Алматыдан ұшқан Ил-18 әуе кораблi қазiр ғана Дондағы Ростовтың аэропортынан көтерiлген. Самолет шырқау биiкке шыққанда, ұшқыштардың кабинасынан сұңғақ бойлы жас қыз әдеттегiсiндей күлiмдей шықты.
– Самолет жетi мың метр биiктiкте, сағатына 650 километр шапшаңдықпен ұшып келедi. Сағат жарымда Киевке жетемiз. Самолет қонатын кезде белдiктi буынып алуды ұмытпаңыздар, – деп салонды аралай жүрiп, конфет үлестiре бастады. Тайпақ күмiс табаққа салған конфеттерi әртүрлi, қалауыңша iрiктеп алуыңа болады. Қыз да асықпай «ала түсiңiз» дегендей жымиып, сенi күтiп тұрады. Отырғандардың ендi конфетке зауқы жоқ, «Рақмет» деп, бас изеседi. Кейбiреулер босаған ыдыстарын, газеттерiн, жолда сатып алған заттарын жинастырып, түсу қамын жасап жатыр. Ұйқы басып қабарған түрлерi жадырап, реңдерi кiрiп қалған. Дауыстары көтерiңкi шығады.
– Мiне, Киевке де жеттiк. Шiркiн техниканың күшi-ай десеңшi! Жайшылықта бұл екi ара алты айшылық жол емес пе? – деп, бiреулер самолеттiң iшi-сыртына ендi ғана зер салғандай тамашалай қарап, ризашылық бiлдiрiп жатыр. Осындай дәуiрде тiршiлiк кешiп, мынадай әуе кемесiнiң iшiнде отырғанын мақтаныш ететiн секiлдi. Креслоға шалқасынан түсiп, бет орамалын маңдайына басып, сақалы шоқшиып жатқан сары кiсi:
– Жүрегiм нашар едi, шайқап, жол бойы мазамды кетiре ме деп едiм, шiркiн бiр былқ етпедi, iшi жайлы екен! – деп басын көтерiп, әлгiлердiң сөзiн қуаттап жатты. – Өзi де кескiнi келiскен екен. Мына қанатының астына бiр «Кукурузник» еркiн сыйп кететiн шығар.
– Бiреудегенiңiз қалай? Мына қанаттың астына ондайдың төртеуi орналаспай ма! – дедi отырған журналистердiң бiрi төрт саусағын бiрдей шошайтып.
Самолет iшiнде Украинаға бара жатқан Қазақстаннан 11 журналист бар едi. Олар Украина Журналистер одағының шақыруымен бара жатқан.
Алдыңғы жақтағы креслода Қасым бiреумен сөйлесiп отырған. Сiрә, Қасым бiр қызық әңгiме үстiнде секiлдi: қасындағысы кетiк тiстерiнен тiлi жылтыңдап, басы қисайып, мырс-мырс күле бередi. Осы кезде әлгi жiгiттiң «Кукурузник» жайындағы сөзiн құлағы шалып қалды ма, екеуi де жалт қарады.
– Әй, бала, байқап бөссеңшi! – дедi Қасым ақсия күлiп.
– Ой, Қасеке, «Кукурузниктердi» көрiп жүрмiз ғой, мынаның қасында шiркейдей емес пе? – деп, ол ышқырын көтере орнынан тұрды.
– Әй, мына боксер қайтедi, – деп Қасым рақаттанып күлiп алды да, – төртеу дегенiң тым көп қой, ең болмаса бiреуiн кемiтсең қайтедi, – дедi. Әлгi жiгiт ырық беретiн емес.
– Қайта мен аз айтып отырмын.
Бұлардың сөзiн естiгендер: «өзi шын солай ма екен?» дегендей, дөңгелек терезеге үңiлiп, самолеттiң сыртқы пiшiнiне көз тастайды. Күн еңкейiп, көкжиекке тақап қалыпты. Жер реңi мүлде басқаша. Мана Саратовтан өткенде ирелеңдеп аққан Волга, шоғырланған тоғай, тақталанып жатқан егiстiк жерлер аңызымен өңiн өзгертпестен баз қалпында көрiнiп едi. Ал қазiр судың, тоғайдың түсiн бiрбiрiнен ажырату қиын, екеуiнiң де түсi көк – жасыл жапырақ түстi. Өзеннiң жағасындағы селолар жағалай көк саздың бойында отырған секiлдi. Көз талғандықтан маған осылай көрiнiп тұр ма деп, қасымдағы жолдасымнан «сiзге қалай?» деп сұрап едiм, ол мойнын созып, әрi-берi қарап:
– Мен өзiм бұрын байқамаған ғажап көрiнiс екен, – деп, таңданып басын шайқады.
Самолет тұмсығын тура батысқа берiп, талмай ұшып келедi. Жентек-жентегiмен көшiп бара жатқан бұлт шудасы арасынан жер қарауытып көрiнiп қалады. Бұлт асты – қара түнек. Әлден уақытта алдыңғы жақтан көлденең жатқан көк бұйра бел көрiндi. Ақша бұлттардың арасын қақ жарып, ойпатта оқшау жатыр: бiрде қырау шалған қалың орманға, кейде кесек-кесек мұнар мұзға ұқсайды. Өзiнiң көлденеңi онша ендi де емес, бiр километрдiң аржақ-бержағында. Мұның аржағы көк жиекте шөгiп жатқан қою қара бұлтқа дейiн қырсыз мидай ашық дала секiлдi. Батып бара жатқан күннiң қызыл арай сәулесiнен қара бұлттың үлпiлдек ұштары қып-қызыл боп, лаулап жанып тұр. Күн ұясына батқан сайын шымқай қызыл сәуле шаншыла шашырап, тiптi аспан төрiне жетедi. Шөгiп жатқан жалпақ бұлттың қалақшадай үшкiр тұмсығы жалын атып, көтерiлiп бара жатқан ракетаға ұқсайды. Қат-қабат бұлт үстiнде табиғат өз әсемдiгiнен айнымаған сияқты.
Әлгi бұйра белдiң үстiне жеткенде самолет күрт оңға карай бұрылып, бәсеңдей бастады. Бұйра белiмiз мұз да, тоғай да емес, қалың бұлт екен, әне-мiне дегенше алып корабль бұлт арасына сүңгiп те кеттi. Айнала қара түнек болды да қалды. Тұмсығымен қалың бұлтты сырылдатып тiлiп келе жатыр, оқта-текте қанат астынан ұшқын шығады, бұлтпен үйкелiсуден шыққан ұшқын. Бiрте-бiрте қара жер де көрiндi. Бiрақ төменде шырақ аз, жарқыраған қалың электр оттары керiнбейдi.
– Ау, Киевiмiз қайда? – деп, самолеттiң қонуға бет алғанын байқаған жұрт бiр-бiрiнен сұрай бастады. Жерге түскенде бiлдiк: самолет Бориспольға қоныпты. Ол Киевтен отыз екi шақырым жер екен. Аэропорт үйi шағындау, қабырғалары қалың әйнектен құрастырылған. Үйдiң алдына жиналып, «Қарсы алуға ешкiм шыға қойған жоқ па екен» дегендей, жан-жағымызға алаңдай қарап, жүктерiмiздi үйiп жатқанда:
– Әй, жолдастар, Киевпен кездесу басталды, бiздiң Қасекең әйелдермен сүйiсiп жатыр, – деп, бiр жас жiгiт ебелектеп қуанып жүр. Бiр уақытта әлпештеген екi әйелдiң ортасында алшаңдай басып Қасым келдi. «Вася, Вася» – деп екеуiнiң жаны қалмайды. Бұлар – апалы-сiңлiлi Воренецкаялар екен. Надеждасы Қасымның партизан отрядында сонау жылдары байланысшы болыпты.
– Жолдастар, сiздер менiң екiншi Отаныма, туған жерiме – Украинаға келдiңiздер, бүгiннен бастап сiздердi ертiп жүрушi мына мен – Қасым Қайсенов боламын, – деген Қасымның сөзiн Воренецкаялар қостап iлiп ала жөнелдi.
– Бiздiң Вася дұрыс айтады, ол өзiмiздiң адам, ал сiздер де қонақ болыңыздар, дәм дайын, қаланың қақ ортасында әдемi үйiмiз бар. Бiр бөлменi сiздерге әдейi босатып қойдық, – деп, екi әйел бiр топ жанды үйiрiп барады.
Көп аялдамай қалаға жүрiп кеттiк. Кең асфальт жолдың екi жағы қалың ағаш, иiлген бұтақтары көшенiң ортасына жетедi. Машина бұрылыс-бұрылыстан бұлтақтай өтiп, зымырап келедi. Шүпiрлеген калың оттар кiсiнiң көз жанарын алады. Аракiдiк әйнектен сығалап, жан-жағыма қарап қоямын. Көгалды жерi, дымқылдау ауасы сонау соғыс күндерiнде есiмде қалған едi. Сол жер ыстық жалынмен өзiне үнсiз тартып барады. Мен долбарлап келемiн:
көпiрдiң сонау оң жағына бiздiң эшелон тоқтап, Днепрден осы тұстан өткен секiлдi едiк. Ол кезде жарығы мол мұндай көпiр қайдан болсын, өткенiмiз былқылдаған паром ғой. Бұл күнде үлкен көпiрдiң көрiнiсi өзгеше, екi жағында шамдары моншақтай тiзiлген. Көпiрдiң үстiмен автобус та, трамвай да, машина да, әрқилы күш-көлiктер де қым-қиғаш жапырлап ағылып жатыр. Бәрi де өмiршең үлкен қаланың тынысын аңғартқандай.
Бiзге орынды «Украина» қонақүйiнен сайлапты. Қаланың нақ ортасында соғыстан бұрын салынған әсем үйлердiң бiрi екен. Өзi Крещатикке жақын, Тарас Шевченко бульварының бойында. Апалы-сiңлiлi Воренецкаялар бiздi қаланың түнгi көрiнiсiн көрсiн деп аралатып жүрiп, қонақүйге ере келдi, жаны қалмай тағы да көңiлдерiн бiлдiрiп жатыр:
– Алыстан арнайы келгенде, украин үйiнен дәм татпай жатқандарыңыз ерсiлеу секiлдi. Үйге жүрiп, ыстық борщ iшiп, әңгiмелесiп, қайтып келiп түнесеңдер болмай ма? – деп, сен қостасаңшы дегендей, Қасымға иек арта қарайды.
– Сiздерге көп рақмет, түн iшiнде осынша жанның топырлап жүргенi ыңғайсыз болар, көршi-қолаңды мазалармыз. Қаланың бет әлпетiмен танысқан соң асықпай барармыз, – дедiм мен бәрiмiздiң атымыздан алғыс айтып.
– Жорықтан кейiн солдаттың демалатынын бiлесiңдер, бүгiнгi сапарымыз сол жорықтан кем болған жоқ, самолет iшiнде отырсақ та, шаршап қалыппыз, – деп Қасым менiң сөзiмдi қостады. Бұрын командирi болып, тыңдауға дағдыланғандықтан ба, апалы-сiңлiлi Воренецкаялар сөз жарыстырмады, үндемедi. «Ертең күтемiз, келiңiздер» – деп қалды.
– Командирiн қалай тыңдайтынын көрдiңдер ғой, – деп Қасым бұл жерде сөзiнiң өтетiнiн сездiрiп, мақтанып қойды.
Қаланың түнгi көрiнiсi Алматыдағыдай емес, өзгешелеу. Жапсарлай салынған зәулiм тас үйлер сығылысып, бiрiнен бiрi озады. Алдындағы сегiз қабат үйдiң қалқасынан екiншi үйдiң төбесi көрiнедi. Осылай үлкендi-кiшiлi болып iркестiркес кете бередi. Биiк үйлердiң қалтарысынан қараңғы көлеңке таппайсың. Қалада жарық мол, жыпырлаған электр шамдары түн қараңғылығын түрiп тастаған. Бiзге алтыншы қабаттан бөлек бөлме тиген едi. Төменде машиналар әрлi берлi ағылып жатыр. Мұндағы көшелердiң өзiндiк ерекшелiгi бар. Кең, асфальт көшелердiң ортасына ұзыннан-ұзақ қалың ағаш отырғызылған. Осындай тiлдей тоғайлар әрбiр кварталдан басталып, бiр-бiрiмен жалғасып кете бередi. Жоғарыдан қарағанда биiк үйлер орманды ойып салынған секiлдi. Қонақүй тұрған Тарас Шевченко бульвары – осындай көшелердiң бiрi. Ол Крещатиктен басталып, өрлеп, батысқа қарай кетедi. Екi көшенiң тоғысқан жерiнде жұмыр қызыл тастың үстiне В.И.Ленинге ескерткiш орнатылған. Онда ұлы көсемнiң қолын көтерiп, сөйлеп тұрған тұлғасы бейнеленген. Бұдан жиырма жыл бұрын бiздiң жетiншi танк полкi дәл осы жерден Радомышльға қарай өткен едi. Әлi есiмде: сол күнгi түн қараңғылау болатын. Қираған үйлердiң үңiрейген жалаң қабырғалары өркештенiп кiсiнi шошытады. Көшеде гүрiлдеген соғыс машиналарының үнi құлақты жарады. Өздiгiнен жүретiн пушкалар, ауыр зеңбiректер, танкiлер жер-дүниенi дүбiрлетiп, батысқа қарай жылжып барады. Көшенiң екi жағында лек-легiмен лықсып келе жатқан жаяу әскерлер. Олардың iшiнде орыстар, украиндар, қазақтар, грузиндер тағы басқа ұлттардың өкiлдерi бар. Олар «таза қанды» ариецтердi сонау Москва, Сталинград түбiнде талқандап, батысқа қарай ысырып қуып келедi… Ол кезде биiк тасқа орнатылған мұндай мүсiн жоқ болатын. Бiрақ маған осы тұлға бұрыннан, тiптi баяғыдан берi тұрған секiлдi де, ұлы көсем совет елiнiң жеңiмпаз армиясын құттықтап тұрған сияқты.
Түннiң бiраз мезгiлi өткен, Қасым жатпапты, бiздiң бөлмеге келдi. Айқара ашылған кең терезенiң ернеуiне шынтағын тiреп, қаланың жылтылдаған қалың оттарына қарап тұрды да, тiл қатты:
– Осы қаланы, осы жерлердi көрмесем тұра алмаймын, сағынып тұрамын. Мен кiшкентай ғана адаммын, әттең, құлашым кең алып болсам, осының бәрiн бауырыма қысып, адамын да, кiрпiшiн де сүйген болар едiм. Украина болмаса, менiң өмiрiм де нәрсiз өткен болар едi. – Ол ойға батқандай бiр сәт үнсiз отырды да, әлден уақытта:
– Бұл жердiң адамдары да өзгеше, ертең көресiң, – дедi. Бiз қаһарман қаламен танысуға, адамдарымен сөйлесуге асықтық.