Кемел Тоқаев. Қасиетті қала(әңгіме)

Бiздiң алғашқы жолығысқан адамдарымыздың бiрi Совет Одағының Батыры атағын екi рет алған Сидор Артемьевич Ковпак болды. Ол көп жылдан берi Украин ССР Жоғарғы Советi Президиумы Председателiнiң орынбасары болып iстейдi. Алдында Қайсенов екеумiз кеңсесiне телефон соққан едiк. «Өздерiң қайдан сөйлеп тұрсыңдар, Киевтен бе? Ия, жол болсын. Келгендерiңдi бiлдiрiп ертерек неге хабарламадыңдар? Қысылтаяңда кездескендерiңдi қарашы, жол жүрейiн деп жатыр едiм, қой, болмас, келiңдер, күтейiн» – дедi. Бәрiмiз шулап, Үкiмет үйiне қарай жүрдiк.

            Украин ССР Жоғарғы Советi Президиумының үйi – екi парктiң: Бiрiншi Май паркi мен Совет паркiнiң қақ ортасына орналасқан екен. Күмбезденiп салынған әсем ғимарат бiрталай жердi алып жатыр. Үйдiң сол жақ қанаты доға тәрiздi. Соғыс кезiнде немiс басқыншылары бiраз бүлдiрiп, мүлiктерiн тонап алып кетiптi. Украина азат етiлгеннен кейiн осы үйдi салушы архитектор В.Г. Заболотный оны бастапқы қалпына қайта келтiрiптi. Үйдiң үлкен маңдайшасы Киров көшесi жағында. Мраморлы дiңгек тiреулердiң арасынан қалың емен есiктер көрiнедi. Маңдайша үстiне қызыл сыр аралас көкшiл бояумен Украин ССР-iнiң гербi бейнеленген.

            Әдетте, көрмеген жер кiсiге таңсық қой. Ирек-ирек басқыштардың ернеулерiндегi сүйенiштерi тiгiнен қадап салған жай темiр емес, ұршық тәрiздi бунаған дiңгек мраморлар кiсiнiң жүзi көрiнедi. Қабырғалары емен ағашпен қапталған. Таңырқасып iшке кiргенiмiзде, аққұба жас келiншек сөйлесiп жатқан трубкасын тастай салды.

            – Сiздер адасып қалған жоқ па деп iздестiрiп жатыр едiм, жақсы келдiңiздер, Сидор Артемьевич күтiп отыр, кiрiңiздер, – де, қара былғарымен борбиып қапталған есiктi шалқайта ашты.

            Ковпак бiздi босағада тұрып қарсы алды, өзi орта бойлы, толық келген кiсi екен. Иегiнде күмiстей әппақ шоқша сақалы бар, мұрты жоқ. Мұрт қоймағандықтан ба, сақалы дөңгелек жүзi мен жылтыр басын сопайтып, ұзыншалау көрсететiн тәрiздi. Мұнысы келбеттi кескiнiн бұзбаған, қайта бүкiл тұлғасын сом етiп, өзiне тым жарасып тұр. Қайсеновпен құшақтасып көрiстi де, басқаларымызбен қол алып амандасты.

            – Төрлетiңiздер, – деп орындық ұсынды ол. Украинаға жүрер алдында Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумы Председателiнiң орынбасары Капитолина Николаевна Крюкова мен Президиумның секретары Бижамал Рамазановаға жолығып шыққан едiм. Сапар жайын әңгiмелеп отырғанда, Капитолина Николаевна:

            – Сенесiз бе, қанша жыл жұмыс iстеп жүрсем де, Киевке барудың сәтi түспей-ақ қойды. Көргендер қала көркiне таңданып қайтады, Крещатигiн мақтайды, бiрақ менiң жолым түспей жүр. Жайшылықта қол тимейдi, өз бетiңмен былай бара алмайсың. Осылай уақыт өтiп жатыр, – деп, өзiнiң дағдылы сыпайы мiнезiмен жымиып күлiп едi. – Сiздiң жолыңыз болған екен, сапарыңыздың сәттi болуын тiлеймiн. Әрине, онда әрiптестермен, тағы басқа адамдармен дидарласасыздар. Жолығысқанда ұсына қоятын анау-мынау заттар алған шығарсыз.

Мен күмiлжiп қалдым. Сол күнi демалыстан кайтқан бетiм едi. Ертең таңертең Киевке ұшуымыз керек. Шынын айтқанда дайындығым жоқ болатын. Капитолина Николаевна менiң жайымды сездi ме:

            – Айтқандай, сiз бүгiн ғана қызметке кiрiскен екенсiз ғой, жоқ, ендi үлгере алмайсыз, одан да осы жерден бiрдемелердi қарастырып көрейiк, – дедi. Қонақ үзiлмейтiн үлкен орын ғой, әсем Алматының көркiмен таныстыратын бояулы альбомдар, Қазақ ССР-iнiң 40 жылдығына арнап шығарылған белгiлер, блокноттар бар екен. Соларды дереу таптыртып бергiздi. Өзi де жылтыр қағазға бiр нәрселердi орап жатты. Байқасам, қызыл сафиянмен түптелген үлкен альбом, iшiнде блокноттары бар.

            – Сiз журналистермен барғаныңызбен, Президиумның аппаратында қызмет iстейсiз. Ковпакпен жолықсаңыз, бiзден сәлем айтыңыз, уақытыңыз болса, олардың жұмыс жайымен танысып қайтқаныңыз жөн ,– деп, әлгi буманы қолыма ұстатты. Бiздiң үлкен республиканың үлкен басшысының бұл сәлемдемесi көзiме қораштау көрiндi.

            – Ыңғайсыз болып жүрмей ме? – деп қомсынғанымды бiлдiрдiм.

            – Қазақта «орамал тон болмайды, жол болады» деген мақал бар, тапсырғанда солай деп айтарсыз, – дедi бүкiл әңгiме үстiнде үнсiз отырған Қазақ ССР Жоғарғы Советi Президиумының награда бөлiмiнiң меңгерушiсi Бектембай Қосынов осы кезде.

            – Бектембай Қосынович дұрыс айтады, сыйдың үлкенкiшiсi болмайды, көңiлдiң түзулiгiн бiлдiрсек болғаны да, – дедi Бижамал Рамазанова.

Қасым Сидор Артемьевичтiң көңiл күйiн сұрап, сонсоң әр қайсымызды жағалай таныстырды. Мен сөз алып, Капитолина Николаевна мен Бижамалдың сәлемдемесiн тапсырдым. Ковпак риза боп қалды, басын изеп, рақметiн айтып жатыр, өз тарапынан Капитолина Николаевна мен Бижамалға, Президиумның бүкiл қызметкерлерiне сәлем айтуды өтiнедi. Әңгiме үстiнде өз өкiнiшiн бiлдiрдi:

– Құдайға шүкiр, осы күнi байланыс жақсы, телефон бар, пәлен күнi шықтық деп хабарлай салсаңдар, нелерiң кететiн едi, онда асықпай, әңгiмеге желi тартып отыратын едiк.

– Уақытыңызды бөлгенiңiзге рақмет, – деп, бiз де сыпайылық көрсетiп жатырмыз. Оның әрбiр қимылын, сөзiн бағып отырмыз. Атағы кең тараған адамның ерекшелiгiн бiлгiмiз келедi.

– Сiздермен сөйлескенде байқамаса болмайды, журналист деген халық жақтырмаса, қалам найзасын шаншып алады, көзбе-көз отырып «қабылдағаныңызға рахмет», – деп сыпайылық көрсетiп жатырсыздар, шыққан соң не дерлерiңiздi құдай бiлсiн, – деп, Сидор Артемьевич жұртты күлдiре отырып, қайда болатынымызды сұрастыра бастады.

Қаһарман қаланың батыр адамымен әңгiме осылай басталып кеттi. Ковпак республиканың жайын, оның алдында тұрған келелi мiндеттерiн айтып шықты. Өзiнiң қимыл-отырысы еркiн, бәрiмiзбен күнде көрiсiп жүрген таныс кiсiдей жайбарақат сөйлесiп отырды. Сидор Артемьевичтiң әңгiмесiн тыңдағанда, неге екенi белгiсiз, Ирина көз алдыма елестедi. Оны үсiк қарда жалаңаяқ, жалаңбас айдап бара жатқан секiлдi. Бiрде жаралы жалаңаш кеудесiн ашып тастап, гестапо алдында қасқайып тұрғандай көрiнедi…

– Осы кiсi, – дедi сөз арасында Қасым, – тым жұмсақ, кiшiпейiл. Ал үңiле қарасаң, қарапайымдылықтың нышанынан батыр, жiгерлi, асау адамның тұлғасы көрiнедi, өзiң байқап қарашы. – Мен қостағандай басымды изей бердiм. Жұртты өз әңгiмесiмен ұйытып отырған Сидор Артемьевич:

– Сiздер қаланы аралап көрдiңiздер ме? – деп сұрады.

– Жоқ, әлi көргенiмiз жоқ.

– Көрмегенiмiз қалай, Крещатигiнде жүрiп, стадионында болдың ғой, – дедi отырғандардың бiрi.

– Қала үлкен, оның әсем жерлерi, тарихи орындары көп. Бiреудiң әңгiмесiн тыңдағаннан гөрi, өздерiңiз көзбен көргендерiңiз дұрыс болар, бәрiбiр қаланың әдемiлiгiн әдемi тiлмен айтып бере алмаймын, – дедi Сидор Артемьевич.

Әйткенмен әрненi бiр сұрап, бiрталай отырып қалыппыз. Ковпакты ортаға алып, қайта-қайта суретке түстiк. Жiгiттердiң бiрi телестудиядан кинокамера алып шыққан екен, ол да дырылдатып түсiрiп жатыр.

– Алматыдағы анау-мынау кинооператорлардан кем емеспiн, ауылға барысымен телевидениеден жүздерiңдi көретiн боласыңдар, – деп қояды ол.

Ковпакпен қоштасып, тысқа шықтық. Есiк алдында жеңiл автобус күтiп тұр екен. Iшiнде жетекшiсi бар, өзi бiр сөзшең екен, ағыла жөнелдi:

– Уақыттарыңыз тым тығыз көрiнедi, бiр күннiң iшiнде аралаған қаланы жатқа бiлу қиын, есте сақтала бермейдi, бiрақ бiздiң Киев олай емес, өзгешелiгi көп ерекше қала, бiр көргенiңiз екiншiге ұқсамайды. Қала жайындағы әңгiменi осы жерден бастаса да болады, – деп, Жоғарғы Совет үйiнiң шығыс жағындағы жасыл ағаштармен қоршалған алаңға алып келдi. Алаңның төрiнде қара тастан қиып қалаған ескерткiш бар екен, өзi төрт бұрышты, онша биiк емес. Он жетiншi жылғы Октябрь революциясы кезiнде қаза тапқан Киев жұмысшыларын мәңгi есте қалдыру үшiн тұрғызылыпты. Ескерткiш түбiне жас гүлдер қойдық.

Осы алаңның бiр шетi Киров көшесiне келiп түйiседi. Сәл арырақта Украин ССР Министрлер Советiнiң үйi тұр. Үй төбенiң үстiне, жабайы қалың бақтың ортасына ойып салынған. Үйдiң ортаңғы он қабаты жартылай шеңберлене тұрғызылған да, екi жақ қанатындағы 7-8 қабаты тiптiк шығарылып, алды дiңгек тiреулермен әшекейленген. Үйдiң сыртқы көрiнiсiнiң өзi архитектордың даналығын танытқандай. Осы әдемiлiк «жермен сырласа» жасалған тәрiздi. Бүкiл Киевтi аралағанда үйдiң архитектуралары осындай әсер қалдырады. Сөйтiп мұнда бар әдемiлiк табиғаттың өзiмен ұштастырылып жасалған.

Днепрдiң оң жағы ойлы-қырлы қалың тоғай да, сол жақ бетi – ойпаң, жазық. Киев – өзеннiң оң жағында. Бiр кезде қасиеттi қала атанған Киевте әр заманда әрқилы нақышпен салынған үйлер, ғимараттар көп. Соның бiрi – София соборы. Ол – ежелгi русь жұртының бiзге жеткен көне дүниесiнiң бiрi. Собордың 1037 жылы салынғаны тарихтан белгiлi. Собор тоғыз ғасыр бойы өзгертiлiп, жаңартылып келедi. Ежелгi Киев мәдениетiмен таныстыратын алуан түрлi жазулар, өрнектер, суреттер, халық шеберлiгiн танытатын үлгiлер осынан табылады. Мұндағы өрнек бояулар Византия, Рим, Равенна храмдарындағы мозаикалармен салыстырғанда өшпей, бастапқы салған қалпында бiзге жетiптi. Мiнәжат қып қолын жайған ана бейнесi, собордың негiзiн қалаушы Ярослав Мудрыйдың семья мүшелерiнiң портреттерi, қабырғаға салынған әрқилы өрнек суреттер – өткендегi өркенiмiздi елестететiн қымбат дүниелер. Үңiле қарасаң, собор тарихи-архитектуралық заповедник есептi. Украинаның Россияға қосылуын паш еткен 1654 жылғы Переяслав радасынан кейiн киевтiктер осы София соборында орыс халқымен мәңгiлiкке достығының адалдығына ант берген. 1709 жылы Петр Бiрiншi швед басқыншыларын Полтава түбiнде талқандаған жеңiсiн осы София соборында тойлаған.

Kөп күмбездi Киев – Печера лаврасы да – көне заманның көзi. Ол қаланың оңтүстiк-шығыс жағында көп жердi алып жатыр. Монастырьдың негiзi 1051 жылдары қаланды деп есептелiнедi. Алғаш монахтар дайын үңгiрде тұрыпты. Печера аталуы содан көрiнедi. Печерада әр ғасырдың әрқилы нақысымен салынған соборлар, шiркеулер, үйлер көп.

– Киев – жаңа салынған үйлерiмен ғана емес, әрқилы мәнермен салынған ескерткiштерiмен де әдемi. Әр тұста орнатылған ескерткiштер батыр қаланың тарихын, оның бастан кешкен ауыр күндерiн айтпай-ақ баяндап тұрған секiлдi. Киев-Печера лаврасының маңына тақау бұйра жалдың баурайында қалың бақ бар. Сол бақтың ортасына 34 батырдың сүйегi жерленiптi. Әрқайсысының үстiне аты жазылған мрамор тастар қойылған. Солардың iшiнде Киевтi қорғау кезiнде 1941 жылы каза тапқан М. Крипоностың, 1943 жылы өзiнiң танкiсiмен Киевке бiрiншi болып кiрген капитан Н. Шолуденконың зираттары бар. Төрде – Белгiсiз солдаттың моласы, оның басына Даңқ ескерткiшi орнатылған. Даңқ ескерткiшiнiң түбiнде сөнбейтiн Мәңгi от жанып тұр. Генерал Н.Ф. Батутинге орнатылған ескерткiш те осы тұста. Генерал жалаңбас, шинелiнiң омырауы ағытылған, кепкасын қолына ұстап, оңаша ойланып келе жатқан секiлдi.

Қаланы аралағанда оның шежiресiн еске түсiрiп отыратын орындар мол-ақ. Коминтерн көшесiнде азамат соғысының батыры, советтiк Киев қаласының бiрiншi коменданты Николай Александрович Щорсқа, София соборының алдындағы алаңға Богдан Хмельницкийге, Университет үйiнiң қарсысына Тарас Шевченкоға ескерткiштер орнатылған. Бәлкiм, мүсiндеу өнерiн жете түсiнбейтiндiгiмiзден бе, Алматыда Амангелдiге орнатылған ескерткiш Николай Щорс ескерткiшiне, ал Абайға орнатылған ескерткiш Тарас Шевченко ескерткiшiне ұқсайды екен.

Ұлы ақын А.С. Пушкиннiң әрi-берi өткенде Киевке аялдаған үйi сол баз қалпында сақталыпты. Ескi мәнермен өрнектелген күмбездi бұл үй үлкен жолды қиялап салған зәулiм ғимараттардың ортасында қуыршақ сияқты кiпкiшкентай, әйткенмен әдемi. Бұл А.С. Пушкиннiң досы, 1812 жылғы Отан соғысының ардагер батыры генерал Н. Раевскийдiң үйi көрiнедi. Бұл үйде декабристер жиi бас қосып тұрыпты. Ұлы ақын Н. Некрасов өзiнiң «Орыс әйелдерi» поэмасында паш етiп жырлаған генералдың қызы сол Мария Волконская (декабрист С. Волконскийдiң әйелi) деседi.

Әдетте сыртта жүргенде сол жұрттың арасынан өзiңнiң туған жерiңе байланысты бiр нәрсенi көрсең, не естiсең, мерейленiп қалады екенсiң. Тарас Григорьевич Шевченко жайында әңгiме қозғалғанда:

– Сен бiздi мына құты машинаңмен қаланың ана шетiне бiр, мына шетiне бiр апардың, оныңа рақмет, ендi көп бұлтаңдатпай Тарастың үйiне апар, өз ақынымыздың мұндағы орнын көрейiк, – дедi Қасым жетекшi жiгiтке.

– Қалай сiздiң ақыныңыз болады? – деп, жетекшi жiгiт қызғаныш бiлдiрдi.

– Тарас ақын әйгiлi шығармаларының бiрсыпырасын Қазақстанда жазды. Сiз оны бiлмейтiн бе едiңiз?

– Киевтегi қалалық бағың Тарас Григорьевичтiң сонау Маңғыстаудағы өз қолымен еккен бәйтерегiнен нәр алып, соның бұтағынан өскен ағаштар емес пе?! – деп жұрт кеукеулей бастаған соң жетекшi:

– Ия, солай, Тарас Григорьевич бәрiмiзге ортақ ақын, – деп басын изей бердi. Тарастың музей-үйi – ақынның өз атымен аталатын пұшпақ көшедегi көк шатырлы бiр қабат үй. Музейдi аралағанда: «Шевченко сияқты дара туған дарындар талай ғасырдың құлазып қалған қуысын бiр өзi толтырады» – деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтiң сөзi еске түседi. Тарас ақын бұл үйде 1846 жылдың көктемi мен жазында тұрыпты. Осында ол өзiнiң «Лилейiн», «Русалкасын» жазады, Киевтiң көрiнiсiн салады. Музейге салған суреттерi мен айдауда жүргенде киген олпы-солпы киiмдерi, қыл қаламдары, бояу тақтайлары қойылған. Етекжеңiн кестелеп, ақ даланнан әкпесiнiң тiгiп берген көйлегiн көргенде, ұлы ақынның қарапайымдылығын сезгендей боласың.

Тарас салған Киевтiң көрiнiсi – ғажап дүние. Қалаға келген кiсi алдымен осы панорамалық суретпен танысып алған дұрыс па деп ойлайды. Суретте қаланың өткендегiсi сипатталғанмен, оның бүгiнгi көрiнiсiн осыған қарап тұспалдауға болады: қаланың қақ ортасы бiрi мен бiрi ошақталып түйiсiп жатқан бұйра жал төбе екен де, ал Крещатик сол үш көкжал төбенiң тайпақ етегi iспеттi. Қаланың қай шетiнен машинаға отырсаң да, барлық жол Крещатикке апарады.

Крещатик – онша ұзын емес, келте көше, бiрақ әдемi, әрi кең. Қаланың таңдаулы магазиндерi, кафелерi осы маңда. Түнгi көрiнiсi де бөлектеу. Қызылды-жасылды отпен жазылған рекламалар жан-жағыңнан жылтылдап, адам еркiн билеп әкетедi, сiлтеген жағыңа тартып кеткiң келедi де тұрады. Көше мазасыз, жүрiс көп. Троллейбустар, автобустар, әрқилы машиналар ағылып жатады. Көшенiң екi жақ бойындағы қылдай жолда да лықсыған адам, бiрақ асығып, аптығып, әбiгершiлiкке түсiп жүрген кiсiнi көрмейсiң, байсалдылық байқалады. Крещатиктiң бойына, жасыл төбенiң үстiне шалқая салынған он екi қабат «Москва» қонақүйi шолақ көшенi еңсесiмен баспай әрмен тұр, өзiнiң оқшау көрiнiсiмен көшеге өң берiп, қала тынысын кеңейтiп жiбергендей. Ұзыннан, ұзақ жатқан қатпар-қатпар басқыштар, ойдым-ойдым шағын көк алаңдар қалың топырды сейiлтiп, бұл маңда халықты мүлде сиректетiп көрсетедi.

«Москва» мейманханасынан төменiрек ылдида консерваторияның үйi бар. Қылтанақ қиын қуыстарға орнаған магазиндердi де көрiп қаласың. Тұрған үйлердiң көбi Крещатиктiң сол жақ бетiнде екен. Әр кезеңнiң өзiндiк өрнек-нақысымен салынған үйлер бiр-бiрiнен бөлектенбей тұтас ансамбль жасап, астасып жатыр. Әдемiлiктiң бәрi Крещатиктiң бойында ма деп ұғасың. Бiз қаланы аралап, кеш қайттық. Келсек, қонақүйдегi даяшы әйел Қасымды iздеп әбiгер болып жүр.

– Партизан жолдасыңыз күтiп отыр, екi-үш мәртебе сiздi iздеп келдi, «көрсеңiз, бұлтартпай алып келiңiз» деп маған табыстады, – деп, Қасымды еркiне қоймай дедектетiп алып кеттi. Аздан соң ол қайта оралды.

– Жолдасыңды ерте жүр деп болмайды, әдейi саған келдiм, ендi күттiруiмiздiң қисыны келмейдi, ұят болар, – дедi Қасым маған қарап. Қонаққа шақыра келген кiсiмен машинаның жанында таныстық.

– Крячек, Алексей Васильевич, – дедi ол менiң қолымды алып. Еңкiштеу, шүңiрек көз, iстiк мұрын, жұқа сары кiсi екен. Үстiне кигенi бүртiк ақ сызығы бар көнетоз сары костюм, аяғындағысы табаны қалың сары бәтiңке, екеуiнiң өкшесi екi жаққа қарай қисайып кетiптi. Бiздiң тосырқай қарағанымызды сезiп:

– Машина айдап жүрген соң кейде осылай олпы-солпы киiне саласың, оған мән бермеңiздер. Тәуiр киiм киiп шыққанда, машинаның бұзылып қалатыны бар. Сонан соң машинаның астында домалап жатқаның. Бiрақ бұл жолы сiздердi үйге мүдiртпей апаратыныма шек келтiрмеңiздер, – деп, машинаның есiгiн ашты. Үйi қаланың батыс жақ шетiнде екен. Жолшыбай жай-күйiмiздi сұрасып, әуелден таныс кiсiлер секiлдi шұрқырасып отырдық. Алексей Васильевич басынан өткен бiр оқиғаны айтып та үлгiрдi.

Бiр жолы қонақтан кеш қайтады. Таң атып қалған мезгiл болса керек. Ешкiмнiң көзiне түспей, үйге ертерек жетудi ойлайды. Көшенiң бұрышын айнала бергенде, машинасы құрғыр ырқына көнбей айдалаға алып қашады. Сасқанда тормоз да есiне келмей, аяғымен жердi тiрей бередi. Көшенiң ортасында бұралаңдап бара жатқан машинаны көрген милиционерлер қатты ысқырық берiп, соңынан шулап жүгiредi. Алдымен жеткен милиция сержанты:

– Азамат, неге тормоз бермейсiң? Бұлай жүретiн болсаң, машина түгiл, өзiң мүрдем кетесiң, – деп зекидi. Сонда Алексей Васильевич табаны қақыраған судай жаңа бәтiңкесiн көрсетiп:

– Жолдас сержант, тормоз жұмыс iстемей қалды! – дейдi.

Машинаны қоршап алған милиционерлердiң бәрi ду күледi. Сержант қақыраған бәтiңкенi әрi-берi төңкерiп қарап:

– Машинаны әрдайым осындай тормозбен тоқтатасың ба? – деп сұрайды.

– Жоқ, жолдас сержант, тек жексенбi күнi!

– Ә, онда бiр жолға кешiруге болады! – деп, басын шайқай күледi. Рульге өзi отырып, Алексейдi үйге әкеп тастап, машинасын гаражға кiргiзiп берiп кетедi.

– Милиционерлерiңiз мейiрiмдi екен! – дедiк бiз.

– Iшiнде кiсiлiгi барлары да бар, әйткенмен сене беруге болмайды, заты бұлардан аулақ жүрген жақсы! – деп күлдi Алексей Васильевич.

Дастарқан үстiндегi әңгiме де көңiлдi өттi. Үйi кең, екi бөлмелi екен. Жайшылықта өздерi тамақтарын ас үйде iшетiн көрiнедi. Бұл жолы төргi бөлменi әдейi босатып, асты осында алғызды. Кемпiрi үйде жоқ, Kозиноға кетiптi. «Балалар елдi көрсiн, әйтпесе жат бауыр, тағы боп кетер, өзiм де хуторды сағындым» – деп екi немересiн алып, селоға кетiптi. Үлкен қызы Мария қолында екен. Бiзге қызмет көрсетiп жүрген сол. «Рақмет, iштiк, жеп болдық» деген сөздерге қарамай:

– Әйелдерден әрмен нәзiк пе едiңдер, тамақ iшпеген еркекте қауқар болмайды, – деп әзiлдеп, шала желiнген тағамдарды тарелкасымен алып кетiп, басқа түрлерiмен ауыстырып, алдымызға әкеп, тықпалап қояды. Шаруасын жайлап болған соң әкесiнiң иық жағын ала, тасалай отырып, сөзге құлақ түредi. Алексей Васильевич пен Қасымның әңгiмесi түгесiлер емес. Сұрапыл соғысты еске алады. Аракiдiк өздерiне мәлiм оқиғаны қозғап, бiр-бiрiн қақпалап, қатар сөйлеп кетедi.

– Попов екеумiздiң түнде сендердiкiне келгенiмiз есiңде ме? – дейдi Қасым.

– Николай екеуiңнiң бе? Қалайша бiлмейiн. Днепр қатқанша аялдай тұрыңдар дегенге көнбей кетiп едiңдер, – дедi Алексей Васильевич.

– Полицайлар ұстап алып қамаған кезде, осымен партизандығымыз бiткен шығар деп едiк, жоқ, одан да құтылдық, – дедi Қасым өткен күндерiн еске түсiрiп. – Өлiм өкшелепақ қуып жүрдi, бiрақ тажалдан қалай құтылғаныма таңым бар. Ажалсыздан оқ жалтарады-ау деймiн.

– Екiншi жолы келгенде өздерiң де осылай таңырқап отырдыңыздар ғой, – дедi Мария сөзге араласып.

– Әй, оны сен қайдан бiлесiң? Ол кезде сен жөргекте жатқан бала емес пе едiң? – дедi Қасым әзiлмен күле қарап.

– Қойыңызшы, жөргекте жатпай-ақ, сомадай боп пештiң үстiнде жатушы едiм ғой, – дедi Мария әзiлдi шын көрiп. – Талай мәртебе қолыңызға су құйғаным қайда. Шәугiмдi толтырып әкел, әйтпесе бетiмнiң кiрi кетпейдi, – деп, қайтақайта суға жiберушi едiңiз ғой.

– Солай ма едi, Муся? – деп Қасым рақаттана күлдi де: – Ол кезде сен бала едiң. Ендi мiне үш баланың анасы болдың. Өзiң секiлдi көптеген аналар фашистердiң қолынан қаза тапты ғой, – деді. Қасым азырақ отырып, тағы да сөз бастап кеттi. Отаны үшiн жанын пида еткен қыршын жастардың есiмдерiн қос-қостап атап, «Шiркiн-ай, ең болмаса жеңiс күнiн, космосқа ұшқан дәурендi көре алмады-ау» деп арман етедi. Осы сәтте Ирина да менiң көз алдыма елестейдi. Ол да осындағы астыртын ұйымның қатарында боп, фашистерге қарсы күрестi. Алексей Васильевичтен Ирина жайын сұрайын деп бiрнеше рет оқталсам да, «бiлмеймiн» десе, тауым қайтып қалады-ау деп қорықтым. Екiншi жолы жолыққанда ол:

– Сiздiң бiрдемелердi сұрағыңыз келедi ғой деймiн, – дедi тесiле қарап. – Соғыс кезiнде Киевте бопсыз, оны азат етуге қатысқан көрiнесiз. Бәлкiм, таныстарыңыз бар болса, iздеп табуға көмектеселiк.

– Рақмет, соғыс кезiнде кiсi аялдап, кiммен сырласа қоюшы едi, мұршамыз келдi ме! – деп, қалай сұрарымды бiлмей қипақтап тұрдым да, ақыры Ирина Кравченко жайында естiген әңгiмемдi айттым. Төмен қарап, иегiн саусақтарымен сипалап, тыңдап қалған Крячек:

– Тоқтай тұр, сiз қайсы Иринаны айтып тұрсыз? – дедi.

– Ирина Кравченконы, – дедiм, «шынымен бiлесiз бе?» дегендей таңдана қарап.

– Кравченко дейсiң бе, ә, өзi таныс есiм секiлдi, – деп, Крячек аз-кем ойланып тұрды. – Ия, сол болу керек. Бұл 42-шi жылдың басында болды ғой. Ия, солай, – дедi.

– Шынымен бiлесiз бе? – деп Крячектi қапсыра құшақтай алдым.

– Айтуыңызға қарағанда, соған ұқсайды. Бiрақ бұл – ұзақ оқиға. Сiздер қашан жүретiн едiңiздер? Егер асықпасаңыздар…

– Ендi мен ешқайда бармаймын. Осында қалам, – дедiм мен.

– Еркiңiз бiлсiн, – дедi Крячек иығын бүлк еткiзiп.

– Машина өзiмдiкi, қай жаққа апар десеңiз де мен дайын. Қаласаңыздар, ертең жүрелiк. Екi күннен кейiн журналистер тобы Кишинев-Одесса жаққа қарай саяхаттап кеттi. Бiз Қасым екеумiз Алексей Васильевичпен бiрге Переяславқа қарай аттандық.

Соңғы жазбалар

Айнұр МАНАРБЕКҚЫЗЫ. КАРТАНЫҢ ӘЛЕГІ

Талдықорған қаласында "Қазақ әдебиетіндегі Кемел Тоқаевтың рөлі" атты облыстық...

Шырын Иманәлі. ҚЫЛМЫСТЫҢ КІЛТІ

Кемел Тоқаев атындағы Жеке Қайырымдылық қорының жалпы басшылығымен жүргізіліп...

Кемел Тоқаев. ТОҚТЫ-АКА

I Бұлар кеңестен кейiн ауылға бiрге қайтты. Алматыдан шыққалы бiрсыпыра...

Бүгінге дат,болашаққа хат

Бұған дейінгі жазған «Адалдықты аманаттап» деген мақаламызда Кемел Тоқаевтың...

ЖАНР ЖҮГІН ЖАЛҒЫЗ КӨТЕРГЕН

Қазіргі таңда қазақ детективі дегенді естісек  ең әуелі ойымызда...