Кемел Тоқаев. «ИРИНА» ОПЕРАЦИЯСЫ

– Сөйтiп, 42-шi жыл да өттi, – дедi Алексей Васильевич бұдан соң. – Жаудың ортасында, онымен бетпебет кездесiп жүрiп астыртын жұмыс iстеудiң қаншалықты қиын екенi мәлiм ғой. Қай күнi ұстап әкетедi? Қашан дарға асады? – деген ой кейде көкейiңнен кетпейдi. Фашистер партизандарды ғана емес, коммунистер мен Қызыл Армия командирлерiнiң семьяларын қуғындап, жазалай бастады. Селоларға жазалау отрядтары шықты, олар «большевиктерге жақтас, соларға ниеттес» деген желеумен көп адамдарды қырғынға ұшыратты. Жазалау отрядының соңынан бүкiл село өртенiп жатады. Жазаланғандардың iшiнде бiздiң астыртын ұйымның мүшелерi де кеттi. Қаншама қорлық көрсеткенiмен, олар жауға сыр ашпады, дар алдында өлiмдi үнсiз қарсы алды…

Осылай жұмыс iстеп жаттық… Астыртын комитет партизан отрядтарын шындап, күреске дайындаумен бiрге, жастарды Германияға әкетуге жол бермеу үшiн әрқилы әдiсайла қолданды. Партизан құрамасының командирi марқұм Иван Кузьмич Примактың бiр сөзi есiмнен қалмайды. Өзi бiр шақар, шапшаң кiсi болатын. Бiр жолы менi шақырып алып:

– Қанша адамға «ауру» деп куәлiк бердiң? – дедi.

– Қаншасы келсе, соның бәрiне де куәлiк бердiм, жолдас командир!

– Әйткенмен де?

– Соңғы жетiде отыз шақты жiгiттер мен қыздар куәлiк алды ғой деймiн.

Примак қолын артына ұстап, үйдiң iшiнде әрi-берi жүрiп:

– Дәрiгердiң осы iстегенi дұрыс па, Вася! – деп, Поповпен сыбырласып отырған Қайсеновтiң қарсы алдына кеп тұрды. Қайсенов алғы кезде сұрақ мәнiн ұқпай қалды ма, сәл аңырып:

– Куәлiк бергенiн сұрап отырсыз ба? Оның берген куәлiктерiне немiстер сенетiн болса, қағазды аяй ма, бере берсiн! – деп тiсiн ақсита күлдi де, мәселенiң елеулi екенiн сезiп, сөзiн түзедi. – Әйткенменен түбiн ойлаған жөн. Бiр сарынды жазылған куәлiк сөздерi күдiк туғызып қалуы ықтимал. – Қайсенов командирдiң ойындағысын тапты ғой деймiн, Примак қолын сермеп, сөйлей жөнелдi:

– Мiне, Вася, дұрыс айтасың, егер немiстер бiр куәлiкке шек келтiрсе, олар бәрiн тексередi. Өз басыңа төнетiн қатердi айтпағанның өзiнде, жүздеген адамды құтқарған еңбегiң зая кетуi ықтимал. Сенiң ол адамдарыңды бiз бүкiл отряд боп жабылсақ та босата алмаймыз. Дәрiгерлiк куәлiктен басқа амал табыңдар, қандай тәсiл жасауды өздерiң ойлап көрiңдер, – дедi де, Қайсеновке қарап:

– Вася, сенiмдi адамдар табуға Крячекке көмектес! – дедi.

– Адам перiште емес қой, оның өзiнен басқа жан бiле қоймайтын кiнәлі қылығы, құбылмалы мiнезi болады, осы алақұла мiнездерiмен адам маған әдемi көрiнедi. Өмiрде жалтақ боп, бiр сарынды тiршiлiк кешкен кiсiнiң өмiрi қызықсыз ба деп ойлаймын. Бiздiң партизан отрядын­ дағылардың көбi жаудың қоршауында қалған, тұтқын лагерiнде отырған адамдар ғой. Олардың бәрi бiрдей «жаралы болып» қолға түскен адамдар емес, кейбiрi өзiнiң Отан алдындағы күнәсін, мүлт кеткен жерiн бiледi. Кiсiге жарық дүниеден тәттi дәнеңе жоқ. Аз күнгi тiршiлiк адамға не жасатпайды дейсiң, оның бәрiн термелеп жинап, кiсiнiң бетiне салық етуге болмайды. Бұған кiнәлi құрғыр соғыс қой! – деп, Алексей Васильевич кең тыныс алып, сөзiн жалғастырды. – Бiрақ Васяның мiнезi, жүрiс-тұрысы сол отрядтағы адамдардан өзгешелеу көрiнетiн маған. Дүниеде мынадай адамдар болады: сырттай ақжарқын, сабырлы көрiнгенмен, iштей өртенiп, тулап, алабұртып қайнап тұрады. Сол ашу бұрқырап сыртқа шыққанда, оны мүлде танымай кетесiң, аянбай арыстанша алысып, жауын қырыпжойып жiбередi. «Ойпыр-ау, өзiң қалай тiрi қалдың?» – дегенде: «Бiр құдай сақтаған шығар, қайдан бiлейiн!» – дей салады. Өжеттен өлiм сескенетiнiн бiлмейдi. Мен Васяны сондай мiнездi жанға ұқсататынмын. Әйткенмен ол да адам ғой, оның да жаңсақ жерлерi жетедi…

Қайсенов өзiнiң басынан кешкендерiн естелiк кiтаптарында келтiрiптi. Мен ол оқиғаларды қайталамай, кейбiреуiн толықтырып айтамын. Бiздiң үйге алғаш келiп кеткен күннiң кешiнде Николай Попов екеуi полицайлардың қолына түседi. Абайсызда қамалып қалғанына налыған Попов: «Эй, Вася-ай, байғұс Крячек кешкiтұрым жүрiңдер деп зарлап едi, осындай болатынын сезген екен ғой. Бiздiң дәмiмiз бiткен шығар, ендi бұл қапастан құтыла алмаспыз», – дейдi. Шалқасынан түсiп, жалғыз тал сабанды тiстеп, төрткөз терезеге қарап жатқан Қайсенов: «Бұл иттердiң соңымызға түсiп, аңдығанын қайдан бiлейiк, байқауымыз керек едi, өйтпедiк, өзiмiзге де обал жоқ…» – дейдi. «Не iстеймiз, Вася» – деген Поповтың сөзiне Қайсенов үндемейдi. Полицай болып немiске жарамсақтанып жүргеннiң бәрi кешегi бiрге қызмет iстеген адамдар, оларды алдау қиын, ниетiңдi, сыр-жапсарыңды бiледi. Мұндай жағдайда қалай жасау керек? Әрине, бiр-ақ жол бар…

Попов осы оқиғаны былай есiне алады.

– Дәрет сындырған соң полицай менi қайта айдап келе жатқан. Түрменiң есiгi ашылған кезде Вася оқша атылып, күзетшiге жармасты. Полицайдың айқайлауға мұршасы келмедi, қор ете қалды. Оны өз қанжарымен Вася шапшаң бауыздап жiберген екен. Мен сасып қалдым, өйткенi полицайды өлтiрiп, қашайық деген сөз бiздiң арамызда болған жоқ едi. Васяның: «Неге тұрсың? Қаш, кұтыл!» – деген сөзiн естiгенде барып, есiмдi жинадым. Кейiн: «Маған неге айтпадың, жазым боп жүрсең қайтедi», – деп өкпелеп те жүрдiм. Неге олай еттiң десем, қарқылдап күледi, өзi қызық, жөнiн айтпайды.

Николай Попов та Қайсенов сияқты партизан отрядының командирi болатын. Қарулас жолдастың көңiлiнде кiрбiң болмағаны жөн ғой. Бiр жолы Қайсеновке Поповтың осы әңгiмесiн айтқанымда, ол былай дедi:

– Әй, Алексей Васильевич-ай, адам мiнезi қызық қой, – деп, иығыма жалпақ алақанын салды. – Мен полицайды өлтiрiп қашайық десем, ол: «Осымыз дұрыс па, егер iсiмiз сәттi шықпаса қайтемiз, кiнәмызды ауырлатып алмаймыз ба?» – деп ұзыннан-ұзақ талқыға салады, уайымдайды, iстi бастағанша берекесi кетедi. Кiсiнi бүйтiп қинағанша, айтпай аяқ астынан қимыл жасаған дұрыс. Әдетте қарулы дұшпанмен бетпе-бет кездескенде, қаншама өжетпiн деген адамның өзi сасып қалады. Бiрде Козино селосының комендантын өлтiремiз деп iздемеген жерiмiз қалған жоқ. Үйiне де, кеңсесiне де бардық. Комендант оқыс алдымыздан шыға келгенде, жiгiттер дағдарып қалды. Сәл кiдiргенде, ол бәрiмiздi жайратып салатын едi. Тегi, саспаған жөн ғой…

Әйтеуiр Васядан оқ жалтаратын. Примак екеуi Шевченко заводына атпен барғанда аңдыған полицайлардың қоршауында қалып, бiреу шылбырын ұстап тұрып атқанда да, Қайсеновке оқ дарымаған. Осындай оқиғалар партизандардың ортасында аңыз-әңгiмеге айналып кеткен едi. Примактың өзi «Васямен жүрген кiсiнiң жолы болады», – дейтiн. Ол Қайсеновтің атын атағанда, «Менiң де жолым болады екен» деп ойладым.

Қайсенов Примактың әлгi сөзiне:

– Иван Кузьмич, бiздiң дәрiгерiмiздiң өзi тұйықтау адам, сенiмдi кiсi тауып бер дейсiз, әйел жыныстыны қарастырып көрсек қайтедi, тiлiн шығарып үйретсiн, – дедi. – Примак не десiн, күлдi де қойды.

– Мейлiң, тек екеуi ынтымақтасып жұмыс iстейтiн болсын!

– Қандайы керек? Үлкенi ме, кiшiсi ме? – деп, Вася оңаша шыққанда менi тағы қылжақ ете бастады.

– Өзiң қызық екенсiң, Вася – дедiм мен шамданып. Бiреуге бас қайғы боп жатқанда сен күлесiң, бiзге маңызды тапсырма берiлiп отыр ғой.

Қайсенов карқылдап суық күлдi.

– Ех, Алексей Васильевич, күлкi жойылған жерде iс те оңалмайды, жабырқау, күйгелек кiсiнiң берекелi жұмыс жасағанын көрдiң бе? – дедi ол сәл ойланып тұрып: – Сөйтiп, iске кiрiсемiз бе? Жақсы, сiздi бiреумен жолықтырайын, өзi былай жаман адам емес, қолынан iс келетiн сияқты.

Ертеңiне Қайсенов жасы отызға жетпеген тығыршықтай аққұба жас келiншектi ертiп келдi. Есiктен кiре таныстырып жатыр.

– Надежда Воронецкая, осы жердiкi, Трахтомиров селосында туған, Киевтен келдi.

Воронецкаяның жүзiн шырамытам. Қайда көргенiмдi есiме түсiре алмай тұрмын. Ол да менi танитын секiлдi, бетiме қарап күлiмдей бередi.

– Алексей Васильевич, жаңылмасам, сiздi осылай атайтын шығар.

– Ия, ия, – деп бас изеймiн.

– Есiңiзде ме, былтыр вокзалдың iшiнде кездесiп едiк қой. Ия, немiс солдаттары тәлкек қып жiбермей тұрғанда сiз келдiңiз.

– Ә-ә, есiмде бар, – деп Надяның қолын алдым. – Бұл жаққа қашан келiп қалдыңыз?

– Қалай десем болады, жалпы келгенiме бiр айдан асты. Бiрақ осы уақыттың iшiнде Киевке тағы барып қайттым. Сондай тапсырма берiлген едi.

– Менсiз-ақ өздерiң бiр-бiрiңдi таниды екенсiңдер. Мен жай, босқа әуре боп жүр екенмiн ғой, – деп Қайсенов жайдарыланып қалды.

– Солай Вася, бiз ежелгi таныстармыз, – деп күлдi Воронецкая.

– Киевте қандай жаңалық бар? Мен содан кейiн бара алмадым, – дедiм күрсiнiп.

– Қалада соңғы кезде тұру қиын боп кеттi. Күн сайын тұтқынға алып, қамап жатады. Қашан алып кетер екен деп зәрең қалмайды. Үреймен тiршiлiк кешесiң. Оның үстiне көршiмiз жайсыз кiсi болды. Келiмдi-кетiмдi кiсiлердi тiркеп, гестапоға хабарлап отырыпты. Бiз оны бiлмеппiз.

– Құтқарған кiсiлерiң кiм едi? – деп, Воронецкаяның сөзiн бөлдiм.

– Лагерьден қашқан тұтқындар болатын. Бұлардан басқа еврейлер де болды. Мұның бәрiн жан адам бiлмейдi деп жүрсек, әлгi жансыз гестапоға жеткiзiп отырыпты. Асханадан шығып келе жатқанымда, бiреу бүйiрден тұспалдай жүрiп, қатарласып келдi де: «Үйiңiзге бармаңыз, онда сiздi гестапошылар күтiп отыр» – деп жанымнан өте шықты. Жүрегiм тас төбеме шықты. Сонда да әлгi кiсiнi қуалап барам: «Сiз кiм боласыз?» – деп аты-жөнiн сұрадым. «Бiз Ирина тобының адамымыз» – дедi.

– Тоқтай тұр, Ирина дейсiң бе? – деп, Воронецкаяның қолын ұстай алдым.

– Ия, солай, немене, сiз ол кiсiнi бiлетiн бе едiңiз? – дедi Воронецкая таңырқап.

– Ия, – деп басымды изей бердiм. – Ия, мен оны баяғыдан берi бiлемiн. Вася, сен қалай ойлайсың, гестапошылардың қанды шеңгелiнен кiсi құтыла ала ма?

– Құтылмағанда несi бар, – дедi Қайсенов жайбарақат сөйлеп. – Бұл бас, кесерлердiң көзiн жоюға да болады.

Мен Иринамен қалай танысқанымды айтқанда, Қайсенов:

– Мынау бiр қызық оқиға екен. Онда бiз алдағы iсәрекетiмiздi соның атымен аталық. «Ирина» операциясы десек қайтедi, келiстiк пе? – дедi.

– Ирина атымен аталатын операция осылай туған едi, – деп, Алексей Васильевич Крячек әңгiмесiн қызықтыра түстi. – Жоспарды Қайсенов өзi жасады, қорытындысын мен оған хабарламақ болдым.

Воронецкая сәл мұңайып, ойланғандай болды.

– Уайымдама, Надежда, сәтсiз оқиға бола қалса, бiз қасыңдамыз, көмекке келемiз, – дедi Қайсенов қоштасып жатып.

– Операцияға қашан кiрiс дейсiз? – дедi Воронецкая.

– Бiр минут та кiдiруге болмайды, мүмкiндiгiң болса, қазiрден бастап қолға ал.

… Трахтомиров селосының старостасы Бабак бойы мен енi бiрдей төртпақ жалпақ сары кiсi. Жасы елуден асса да, сақал-мұртын күзеп, әрлi келiншектердiң соңынан қалмай, қылжақтап жүредi. Кейбiреулерiне жiп тағып, «менен басқа денi дұрыс еркек жоқ, бұл құрғыр көнбегенде қайда кетедi, жай, бәлсiнiп, бұлданып жүргенi де, қулық жасамаса қатын бола ма?» – деп күпсiнiп қояды. Өзiмен жылы сөйлескен әйелдердiң бәрiнiң көңiлi ауып тұр деп ұғады. Құдықтан су алып жатқан балдырғандай жас келiншек өзi кеп ұрынғанда, Бабак терiсiне сыймай жарылып кете жаздады.

– Жарқыным-ау, перiште боп аспаннан түстiң бе? Бұрын сенi қалай көрмедiм! – деп, қолтығынан түртiп қалады.

– Ойбай, ұят-ты! – деп, келiншек шошыған боп, бұраң етiп, бөксесiн тақай түседi. Бұрыла қарап, наздана сөйлейдi:

– Селодағы қатын жалғыз мен бе? Жесiр көп, әрқайсысының соңына бiр түсiп жүргенде, көрмей қалғансыз ғой. Мұнда тұрғаныма айдың жүзi болды. Содан берi қалайша көрмей қалдыңыз екен?

– Қой, оның бекер болар, басқаны көрмесем де, сенiң алтын жүзiңдi алыстан ажыратармын-ау! – деп, Бабак кәдiмгiдей дәмеленiп тұр. – Шыныңды айтшы, қай үйге тоқтаған едiң?

– Бердаус дегеннiң үйiнде тұрам, оны бiлетiн бе едiңiз?

– Федор Евдокимовичтi ме, қалай бiлмейiн, өзiм староста боп тұрып, мұндағы тұрғындарды бiлмесем не болғаны! Құр былжырап сөйлей бергенге аңқау екен деп ойлама. Кiмнiң қалай тыныс алатыны маған мәлiм. – Бабак басын изеп, көзiн қысып қалды.

– Плитаға сүт қойып кетiп едiм, ойбай-ай, ұмытып кетiппiн ғой, тасып кеткен шығар, – деп, келiншек шелегiн көтере бергенде, Бабак жолын кес-кестеп тұра қалды.

– Сенiмен оңаша жолығысуға бола ма? Ең болмаса осыңды айтып кетшi!

– Таныспай жатып асыққаныңыз не? – деп, келiншек үмiтiн үздiрмей көз астымен қарап, күлiп қояды. – Ендi жолымды бөгегенiңiз келiспес, кiсiлер қарап тұр. Осындасыз ғой, бiр сәтi түсер.

– Ризамын, жаным, – деп, Бабак шегiншектей жүрiп қала бередi. Бұл көрiнiстердi терезеден қарап, бағып тұрған Бердаус келiншек үйге кiргенде:

– Қалай, Надя, келiстiң бе? – деп аптыға сұрады.

– Аузынан ханжа иiсi шығып тұрған сасық кеңiрдек бiрдеме екен. Кiсi сөйлесуге жиренедi, – дедi Надежда Воронецкая шелегiн қойып жатып.

– Тапсырмаң өте асығыс әрi жауапты дедiң ғой, басқаны қайтесiң, оған күйеуге шығып жатқан жоқсың, келген шаруаңды бiтiрсең болды да, – деп Бердаус жөн сөзiн айтты.

Федор Евдокимович Бердаус Воронецкаяға жиеншар боп келедi. Надежда өзiне шұғыл тапсырма берiлгенiн айтқанда, ол:

– Үй-жай өзiңнiң қарауыңда, қолымнан келетiн басқа жәрдемiм болса, оны да аямайын, именбей әрекетiңдi жасай бер! – деген болатын.

– Асыққанмен бола ма? – дедi Воронецкая күрсiнiп. – Жолыққан сәтте ыңғай көрсете қойсам, күдiктенiп жүре ме деп сескендiм. Мейлi, бiр-екi күн өтсiн, бәлкiм оның өзi бұл үйге келер, сонда сөйлесiп, келiсермiз.

– Бұл да жөн екен, – дедi Бердаус. Воронецкаяның айтқанындай, екi күннен кейiн Бабак келдi.

– Не iстесең де өзiң бiл, Надежда Ивановна, сенсiз бiр минут тағат тауып тұра алатын түрiм жоқ. Бүгiн ауданға тiзiм жiберуiм керек едi. Оны да жасай алмадым, бүгiнгi күнiм бекер кеттi, соның орнын өзiң толтыр. – Өзi iшiп алған, аздап мас.

– Жiбермек болғаныңыз не қылған тiзiм? – дедi Воронецкая аңқаусып. – Немiстер тiзiмдi не ғылсын, ерiккен соң сұратып жатқан да.

– Ойбай, олай деп айта көрмеңiз, Германияға жөнелтiлетiн жастардың тiзiмi ғой, олар бұған қатаң қарайды, – деп Бабак түсiндiрген боп жатыр.

– Сiз оларды босата аласыз ба?

– Iлмек бас қара кресi бар мөрдi бассам, әрине, босатады, – деп, Бабак қозғалақтап теңселiп отырды. – Бiр басқа берген билiгi жетедi, Надя, тек сол құрғырды өзiм пайдалана алмай, рәсуа етiп жүрмiн. Басқа бiреудiң қолына мендегi билiктi берсiншi, бiр сәтте дүниенi шыркөбелек айналдырып жiберер едi.

– Әйелдерге өтiмдi болғаныңыз да жетпей ме? Басқа мансапты қайтесiз! – деп, Надежда қызғаншақтық бiлдiргендей шырай көрсетедi. Қатын арасында қадiрiм мол-ay дегендей Бабак қодырайып, көтерiлiп қалды.

– Өзiң бiр ұялатсаң, басқа қатындарды қайтейiн, оларды сенiң басқан iзiңе тең көрмеймiн, сенен садағасы кетсiн, – деп, Бабак құшақтауға ыңғайланады.

– Қойыңызшы, сiзге не болған, үйде кiсi бар ғой, – деп Надежда Бабактың қолын қағады, бiрақ бiршама әрмен итерiп тастамай, денесiн қозғаған боп, саусақтарын шымшылайды.

– Үстiп телмiртiп қоясың ба, жаным-ау, уәделi сөзiңдi айтсаңшы, – дейдi Бабак. Надежда ауыз үйде бiр нәрсенi жасаған боп күйбектеп жүрген Бердаусқа қарайды. Ол көзiн қысып, басын изейдi.

– Бақандай бiр селоның старостасысыз, бұлай салпақтап жүруiңiз үлкен басыңызға лайық емес, – дедi Надежда Бабактың мақтауды ұнататынын аңғарып. – Босқа әуре болмай, бiр жүйесiн табалық. Алдағы сенбiде келiңiз, жайласып отырайық, әңгiмелесейiк.

– Рақмет, Надя! – Бабак келiншектiң сүйiр саусақтарын қысып-сүйiп кеудесiне басады. – Күн тезiрек батып, тезiрек шықсын, сенбiге жылдамырақ жеткiз менi деп бiр құдайдан тiлейiн, қош, жаным!

Бабак есiктен шығып кеткенде, Бердаус:

– Өз басын ала алмай жүрiп, бұл иттiң қатыншылын қарашы! – деп, старостаны сыртынан келiстiре бiр боқтап алды. – Бұқаның өзi қартайса да, мұрыны қартаймайды деген осы екен-ау! Көзiнен сорасы ағып, сүйретiлiп жүрсе де, иiскеуiн қоймайды…

– Бекер кiжiнiп қайтесiз, Федор Евдокимович, онсыз да маған ауыр екенiн ұқсаңызшы, – деп Надежда бетiн саусағымен басып, күрсiнедi. – Оны қарсы алудың қамын жасайық. Әрине, мен онымен оңаша қала алмаймын, қасымда бiреуiңнiң болғандарың дұрыс.

– Антонинаға айтып көрейiк, – дедi Бердаус өзiнiң қарындасының атын атап. – Артық сөзiңдi бiлмейтiн, аузына берiк адам. Екi бiрдей бойдақ әйелдiң қоршауында отырған соң старостаның көңiлi тасып, бәрiн ұмытар…

– Бұл сөзiңiз құлаққа кiредi, қасымда өзiмiздiң адамдардан бiреу болса дұрыс па деп едiм, өйтсек бәрiн бүлдiрiп алуымыз мүмкiн екен. Әйткенмен жолдастарға хабарлап қойсаң қайтедi?

– Өзiң бiл, шырақ, бұл жөнiнде мен өнерсiз адаммын, – дедi Бердаус.

* * *

            – Трахтомиров селосындағы бұл оқиғаларды байланысшы Лена арқылы есiтiп жатқанбыз – дедi Алексей Васильевич, азырақ тыныс алған соң әңгiмесiн жалғастырып.

– Надеждаға не айтайық, операция сәттi аяқталсын деп тiлеу тiледiк, асығыспен күтiп отырғанымызды айттық. Жүрер алдында Лена босағаға сүйенiп тұрып:

– Алексей Васильевич, орманға кетпейсiз бе? – дедi.

– Маған мұнда да жаман емес, орманға барып қайтемiн. Әзiр ешкiм мазалап жатқан жоқ қой, оны несiне сұрадың? – дедiм.

– Жай, әншейiн, – дедi Лена мұңайып. – Эшелонды қиратқаннан берi фрицтер өшiн жiбергiсi келмейтiн көрiнедi. Станция маңындағы селоның тең жарымын қамауға алыпты. Бүгiн бiр топ жазалаушы отряд Днепрдiң аржағына тағы кетiптi деп есiттiм. Мен сескенейiн дедiм. Әйткенмен Ленаның көңiлiн жұбатып жатырмын.

– Қой, қайдағыны айтып қайтесiң? Егер немiстер iзiмiзге түсе қалса – орманға кетемiз, бекер уайымдама, одан да Трахтомировкаға тезiрек барып қайт, бәлкiм, Надеждаға көмектесерсiң, ол жақ тыныштау көрiнедi ғой.

– Бүгiн кешке жүрiп кететiн шығармын. Астыртын комитеттiң берген шұғыл тапсырмасы бар.

Надежда Воронецкая Ленаны күте алмады. Сол түнi Ленаны немiстер ұстап әкетiптi. Қай жерде, қалай ұсталғанын ешкiм бiлмейдi. Жандармдардың айдап алып бара жатқанын Проценко көрген. Лена ұзақ қарап, Проценкомен қоштасып қалған сияқты. Сол түнi Проценко балаша жылады.

Лена астыртын комитеттегi адамдардың бәрiн бiлетiн. Соңғы екi жылдың iшiнде комитет шешiмiн оларға жеткiзiп, хабарлап тұрды. Ленаны гестапошылардың ұстап әкеткенiн комитет мүшелерiне жеткiзгенiмiзде:

– Жолдастар, опасыз бiздiң өз iшiмiзде, бiзбен күнбекүн қоян-қолтық араласып жүрген адам, – дедi Қайсенов орнынан ұшып тұрып. – Ол өзi әшкереленбеу үшiн Ленаны көрсеткен. Ең алдымен арамыздағы арамзадан құтылуымыз керек. – Қайсеновтiң бұл сөзiне Примак та, Ломако да, комитеттiң басқа мүшелерi де ләм демедi. Iште бiр шикiлiк барын бәрi сезетiн секiлдi. Бiрақ кiм опасыздық жасап жүр? Ешкiм айта алмайды.

– Қауiп төнген кiсiлердiң бәрi отрядқа кететiн болсын, жағдай анықталғанша, астыртын жолығатын пәтерлерге баруға тыйым салу керек. Бұл жерде Қайсеновтiң айтқаны дұрыс. Арамызда бiреу дұшпанға қызмет етiп жүр. Онымен айрықша бөлiм айналыссын, – дедi, Примак Бычковқа қарап. – Андриан Павлович, бiзге сол жансызды қайткенмен де тауып берiңiз, қалай жазалайтынын өзiмiз бiлемiз! – Примак шет жақта түрегеп тұрған менiң қасыма келiп, иығыма қолын салды.

– Алексей Васильевич, бұл жолы да сiзге осында қалуға тура келедi. Дәрiгер адамсыз, әркiм келе берер деп күдiк алмас, басқа адамның ыңғайы жоқ. Қалада не боп жатқанын өзiңiз арқылы бiлiп тұрамыз. Сiз кетсеңiз, мүлде байланыссыз қалатын түрiмiз бар.

– Мейлi, солай-ақ болсын! – дедiм мен.

– Алексей, қорықпа, бiр нәрсе бола қалса, қайдан болса да құтқарып аламын, – дедi Қайсенов, қолымды қысып қоштасып жатып. Мұндай кезде жолдастың сөзi үлкен медеу, қуат қой.

– Рақмет, Вася! – дедiм.

… Астыртын комитет әбiгерге түсiп жатқанда, Надежда қаннен-қаперсiз, «өзiнiң старостасын» күтiп отырған едi. Есiктен тойған үйрек секiлдi маймаңдай басып, домалана кiрген Бабак жеңiл киiнген екi келiншектi көргенде:

– Қор қыздары сендерден садаға кетсiн, нағыз перiште өздерiң емес пе? – деп, құшағын жая ұмтылады. – Келшi! – Қолындағы түйiншегiн тастап, екi әйелдiң қолын кезеккезек сүйедi.

– Мынау дорбаңыздың iшiнде не бар? – дедi Надежда сытыла орнынан көтерiлiп. – Көруге бола ма?

– Әрине, болады, – дедi көңiлденген Бабак, – өздерiңе әкелген сыйым ғой. Iшiнде шошқаның майы, жұмыртқа, самогон да бар. Байқа, шишаны сындырып алма!

– Қонаққа келiп ашығып қаламын деп қорықтыңыз ба? Мұныңыз не? – дедi Антонина бұлдана сөйлеген боп. – Әлде бiздi уақ-түйек нәрсеге сатыла салатын арзан әйел деп ойлайсыз ба?

– Қайдағыны айта көрме, жаным, сендердi жезөкше көр­сем, үлкен басымды қор етiп келемiн бе мұнда!

– Құр дау азық бола ма, келiңдер, отырайық! – деп, Надежда ымыраға келтiрген болады. Столдың үстiне екi шөлмек самогон қойылған соң, оған Бабак әкелген бiр шөлмек тағы қосылды. Бабакка стаканға, өздерi рюмкаға құйып iшедi. Бiр-екi рет iшкеннен кейiн әңгiме қыза бастады. Ата тегiнен берi қарай қозғап, Бабак көкiп жөнелдi.

– Осында оқығандар аз дейсiң бе? Совет кiм көрiнгендi оқытты ғой. Бiрақ солардың iшiнен менi талғап алған жоқ па? Тегiмiз жарыған, бай болған адамдар, түбiнде жарымаған адамнан не шықсын.

– Староста болу кiм көрiнгеннiң қолынан келе бермейдi, немiстер бiледi, – деп, Надежда қасақана көтермелей түседi.

– О-о, тура айттыңыз, осы күнi бұзылған елдi басқару оңай емес. Бұл жұртта да иман жоқ, қайдағы бандиттердi қолдап, тыққыштап әуре боп жүредi. Мен ондай кiсiлердi бiлемiн. Қайсы үйге кiмдердiң келгенiн, қанша уақыт болғанын қағазға түсiрiп жүрмiн. Бәрiнiң басы қосылғанда тыпырлатып ұстармын-ау! Бабак аңқау сорлы деп ойламаңдар!

– Ол үйге келген кiсiлер мына бiз секiлдi жай әңгiмелесiп отыруы да мүмкiн. Бiреудi бекер күйдiруге бола ма? – дедi Надежда.

– О, не дегенiңiз, олардың терiс сөздерiн одан бұрын да тiркеп жүрмiн ғой, онда менiң адамдарым бар, бiлгiң келсе, атын айтайын? – деп, Бабак Надежданың құлағына сыбырлады.

– Ха-ха-ха, түу, құлағымды жыбырлатып жiбердiңiз, – деп, Надежда қытығы келгендей шегiншектейдi. Бабак стол астынан қол жүгiртiп, Надежданың о жер, бұ жерiн бiр ұстап, ол бұлқына қалса, құшақтай түседi.

– Антонина, берi жақын отыршы, мына кiсi есiнен танайын дедi бiлем, тiптi мазамды кетiрдi, – дедi Надежда.

– Мен… Мен бе? – дедi Бабак басын шұлғи көтеpiп. – Мен ондай адам емес. Түсiндiң бе? Сен маған тисең, бiз қандай бақытты болар едiк. Бiздiң жеке меншiк қорамыз, шошқамыз, сиырымыз, тауығымыз болады. Мен торайларды жақсы көрем. Қорсылдаған жас торайлардың қораңнан шұбап өрiп бара жатқаны қандай жақсы. Мен оларды өзен жағасына айдап салам. Сен есiк алдында табалдырықтың үстiне шығып қарап тұрасың… Бiз дүниедегi ең бай адам боламыз. Солай емес пе, Надя?..

– Сол үшiн iшелiк! – деп, Надежда стаканын көтердi.

– О, мен дайынмын! – Бабак стакан толы самогонды сiмiрiп салды. – Солай, Надя! Бiз дүниедегi ең бай адам боламыз. – Бабак далаға шықпақшы болды ма, орнынан тұрып едi, тәлтiректеп барып, диванның үстiне қылжия құлады. Надежда бiр стакан самогонды апарып, iшесiң бе деп едi, ол сөйлеуге мұршасы келмей ыржиып күлдi. Аузына құйған самогонды қақалып-шашалып жұтып жатты. Әлден соң бүк түсiп, қор ете қалды.

– Өзi бiр әлiн бiлмейтiн сорлы неме екен, әбден мазамызды кетiрдi ғой, ендi тұрмайтын шығар, – дедi Антонина ыдыс-аяқтарды жинап жатып.

– Дастарқанды жинамай-ақ қой, өзiнiң iшкен-жегенiн көрсiн, кейiн дәрi берiп ұйықтатып тастадың деп дау айтып жүрер. Бұлардан барлық жаманшылықты күтуге болады, – дедi Надежда Бабактың қалтасына қолын жүгiртiп. – Әлгi қағаздарың қайда, шапшаң әкел, мөр қолға тигенде аямалық. – Надежда ақ бланкаға iлмек айқыш кресi бар дөңгелек мөрдi сартылдатып баса бастады.

– Бүйтiп әуре болғанша, бұл мөрдi ұрлап алсақ қайтедi, ертең сұраса, көрген жоқпыз дей салармыз, – дедi Антонина.

Надежда басын шайқады.

– Ұрлап алынған зат кәдеге жарамайды, бұл бiр, екiншiден, өзiмiзге күдiк келтiрiп қайтемiз. Бұл мөрмен олар да, бiз де пайдаланайық…

Бабак мылтық дауысынан шошып оянды. Таң атқан екен. Орнынан жалма-жан тұрып, қалталарын қарады, мөрiн сипалап көрдi. Надежда мен Антонина пеш үстiнде, сығалап қарап жатқан. Антонина секiрiп жерге түсiп:

– Түнде менi әбден мазаладыңыз-ау, сiздi қонақ еткен мына кiсi едi, оған қарамадыңыз, әбден ұят болды, – дедi.

– Қойыңызшы, шынымен солай iстеппiн бе? Масқара болған екенмiн. Надежданың өзi бұған не дейдi?

– Не десiн, сiзге ашуланды да, жатып қалды. Артында дайын тұрған бiрдемелерiң болмаған соң, қатынға құр кiдiңдеп қайтесiңдер, – деп Антонина одан әрмен қажай түстi. Осы кезде тағы да мылтық атылды.

– Мынау не, Антонина, қайда атып жатыр? – дедi Бабак елеңдеп.

– Ит бiлсiн бе, староста сен бiлмегенде мен қайдан, бiлейiн. Кеше қызылдар десант түсiрдi деп жүр едi, бәлкiм, солар шығар, – дедi Антонина өз сөзiне мән бермегенсiп.

– He дейдi, қызылдар дейсiң бе?! – Бабак үйден атып шықты. Надежда екi күннен кейiн немiстiң мөрi басылған қат-қат бланкелердi әкелдi.

– Рақмет, Надя, ендi бiздiң жастарымыз ешқайда бармайды, бәлкiм, кейiн бiлсе, рақметiн айтып жүрер, – дедiм мен.

– Ленадан хабар бiле алдыңыздар ма? – дедi Надежда.

– Оны саған кiм айтты? – Мен таңданып қалдым.

– Бабак айтты, бiздiң отрядта оның адамы бар көрiнедi. Бүркеншек аты – «Ақсақ». Бiзде сондай адам бар ма?

– Ондай лақап аты бар кiсiнi естiгенiм жоқ, әйткенмен бiлiп келгенiң жақсы болған. Опасыз адамның кiм екенiн тауып алар өздерi!

– Отрядқа тезiрек хабарлайық, тағы зиянын тигiзiп жүрер, – дедi Надежда.

– Лена болса анадай күйге ұшырады. Ендi өзiңнен басқа қолайлы адамның ыңғайы болмай тұр.

– «Ирина» операциясы осымен тәмамдалды десеңiз, онда мен барайын, – дедi Надежда.

Сол түнi ол орманға кеттi.

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...