады. 1920 жылы наурызда Лепсі бойында қызыл әскердің қоршауына түскен Дутов шағын отрядпен Қытай жақ бетке қашып өтіп, Шыңжаң өңіріндегі Суйдун қаласына келіп тоқтайды. Атаманның төңірегіне Қытай жақ бетке өткен ақгвардиряшылар жиналып, олардың саны мыңда жетеді. Суйдунға орналасқан Дутов жапон тарапынан қолдау тауып советтік билікке қарсы жорыққа даярлық жүргізеді. Азамат соғысынан енді ғана шыққан совет өкіметіне бұл өте қолайсыздық тудырған жағдай еді.
Мәскеуде А. Дутов әскері тарапынан төнген қауіпті тез арада жою ісімен ВЧК басшысы Ф.Э. Дзержинскидің өзі айналысады. «Атаман» аталатын арнайы чекистік операция белгіленіп, оны жүргізі ісі ВЧК төрағасының орынбасары Я.Х. Петерске жүктеледі.
Осы арада мынадай жағдайды ескерген жөн К. Тоқаев атаман Дутовты жою операциясын «Соңғы соққы» атаған. Сондай-ақ ол бұл атауды сол кездегі Жетісу ревкомының басшысы Ораз Жандосовтың тарапынан ұсынылғандай мағынада көрсетеді. Шын мәнінде, бұл арада жазушының Жетісу облыстық Мемлекеттік саяси басқармаға (ГПУ) тиесілі құжаттық материалдармен жұмыс істегенін байқау, әрине, қиынға түспейді. Сол кезендегі тәртіп бойынша автордың ГПУ-ға тиесілі құпия құжаттармен жұмыс істегенін жариялау құқы, әрине, жоқтын. Соған сәйкес роман атын «Атаман» операциясы атауға да болмайтын еді. Бұл ретте жазушы романды жазу барысында биік мәдениет, өмірде талай ауыр сындардан өткен тұлғаға тән ұстамдылық танытқан. К. Тоқаев бұл мәдениетті романда келтірілген ресми құжаттарды беру тәртібінде де берік ұстанған.
Сонымен, ресейлік контрреволюцияның көрнекті өкілі А.И.Дутов саяси көзқарасы тұрғысынан кім еді? Сондай-ақ ол қазақ қоғамы жөнінде қандай пікірдегі тұлға еді? Бұл тақырыпқа тоқталуға тура келеді, өйткені атаманның саяси ұстанымына байланысты басқа да пікірлер бар. Осы ретте біз, мынадай мазмұндағы құжатқа жүгінуге мәжбүрміз. 1919 жылы 26 мамырда генерал А.И. Дутов Колчак үкіметінің ішкі істер министріне башқұрт және қазақ елдеріне қатысты өз пікірін баяндаған очерк жолдайды. Оның пікірінше, басым бөлігі көпшенді тайпалардан тұратын бұл өлкеде орыстар келгенше (XVI ғ.) берекелі өмір болмаған. Тек XVIII ғ. бастап отарлау үдерісі мұнда жаңа қарқын алып, содан бері жергілікті мүдде мен орыстық мүдде арасындағы тайталас өріс алып, басылмай келеді. Мұндай қарсыласуға шек қою үшін не істеу қажет? Атаманның ойынша ол үшін, біріншіден, қазақ пен башқұрт арасындакөп емес, аздаған оқығандары бар, халық оларды тыңдайды, соңынан ереді, солармен жұмыс істеп, шен-шекпенді аямау қажет. Екіншіден, бұл бұратаналардың арасында саясат туралы түсінік жоқ, тек руаралық тартыс қана бар. Соған байланысты мұнда орыс билігіне «бөліп-жар да билей бер» саясатын жүргізу әбден қонымды. Үшіншіден, бұл халықтардан жасақталған әскери құрамалардан пайда шамалы, ондай құрамаларды орыс офицерлерінің басқаруымен орыс жерінде ұстаған тура болмақ.
Қазақ пен башқұрт арасында ұзақ мерзім болған әскер адамы ретінде байқағаным: бұл халықтар қараңғы, сондықтан да үгіт-насихатқа жеңіл беріледі, яғни бұл халықтардың мұндай ерекшеліктерін орыс мемлекетшілдері мен патриоттары орыстық негізді күшейте түсуге пайдалануға міндетті екен. Атаманның қазақ пен башқұртқа қандай жат пиғылда болғандығын міне осы үзінді келтірілген құжаттан жеңіл байқауға болады. Оның Жетісу өңіріндегі басқа да халықтарға шамамен осы пікірде екендігі, әрине, түсінікті болса керек. Жергілікті халықтардың дутовшыларға қатынасын «Атаман» операциясын орындауға атсалысқан топтың құрамынан да байқауға болар еді.
Атаман А.И. Дутовты залалсыздандыру операциясын басқарған Чанышев Қасымхан романның «Уездік милиция бастығы» аталатын бөлімінде тапсырманы орындауға келісім бере отырып қасына еретін серіктерін өзіне іріктеп алуға рұқсат сұрап, оған басшыларының келісімін алады. Біз бұл арада ол азаматтардың аты-жөнін түпнұсқалық құжат бойынша келтіруді жөн санадық.
Сонымен олар:
- Байсымақов Мұқай, 1895 ж. туған, Жаркент уезіне қарасты Бурхан ауылының тұрғыны, кедей, шаласауатты, партияда жоқ.
- Ушурбакиев Насыр, 1895 ж. туған, Жаркент қаласының тұрғыны, сауатсыз.
- Ушурбакиев Әзиз, Насырдың бауыры, сауатсыз, тамаша мерген.
- Қадыров Жүсіп, 1890 ж. туған, Жаркент уезіндегі Қонақай ауылынан, жетім өскен, батырақ.
- Тынчеров Қанафия, 1890 ж. туған, Жаркент қаласының тұрғыны, арнайы тапсырмаларды орындауға бейімділігімен көзге түскен.
- Маралбаев Сұлтан. 1870 ж. туған, Жаркент уездік милиция қызметкері, мерген, ержүрек, орыс, араб және қытай тілдерін меңгерген адам.
Ескеретін жағдай: бұл аталған кісілердің бәрі де жергілікті жағдайды, екі жақтың да адамдары мен жер ерекшелігін жетік білетін адамдар еді. Осы арада операцияны орындау барысында Қ. Чанышевтың қасында болып командирінің тапсырмасын қалт жібермей ең жоғарғы деңгейде іске асырған адамның аты-жөніне тоқталған жөн. Ол адам жөнінде автор романда егжей-тегжейлі тоқталған. Ол К. Тоқаев шығармасының бас кейіпкерлерінің бірі – Махмуд Қожамяров еді. Ол 1894 ж. туған, Жаркент қаласының тұрғыны, көпес отбасынан, бастауыш білімі бар. Қ. Чанышевтың ең сенімді серіктерінің бірі болған.
Енді «Атаман» операциясын орындаған топтың жетекшісі Қ. Чанышев туралы С. Молдабаев монографиялық зерттеуінде нақты дерек көздеріне сүйеніп Ресей тарихында із қалдырған Чанышевтар әулетіне қатысы болуы мүмкін деген дереккөздеріне кеңінен тоқталады.
Міне, осы зерттеу жұмысындағы фактілерге сүйене отырып С. Молдабаев Чанышевтар әулетінің 19 ғасырдың орта тұсында басқа да қазандық татар отбасыларымен бірге Жетісу өңіріне келіп орын тепкендігін баяндайды. Әулет шежіресінің көрсетуіне қарағанда Чанышевтардың Жаркенттік кезеңдегі тарихының басталуы Мұхамед Ғали Жүсіпұлы Чанышевтың есімімен байланысты. Қасымхан Чанышев осы Мұхамед Ғалидың ұлы. Мұхамед Ғалидың екі әйелі болған. Татар әйелі Файзыдан Аббас, Қасымхан және Мирвакас деген ұлдары, ал екінші қазақ әйелінен (аты мәлім емес) – Хайдар және Батырхан деген ұлдары тарайды.
Қасымхан мен Аббастан перзент болмаған. Қасымхан мен оның жары Гүлшара Әбдірахманқызы Нели атты қызды асырып алады. Қасымхан Верный қаласындағы ерлер гимназиясында білім алған. Нелли Қасымханқызы отбасында сақталған естеліктерге сүйеніп бала кезіндегі Қасымханнан ержеткенде кім болатындығын сұрағанда көп-көп ақша тауып кедейлерге үлестіріп беруді армандағандығын көрсетеді…
Чанышевтар әулетінің бір бұтағы Қырғызстанда Қарақол және Бішкек қалаларында тұрып, осы елдің саяси өміріне белсенді түрде атсалысқан. Солардың бірі Чанышев Хайдар (Роковой) туралы деректі ҚР Президент архивынан кезіктірдік. Құжатта Х. Чанышевтың Қырғыз үкіметі басшыларының бірі Ж. Әбдірахмановпен арасында орын алған келісімнен соң үш адамның бірі болып Қырғызстанда қалыптасқан ауыр саяси жағдайға байланысты Мәскеуге наразылық хат жолдағандықтары туралы баяндайды.
Міне, бұл жоғарыда келтірілген құжаттың фактілерімен Қ. Тоқаевтың жақсы таныс болғандығы, әрине, ешқандай күмән тудырмайды. Романды жазбастан бұрын ол сол кездегі Алматыдағы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіндегі «Атаман» операциясына қатысты жабық қордағы фактілік материалдармен мұқият танысып, зерттеу жұмысын жүргізген. Аса жауапты тапсырманы орындау ісі жүктелген Қасымхан Чанышев сияқты азаматтың өмір жолы мен ұстанымына қанық. Мәселен, Қасымхан, Ораз Жандосов және ЧК офицері Давыдовқа өзі туралы мынадай жағдайды баяндайды. Чанышевтар әулеті дәулеттен кенде емес. Оқу мен білімге құлықты. Оңы мен солын таниды. Дәулет пен парасатты тең ұстай біледі. Ал өзі болса революциялық өзгерістердің мақсат-мұратын түсінетіндігін және сыйлайтындығын мәлімдейді. Мақсатты еңбек пен білім қоғамды өзгертеді. Әркім өз қызметі арқылы осы іске үлесін қоса алады. Өзіне жүктелген істің қоғам үшін маңызын түсінетіндігін, егер сүрініп кетсе оған өзге емес, өзі кінәлі екендігін жеткізіп, тәуекелге барып отырғандығын айтады.
Жазушы қарапайым халықтың, аса жауапты тапсырманы орындау ісі жүктелген адамдардың іс-әрекетін күнделікті тіршілік арнасында артық әсерлеусіз, өте нанымды баяндайды. Бұл жағдай, әрине, жазушы талантының нақты көрінісі. Роман ержүрек, орнықты тұлға Қасымхан Чанышевтің Жетісу Ревкомының төрағасына өзі басқарған топқа жүктелген міндеттің сәтті орындалғаны туралы есеп беруімен аяқталады. Шығармада берілген шағын ғана құжаттың астарында бейбіт өмірге мүқтаж халықтың күнделікті тіршілігіне тікелей қатысы бар шаруаны тындырған аз ғана топтың ұмытылмайтын ерлігі жатқандығын бағамдауға болар еді.
Бір-екі ауыз сөз Қасымхан Чанышевтің кейінгі тағдыры жөнінде. Ол туралы С. Молдабаевтың зерттеуінде баяндалған. Біз соны қайталаумен ғана шектелеміз. Шамамен 1931 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Новотроицкі селосында жұмыста жүрген Қасымханды Қырғызстанның Ош қаласынан келген ГПУ қызметкері жұмысқа шақырады. Ошта ол Памир автобасқарма мекемесіне басшылық қызметке бекітіледі. 1932 жылы желтоқсанның бір күні Қасымхан жергілікті ГПУ тарапынан қамауға алынып, оған шекарадан контрабандалық тауар өткізді деген айып тағылады, бірақ оның бұл қылмысты жасағандығы дәлелденбейді. Алты ай қамауда ұсталған «Атаман» операциясының орындаушысы түсініксіз себептермен Ош абақтысында қапыда өлтіріледі.
Күрделі де аласапыран кезеңнің қаһарман тұлғаларының бірі Қасымхан Чанышевтің өмір жолы осылай аяқталған еді.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан тарихшылары
қауымдастығының төрағасы