Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ. «ЕСКІ ГВАРДИЯМЕН» КЕЗДЕСУ

Сейдахмет «Жақыпжан, машинаға отыра бер» деп, өзі газет киоскісіне қарай бет алды. Артқы орынға жайғаса бергенімде, шопыр Василий:

– Куда едем, Жаке? – деп суыртпақтап сұраған болды.

– Я и сам не знаю, – дедім шынымды айтып. Сейдағаңның кейбір мінезі маған да жұмбақ боп көрінеді.

Бірде Медеу шатқалына апаратын бұралаң жолға түстік. Жоғары өрлеп келе жатқанымызда Сейдахмет шопырға «осы жерде тоқта» деп белгі берді. Көліктен түскесін жүксалғыштан бір бума газет алды да, Николайға: «Бір сағаттан соң бізді алып кет», – деді. Жол жиегінен шеткерірек биіктеу жерге қолындағы буманы жазып, жалпақ етіп төсеніш қылды да: «Жақыпжан, кел, отыр», – деп, қасынан орын берді. Үн-түнсіз отырмыз. Сүтпісірімдей уақыт өткенде шыдай алмай:

– Сәке, маған бір әңгіме айтпақшы ма едіңіз? – деп сұрадым.

– Әңгімеден басқа әңгіме жоқ па? Тыныштықта отырып ойға берілейік, – деді ол алыстағы көкжиектен көз алмастан.

Келесі сәтте өзім де қалайша терең ойға шомып кеткенімді сезбей қалдым. Қайтар жолда басыма қызық ойлар келді.

«Пәлі, оңаша отырып ойлану мен кісімен бірге отырып ойға бату екі түрлі нәрсе екен ғой, өзі. Сырт қараған адамға медитация жасап отырғандай болып көрінер. Әйтсе де йогамен айналысатын адамдардың медитациясының жөні бөлек қой. Медитация кезінде алдыңа белгілі бір мақсат қоятының түсінікті. Ал біз еш мақсатсыз, жай ғана ойға шомып, жайбарақат отырдық. Сейдағаң екеуміз әрқайсымыз өз жөнімізбен әртүрлі ойда отырсақ та, бейне бір іштей сұхбат құрып сырласқандай болдық» деп ғажаптандым.

Осы сәтте Сейдахмет келді де:

– Коля, на Медеу, ресторан «Жайлау», – деді алдыңғы орынға жайғасып жатып. Менің сұраулы жүзіме қарап:

– Жақыпжан, бүгін лениншілжастық «ескі гвардиямен» кездесу болады. Кемел ағаң мен Шерхан ағаңды (Тоқаев пен Мұртазаны айтады) шақырып отырмын. Әңгіменің байлауын осы екі мықты ағаңнан күтейік, – деп жұмбақтады.

«Ескі гвардия» дегені қызық екен. Кемекеңе меңзегені ме? Олай болса Сейдағаң өзінің құрдасы Шерағаңды да «ескі гвардияға» қосып отыр ма? Әлде маған қаратып: «Сендер «жас гвардия» болсаңдар, біз «ескі гвардиямыз» деп әзілдегені ме?» деген ой келсе де, сұрауды ыңғайсыздау көрдім.

Артынша ол:

– Кемел ағаңның кітаптарын оқып па едің? – деп сұрады.

– Былтыр ғана шыққан «Сарғабанда болған оқиға» кітабын оқыдым, Сәке, – дедім еш ойланбастан тақ ете түсіп.

– Е-е, әрине, сен жассың ғой, біле де қоймассың, – деп, Сейдағаң бір әңгіменің басын қылтитып қойды. – Ертеде Кемекеңнің бір повесі жарияланған «Лениншіл жасты» Мойынқұмдағы бір бас бухгалтердің үйінде жұрттың жапатармағай оқып жатқанын көріп таңғалып едім. Сонда өзім «Қазақстан пионері» газетінің редакторы болатынмын. Көркем тілмен жазылған очерк, деректі әңгіме, повестің жұрттың назарын айрықша аударатынын ойға түйдім. Қанша дегенмен біздің көзіқарақты оқырман қауым көркем дүние мен деректі сөздің, яғни документалистиканың аражігін ажырата алады ғой.

– Кемел аға жазушылардың ішінде документалистика емес, детектив жанрын игергенімен ерекшеленіп отырған жоқ па? – деп сұрадым мен Сейдағаңның айтқан уәжімен келісіңкіремей.

– Иә, Кемекең – қазақ әдебиетінде детектив жанрын тұңғыш рет терең игерген жазушы. Бірақ документалистикаға ең жақын жанр да – осы детектив, – деді ол мені едәуір ойландырып қойып. Жол бойы «расында да, солай ма» деген сұрақтың жетегінде қала бердім.

«Шынында да, ә дегенде жұртты еліктіре жөнелетін шытырман оқиғалы шығармалардың көбі нақты дерекке құрылатыны бесенеден белгілі емес пе? Осы өзіміздің милицияның күнделікті тіршілігінде өтіп жататын оқиғаларды алып, белгілі бір қисынға салса, детектив емей, немене? Әрине, оқырманды түрлі шырғалаң жолдарымен жетелеп отыратын шым-шытырық оқиғаларға толы шығармалардың өзіндік ерекшелігі болатыны рас. Детективте нақты деректер мен дәйектер басым болып келеді. Суреттеу аз. Ал шығармадағы суреттеудің аздығы жазушы ойының жайдақтығын не тілінің жұтаңдығын білдірмесе керек. Ол бар болғаны жанр ерекшелігінен туындайды. Суреттеймін деп отырып, бір сәтте оқырманды зеріктіріп алуың да әбден мүмкін ғой. Десе-дағы, детективті шығармалар да көркем әдебиетке қойылатын талаптарға бағынышты. Мұны осы жанрда жазатын Кемел ағамыз жақсы біледі. Оның ойының тереңдігі де, тілінің байлығы да жетерлік. Жазушының шеберлігі әсіресе оның өз кейіпкерлерін сомдауынан, шынайы диалогтар құра білуінен айқын көрінеді. Қай шығармасын оқысаң да, ә дегеннен тереңіне тарта жөнеледі».

Осы сәтте Сейдахметтің оқыстау шыққан даусы ойымды бөліп жіберді.

– Жақыпжан, «Жайлау» ресторанын қалап алғаны несі деп ойлап келе жатқан шығарсың? – деп сұрады ол маған бұрыла қарап.

– Жұрт көзіне түспей, қаланың у-шуынан аулағырақ болуды мақсат тұтқан шығарсыз, Сәке, – дедім мен тұспалдап, қапелімде қойылған сұраққа өзімше жауап іздеп.

– Әрине, ол да бар. Десе-дағы, «Жайлау» ресторанының жөні басқа ғой.

Жайлау десе, көңіліміз өрекпіп тұрады емес пе? Ат мініп, жайлау аралап, қымыз ішіп, қыз-қырқынды айтып, желпініп қайтқанға не жетсін! Шіркін-ай десейші! – деп, өз қиялына өзі риясыз күліп алды.

Сейдағаңның «қыз-қырқынды айтып» дегені – ұйқастыра айтқан сөзінің мәтелі ғана. Әйтпесе оның Күләтай жеңгемізден басқа әйелді көзге ілмейтініне мен куә.

…Сейдахмет екеуміз күле сөйлесіп, ресторан залына жадырай кірдік. Бізді күтіп алған даяшы әйел лыпылдай жүріп алдымызға түсіп, алдын ала тапсырыс беріп қойған орынға алып келіп жайғастырды.

Біздің үстеліміз түкпірде орналасқанымен, залдың ішін түгелдей шолып отыруға ыңғайлы болып шықты. Байқаймыз, кісі аз: әр жерде екеу-үшеуден шүйіркелесіп отыр.

Осы сәтте ақ көйлектің үстінен қара пиджак киген Шерхан жарқ етіп кіріп келді. Ақ сұр шалбары қара пиджакпен үйлесіп-ақ тұр. Оның лып етіп қасына жетіп барған даяшы әйелге бірдеңе айтқанын байқап отырмыз. Келесі сәтте даяшы оны біздің үстелге ертіп келді.

– Әй, Сейдеш, сен өзі қай кезде шақыруды білесің. Бүгін одақтың бітпейтін бір шаруаларынан шаршап кетіп, алаңсыз демалғым келіп еді, – деп, Шерхан алдынан шыққан Сейдахметті құшақтай алды.

– Пәлі, Шереке, екінші хатшы «сен шаршадым» десең, бірінші хатшы Әнуардың (Әлімжановты айтады) не жаны қалады? – деді Сейдахмет оны арқасынан қағып.

– Е-е, Әнуарда шаршау бар ма? Оның «жүрегі ұйықтауды білмейді», – деп күлді Шерхан.

– Ол да «интернат нанын» жеген ғой, Шереке, – деді Сейдахмет жымиып. Екеуінің әдемі әзіліне аузым ашылып қапты.

Сөйтіп тұрғанда оң аяғын сылти басып Кемел ағамыз келіп қалды. Үстіне жаздық жұқа костюм-шалбар киіп, галстук тағыпты. Бәріміз жапырлай қол алысып амандастық.

Мен Кемекеңді бұрын сырттай ғана танитынмын. Бірде Жазушылар одағына Мұқағали Мақатаевты іздеп барғанымда кіреберіс есік алдында әңгімедүкен құрған бір топ ақын-жазушының ішінде тұр екен. Көзге оқшау көрінетін ұзын бойлы, кең кеуде, тік иықты, аласы аз, қарасы мол жанарынан өзгеше бір жылылық лебі ескен еңсесі биік адамды көргенде оның Кемел Тоқаев екенін білген жоқпын. Көп сөйлемейтiн, сыпайы кiсi екенін аңғардым. – Жігіттер, кешіккен жоқпын ба? – деп сұрады Кемел баяу ғана.

– Е-е, кемеліне келген ақын-жазушы ағаларымыздың кешігіп жүретін әдеті емес пе? – деді Шерхан әзілдеп.

– Кемеке, уайымдамаңыз. Басқалардың кешігіп жүретін әдеті бар шығар. Бірақ сіздің уақтысынан бұрын жүретініңізді білеміз, – деді Сейдахмет өзіне тән әдемі жымиыспен.

– Ұлым Қасым-Жомарт Сингапурдан кешке хабарласамын деп еді. Соның телефон соғуын күтіп қалдым, – деп ақталғандай болды Кемел.

– Ұлыңыз Сингапурда ма еді? – деп сұрады Шерағаң.

– Иә, ол былтыр оқуын бітіргесін СССР сыртқы істер министрлігіне жұмысқа қабылданған. Сосын, оны Сингапурдағы елшілікке жіберді ғой, – деді Кемел асықпай, байыптап түсіндіріп.

– Әп, бәрекелді! Кемеке, қазақ жастарының биіктен көріне беруіне бек қуанамыз, – деді Шерхан.

– Рақмет! – деді Кемел көңілі жадырап. – Осыдан алты жыл бұрын Қасым-Жомартымды Мәскеуге шығарып салып тұрып, қолына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» үнсіз ғана ұстатып едім. Менің өзіне сынай қарағанымды сезіп: «Түсіндім, әке», – деді. Оқу бітіріп үйге келгенінде баяғы мен берген кітапты чемоданынан шығарып алып көрсетті де: «Бұл кітапты мен оқып қана қоймай, өзімнің бойтұмарымдай сақтап жүрмін, әке», – деді. Кейін сол кітапты Сингапурға өзімен бірге ала кетті.

– Міне, азамат! – деді Шерхан тебіреніп кетіп.

– Бұл басқосудың мәні не деп отырған боларсыздар? – деп сұрады да, ізінше өзі жауабын берді. – Дабырайтып көрсететіндей емес, десе-дағы, осыдан елу бес жыл бұрын қазақ баспасөзінің тарихында маңызды бір оқиға өткен екен. Сол кезде Түркістан АССР-інің астанасы Ташкент қаласында комсомол ұйымының бірінші хатшысы Ғани Мұратбаев «Жас алаш» газетін ашып, өзі редакторы болды. «Есіл ер-ай» десейші, сол кезде бар болғаны он сегіз жаста ғана көрінеді.

– Ол газетті «қағаз жоқ, қаржы жоқ» деген желеумен жарты жылға жеткізбей жауып тастады ғой, – деді Шерхан.

– Иә, шынына келгенде, «басылымға «Алаш» қозғалысы зиянды әсерін тигізіп отыр» деп есептеп, өздерінше жау көріп, шығаруын тоқтатты. Дегенмен одан Ғани Мұратбаевтың қызметіне нұқсан келген жоқ, – деп қосты Кемел.

– Менің білуімше, бар-жоғы жиырма екі жыл өмір сүрген Ғани Мұратбаевтың туғанына келесі жылдың маусым айының дәл осы күнінде жетпіс бес жыл толады, – дедім мен еске түсіріп.

– Солай ма? – деп сұрады Шерхан қасын керіп. – Сен бала айтулы даталарға жүйрік екенсің. Сейдеш, сенің бізді дәл осы күнге орайластырып шақыруыңда бір мән бар екен ғой.

– Шыны керек, бұл дата тіптен ойымда жоқ еді, – деді Сейдахмет басын шайқап. – Кездейсоқтық болар, бәлкім. Әлде бір тылсым дүние ме?

– Сейдеш, кездейсоқтықтың өзінде белгілі бір заңдылықтың бар екенін айтады ғалымдар. Солай болуы да мүмкін-ау, – деп тұжырымдады Кемел.

Осы сәтте даяшы әйел Сейдахметтің тапсырысын тап-тұйнақтай орындап, тәбетіміздің ашылуын тілеп кетті.

– Кемеке, сіздің кезіңізде «Ленжастың» шекесінде «1922 жылдан шыға бастады» деген титтей дерек болатыны есіңізде ме? – деп сұрады Сейдахмет Кемелге мойын бұрып.

– Неге есімде болмасын? Кейін Шерхан редактор боп отырғанда оны «1921 жылғы 22 наурыздан шығады» деп өзгерткенін де жақсы білемін. Көзі ашық, көкірегі ояу оқырман да бұл деректі жақсы қабылдаған сыңайлы, – деді Кемел басын изеп.

– Бәлкім, байыбына бара бермейтін әлдекімдерге бұл ұсақ-түйек боп та көрінер. Бірақ осының өзі біздің тарихымыздың тұтас бір беті емес пе? Шереке, сен сол деректі қалай өзгерткеніңді қысқаша әңгімелеп берсең қайтеді? – деп өтінді Сейдахмет Шерханнан.

– Ол деректі тапқан мақалаларын екі тілде жаза беретін Сейілхан Асқаров деген журналист ағамыз, – деп бастады әңгімесін Шерхан. – Сол кезде ол Ғани Мұратбаевтың өмірін түбегейлі зерттеп жүрсе керек. Болат Бодаубаевқа келіп, Ғани шығарған «Жас алаш» газетінің көшірмесін көрсетіп, өз ойын ашық айтыпты. Мен нөмірі №2 деп көрсетілген сол газеттің материалдарымен жете танысып, мұқият қарап шыққасын Болатқа: «Сен Ташкентке барып қайт. Архивті түгел ақтарып, газеттің табылған нөмірлерін суретке түсіріп әкел», – деп тапсырдым. Болат командировкада бір аптадай жүріп, олжалы боп оралды: газеттің біраз нөмірін тауып әкелді. Мен оларды кириллицаға көшіртіп, Орталық комитеттің үгіт-насихат бөліміндегі Шерияздан Елеукенов пен сондағы жігіттерге – ертеректе «Ленжаста» жұмыс істеген Сапар Байжановқа, Кәкімжан Қазыбаевқа апарып көрсеттім. Сөйтіп, ақылдаса келе, газеттің шығу мерзімі туралы бұл мәселені Мәскеудегі кітап палатасы арқылы шешкенді дұрыс көрдік. Обалы не керек, біз өзімізше қанша күдіктенсек те, Мәскеудегі кітап палатасы біздің жазған өтініш-хатымызға оңды жауабын берді. Қуанышымызда шек болмады. Оқырманнан арнайы сүйінші сұрамасақ та, бірінші бетке «Оқушылар назарына» деген атпен шағындау мақала басып, газеттің қысқаша тарихынан хабардар еттік.

– Ашық айтылмаса да, «Лениншіл жастың» Ғани шығарған «Жас алаш» газетінің заңды мұрагері екенін оқырмандар түйсінеді ғой, – деді Кемел.

– Кемеке, ол солай ғой. Бірақ мен «Ленжастың» тарихи атауын қалпына келтіріп, «Жас алаш» деген өзінің ежелгі атымен жарқырап шығатын күнді армандаймын! – деп қызуланды Сейдахмет.

– Әй, Сейдеш-ай, ондай күнді армандамайтын қазақ бар ма?! Ол күнді армандамаса, оның қазақ атануға қақысы жоқ! – деді Шерхан жұлып алғандай қабағын қарс түйіп.

– Жігіттер, асығып-аптықпаңдар, қазақтың бағына арайлы таң да атар. Ақ түйенің қарны жарылатын күнді жақындата түсу үшін адал қызмет ете беруден айнымасақ болғаны, – деп түйіндеді Кемел.

– Әй, дегенмен «Ленжастың» беделі де, тиражы да күннен-күнге артып келеді. Әлі есімде, әлгінде атап өткен арнау-мақаламызда біз әр жылдардағы газет тиражы жайлы айта келіп, оның 185 мың данаға жетіп отырғанын жазған едік. Сейдеш, сен газет тиражын 400 мыңға жеткізіпсің. Мықтысыңдар, ей! – деді Шерхан қасын керіп.

– Иә, бұл қазақ баспасөзінің тарихында бұрын-соңды болмаған тираж. Мақтауға тұрарлық еселі еңбек. Менің тағы бір байқағаным – биылғы 22 наурызда шыққан нөмірді «Көктем күні» деп көк түспен белгілепсіңдер. Өте батыл қадам. Ол күннің қазақтың ежелден тойлап келе жатқан, кейін партия тарапынан атап өтуге тыйым салынған Наурыз мейрамы екенін оқырман қауым да жақсы түсінді, – деп өз пікірін білдірген Кемел Сейдахметтен:

– Орталық комитет осыған байланысты түсініктеме талап еткен жоқ па, Сейдеш? – деп сұрады.

– Жоқ, Кемеке, Орталық комитет әзір үнсіз. Алда-жалда сұрай қалса:

«Ол дегеніміз – көктем келіп, еңбекшілердің егіс даласында бастайтын ұлы еңбегін паш ету» деген сыңайдағы жалтарма жауабымызды дайындап қойған едік. Сол тұста Орталық комитетке бір барғанымда шетелдермен байланыс бөлімінің меңгерушісі Өзбекәлі Жәнібековке кезігіп қалған едім. Жымиып, қолымды қысты, – деді Сейдахмет.

– Өзбекәлі – мәрт жігіт, өзі. Ол Қазақстан ЛКСМ орталық комитетін басқарып тұрған кезінде «Ленжастың» бастамасымен Шымкент қаласында Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнаттырды, – деп Шерхан басын кекжитіп қойды.

– Расында да, ескерткіштің ашылуы республика өміріндегі елеулі оқиға болып еді. Оған марқұм Құрманбек Жандарбеков ағамыз көп еңбек сіңірді. Ол ескерткіш салуға қаржы жинау үшін Шымкент паркінде 101 әннен тұратын концерт қойды. Қатарынан жетпіс үш ән айтқаннан кейін тамағы кеуіп, салқын сусын ішем деп, ғажайып даусынан айырылған-ды, – деді Кемел байыптап.

«Не деген жанкештілік» деп, бәріміз бір ойда отырғандай бір сәт үнсіз қалдық. Сәлден соң Сейдахмет:

– Менің бір ойым, келесі жылы Ғани Мұратбаевтың жетпіс бес жылдық мерейтойын республика, тіпті бар ғой, Одақ көлемінде тойлауды бастама етіп көтеру, – деп өз жоспарын жайып салды.

– Несі бар, Сейдеш, өте жақсы бастама. Оның үстіне Ғанидың мүрдесі Мәскеудегі Ваганьков қорымына жерленген. Соны алға тарту керек. Дұрысы, ол жерде ескерткіш орнату туралы мәселені көтеру керек, – деді Шерхан.

– «Лениншіл жастың» беделі бар ғой. Шерхан, сен айтқандай, үкіметке Ғани Мұратбаевтың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде нақты ұсыныстарды айтып жеткізген абзал – деп Кемел де өз ойын білдірді.

– Менің тағы бір ойым – осы дүрмекті пайдаланып, «Жас алаш» газетінің тарихын қайта-қайта қаузау, – деді Сейдахмет. Сөйтті де, маған қарап қойып: – Мүмкін, әлгінде айтқан «Көктем күні» сияқты жасырын бастамамыздай «Жас Алаш» деген жазуды газеттің қалпағына сыйдырып жіберерміз, – деп қосты.

– Фотосын клише етіп, елеусіздеу енгізіп жіберуге болады, – дедім мен.

– Ондай қулыққа барам десеңдер, өздерің білесіңдер, – деді Шерхан кеңкілдей күліп.

– Шераға, көзіңізше мақтағандай болсам да, «Ленжасты» сіз басқарған тұста аты шыққан қаламгер-журналистерге «Шерағаңның шекпенінен шыққандар» деп ен тағу үйреншікті іске айналып келеді, – дедім мен қарап отырмай. – Бір ғана Оралхан Бөкеевтің, Фариза Оңғарсынованың аты не тұрады!? Сол тұстағы газетті ашып қалсаң, алдымен Орағаң мен Оңғарсынованың жазған очерктері жарқ етіп көзге түседі.

– Әй, сен бала менің «Қара маржаныма» лайықты баға беріпсің. Оған алғысым бөлек.

– Жоқ, Шераға. Жаңатас қаласына арнайы командировкаға барғанымда қарапайым инженер досыңыз Нұрмұхан бір түн бойы сіздің «Қара маржаныңыз» туралы жазған тұтас бір трактатын көрсетті. Лайықты баға деп соны айтсаңыз болады.

– Бірақ мені жер-көкке сыйғызбай мақтап, менің шекпенімнен шыққандарды шекесінен шертіп тізебергенше, өз тәлімгерің Бердіқұловтың бешпентінен түлеп ұшқандарды түгендемейсің бе? – деді Шерхан жорта кіжінгендей күліп қойып.

– Шераға, оп-оңай, – дедім мен. – Жазған материалдарын қоса тізіп айтсам, Сейітқазы Досымовтың «Айхой, жиырма бесі», Жомарт Әбдіқалықовтың «Аққайың арманы», Жұмагүл Солтиеваның «Тыңға өскен гүлі», Жақау Дәуренбековтің «Ескерткіш ел тұлғасын таныта ма?», Марат Қабанбаевтың «Үш түйін. Үш тағдыры», Ақселеу Сейдімбековтің «Күз ырғақтары», Жарылғап Бейсенбаевтың «Альпінің күнгейі мен теріскейі», Эрнест Төрехановтың «Футбол – сарқылмас қиял қайнарысы», Бақыт Сарбалаевтың «Ақ кеме алысқа тартып барадысы», Жанболат Аупбаевтың «Мен сені іздеп ке-лемі», Кәдірбек Сегізбаевтың «Арайға айтарым бары», Төлен Қаупынбаевтың «Соңғы рейсі», Әшірбек Көпішевтің «Ақшәуліде бұлт жатыры», Қайырбек Асановтың «Шәкирасы», Серік Әбдірайымовтың «Айдалада айлы түні», Ырым Кененбаевтың «Бұлақ көрсең, көзін ашы», Орысбай Әбділдаевтың «Адамгершіліктің ақ жолын аттамасыны» өз оқырманын елең еткізгені шүбәсіз. Осылар бір төбе болса, Мағира Қожахметованың мораль тақырыбына жазғандары бір төбе.

– Әне, айттым ғой, редактор ретінде Сейдеш менен озып тұр деп, – деді Шерхан Сейдахметке иек қағып. – Талай балағының биті бар қыз-жігіттер Бердіқұловтың бешпентінен шыққан. Оны айтасың, бұларың тіпті партия съезіне жеделхат жіберіп, алты пәтер жұлып алған жоқ па?!

Қолтаңба

«Біз жараттық мынау ғажап ғасырды,

Тарихы оның біздерменен ашылды.

Біздің мына қолтаңбамыз басулы».

Мұқағали

            Әңгіме қыза түскен. Шерхан Кемелдің қоңырқай жүзіне көз салып:

– Кемеке, былайғы жұрт, тіпті мына Сейдеш те, сізді «Лениншіл жастың» шекпенінен шыққан деп ойлайды, – деді қасын керіп. – Шеттетуім емес, бәлкім, өзім жамбылдық болғасын, сізді жақын тұтып өзімсінуім шығар, мен сіздің алғаш қолға қалам ұстағаннан бері өз еңбек жолыңызды Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетінен бастағаныңызды айтамын. Ол кезде мен Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебінің жоғары кластарында оқимын. Сіздің жарияланымдарыңыз жарқ етіп көзге түсіп жүретін. Мектеп бітіріп, Мәскеуге оқуға кеткенше фамилияңызды газет бетінен жиі кезіктіріп жүрдім. Әсіресе кино туралы рецензияларыңызды қызыға оқыдым. Ал енді анық-қанығын өзіңіз айтыңызшы, осы айтқаным тура ма?

– Оның мәнісі былай ғой, Шерхан, – деп жымия сөйледі Кемел. – Мен Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің (ол кезде журналистика мамандығы осы факультеттің бір бөлімшесі болатын) соңғы курсында оқып жүріп, «Лениншіл жас» газетінің қызметкері болып жұмысқа қабылдандым. Ал университет бітіргесін жолдамамен Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» газетіне бардым да, бір жылдан кейін «Лениншіл жасқа» қайта оралып, өз еңбек жолымды жалғастырдым. Одан кейін «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқардым. Сосын барып Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болып тағайындалдым.

– Әй, бәсе, мен де аса мүлт кетпесем керек, – деп масаттанды Шерхан.

– Шамасы, біздің білгіштер сіздің Жамбылда өткізген сол бір жылыңызды «Лениншіл жастың» есебіне қосып жіберген-ау.

– Кемеке, зады, мен сіздің «Сталиндік жол» газетінде жұмыс істегеніңізді білгенім жоқ. Сіздің ертеректе жазған «Көшкен үйдің қонысы қайда?» деген повесіңізде Жамбыл қаласы аталғандықтан, сізді бір кезде «Лениншіл жастың» Жамбыл облысы бойынша тілшісі болған екен деп ойладым, – деді Сейдахмет ақталғандай.

– Расында да, мен «Лениншіл жастан» мүлдем қол үзіп кеткен жоқпын, – деп түсіндірді Кемел байсалды қалпынан аумай. – Жамбыл қаласында өткен сол бір жылдан астам уақыт та текке кеткен жоқ. Сол тұста мен өзімнің жеке шығармашылық жұмыстарыммен айналысуға талпына бастадым.

– Кемеке, Сейдештің жадына оралып отырған сіздің әлгі повесіңізді мен, неге екенін, күллі Жамбыл өңіріне «Қара мысық» деген атпен танылған деп айтуға бейілмін. Ойпырмай, «Қара мысық» десе, жерлестерім қарадай қорқып отыратын, – деді Шерхан ежірейе түсіп. – Ұмытпасам, ол повесіңіз «Тасқын» атты жинағыңызға енді ғой деймін.

– Иә, «Көшкен үйдің қонысы қайда?» повесі «Тасқын» атты повестер жинағына енген-тұғын. Ал алғашқы жинағым «Жұлдызды жорық» атты әңгімелер жинағы болатын, – деп еске алды Кемел.

– Пәлі, Кемеке, мен сіз шығарған кітаптарыңыздың санынан жаңылдым. Қазақшасы бар, орысшасы бар, әйтеуір, жүдә көп. Соның өзінде кітап дүкені сөрелерінде жатып қалмай, тез арада сатылып кетеді. Кітапханадан болмаса, кітап дүкенінен бір данасы да табылмайды ғой, – деді Сейдахмет таңғалып.

– Сейдеш, оны айтасың, бірде бүкіл баспа ісін басқарып отырған Шерияздан Елеукенов Кемекеңнің 450 мың данамен тараған бір кітабын мысалға келтіре отырып: «Әуезов шығармалары да мұндай тиражбен шықпаған еді», – деген-ді.

«Рас па?» – деп сұрадым. «Рас, Тоқаев кітаптарының 50 мың данадан кемі жоқ», – деп растады. Кемеке, соны өз аузыңыздан бір естиікші, – деп өтінді Шерхан.

– Иә, Шерияздан шындығын айтып отыр. Менің кітаптарым жоғары сұраныстың барына байланысты бірнеше рет қайта басылады. Оны аз десеңіз, менің кітаптарымның есебінен баспалар кейбір «классик» жазушылардың еңбектерін жариялаудан шеккен өндірістік шығындарын жабады, – деді Кемел әзіл-шынын араластыра.

– Кемел аға, сонда тираждың көптігі детектив жанрында жазылған шығармалардың өтімділігіне байланысты ма? – деп сұрадым мен.

– Менің ойымша, жанрға байланысты емес, кез келген жақсы жазылған шығарма өтімді. Мен детектив жанрын, кейбіреулер қате ойлайтындай, оның «жеңілдігі» үшін таңдап алған жоқпын. Керісінше, оқиғалы жанрда жазу өте ауыр. Жалпы, жазушылықтың өзі ауыр еңбек екенін Шерхан мен Сейдахмет екеуің жақсы білесіңдер ғой. Детективтік шығармалар, негізінен, өмірде болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылады. Түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатын болады, – деді Кемел байыпты түрде.

Лирикалық шегініс. «Жазушы» баспасынан Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы» романы шыққан кез. 49 мың данамен шыққан кітапты жұрт жапатармағай талап әкетті.

– Оқыдың ба? – деп сұрады Сейдағаң.

– Оқыдым, сұмдық екен! – дедім мен алған әсерімнен арыла алмай.

– Не ойың бар?

– Авторына жолығып, аздаған сұхбат жасасам деймін, Сәке.

Кемекең Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болып жұмыс істейтін. Мені көріп, бірден таныды. Келген шаруамды айтып едім, шамалы ойланып қалды да, басын изеп: «Сыртқа шығып сөйлесейік», – деді.

Екеуміз аллея ішінде серуендеп келеміз. Кемекеңнің «сыртқа шығып сөйлесейік» дегені – «жұрт көзіне түспей, оңаша әңгімелесейік» дегені екен.

– Менің романымда кейбір даулы мәселелердің бар екенін байқаған шығарсың? – деп сұрады ол.

– Мәселе атаман Дутовтың көзін кімнің жойғанына тіреліп тұр ғой, аға. Сіз Дутовты атып өлтірген Қасымхан Чанышев емес, Махмұд Қожамияров деп, бұлтартпас дәлел келтіріпсіз, – дедім мен.

– Аристотельдің «Платон – менің досым, бірақ шындық қымбатырақ» деген әйгілі сөзі бар емес пе? Мен нешеме жыл архив ақтарып жүріп тапқан деректерді бұрмалап, Дутовты атып өлтірген Қасымхан Чанышев десем, оным көпе-көрінеу жұрттың ыңғайына жығылу болып шығар еді. Мен ондай өтірікке ешқашан бара алмас едім. Фильмдегі нұсқадан ауытқымауға арым жібермес еді.

– Аға, сіз өз романыңызда ойға алған мәселелерді көрсете алдыңыз ба? – деп сұрадым ақырын ғана.

– Оның мүмкін еместігін өзің де білесің ғой, – деді ол жеңіл күрсініп. – Көп жайтты астарлап жеткізуге тырыстым. Әрине, сөз бостандығына не жетсін! Жазушының еркі тұсаулы болса, одан әдебиет, халық ұтылады.

Айтқандай, менің романымдағы кейбір деректер қызықтырса керек, маған АҚШ конгресінің кітапханасы мен Иллинойс университетінен кітабымның екі данасын салып жіберуді өтінген хаттар келді. «Сырт көз – сыншы» деген осы шығар.

Асыл ағаның болмыс-бітімін мен оның «Солдат соғысқа кетті» атты романын оқыған соң, өзі прототипі болған бас кейіпкері Махмұдтың тұла бойынан таныдым. Бір өкінішім – өз қолтаңбасын басып берген сол кітабын сақтай алмадым.

«Қызыл жолбарыс» Кемел бәрімізге жағалай бір қарап өтті де, жылы күлімсіреп:

– Жігіттер, орыстардың бір анекдоты бар ғой: «Что мы все обо мне да обо мне. Давайте о вас! Как я вам?» – деген. Сол айтқандай, «Лениншіл жас» газетінен басталған әңгіменің ауаны маған ауып, менің шығармашылығымның төңірегінен шыға алмай-ақ қалдық қой. Шерхан, Сейдахмет, сендер де білдей жазушысыңдар, ендігі сөзді өздеріңнің жеке шығармашылық жұмыстарыңа ойыстырайық. «Ағамыз жай ғана әуестік танытып отыр» демеңдер, не жазып жүрсіңдер, не жоспарларың бар? – деп сұрады шын пейілмен.

– Кемеке, шыны керек, мен газетке редактор болғалы тиіп-қашып түртінектейтінім болмаса, жеке шығармашылығыммен айналысуды сиреттім, – деді Сейдахмет кінәлі адамдай бүгежектеп.

– Кемеке, әлгінде сіз оқушы қауымның тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатынын айтып өттіңіз ғой. Ол сөзіңіздің жаны бар. Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары жұрт қызығушылығын тудырып отырғаны соған дәлел. Дұрыс. Тарихты білу керек. Алайда өз басым арғы тарихқа тереңдемей-ақ, дүниенің астан-кестеңін шығарған өз ғасырымызды суреттесем деймін. Ашығын айтқанда, атышулы отыз жетіде «халық жауы» атанып, араға жиырма жыл салып ақталған аяулы Тұрар Рысқұловтың ғұмырлық жолын зерттеп жүрмін. Әзір екі кітаптан тұратын романымның алғашқы тарауларын қағазға түсіріп те қойдым, – деп, Шерхан өз жоспарын жайып салды.

– Шереке, Мұхтар Әуезовтің атақты «Қараш-қараш оқиғасы» повесіндегі Бақтығұлдың прототипі Тұрардың әкесі Рысқұл емес пе? – деп сұрады Сейдахмет.

– Иә, «Қараш-қараш оқиғасы» Рысқұлдың басынан кешкен оқиғалары бойынша жазылған-тұғын.

– «Қараш-қараш оқиғасы» бойынша түсірілген фильмде басты рөлде ойнаған Сүйменқұл Чокморов Бақтығұлдың бейнесін сәтті алып шыққан, ә? – деп үн қостым мен.

– Сүйменқұл «Көксеректегі» Ақанғұлды да шынайы шығарған, – деді Сейдахмет.

– Бақтығұл да, Ақанғұл да нағыз халықтық образдар ғой. Екеуі де ашынған халықтың бейнесін береді, – деп пікір білдірді Кемел.

Лирикалық шегініс. Жуалы ауданының орталығы. Жамбыл жұрты Шерағаңның алпыс жасқа толуына байланысты мерейлі тойын өткізуде. Күздің басталғанын білдіргендей жаңбыр құйып тұр.

Марат досым (Барманқұлов) екеуміз Шерағаң отырған ақ боз үйді тауып, есігінен сығалай қарадық. Ырду-дырду. Ине шаншыр жер жоқ. Еш саспадық. Мараттың қолында су жаңа жапондық камера бар. Екеуміз соны малданып келгенбіз. Бірден төрге озып, Шерағаңның алдына жетіп бардық. Телевизор алдыртып, дереу камераны қоса қойдық та, тойдан «тікелей телерепортаж» жасауға кірісіп кеттік. Шерағаң мәз. Онысы оң қабағының кілт көтеріліп, қасының керіліп барып басылғанынан байқалды.

– Міне, техниканың кереметі! – деп екпіндете дауыстап қояды.

Сөйтіп, Марат досымыз екеуміздің азғантай қулығымыздың арқасында «есіктен кіріп, төрге озып» шыға келдік.

Бір күні бастығым Камал Смайылов маған «сені Шерхан ағаң іздеп жатыр» дегесін, Шерағаңа хабарласып едім, «Түнеукүнгі менің мерейтойымда бірге болған оператор досыңды ертіп келші», – деді. Шерағаңның «Егемен Қазақстаннан» «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясына ауысқан кезі-тұғын.

Шерағаңның екеумізді іздеп жатқанын айтып едім, Марат:

– Старик (өзінен көп кіші болсам да, мені өзімсініп «старик» деу әдеті), он нас раскусил. Что ж, придется отвечать за свои не совсем детские шалости. Если что, интервью (тойдағы сұхбатты айтады) почти готово, – деп орысша жауап қатты.

Шерағаң аздап қобалжыңқырап барған Марат екеумізді күлімсірей қарсы алды.

– Егіз қозыдай екеуіңнің қайсың тісқаққан «телевизионщиксің»? – деп әзілдей сұрады.

– Шераға, мына Марат ініңіз телевизияның жілігін шағып, майын ішкен адам. Өзі ашқан радио және телевизия кафедрасын басқарады, ғылым докторы, профессор атағы бар, – деп, иегіммен қасымда қатар тымпиып отырған Маратты нұсқадым.

– Ендеше, Марат, мен сені қасыма кеңесші етіп алайын. Кафедрадағы жұмысыңды, лекцияларыңды қатар алып жүре бер. Жоғарыдағы басшыларға «мен телевизияны қақпаймын ғой» десем де, қоярда-қоймай осы креслоға әкеп қонжитты, – деп көпке созбай, тоқетерін бір-ақ айтты.

Қоштасарда Марат онымен қол алысып жатып өзіне тән турашылдығымен:

– Шераға, вы красный тигр казахской журналистики, – деді жымиып қойып.

– Ой, профессор сабазым-ай, маған «қазақ журналистикасының қызыл жолбарысы» деп анықтама беріп отырсың ба? Бұның енді ғылым тіліне жүдә томпақ келеді. Жарайды, патша көңіліне рақмет, – деп күлді Шерағаң.

Түнеукүнгі мерейтойындағы Марат екеуміздің қулығымыз жайлы білсе де білмегендей, бір ауыз сөз айтпады. Мәрт мінезді еді ғой Шерағаң.

Шіркін-ай десеңші, ардақты ағаларымызбен осындай кездесулер мен сұхбаттардың өзі қаншалықты қымбат екенін кезінде білмеппіз-ау!

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...