Ұзақ жылдар тележурналистика саласында еңбек етіп, соның қыр-сырын жетік меңгеріп, мәнді, мағыналы туындыларымен көптің көңілінен шығып жүрген талантты iнiм, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махат Садықтың майдангер-жазушы Кемел Тоқаев жөнінде түсірген деректі фильмін көріп терең ойға қалдым. Уақыт алыстаған сайын таудай тұлғалардың сан тарау қырлары, жарқын келбеті жарқырап ашыла түседі екен.
Кеше ғана Жазушылар одағында бiрге қызмет еткен Кемел ағаны толық танып білмеген екенбiз. Қысқа өмiрде адам жанын зерттеп, түсіну кейде тiптен мүмкiн емес сияқты. Бiр қарағанда өте қарапайым, шыншыл, көп ашыла бермейтiн ағаның тауқыметтi тағдыры, iшкi жан азабы, ғұмырлық философиясы өте тереңде көрінеді… Бiз Кемел Тоқаевты шебер журналист, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негiзiн қалаған қабырғалы қаламгер ретiнде таныдық.
«Ep – елдiң қорғаны, намыс – ердiң қорғаны» дейдi дана халқымыз. Көненің көзі, әкесi Тоқаның артында қалған жалғыз тұяғы, жазушы Кемел Тоқаев, шынында да, кесек тұлға еді. Өмір дариясына салған қайығын аласұрған тағдыр толқыны асықтай иipiп, оңды-солды қанша лақтырса да, жанын таза, жүрегiн жылы, арын биiк ұстай білген азамат. Өзінің ауыр да қасiреттi өмiр жолында қаламына сүйеніп өтті. Шығармаларына тұтас ұлттың тағдырын арқау еттi. Өйткені ұлттың басына төнген қасірет елін сүйген кез келген азаматты айналып өтпесi белгiлi. 1932 жылдағы ашаршылық Тоқаевтың да айналасын көктей орып, тыптипыл отап кеткен. Зұлмат жылдар жас Кемелге де жетiмдiк зарын барынша тарттырады. Ағасы Қасым екеуi Түркiстандағы балалар үйін пана тұтады. «Жығылған үстiне жұдырық» дегендей, соғыс қасында қалған жалғыз сүйеніші Қасымнан да айырады. Қасым майдан төрiнде ерлiкпен қаза табады. Ағасының iзiмен майданға аттанған Кемелдiң өзi де қанқұйлы соғыстың бел ортасында жүрiп, талай ерлiк көрсетiп, ауыр жараланады. Майданнан оралған соң да қоғамдық қызметке белсене араласып, әдебиет әлемiнiң киелi есiгiн еркiн ашып кiредi. Махат осынау күрделi тағдырды арқалаған кесек тұлғаны шеберлiкпен жарты сағаттық фильмге сыйғыза білген. Аз сөзбен көп ойландырады. Кемел ағаның кеңiстiгiн Халық қаһарманы Қасым Қайсенов, Қазақстанның халық жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Әзілхан Нұршайықов,
еңбек ардагері, жазушының замандасы Баймырза Дәуренбеков, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази, философия ғылымының докторы, профессор Әбдеш Қалмырзаев, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткері Қоғабай Сәрсекеев сынды белгiлi тұлғалардың пiкiрлерi арқылы жарқырата ашқан. Жазушының өмір жолындағы айқын iздерi «Солдат соғысқа кеттi», «Соңғы соққы», «Ұядан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Тасқын», тағы басқа шығармаларында сайрап жатыр. Өз бетінше бiлiм алып, өмірдің талай қиын-қыстау өткелінен өткен Кемелдей кең тынысты қаламгердiң шытырман оқиғаларға толы, шұрайлы тiлдi, шырайлы келбетті шығармалары күн өткен сайын жас ұрпақты адалдыққа, батылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелей беретіні сөзсіз.
Әсілі, детектив жанрындағы шиеленiстi шығарманы жазу үшін қырандай қырағылық, қасқырдай қайсарлық, шынайы шеберлік қажет. Қайсар қаламгердiң кiтаптарын қайта қолға алғанда сұрапыл соғыстың iшiнде жанында бірге жүргендей күй кешесің, өзімен қайта тiлдесесiң. Соғыс көріп, балалық шағы жетiмдiк пен жоқшылықта өткен қатал тағдыр Кемел ағаның сағын сындыра алмады. Керісінше, төске салған шарболаттай шыңдап шығарды. Жанына ауыр жара салса да, асыл мұратынан тайдыра алмады. Отан үшiн адал перзент, отбасы үшін аяулы жар, ұрпақ үшін үлгілі әке бола білген үлкен жүректі жайсаң ағаның өмiр жолы артында үрім-бұтағы барда, қара ормандай қазақ халқы барда жылдармен бірге жалғаса бермек… Осындай парасаты биiк тұлғаның нарқын асырып, парқын бiлер Махаттай талантты бауырға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұлтының азаттығы жолында күрескен ардагер ағалардың азаматтық қасиетi, асқақ абыройы кейiнгi iнiлерiне жұғысты болғай!